Діни құндылықтарға құрмет
Діни құндылықтарға құрмет
2 жыл бұрын 1971
Асылбек Әуезханұлы

Ислам – адамды екі дүниеде бақытты ететін дін. Ол адамның қай жерде қалай әрекет ету керектігін, қандай сөз айтып, қандай мінез таныту керектігін толыққанды үйретіп отырады. 

Дін – адамды жеке адамды жетілдіретін, қоғамды кемелдендіретін қасиетті күш. Әрбір халық өз дініне құрметпен қарайтыны осыдан. Ендеше адам баласына туған жердің әрбір тасы, құмы, сынық шөбіне дейін қаншалықты қымбат болса, әрбір діни ұғым да соншалықты құнды болуға тиіс. Қазақ халқы да сан ғасырдан бері ата дініміз Исламға осылай құрмет көрсетіп келеді. Бұл құрметті бұрынғының алтын тінін үзбей жалғастырып келе жатқан адамдардың өмірінен бүгін де кездестіруге болады. Мысалы, қариясы бар бір үйге барып намаз оқимын десең, құманға су құйып, жайнамаз төсеп, ойнап жатқан балаларды басқа тамға шығарып, абыр-сабыр бәйек болатынын көріп жүрміз. 

Сондай-ақ қасиетті Құран кітапты көк торғын шүберекке орап, биік жерге қоюының өзі Құранға, дінімізге деген құрметтің көрінісі. Рамазан айы жақындады дегеннен талқанын түйіп, қазысын сүрлеп, сәресі мен ауызашардың қажет жабдықтарын дайындауға кіріседі. Ал айт күндері ауыл өмірі нағыз той-думан. Әрбір үйде арнайы дастархан жайылып, сан түрлі ұлттық тағамдар әзірленіп, есіктер айқара ашылып, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін мәре-сәре қуанышқа кенеледі. Бұл да дініміздің талабынан туған игі дәстүріміз. 

Қажылыққа барған кісі тәбәрік деп, бір ұрттам зәмзәм немесе бір тәспі әкеп берсе, ауылдағы қарияларға одан артық қуаныш жоқ. Сонда елімізде де әр жерде сатылып тұрған тәспі үшін емес, «Жарықтық қасиетті Меккеден» келді ғой деп қуанады. Бұл қазақ халқының сан ғасырдан бері қасиетті Қағбаны барынша қастер тұтып келгенінің дәлелі болса керек. Осы секілді Ислам дінінің әрбір талабына момын жұртымыздың құрметі шексіз болып келеді. Мысалы, хадис шәріпте: «кімде кім Аллаға және ақырет күніне шын иланса, қонағын құрметтесін» делінген. Енді қазақ халқының қонақ күтуін елестетіп көріңіз. Тапқан таянғанының ең тәттісі мен ең жұмсағын қонағының аузына тосып келген халықпыз. 

Енді Құранға құрмет мәселесіне оралайық. Негізінде, Құранға илану иман шарттарының негізгі бір тірегі. Құранның хақ екендігіне, оның ұлы Алла тағаланың сөзі екендігіне күмән келтірген адамның иманы толық бола алмайды. Соған қарамастан кейде Құрандағы бір аяттардың мазмұнын талқылап, онымен келіспейтінін білдіріп жататындар кездеседі. Мысалы, «Құранда арақты харам дейді. Негізі ол бидайдан жасалған. Бидай қалай харам болсын» деген сияқты сөздерді есітіп қаламыз. Бұл дұрыс іс емес. Өйткені Құран кәрімде: «Алланың аяттарын келеке қылмаңдар» делінген («Бақара сүресі», 231-аят). Адам баласына ненің зиян, ненің пайда екенін Жаратушы иеміз Алла тағаладан артық ешкім білмейді. Әр нәрсенің қадірін дұрыс бағамдай білетін данышпан Абай өз өлеңдерінің бірінде: 

«Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы!» деп толғамайтын ба еді?! Мұсылман адамның сипаты Құранда айтылған әрбір ақиқатқа қалтқысыз сену болуы қажет. «Самиъна уа атаъна» («Естідік, бағынамыз») деген қағиданы мұсылман адам еш уақытта естен шығармауы керек. 

Сол секілді Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с) өзіне де, сөздеріне де, қалдырған сүннетіне де өзін мұсылман санайтын адамның ерекше ілтипаты болуға тиіс. Бұл жағынан түптеп барғанда, Алла елшісін жай бір қатардағы адамдармен тең санаудың өзі Алланың сүйікті құлына деген құрметсіздік болса керек. Ұлы Алла тағаланың өзі Пайғамбарымызды «хабибім, сүйіктім» деп атайды. Ал енді адамдардың Алла елшісіне (с.а.с.) деген құрметі қандай болу керектігін осымен салыстырып көре беріңіз. Алланың жақсы көргенін жақсы көру Аллаға деген сүйіспеншіліктің бір белгісі. Әрине, Пайғамбарымыздың өзі «Мені өзге қауымдар секілді асыра әспеттемеңдер» деп өсиет қалдырған. Бірақ Алла елшісін өз жанымыздан артық жақсы көрмейінше иманымыз толықпасы тағы ақиқат. Ардақты пайғамбарымыз өз үмбетінің қамы үшін бүкіл өмірін сарп етті десек, артық айтқандық емес. Небір шешуші кезеңдерде өзінің емес, үмбетінің пайдасына тоқтамдар жасады. Ұйқысыз түндері, жасқа толы жанары, мейірім толы жүрегі, үмбетіне деген айрықша қамқорлығы оны бұл дүниедегі барлық нәрседен артық құрметтеуге, жақсы көруге тұрарлықтай. Ал ертең ақырет күнінде өз үмбетіне шапағат ететіні тағы бар. Сондықтан осы бір асыл жанның аты аталғанның өзінде-ақ әрбір мұсылманның жүрегі елжіреп, оған деген сүйіспеншілігі артуға тиіс.


 

"Жанұя жарасымы". 

0 пікір