Дұға жасаудың әдептері
Дұға жасаудың әдептері
9 жыл бұрын 9872

1. Дұға құлдың Раббының күші мен қуатына сүйене отырып, өзінің қажеттіліктерін сұрауы. Сондықтан дұға ішінде Аллаға иман мен сенім арту бар. Сенуші адам дұға етерде Аллаға деген мағрифат пен сүйіспеншілігін дұғасы арқылы Раббысына жеткізеді. Расулалла осы сипаттарға қарай бәлкім алғашқы әдебі ретінде «асықпау әрі өзің сұраған мәселелерде Алладан үміт үзбеу» ұстанымын өсиеттеуде. Дұғада жалбарына отырып айтылған мәселелер дұға етушінің тілі мен жүрегінен шыққаннан кейін Раббының қалауына қалдырылғандықтан, асықпай «Дұға еттім, қабыл болмады» деген ойға берілмей, нәтижені Аллаға қалдырып, ғибадат шеңберінен айырылмау керек. Әбу Һұрайра (р.а.) бұл тұста Расулалланың мына мүбәрак сөздерін жеткізуде: «Дұға еттім, қабыл болмады деп асығыстыққа бармаған кезде дұғалар міндетті түрде қабыл болады»[1].

Дұға егер Жаратушы көрсеткен пішінде атқарылып, ғибадаттың бір түрі ретінде қабылданып, нәтижеге қатты тұйықталмай орындала алса, шынайылықтың күші мен ғибадттың қасиетін иеленетіндіктен, үлкен әсерге ие болады. Осы күйімен қабыл болуға анағұрлым жақындай түседі. Адам уақытпен шектеулі бір өмір аясында әрекет ететіндіктен бәлкім ең үлкен мәселелердің бірі уақытты дұрыс әрі тиімді пайдалану тұрғысында өзін байқатуда.  Бұған адамның қажеттіліктері мен сұрағандарының шексіздігін де қоссақ, мәселе біраз айқындала түседі. Міне, осы тұрғыдан дұға адамның сұраудағы шыдамсыздығы мен табиғатының бір қырын көрсетуде. Расулалланың ұсынысы болса, дұғаның қабыл болып болмауы мәселесі арқылы Аллаға міндет артпау ретінде түсінуге болады.

 

2. Дұға кезінде жоғарыға қарата алақан жаю Расулалланың пайғамбарлық тәсіліне сүйенген бір әдепті іс. Дұғада қолдарды көтеру бір жағынан  жүрек дұғасының қолдармен, тәннің басқа мүшелерімен қолдау табуы. Басқа бір жағынан болса, бір назарды шоғырландыру пішінін иеленіп, дұғаның Аллаға ұсынылуы. Дұғада қолдарды көтеру бәлкім қолымызбен шамамыз келмеген тұстарды Раббымызға айту мағынасын да білдіріп тұр. Бұл біздің әлсіздігімізді көрсетуде. Әлсіздігімізді оның құдіретіне айту жағдайымыз. Өмірді Расулалламен бөліскен көптеген кісілер оның дұға кезіндегі алақанын көккке қарата жайғанын жеткізеді.

Солардың кейбір мысалдарына тоқталсақ. Бір жолы Әнас ибн Маликке Расулалланың дұға етерде қолдарын көтеріп көтермегендігі сұралды. Ол былай деп жауап қатты: «Иә, бір жұма күні ел Расулаллаға жаңбыр тоқтағанын, құрғақшылықтан топырақтың кеуіп жарылғанын әрі өнімдердің құрығанын шағым етті. Расулалла дұға үшін қолдарын көтерді. Дұға етерде қолын тым жоғары көтергені сонша, қолтығының ішкі ақ жағын да көрдім»[2].

Тағы бір ұқсас деректі хазірет Айшадан Мүсаддад жеткізуде. Хазірет Айша (р.а.) Расулалланың дұға еткенде қолдарын көтергенін көргенін жеткізеді[3].

Бұдан бөлек, Пайғамбарымыздың Меккені азат еткен күні қолдарын көтеріп дұға еткенін Әбу Хұрайра (р.а.) риуаят еткен. Ұсама ибн Зәйд болса Уәда қажылық кезінде Расулалланың ізінен ергенін әрі қолдарын көтергенде мінген түйесінің шылбырын жанына тастап, бір қолымен шылбырын алып дұғасын жалғастырғанын жеткізуде[4].

 

3. Дұғада ұйқасқа әуес болмау (табиғи әрі қалыпты ғибадат күйінде болу)

Негізімен қарағанымызда дұға жүрекке тән бір жалбарыну қимылы. Тәннің басқа мүшелері де бұл жалбарынуға қосылып, дұғада талап етілген мәселені іс әрекет тілімен қолдауда. Тілдің дұғадағы рөлі болса, дұға атмосферасының табиғи күйін бұзбайтын сөзбен жалбарыну пішіні болуы тиіс. Егер дұғада ұйқас қуып, өлеңдетуге әрекет жасалса, мағына ұйқасқа, тілек өлеңге, қиналыс айтудағы әдемілікке құрбан болуы мүмкін. Міне, осындай қауіптерден сақ болып, жүректен шыққан таза әрі қарапайымдылығымен Раббысына жеткізілуі керек.

Пайғамбарымыз бүкіл дұғаларын уахиға толы жүрегінің тілімен Раббысына ұсынғандықтан, дұғалары жүрек тілінің жылылығы мен әсеріне толы еді. Жүрегінің қолдары, денесінің қолдарымен Раббысына созылып, тілімен де жүрегінің тебіренісі мен қауышу қалауын сөзге аударып, бір ғибадат пішінімен сөйлескен еді Раббының құзырында.

Расулалланың дұғаларын ең жақыннан естіп куә болған хазірет Айша  анамыз маңайындағы кейбір адамдардың өлең ұйқастары немесе әдемі сөздері түрінде дұғалар оқығанын көргенде, дереу тыйым салатын, өйткені бұл жағдай дұғаның жүректен тілге ауысқанының бір көрсеткіші еді. Хазірет Айша аса байыпты түрде мәселеге тоқталып былай деген: «Өлең шумақтарындай ұйқастырып дұға етпеңдер, өйткені Расулалла мен сахабалары өлең ұйқастырғандай етіп дұға оқымайтын»[5]

[1] Ибн Әби Шайба, әл-Мұсаннаф, Китабуд-дұға, № 30293 хадис.
[2] Ибн Хажар, Фатхул-бари, Китабуд-дағуат, Бабу Рафғил-айди фид-дуа, № 6341 хадис
Ибн Әби Шайба, әл-Мұсаннаф, Китабуд-дұға, № 30293 хадис.
[3] Салихи, Сүбулул-худа уәр-Рашад, том 8, б. 705.
[4] Ибн Хажар, Фатхул-бари, Китабуд-дағуат, № 6341 хадис
[5] Салихи, Субулул Хүда уәр Рашад, том 8, б. 706. 

0 пікір