Дүниедегі төрт ғаріп нәрсе
Дүниедегі төрт ғаріп нәрсе
3 жыл бұрын 18908

Имам Зүһри сахаба Әбу Һурайрадан мына хадисті риуаят етеді:

الغُرباءُ في الدنيا أربعةٌ ، قرآنٌ في جوفِ ظالِمٍ ، ومسجدٌ في نادي قومٍ لا يُصَلَّى فيه ، ومُصْحَفٌ في بيتٍ لا يُقرأُ فيه ، ورجلٌ صالحٌ مع قومِ سُوءٍ

«Дүниедегі төрт ғаріп нәрсе:

  1. Залымның ішіндегі (яғни, жадындағы) Құран.
  2. Елді-мекендегі намаз оқылмайтын мешіт.
  3. Үйдегі оқылмай тұрған Құран кітабы.
  4. Азғын қауым арасындағы ізгі сүйер адам»[1].

Хадистің арабша нұсқасындағы "ғұраба" сөзі - ғариб сөзінің көпше түрі. Мағынасы: жолаушы, бөтен, жат, мүсәпір, оғаш деген сияқты мағыналарды білдіреді. Қазақ тілінде де "ғаріп" деген сөз бар. Бұл сөз біздің тілде көбіне "бейшара", "мүсәпір", "байғұс", "қайғылы", "мұқтаж адам" деген ұғымдарда қолданылса да мағынасы, түпнұсқадағы, яғни, араб тіліндегі мағынасынан алшақ емес. 

Демек, сүрелерін жаттап, бірақ ондағы насихатқа құлақ аспайтын адамның жадындағы Құран ғаріп екен. Нақыштап соғылған, көздің жауын алатын зәулім мешіттер - ішінде намаз оқылмайтын болса, ғаріп екен. Үй ішінде оқылмай, шаң басып тұрған Құран кітабы ғаріп екен. Азғын қоғамдағы қадірі білінбейтін ізгі жандар ғаріп екен.

Бұл риуаяттан қазіргі таңдағы мұсылман қоғамының күйі елестейді. Бүгінде көпшілігіміз жаттаған сүрелердің және паралардың санымен мақтанамыз, бірақ онымен амал етпейміз.

Соғылған мешіттердің көптігімен және оның әсемдігімен, әрі ауқымдығымен мақтанамыз, бірақ бес уақыт намазға мешітке барып жатқандардың қатары тым аз. Әріберіденсоң, кей елді-мекендерде уақтылы азан айтылмайтын мешіттер бар. Бейнебір жалғыз қалған бейшара, міскін адам тәрізді.

Құран кітабын қасиет тұтып "үйді пәле-жаладан сақтасын, үйге береке кірсін" деген мақсатта үйдің ішіне Құранды тұмар қылып іліп қоямыз. Бірақ, қолға алып оқып жатқандар жоқтың қасы. Тіпті кей үйлерде Құран кітабының өзге кітаптармен бірге шаң басып тұрғанын көресіз. Ол да бір, бейшара адам да бір.

Зина-ойнас, ішімдік, құмар, адам өлтіру, кісі ақысын жеу, әділетсіздік т.б. осы сияқты азғындық жайлаған мына заманда - харамнан ұзақ жүретін, ізгілікке шақыратын, әділетсіздікке қарсы тұратын «Бір Алла» дегені үшін қудаланатын – мұсылман ғаріп.

Әйелдері жартылай жалаңаш жүретін, ашық-шашық жүруді мәдениет санайтын мына қоғамда - тұмшаланып, барлық жерін жауып жүргені үшін "артта қалған" деп сыналатын – Хижабтағы қыз ғаріп. 

Надандық жайлаған бұ заманда, қадірі білінбесе – ғалым адам ғаріп. 

Мыңын айт та, бірін айт, шайтанның жетегінде кетіп, нәпсінің құлы болып жатқан мына заманда құндылығы ескерілмей жатқан – киелі Ислам діні ғаріп. 

"Ислам діні ғаріп боп келді. Ғаріп боп кетеді. Ғаріптерге сүйінші!". (Хадис).


[1] Имам Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин». Имам Жәләлуддин әс-Суюти: «әл-Жәмиъус Сағир». (Әлсіз хадис). 

Абдусамат Қасым

 

0 пікір