Сахаба Әбу Хурайрадан жеткен бір хадисте, ардақты сахаба былай деп әңгімелейді:
«Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларымен отырып, оларға бір нәрсені айтып отыр уағында бәдәуидің бірі келіп: «Қиямет қашан болады?» - деп сұрап қалды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) әңгімесін жалғастыра береді. Сол жердегі отырғандардың кейбірі өзара: «Естіді, бірақ, бәдәуидің сөзін жақтырмады», - десті, тағы біреулері: «жоқ, естімеді», - десті. Алла елшісі (с.а.у.) айтып жатқан сөзін аяқтағаннан сон: «Қиямет жайында сұраған сұраушы қайда?» - деп сұрады. Жаңағы Бәдәуи: «Мен мұндамын, уә Расулалла!» - деді. Сонда Пайғамбарымыз оған: «Аманат жоғалған мезетте, қияметті күте бер!» - деп жауап береді. Жаңағы Бәдәуи: «Аманат қалай жоғалады?» - деп сұрады. Алла елшісі: «Қашан іс лайықты емес адамға жүктелсе, сол мезеттен бастап қияметті күте бер», - дейді. ( «Сахих Бұхари»).
Хадистен түсінетініміз:
Хадистің астарында көптеген мән-мағыналар мен өнегелер және өсиеттер мен кеңестер жатыр. Атап айтсақ, ең алдымен әдепті болуды үйретуде. Үлкен кісілер сөйлеп жатқанда немесе әлдебір кісі өзге адамдарға әңгіме айтып отырғанда кенеттен сөзін бөлу әдепсіздікке, құрметсіздікке жатады. Бұл - бір.
Екіншіден, әңгіме айтып тұрғанымызда біреу сөзімізді солай бөліп жіберсе, оның сұрағына жауап бермей, өзіміздің сөзімізді аяқтауға құқылы екенбіз. Сосын барып, оның сұрағына жауап беруге болады, әрідесе, сөзді бөлген кісінің жер-жебіріне жетпей, оған ұрспай сабыр танытқанымыз абзал.
Үшіншісі, әрі ең басты алынатын сабақ, ол - әрбір істі өзінің адамына тапсырылуы керек деген қағида. Хадисте: «Қашан іс лайықты емес адамға жүктелсе, сол мезеттен бастап қияметті күте бер» деп тұр Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Хадистің арапшасындағы «әл-әмр» сөзі, тек қана «істі» ғана білдірмейді, сонымен қатар сөйлеген сөзді де қамтиды. Мысалы, фиқһта «әл-Умуру бимақасидиһа» деген қағида бар, оның мағынасы: «әр-бір іс-әрекет, әрбір айтылған сөз ондағы мақсатына қарай өлшенеді».
Демек хадисте Алла елшісі өзінің мұсылман үмбетіне: әрбір істі, жұмысты және қызметті лайықты адамына тапсырыңдар деп өсиет айтып отыр. Істі жүргізе алатын, адал және ол істе тәжірибесі мол адамға берілуі керек екен. Қазақта «тауық сойса да қасапшы сойсын» деген. Егер, іс лайықсыз адамға тапсырылса, онда, әлгі істің тас-талқаны шығады, өркендемейді, сөйтіп қоғам құрдымға кетеді. Бұл - діни қызметте де солай, дүниелік істерде де солай.
Ал енді Хадистегі «қияметті күте бер» деген сөзіндегі «қиямет» сөзі нені білдірмек?
Ол - шынайы мағынада «қиямет қайым» туатындығын білдіріп тұрған болуы мүмкін немесе қиямет қайымның жақындағандығының белгісі дегендік болуы мүмкін, яғни, заман ақырда істер мен қызметтер лайық емес адамдарға тапсырылады деген мағынада айтылып тұрған болуы мүмкін.
Бұнымен қатар, хадистегі қиямет сөзінен - істерді лайықсыз адамға тапсырылған жағдайда қоғамның бұзылатындығын, істердің тас-талқаны шығып, құрдымға кететіндігін де айтып тұр деуге болады. Аллаһу аъләм.
Сондай-ақ, аталмыш хадистен: «кімде-кім бір іске тағайындалса, сол іске лайықты болуға тырысып бағуы тиіс» дегенді де ұғынамыз. Кім бір істі мойнына алса, білмеген жерлерін ізденіп, өзіндегі кем-кетіктерін толықтырып, мойына жүктелген істі құрдымға емес, керісінше дамытуға, оны өрге қарай дөңгелетуге тырысып бағуы тиіс деген жолдаманы да түсінуге болады.
Алла тағала бәрімізді жүктелген ісімізді лайықты түрде орындайтын, ісімізге адал, еліміздің, дініміздің көркеюіне ат салысатын азаматтардан етсін! Уа ахиру дағуана аниль хамдулиллахи раббил алямин.
Абдусамат Қасым