Әбу Ләйс әс-Самарқанди былай деген:
«Кейбір дана кісілер айтқан екен: «Саудагер адамда мына үш ерекшелік болмаса, екі дүниеде де оңбайды. Ол үш сипаттың:
Біріншісі – өтіріктен, бос сөзден және ант су ішуден таза Тіл;
Екіншісі – қулықтан, қиянаттан және көреалмаушылықтан ада Жүрек;
Үшіншісі – жұма намазын қалдырмайтын, жамағаттан бөлінбейтін, ілім-білім оқуды доғармайтын және Алла ризалығын өзгенің ризалығынан үстем көретін Болмыс».
Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди былай дейді:
«Кім тапқан табысының адал болуын қаласа, мына бес нәрсеге мұқият болуы тиіс:
Біріншісі – Кәсібі үшін Алланың парыздарының бірін кешіктірмеу және оның бірін де кем орындамау.
Екіншісі – Кәсібі үшін Алланың жаратылыстарының бірін ренжітпеу.
Үшіншісі – Кәсіп жасаудағы басты мақсаты – құр дүние жиып, бай болу емес, өзін және жанұясын елге қол жайдырмай, абыройын сақтау болу.
Төртіншісі – Кәсіпке түбегейлі берілмеу.
Бесіншісі – Ризық-несібенің кәсіптен емес, Алладан деп біліп, кәсіптің тек себеп екендігін ұғыну».
Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Кәсіптің ең жақсысы қайсы?» - деп сұраған кезде, Ол (с.а.у.): «Кәсіптің ең жақсысы – кісінің өз қолымен істеген ісі (немесе маңдай терімен істеген ісі) және күмән мен қиянат араласпаған сауда» - деп жауап берген екен. (Имам Ахмед: «Мүснәд»).
Тәбиғин Қатәда былай деген:
«Шыншыл саудагер қиямет күні Аршының көлеңкесінде тұрады»1.
1 (Осыған мағыналас риуаят Имам Тирмизидің «сүнәнінда» келтірілген). Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин», 341-344 б.