Дұға етудің денсаулыққа пайдасы бар ма?
Дұға етудің денсаулыққа пайдасы бар ма?
9 жыл бұрын 8885 islam-today.ru
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
 
Жаратушыға дұға ету-психикалық аурулардан зардап шегетін және стресске душар болған  адамдардың оңалуына үлкен тиімді әсер ететіндігі дәлелденді.  Психиатрия  саласындағы ірі мамандардың бірі-Мазхар Осман жүйке және психикалық аурулардан зардап шегетін науқастарға толы ауруханаларды көріп  былай дейді: "Біздің ауруханаларда бос орын таусылды, бірақ шын мәнінде, осы адамдардың көпшілігі біздің пациенттер емес. Бұрын адамның эмоциялық проблемаларынан құтылу үшін көмектесуге шейхтер келетін. Егер қазір де сол шейхтер біздің ауруханаға келіп, рухани қолдау берсе, онда менің ойымша, біздің барлық пациенттердің ¾ өте тез сауығып кетіп, клиниканың қабырғаларын баяғыда тастап кетер еді деген сенімдемін".
Француз хирургі, биолог, патофизиолог және Нобель сыйлығының физиология мен медицина саласындағы лауреаты Алексис Каррель былай деді: "Дұға- бұл тартылыс  күші сияқты шынайы күш, қуат болып табылады. Мен  адамдардың әр түрлі терапиядан ешқандай пайда болмаған жағдайларда әрі  меланхолия мен депрессиядан құтыла алмаған кездерінде, тек дұға арқылы шипа тапқанының куәсі болдым".
Егер әр күн сайын шынайы ниетіңізбен, таза жүрегіңізбен ықыластана дұға етсеңіз, өте жақын арада өміріңіздің жақсы жақтарға өзгергендігіне көз жүгіртесіз. Дұға сіздің барша іс-әрекеттеріңіз бен істеріңізге өшпес із қалдырады, рухыңызға тыныштық пен жаныңызға жайлылық сыйлайды.
Алла Тағала Құранда бізге қалай дұға етудің жолдарын көрсеткен және түрлі дұғалардың тізбегін ұсынған. Ұлы Жаратушы: "Айт: Менің Раббым сендерге құлшылықтарың болмаса, назар аудармайтын да еді" (Фұрқан, 25/77).
"Егер менің құлдарым Мен жайлы сенен сұраса, мен оларға жақынмын әрі дұға етіп, мені шақырса, мен оларға жауап беремін" (Бақара, 2/186).
"Сіздің Раббыңыз айтты: "Мені шақырсаңдар, Мен сендерге жауап беремін" (Мүмін, 40/60).
Құдіретті Алла өзіне дұға, тілекпен жалбарынып, бойұсынуға шақырады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтқандай: "Сіздің Раббыңыз - ұялшақ және жомарт. Қашан құлы оған қолын созып, жалбарынса, оның қолын бос қайтарудан ұялады" (Тирмизи, Дағуат, 118).
Күніне бес уақыт намаз оқып, әрбір рәкатта "Фатиха" сүресін оқу нәтижесінде: "Тек саған ғана құлшылық қылып, саған ғана жалбарынамыз", - деп бірнеше мәрте қайталайтынымыз белгілі. Барлық күш пен шексіз құдірет тек Ұлы Жаратушымызға ғана тән.
Алла Құранда: "Егер Алла саған зиян берсе, одан өзінен басқа ешкім айықтыра алмайды. Егер ол саған жақсылық жасаса, ешкім де оның рақымын тойтара алмайды. Ол  оны қалаған құлдарына беруші. Ол-Кешірімді, ерекше Мейірімді" (Жүніс, 10/107). Бұл мәселе бізге қажеттінің баршасын тек Жаратушы Алла Тағаладан сұраудың қажеттілігін  айшықтай түседі. Қорыта айтқанда, көп дұға етіңіз, дұға етудің нәтижесінде Алланың жәрдемімен, денсаулығыңыздың жақсарғандығын аңғарасыз.
 
Аударған: М. Бақдәулетқызы
1 пікір
  • Иә, Раббым, нығметтеріңе сансыз шүкіршілік! Уақытым тығыз болса да, Құран сүрелерінің, дұғаның бір кереметі туралы айтып кетуді жөн санадым. Ол кезде жаспын. Әлі намазға келе қоймаған кезім. "Фатиха", "Ықылас", "Фәлақ", "Нас" сүрелерін жаттап алғам. Бар білетінім сол. Қатты ауырып, жедел жәрдеммен ауруханаға түстім. Жұлынымнан пункция алған соң, дәрігерлер "аса ауыр" деген диагнозбен жан сақтау палатасына жатқызып тастады. Есім кіресілі-шығасылы. Сандырақтап қоям. Енді арғысын айтпай-ақ қояйын... Бірнеше күннен кейін есімді жинап, қарасам, есіме қасиетті сол сүрелер түсе береді. Күбірлеп айтып жатам. Қасымда ауыр диагнозбен бір әжей жатқан. Ол кісінің де жағдайы менікі сияқты, ауыр. Асты-үстін медбикелер тазалап алады. Екеуіміздің де екі қолымыздан сансыз дәрі құйып жатыр. Бір босамайды тамырымыз. Күнде уыстап дәрі ішкізеді. Мен терезеге қарап жатам... Есіме сол сүрелер түсе береді. Мен күбірлеп дұғаларды оқимын. Бір күні әлгі кісі тілге келіп (тіліміз де күрмеліп қалған ғой): "қызым, не күбірлеп жатырсың?",- деп сұрады. Мен "сүрелер оқып жатырмын" дедім. Сонда әлгі кісі айтты: "қызым, көбірек оқи берші. Сен оқыған сайын мен жеңілденген сияқты болам",- деді. Бірақ ол кезде мен бұл сүрелердің аса қасиетті екенін білмеппін. Тағы біраз күннен кейін (сол кезде дәрігерлердің таңқалғанын көрсеңіз) мен тік тұрып, ауруханадан шығып кеттім. Паралич алуы мүмкін деген диагнозбен түскен адам, өз аяғымен шығып кеткенде... Қазір ойлап қарасам, Алла маған сол сүрелер арқылы, дұғаларым арқылы шипа бергендей. Аллаға сансыз шүкіршілік! Алла шипа бермесе, қанша емделсеңіз де, қанша дәрі ішсеңіз де, ем қонуы қиын екенін кейін білдім. Сол күндерді ұмытпау үшін үнемі есіме алып жүрем. Ағайын, дұғада болайық!
    9 жыл бұрын