Ең қайырлы адам кім?
Ең қайырлы адам кім?
7 жыл бұрын 6532 islam.kz

Бүгінде көп адам өзгеден артық тұруды қалайды. Өзі былай тұрсын, Абай атамыз айтқандай, қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанатын мінез әлі біздің жұрттан қала қойған жоқ. Киім кисе де, ас ішсе де, көлік мініп, үй соқса да, іштегі бір арманы жұрттан бір елі болса да озып тұру болатын замандастарымыз аз емес. Ал енді ақиқатына келсек, адамнан адам несімен озады. Алланың назарында ең жоғары бағаланатын кісі кім? Міне, осы туралы ой бөліспекпіз.

Бір кісі ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Адамдардың ең жақсысы кім?» деп сұрады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алладан ең көп қорқатыны» деп жауап берді. Көріп отырсыз, бұл хадисте аты озған, балуаны жыққан, иті ұстаған деген өлшем жоқ. Екі дүние сәруары Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Алладан көбірек қорыққан адамды өзгеден артық деп отыр. Ендеше, бүгінгі жаңа қоғамда өңі теріске айналған құндылықтардың бірі осы. Алладан қорқу дегенді шариғат тілінде тақуалық деп те атайды. Мұсылман ғұламаларының айтуынша, бүкіл жақсы қасиеттер осы тақуалықтан келіп шығады.  Тақуалық Алладан қорқу мен Алланы құрмет етудің арасындағы сезім. Жүрегінде тақуалығы бар адам Аллаға қарсы шығудан, Оның бұйрықтары мен тыйымдарына мән бермеуден сақтанады.

Басқаша айтқанда, тақуа құлдар арақ ішпейді, өсек-өтірік айтпайды, құмарлыққа салынбайды, біреудің малын қызғанбайды, шариғат тыйым салған іске бір адым баспайды. Ал құлшылық пен жақсылыққа желден де жүйрік болады. Бұл айтылғандар орындалмаса, тақуалық тек қана тілде қалып қоймақ.   Алладан қорқып, тақуалық ету, әрине, оңай емес. Оған үлкен күш, ерік-жігер қажет. Мысалы, біреуге берген сөзді орындау, уәдеде тұру кейде өте қиын болады. Мың сан қарбалас шаруалардың арасында уағдалы істің орындалмай қалу қаупі басым болады. Міне, сондай кезде Алладан қорқу ауадай қажет. Алладан шын қорыққан адам уәдесін бұзбайды, аманатқа қиянат жасамайды.

Ілгеріде өткен бір ғалым: «Мен бұрын жасаған күнәларымнан гөрі әлі жасамаған күнәлардан қорқамын. Өйткені бұрын не істегенімді білемін,  алайда енді не істейтінімді білмеймін» деген екен. Шынында,  біз өмір сүріп отырған дүниенің қызылды-жасылды көз тартқыш қызықтары өте көп. Біріне болмаса, біріне алданып қаламыз ба, оны да білмейміз. Сондықтан тікені көп жерлерде жалаң аяқ жүрген адам әр қадамына қалай мұқият қараса, бізге де бұл өмірді солай абайлап өткізу керек. Өйткені бір-ақ ауыз сөз, бір-ақ қараған көз, бір-ақ жұтым арам ас кейде бізді құрдымға батыруы ықтимал. Екі дүниемізді құртатын бәле-жала, кесір-кесапат қай жерден шығып қалатыны беймәлім. Сондықтан әр күнде, әр сәтте күнәлі істерден сақтанып жүргеннен өзге шарамыз жоқ. Міне, осыншалықты қиындығы болғандықтан адамзат баласының ең артығы, ең қайырлысы, ең бақыттысы Алладан көбірек қорқатыны болып шығады. 

Сондықтан болса керек, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп дұға ететін: «Уа, Алла Тағалам! Сенен тура жол, тақуалық, ар-намыс және көңіл байлығын тілеймін». Алланың сүйікті құлы осылай тілек етсе, өзге мұсылмандар тақуалықты одан да көбірек сұрауға мұқтаж.

Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Біліп қойыңдар! Шын мәнінде, Алла тақуалармен бірге» деп баян етеді («Бақара» сүресі, 194-аят). Жаратушы иемізбен бірге болғанды кім қаламайды. Яғни Алланың кешірімі, мейірімі, рызық-несібесі тақуалармен бірге. Тағы басқа аяттарда Алла тақуаларды жақсы көретіні, сондай-ақ Ол не нәрсені болса да, тақуа құлдардан ғана қабыл ететіні білдірілген («Әли-Имран» сүресі, 76-аят; «Майида» сүресі, 27-аят). Ендеше, қанша жерден жақсылық жасасақ та, Алла тек тақуа құлдардан ғана қабыл етеді.

Бірақ осыған қарамастан біз кейде байлығымызбен, атақ-бедел, мансабымызбен өзгеден жоғары болғымыз келмейді. Иә, бұл дүниеде, әсіресе қазіргі қоғамда  бай адам кедейден артық көрінуі мүмкін. Кейде адамдар «Көрмейсің бе, пәленшенің жағдайы қандай жақсы. Көлігі бар, үйі бар» деп жағдайдың жақсылығын біршама теріс өлшемдермен өлшейді. Ол, әрине, дұрыс емес.  Абай атамыз бір өлеңінде былай деп дәл бүгінгі қоғамның кейбір ұсқынсыз бейнесін сипаттайды:

Өзіңде бармен көзге ұрып, 

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Азапқа қалма езбеден.

Өзіңде не бар болса, сонымен мақтанып, өзгеден артық болам деудің ешбір реті жоқ. Одан тек жұрттың қызғаншақтығы мен күндестігі ғана қозады. Сондықтан түптің түбіне барғанда, Парасат Пайғамбары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) айтқандай, адамдардың ең қайырлысы Алладан ең көп қорқатыны болып шығады.

 

0 пікір