Бүгінгі күні кәдімгі жәһилият дәуіріне қайтадан оралғандаймыз...
Бүгінгі күні кәдімгі жәһилият дәуіріне қайтадан оралғандаймыз...
5 жыл бұрын 3659

Исламнан бұрынғы дәуірді «жәһилият дәуірі» деп атаймыз әрі сол дәуірдің адамдарын жасаған зұлымдықтарына қарай кінәлаймыз, қаралаймыз. Мұнымыз жөнсіз де емес. Өйткені ол кездегі адамдар «асырап, баға алмаймыз-ау» деген қорқынышпен және басқа да себептермен өз балаларының өміріне қиянат жасаушы еді. Алла Тағала:

«Күн көре алмау қорқынышымен балаларыңды өлтірмеңдер, олардың да, сендердің де ризықтарыңды біз береміз. Оларды өлтіру шын мәнінде үлкен күнә» - дей отырып нәрестенің жанына қиюды харам қылған[1].

Сондай-ақ, Хақ Тағала:

«Тірідей топыраққа көмілген қыз баладан қандай кінәсі себепті өлтірілгендігі сұралған кезде...» - дей келе баласын өлтірген адамдардың ақыретте жауапқа тартылып, ауыр азапқа ұшырайтындығын білдіруде[2].

Ал бүгінгі кезеңді қалай атасақ екен?

Жәһилият дәуірінде қыз балалар тірідей көмілуші еді. Ал бүгінгі таңда дүниеге келмей жатып, аналарының құрсағында-ақ миллиондаған шақалақ аборт жасаушы хирургтардың қолында жұлма-жұлмасы шығып жан тапсыруда.

Жарық дүниенің есігін ашпай кетіп жатқан байқұс балапандар-ай! Анасының көзі алдында, қолы қол, бұты бұт болып, басы жұлынып жатыр. Ал анасы дүниеде өзі рахат өмір сүру үшін бұған рұқсат етуде. Кім білсін, бәлкім сол өзі өлтірткен нәрестесі өзіне сүйеу, қамқоршы болар ма еді?

Бұл аборт жасалған жазықсыз нәрестелермен қатар соғыстар мен қақтығыстардың салдарынан аяусыз өлтіріліп жатқан сансыз балаларымыз да өз алдына адамзаттың қасірет трагедиясы.

Былай қарасақ бүгінгі күні кәдімгі жәһилият дәуіріне қайтадан оралғандаймыз.

Сол себепті бұл күндері өзімізді Хаққа лайық жақсы құл бола алдық па, жоқ па, соны жақсылап ойланып, таразыға салуымыз қажет. Осынау адамзат баласының басына түрлі қайғылар мен апаттардың келуіне себепкер болған қайсы кемшіліктеріміз? Қоғамымыздың тыныштығы мен бақыты үшін құлшылығымыз қандай күйде болуы керек? Осылайша жан дүниемізбен есептесіп, Ислам әлеміне көбірек дұға-тілегімізді жасайық. Отанымыз бен ұлтымыз үшін де, әсіресе таңсәрі уақытының нәрлі аясында Раббымызға көбірек жалынып, жалбарынайық.

Алла елімізге көтере алмайтын ауыр сынақ бермесін. Мемлекетімізге зауал келтірмесін. Бейбіт өлкелер мен бейкүнә адамдардың қырылуына жол беретін соғыс шоқтарын Өз мейірім бұлттарымен сөндірсін. Осы үш мүбәрак айдың құрметіне дүниеге мейірім мен берекетін берсін. Ал біздерді үнемі адамзатқа пайдасы тиер, рақымдылық пен берекет таратушы жақсы пенделерден қылсын! Әмин!...

"Махаббат пен мағрифат".


[1] Құран Кәрім: «Исра» сүресі, 31 аят.
[2] Құран Кәрім: «Тәкуир» сүресі, 8-9 аяттар.

0 пікір