Білім – өз кезегінде Ислам дінінің басты мақсаты. Осындай білімді дәріптеген исламның арқасында сан ғасырдан бері мұсылмандар сонау Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар мен оның ізгі сахабаларынан бері білім-ғылымға ерекше зейін қойып келеді.
Алла Тағала қасиетті кітабында білім ізденушінің дәрежесін көтеріп, бірнеше аяттарда жақсы сөздермен ескерген. Мәселен, «Зумар» сүресінің 9-шы аятында білім иелерін Алла Тағала ерекшелеп былай дейді: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?».
Білім бейне бір адамды қараңғылықтан жарыққа шығаратын нұр тәрізді. Білімді адам қашанда өзгелердің алдында сөйлеу мәнерімен, жүріс-тұрысымен, әдептілігімен, озық санасымен ерекшеленіп, дәрежелері жоғары тұрады. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Алла Тағала иман келтіргендердің, ғылым иелерінің дәрежелерін көтереді» делінген (Мужәдәлә-11).
Ислам тарихына көз жүгіртетін болсақ, онда мұсылмандардың білімге деген ынталары ерекше жоғары болғандығын байқаймыз. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың өзіне Алла Тағала: «Раббым, білімімді арттыр, де» деп бұйырған. Демек, исламды насихаттаудағы басты мәселе ең алдымен белгілі дәрежеде білімді болуды қажет етеді. Осыған байланысты пайғамбар (с.а.у.) өз сөзінде: «Білім іздену – әрбір мұсылманға парыз» деген. Бұған қоса, Алла елшісі (с.а.у.) өзінің ардақты сахабаларына білім үйренулеріне жағдай жасап, оларды әрдайым құлшындырып отырған. Мәселен, тарихта белгілі мұсылмандар мен құрайштар арасында болған «Бәдр» шайқасынан мұсылмандардың қолына түскен тұтқындардың жазасы ретінде оларға пайғамбар (с.а.у.) мұсылмандарды оқып, жазуға үйретуге міндеттеген болатын. Осы сияқты Алла елшісі (с.а.у.) Зайд ибн Сәбитке иврит тілін үйреніп, осы тілдегі деректерді араб тіліне аударып отыруды жүктегені тағы бар.
Исламға дейінгі надандық (жаһилиет) дәуіріндегі сауаты төмен арабтардың білім дәрежесін көтеріп, олардың мәдениеті мен өркениетін өзге елмен терезесі тең болатындай етіп дамыту үшін Алла Тағала ардақты пайғамбарды (с.а.у.) жіберіп, оған ең алғаш рет «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп бұйырған.
Осы аяттқа зер салар болсақ, онда оқуды, жазуды білмейтін, тіпті, ертеңімен өмір сүріп келген шөл даладағы арабтарға «Оқы!» деп бұйырудың сыры неде? «Алла Тағала арабтардың білім дәрежесінің төмендігін біле тұра не үшін оларға «Оқы!» деді» деген көкейде заңды сұрақ туындайды.
Расында, ислам діні келмей тұрып арабтар көршілес елдерден мәдениеті мен өркениеті артта қалған, сауаты төмен әрі өзара тайта-тайпаға бөлініп жанжалдасқан надандық өмір салтын салған халық еді. Олар ауыл шаруашылығы жоқ, су тапшылығы басым, дамудың өзегі сезілмейтін шөлді жерде мекендегеннен кейін парсы, рим, гректер секілді алпауыт империялардың ешқайсысы шөл далаға басын сұққан жоқ. Себебі, олар үшін құнарсыз, пайдасыз шөл даланың әрі надандық салтын кешіп жатқан арабтардың өмір-тіршілігі қызық емес-тін. Осындай зұлмат заманды бастан кешіріп жатқанда Алла Тағала арабтар арасына елші жіберіп, мұсылмандардың санын арттырып оларды надандық дәуірінен арылту үшін сауатын ашу арқылы ілгері дамытып, білім ізденулеріне жігерлендіру қажет болды. Осы тұрғыда мұсылмандарға Жаратушының «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деген аяты түрткі болып, олардың арасында білм ізденуге деген ерекше зейін қойыла бастады. Нәтижесінде, Алла елшісі (с.а.у.) келіп мұсылмандардың көзін ашып, араб түбегі ілім нұрын шашқан негізгі орталыққа айналды. Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «Ол сондай Алла, сауатсыздардың ішіне (Алла) Өз тарапынан (елші жіберіп) оларға Алланың аяттарын оқытып оларды тазартады. Сондай-ақ, оларға Кітап пен даналық үйрететін бір Пайғамбар (Мұхамедтті с.а.у.) жіберді. Негізінде олар бұрын ашық адасуда еді» деген.
Осындай білім шуағынан кейін мұсылмандар жан-жаққа, алыс-жақын елдерге таралып, ислам дәріптеген ілімді үйреніп, оны өзгеге үйретуді қолға алды. Нәтижесінде, бірнеше жылдардан кейін Куфа, Басра, Шам секілді елдер мұсылмандардың қол астына өтіп, онда бұрын-соңды болмаған үлкен консерваториялар ашылып, мұсылмандар дамудың шыңына жетеді. Алланың даналығы сонша, бір ғана «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деген аяттың арқасында ғылымда түрлі сала бойынша әлем мойындаған Ибн Сина, әл-Хорезми, Ибн Батута, әл-Фараби, Ибн Халдун, әл-Бұхари және т.б. секілді ғалымдар оқып, ізденіп, артында өшпестей ілім қалдырды. Осыған байланысты атақты француз жазушысы Седиллот (1808-1875) былай деген: «IX бен XIV ғасыр аралығында ислам әлемінде әдебиет саласы бірден ғылымға бет бұрды. Мұсылмандардың ғылымға деген құштарлықтары сонша олардың ақыл мен ойлау түйсіктері қатты дамыды. Нәтижесінде, ислам әлемінде көптеген сансыз ғылыми жаңалықтар мен шығармалар жарық көрді. Бұл өз кезегінде Батыс еліне әсерін тигізбей қойған жоқ. Батыстың ислам әлемінен әсерленгені сонша біз мұсылмандарды ілгерідегі ұстаздарымыз, деп айтуға әбден лайық».
Бүгінде мұсылман әлемінде исламнан артық зерттелген ілім жоқ шығар, сірә. Әсіресе, мұсылмандарға «Оқы!» деп білімге жетелеген Құран мен пайғамбар (с.а.у.) хадистер жинағын зерттеген еңбектер күн санап үздіксіз жарыса жарық көріп жатыр. Сондай-ақ, жоғарыда аталған мұсылман ғалымдардың шығарған, қаламынан туындаған еңбектері әлемнің жүздеген тілдеріне аударылып, бүгінге дейін қолданыста келеді. Осының барлығы бір ғана Алланың «Оқы!» деген сөзінің жемісі десек болады.
Сондықтан, кез-келген қоғам ілгері даму үшін қай сала болмасын білімін жетілдіріп ілім жолында шынайы ықыласты болуы талап етіледі. Сөз соңын танымал ардақты екі сахабаның білімге байланысты айтқан өнегелі өсиетімен аяқтағым келеді:
«Ешбір адам білімді болып туылмайды. Білім ізденумен келеді» Абдулла ибн Масғұд.
«Бес нәрсенің төртеуі бол. Бірақ, бесіншісі болма, құрдымға кетесің: ғалым бол, ізденуші бол, (ғалымдарды) тыңдаушы бол, (ғалымдарды) жақсы көруші бол бірақ, бесіншісі болма (яғни, осы аталғандардан болмасаң білім ізденуші емессің)» Ибн Дарда.