Денсаулықтың бұзылуының 75 пайызы дұрыс тамақтанбауға байланысты екен. Қалған себептер табиғи қозғалыстың аздығы, зиянды әдеттер, көңіл-күйдің тұрақсыздығы стресс, тұқым қуалаушылық, экологиялық зардаптардан болады.
Бүгінге дейін «Дұрыс тамақтану» деген пән қалыптаспаған. Тек сырқат болған соң ғана қалай тамақтану туралы «Диетология» деген пән үйретіліп келді. Бұл да тобыр қауымның бір үлкен кемшілігі.
Ал Пайғамабарымыздың с.а.у. саушылдыққа қатысты бүкіл хадисі осы «Дұрыс тамақтану» ғылымының қайнар көзі десе болады. Мәселен, тамақтанардан бұрын қол жуу, асты әбден шайнау, сусынды бөліп бөліп жұту, тамақты өте ыстық жемеу, өте суық ішпеу, отырып жеу, өте тойып жемеу, тек халал етілген азықты қолдану... Осы хадистерді бұлжытпай орындап жүрген мұсылман адам Алланың бізге аманат еткен денесіне қиянат етпей мол сауабқа ие болмақ. Сондықтан, тамақтануды салт дәстүрге емес ғылымға сай үйлестіру абзал.
Су: Адам денесінің әр кг салмағына 40 мл су тұрақты барып тұруға тиіс. Яғни, орташа 60 кг салмақты адам күніне 6 л сусын ішуі қажет. Алайда, адам осы ең қажетті нәрсені толық ішпейтін нашар әдетке бойы үйреніп кеткен. Сондықтан, денесіндегі клеткалық су үнемі тапшылықта болады. Әрі адам күніне шамамен тері арқылы 600 мл, тыныс арқылы 600 мл және зәр мен басқа жолдармен тағы осындай мөлшерде суды шығындайды. Өйткені, су адам денесіне барлық қажетті затты жеткізеді де барлық қажетсіз улы заттарды шығарып тұратын ерекше сұйық. Клетка деңгейіндегі судың азаюынан тез ұмытшақтық, еске сақтай алмаушылық, бас зеңу, шаршау, терінің құрғауы, бет терісінің қатпарлануы, тыныстың тарылуы секілді жағдай туындайды. Ал мұндай кезде зәрдің қоюлануы денеде су жетіспеуді көрсетеді. Ал судың артық қоры тоқ ішекте сақталатындықтан адам жетіспеген суды тоқ ішектен алуға мәжбүр болады. Содан болып іш қату басталады. Яғни денеде судың үнемі жетіспеуі әр түрлі аурудың туындауына себеп деген сөз. Сондықтан «дұрыс тамақтанудың» әліппесі су және сусын ішуден басталады. Ең жақсы сусындар: Арасан суы, бұлақ бастау сулары, жеміс шырындары, тұзсыз қара шай, қантсыз көк шай, ақ қымыран, саумал, шалап айран. Осындай сусынды тұрақты ішкен кезде адам артық тамақ ішу әдетінен арылады (сусын мен тамақ ішу сезімі бір нүктеде болғандықтан адам толық сусындаған кезде ашқарақтанудан құтылады), зат алмасу күшейіп адам қуаттанып сергек жүреді, бұлшық еттің қызметі артатындықтан денедегі артық май энергияға айналады яғни семіру тоқтайды, бет пішін өңейеді, іш қатудан құтылады, буындардың қозғалысы жақсарып сіресу азаяды, мойын мен беломыртқа, бүйректің тұздану, құмдануынан айығады. Ал сусынды ішудің ережесін жақсы білу қажет: Сусынды күн шыққан уақыттан бастап құптан уақыты кіргенге дейінгі аралықта аз аздап тұрақты ішкен дұрыс. Сусынды адам өз дене жылуынан төмендеу ғып жылы ішу қажет, ыстық шай ішу дұрыс емес. Сусынды ішкенде аз аздап ауызға ұрттап дәмін ала отырып баяу ішсе денеге сіңеді, асығыс дереу ішсе бәрі бүйрекпен шығып кетеді. Сусын болуға жарамайтын сұйықтар: сүт қатқан шай (бұл тамақ есебінде ішек арқылы сіңеді), кофе, еттің сорпасы, газдандырған сусындар, сыра, ащы қымыз, қойыртпақ айран. Ал зиянды сұйықтарға бояулы сусындар, кока кола, спрайт, пепсилер жатады. Бұлардан мүлде бас тарту керек! Ал сырқаттанып қалған кезде жиі жиі қайнаған салқын су ішудің өзі шипа.
Кальций: Бұл микроэлемент адам үшін ағаштың тамыры, үйдің іргетасы секілді рөл атқарады. Сүйекте, тісте, тырнақта, бұлшық етте кальций болмаса олардың қызметі бұзылады. Сүйек оңай сынады, тіс мұжыла бастайды, ет суалады. Ал жүректің қызметін басқаратын негізгі зат осы кальций. Кальций жетіспеуден жүздеген ауру туындайды.
Жасөспірім кезде қальций қажеттілігі өте жоғары болады. Сүйектену, өсу, жыныстық жетілу осы кальций арқылы ғана жүріледі. Балалардың сүйегінің дұрыс болуы тісінің қалыпты шығуы осы Д витаминінің көмегімен кальций арқылы жүзеге асады.
Күніне үлкен кісіге орта есеппен 1000 мг кальций қажет. 11-15 жастағы жасөспірімдерге 1200 мг, ал екіқабат әйел мен омырау емізетін аналарға 1500- 1700 мг кальций қажет. Өйткені, ана босанған кезде 30 000 мг кальций жоғалтады, баланы әр емізгенде 300 мг кальций шығындайды.
Сондықтан, құрамында калций мол тамақты күнделікті жеу қажет. Кальций жасыл капустада, ақ тамақта әсіресе айранда, ірітілген ақірімшікте көп болады. Теңіз жәндіктерінде, балықта, әртүрлі тұқымдарда мол болады. Жемістерден банан, апельсинде, сәбіз, помидорда, салат жапырақтарында көп. Жемістерді шикі салат күйінде, көкөністер мен балықты жеңіл буға пісіріп жеу дұрыс. Таза сүйек сорпасына көкөністерді қайнатып жеу де пайдалы.
Ал газды, түсті сусындар кальцийдің денеге сіңуіне бөгет болатындықтан ішпеу керек. Пицца, шипс, школад, кофе, манту секілді тез дайындалатын тамақтарды да тамақтану әдетінен алыстатқан дұрыс. Мұның бәрі қарынын тойдырғанмен қажетті заттарды денеге әкелмейтіндіктен бос семіруді тудырады.
Талшық (клетчатка): Талшық дегеніміз, азық түліктің құрамында болып асқорту жолына енген кезде еш өзгеріссіз қортылмай шығатын ерекше зат. Яғни асқорыту жолының тазалаушы, сібіріткісі, ішектердің жиырлу қозғалысын жақсартушы деген сөз. Талшық суға еритін және ерімейтін деген екі түрі болады. Суға еритіндері: қияр, помидор, апельсин т.б. Суға ерімейтіндерге: Сәбіз, капуста, жемістердің қабығы. Суға еритіні қан тамырындағы холестринді де, өт қабындағы тас құмдарды да тазалайды. Талшықты тамақ ауызға кірген сәттен бастап тазалық жүргізеді. Мысалы, сәбіз жеген кезде тіс арасы өте жақсы тазарады.
Тамақтың құрамында болуға тиіс «талшық» деп аталатын ерекше зат соңғы кездің тамақтарында жеткіліксіз болуда. Соның кесірінен аш ішек пен тоқ ішектің былғануы асқорту жүйесінде әр түрлі ауру тудыруда.
Талшықты күн сайынғы тамақтануда 25-35 гр мөлшерде пайдаланған абзал. Талшықтар жасыл көкөністерде көп болады. Мәселен көк алма, жүзім, капуста, арпа талқаны, қара нан, салат жапырақтарында көп.
Ал, етте, ақ ұнда, сүтте талшық болмайды. Осындай еш талшықсыз тамақты үнемі жеуден тоқішектің жұмысы бұзылады. Әлденеше күн жеген тамақтың қалдығы тоқ ішекте сақталып дене дәретханаға айналады деген сөз.
Сондықтан саналы түрде тамақта талшықты керектену өте қажет. Мысалы, жемістерді қабығымен жұту, көк алма жеу, жасыл көкөністерді өте көп қайнатпау буға пісіру талшықтың азықта сақталуын қамтамасыз етеді және бұршақ, фасоль секілді дақылдарды көп қолдану, қара нанның қыртысын жеу секілді әдет тоқ ішекті таза ұстаудың амалы деп білген жөн. Ет пен ұнды бірге шайнауға мәжбүр ететін моңғолдың «буузысы» мен қазақтың «бес бармағы» денсаулыққа, ас қорыту жүйесіне өте зарарлы. Араласқан ет пен ұнды асқазанның қорытуы өте қиын және екеуі де талшықсыз тамақ болғандықтан аш ішек пен тоқ ішекті желімдейтін зияны бар.
Ал тоқ ішекті үнемі таза ұстаудың жалғыз жолы талшықты тамақты күнделікті тұтынатын әдет қалыптастыру. Талшықты тамақты тұрақты керектенген адамдардың арасында дененің көблігуі (ісу) тоқтайды, қан шабу қаупі азаяды, тоқ ішектің рак ауруы кезікпейді.
Өйткені, адам табиғатында шөп қоректі мақұлыққа жатады. Сондықтан өз табиғатына сай тамақтану адамның денсаулығының басты кепілі. Соңғы заманда адамның тамаққа деген нәпсісін қоздыратын денеге пайдасынан зияны көп супермаркеттің затына адамдар бүкіл ақшасын шашатын болды. Егер жоғарыда айтқан бойынша тек денеге пайдалы азықтарды ғана сатып алып әдеттенсе отбасының тамаққа жұмсайтын экономикасы үш есе үнемделетіні тәжірибеде дәлелденген нәрсе. Іске асыруға кірісіңіз, сахабалар секілді әр нәрсені сөзбен емес іспен істейтін тақуа мұсылмандық мінезді бойға сіңірудің бұл да бір жолы.
Қант пен тұз: Қантты көп пайдалану 75 түрлі аурудың негізгі себебі болады. Көптеген аллергиялық тері аурулары, аяқтың көктамырының кеңеюі, бүйрек үсті безінің бұзылуы, денедегі клеткалардың өмір сүру уақытының азаюы, ауыз қуысының иістенуі секілді жағдай тікелей қанттың кесірінен. Ал семірудің басты себебі мен жүрек қан тамыр ауруын өршітуші де осы қант. Тері асты майы қалыңдаған сайын денеге ең соңғы қанды жеткізуші капилляр қыл тамырлары өз еркінен тыс 300 км-ге дейін ұзарады. Міне осыған қан жеткізу үшін жүрек бар қорын жұмсап ең соңында жүрек бұлшық еттері әлсірейтін ишемия деген ауруға ұшыратады. Қант денедегі ең қажетті микроэлементтер Кальций, Магний, Калийдің қорын азайтады. Диабет қант ауру мен ерте қартаюдың себебі болады. Сондықтан өңделген ақ қанттан мүлде бас тарту қажет. Шайға қант қататын тәттішіл әдет пен қанттан жасалған түрлі кәпмиттерді жеуді мүлде доғарған дұрыс. Өйткені қантта ешқандай пайда жоқ химиялық өңдеуден өткен қант, тәтті у деген сөз. Ал табиғи қантты алмастыратын жемістің фруктозасы мен араның балын мөлшермен қолдану қанттың қатерінен құтқаратын бірден бір жол. Әуелі өзіңіз осы зиянды әдеттен бас тартып, сонан соң бала шағаңызды тәрбиелеңіз.
Ас тұзын мөлшерден тыс пайдалану қазіргі заманғы бір зиянды әдетке айналды. Ал денеге артық енген тұз басқа барлық улы заттарды денеде ұстап тұратын магнит секілді пәле. Ал пайдалы заттарды денеден ығыстырып шығарады. Сөйтіп қан қысымының көтерілуі дейтін аурудың негізгі себепшісі болады. Егер мүлде тұз пайдаланбайтын болса онда қан қысым деген ауру болмас еді. Егер ол болмаса қан қысымнан туындайтын қан шабу деген қатерден адам аман болар еді. Мұның бір мысалы Гренландия деген мұзды аралдың жиегін мекендейтін эскимос деген халықтың арасында ешқандай қан қысым деген ауру болмайды екен. Өйткені олар тіпті тұз деген нәрсені білмейтін көрінеді. Ал тұзсыз тамақ жеп үйренген адам сол тамақтың нағыз дәмін сезе алады. Оның өзі сол тамақтың денеге тез сіңіп таралуына пайдасы мол. Тұз қажет емес, әдет!
Антиоксидант: Микроэлементсіз, белогы аз, витамині жоқ, минералдары болмайтын сапасыз тамақ адам денесіндегі клеткаларда «еркін радикал» деген иондарды тудырады. Яғни қалыпты жағдайда клетка сыртын екі минус ионды оттегі молекулалары қоршап тұруға тиіс. Қалада экологияның былғануы, тұрмыста әртүрлі ұнтақ, сұйық химиялық сабындарды көп керектену, алдамшы жылтырақ тамақтарды пайдлану клеткадағы осы оттегі ионының біреуін кемітетіндіктен әлгі екі ионды оттегі өз арасынан шынжыр құсап біріге бастайды. Мұны «еркін радикал» деп атайды. Олар клетканың мембрана қабығын жұқартып оның ішіндегі ядросын бүлдіре бастайды. Сөйтіп клетка деңгейінде пайда болатын қатерлі ісік, қан ауруы, иммунитет азаю секілді емделуі қиын ауруларды туғызады. Міне осыған қарсылық көрсететін пайдалы заттарды «антиоксиант» дейді. Оны күнделікті тамақта тұрақты қолдану қазіргі заманғы «улану кезеңінде» өте қажет. Антиоксидантқа ең негізі «жеті өңді» деп аталатын жеміс жидек пен көкөністер жатады.
Қызыл түсті жемістер: Онда липокайн деген ең пайдалы зат бар. Бұған помидор, грейфрут, қарбыз жатады. Сары түсті жемістер: Сары қызылша, жүгері. Картикойд деген ең күшті антиоксидант осыларда болады. Басқа бірде-бір жемісте жоқ. Сарғыш көкөністер: Сәбіз, манго, қауын, асқабақта көп. Каротиндер осыларда мол. Төртінші, қызыл сары жемістер: апельсин, мандарин, сары өрік. Бұларда С дәрумені ең көп, ішкі қыртыстары талшықтарға бай. Бесінші, қызыл күлгін жемістер: Баклажан, қызылша, жүзім, өрік, итмұрын, черника, бүлдірген (клубника) бұларда антиоксидант болатын амин қышқылдары өте мол. Алтыншы, жасыл түсті көкөністер: Барлық орамжапырақ, теңіз орамжапырағы. Жетінші, ақ жасыл өңді көкөністер: сарымсақ, пияз, салат жапырақтары, броклиндер. Шпинатта А, В дәрумендер мен микроэлементтер, өсімдік белоктары өте мол болғандықтан тамақ түрлерінде тұрақты пайдалану өте дұрыс.
Қортынды: Осы жазылғандарды назар сала, ықыласпен оқу қажет. Өйткені бұл ғылым. Ғылым Алланың бір есімі, адамға ақыл арқылы танысын деп берілген. Адам ақылын зұлымға (бұл дүниенің алдамшы қызығы үшін жасалатын қулық сұмдықтар) емес ғылымға жұмсауы тиіс. Ғылымға ақылын жұмсаудың өзі құлшылық. Ғылымға ақылын жұмсау сүннет амалына да жатады. Оқыған нәрсені ұғу керек. Ұққан нәрсені дереу іске асыру шарт. Өйткені бұл сахабалардың жолы. Ал сахабалардың жолымен жүргендер аспандағы жарық жұлдызды бағдар еткен жолаушы секілді адаспайды деген хадис бар.
Дененің біртіндеп улануы және тез қартаю дұрыс тамақтанбаудан болады. Дененің улануының басты белгісі тері астының майланып қарынның шығуы, бұғақтың салбырауы (Хадисте қарын салып семірген мұсылманға қатаң ескерту сол үшін жасалған болу керек).
Ең негізгі дененің былғануы тоқ ішектің былғануынан басталады. Тоқ ішектің қызметін қалыпты болдыру үшін кешкі 20 сағаттан соң ет қосылған қортылуы ауыр тамақтарды ішпеу керек. Және тамақ деп аталатын нәрсенің бәрін талғаусыз жей беретін әдеттен бас тарту керек. Тек қана тез сіңетін құрамында дәрумен, минералы бар сапалы тамақтарды таңдау дұрыс. Әсіресе малдың етінен жасалған тағамды тек күндізгі уақытта көкөніспен бірге аздап жеуді әдет ету жөн. Өйткені, мал еті ас қорыту жүйесінде сексен сағат бойы болады. Бауыр, жүрек, бүйрек бәріне өте көп салмақ түсіреді. Соңғы кездері малға әртүрлі вакцина, антибиотик егетін болғандықтан осы зиянды заттар ет арқылы адам денесіне сіңетіндіктен оның денеге тарауы өте зарарлы. Әрі қазақтар етті үш сағаттан артық қайнататын әдеті етті ет емес сабынға айналдырады. Осы себептен «қазақи ет жеу» деген жабайыланған әдетімізге түзету енгізетін кез жетті. Мүмкіндігінше, балық еті, адал құс етін де жеп үйрену денемізді саушылдықта болдыратын жақсы әдет деп білген жөн.
Осы жазылған ережелер «Дұрыс тамақтанудың» әлппесі ғана. Әлппені үйренбей кітапты оқи алмайтынымыздай осы әлппедегі жазылғандарды қолданудың өзі бір мұстақап амал болар еді. Алла бәріміздің зейінімзді ашсын, ынтамызды арттырсын, ықыласымызға ықылас қосып Пайғамабарымыздың с.а.у. ізінен адаспауды нәсіп еткей!