Тіршілікте атқаратын жұмыс көп, алайда адамзатқа берілген уақыт өте аз... Тек бәзбіреулер ғана бір күннің ішінде көп нәрсе жасап үлгереді ме?
Әрбір жанға тәулігіне 24 сағат берілген: біздің Алла Елшісі (с.а.у.) мен саңлақ сахабаларына да, көрнекті ғалымдар мен кәсіпкерлердің еншісіне де 24 сағат сыйға тартылған. Ал кейінгі дәуірдің адамдары осы уақыттың аясында өмір сүреді. Иә, уақыт-қымбат қазына. Алайда олар, бізден бұрынғылар, Алланың берген қымбат тартуы-уақыттың әрбір минутын бағалай білгендіктен, соңғы ұрпаққа, кейінгі кезеңге пайдасы тиер қайыры мол істер жасап үлгерді.
Біздің бойымыздағы төменгі өнімділіктің/продуктивность/ негізгі себептерінің бірі-бос әңгімеге уақыт жұмсау, пайдасыз қарым-қатынас пен орынсыз айыптауларға көңіл бөлу, жел сөздерге құлақ түріп, миымызды босқа шаршату, күш-қуатымызды осындай пайдасыз әрекеттерге кетіру. Ойлаңыздаршы, біз "адамдар" туралы жел сөздермен қаншама уақытымызды өткіземіз? Мәселен, әйгілі адамдар, көршілер, таныстар жайында әрі әлеуметтік желілердегі олардың жеке өмірі мен лауазымдарын талқылауға қаншама энергиямыз бен уақытымызды жұмсаймыз? Бұл-сіздің өміріңіз үшін қаншалықты маңызды?
Бұл неліктен жаман?
Бос уақыттағы әңгімелесу, жағымсыз сөздер бізді маңызды нәрселерден, тағдырымыздағы ең басты орындауға тиісті амалдардан алыстатып, әлдеқайда көп уақыт алады. Құран мен сүннет болса, әрбір адамның тіліне абай болудың маңыздылығын есімізге салады. Алла Тағала Құранда осы жайында былай дейді: "Шынында иман келтіргендер құтылды. Олар, сондай мүміндер, намаздарында іштей жалбарынады. Олар, бос нәрселерден аулақ болады" /Муминун, 23: 1-3/.
"Олар өтірікке айғақ болмайды да, бос (пайдасыз) сөздерге кездессе, маңғазданып өтеді... Міне бұлар, сабыр еткендіктері себепті жоғарғы сыйлыққа бөленеді. Аман-сәлеммен қарсы алынады" /Фурқан, 25: 72, 75/.
Тіл - бұл бірегей ағза, ол адамның жүрегі мен ақыл-ойында не бар екенін оқып, сипаттап береді. Кейде тіл көрінбейтін барлық үлкен қиындықтардың себебі болуы мүмкін. Алла Елшісі(с.а.у.) осы жайында: "Аллаға және ақырет күніне сенген адам-жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін",-деген (Муслим).
Әбу Муса аль-Ашари былай деген: "Мен Алла Елшісінен (с.а.у): "Қандай мұсылман жақсы?"- деп сұрағанда, ол: "Оның тілі мен қолынан өзге мұсылмандар зиян шекпеген адам",-деп жауап берді. Үнсіздік неліктен игі іс болып саналады? Себебі, тіл үлкен, ауыр күнәларға жол ашады.
Бос сөз деп нені санауға болады?
Бос сөйлесулердің екі түрі бар: бірі-зиянды да емес, бірақ пайдалы да емес, екіншісі- зиянды және күнәлі сөздер. Алайда екеу де тамырсыз ағаш сияқты өнімін бермейді әрі адамның өмірлік өнімділігін күрт төмендетеді. Өкінішке орай, бүгінгі күні мұндай бос әңгімелерге, атап айтқанда, желілерде көптеген мүмкіндіктер бар, сондықтан сіз осы әңгімелердің біреуіне бой алдырмас үшін әрдайым тіліңіздің күзетшісі болуға тиіссіз.
Осындай бос сөздерге төмендегілерді жатқызамыз:
•Адамдар жайында өсек пен дау, яғни біреудің кемшіліктерін еске алу, жалған сөздерді қарша борату т.б. Бұл жеке сөйлесу кезінде, топта сөйлескенде, әлеуметтік желілердегі хабарларды жазу кезінде де түрлі жағдайларда болуы мүмкін.
•Әлеуметтік желілердегі біреудің лауазымына қатысты теріс түсініктемелерді айтудың қажеті жоқ.
•Жалпы лауазымдарға, атап айтқанда, белгілі тұлғаларға қажетсіз және мағынасыз түсініктемелер.
•Дауларға қатысу қақтығыстарға әкеліп соқтырады.
• Әлеуметтік желілерде біреу туралы жеке мәліметтерді жариялау.
Әлеуметтік желілер арқылы біреудің жеке өмірін және істерін талқылауға қосылуға болмайды. Белгілі бір тұлғаның есімі айтылғаннан кейін, сіз өзіңіздің фактілеріңізбен және мүдделі адам туралы ой-пікірлерімен дереу сөйлескіңіз келеді.
Тоқтатыңыз және ойланыңыз! Мүмкін, бұл жалған әрі жарамсыз сөз шығар?
Келіңіз, біз айтылған мәселелерді сіздермен бірге қарастырайық, сіз осы «өнімділікті өлтірушіні» қалай жеңе аласыз?
1. Ең біріншіден, Ұлы Жаратушыны еске алыңыз.
Қазіргі таңда баршамызға белгілі бірнеше адам бір жерге жинала қалса, өзгелердің кемшін тұстарын айтып, уақытша мәз-мейрам болады, олар өздерін мүлдем ойламай әрі түпкі ниетінің қандай екендігіне де мән бермейді, одан келетін зиянның ауырлығын да ескермейді. Айналамызды қоршаған мына ғажайып әлемде небір жұмбақ құбылыстар бар, әдемілік, ғаламат таң қалдырар дүниелер өте көп. Одан да осы ғажайып әлемді шеберлікпен жаратқан Жаратушының ұлылығын, жарату шеберлігіне ой жүгіртуге, ұлылығын дәріптеуге көп уақыт бөлейік!
Біздің әрқайсымыздың амалымыз Жаратушыны еске алуға, Аллаға рухани қарым-қатынас жолында тағы бір қадам болсын алға жылжуға арналуы тиіс. Одан да қысқа да алтын уақытымызды осындай маңызды және абзал істерге арнайық! Онсыз да ғұмыр аз ғана...
Уақыт-құнды қазына, әркімге тұрлаусыз тіршілікте өлшеулі өмір берілген, біздің туылған сәтімізден бастап, әрбір ісіміздің Кітапқа жазылып жатқандығын санадан шығармайық! Сондықтан жүректі кірлететін жағымыз, лас сөздерден жанымыз бен құлағымызды, тілімізді амандықпен сақтай білейік! Оның зарарын сөзсіз өзіміз тартамыз. Жоғары өнімділікке барар кілт-осы айтылған жағымсыздықтардың баршасынан бас тартып, абзал ғұмыр сүру.
Нәпсінің өсек, бос сөзге деген тәуелділігін қалай жеңуге болады? Бөгделерге тілімізбен зиян тигізуден қаншалықты арыла аламыз? Ол үшін Ұлы Жаратушының нұрлы сөздерін еске алып, тереңнен ой жүгіртуіміз маңызды. Алла Тағала болса осы жөнінде Құранда былай деп бұйырады:
"Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді" /Хужурат, 49: 12/.
"Сол уақытта өсекті ауызекі жалғастырып, білмеген нәрсені айта отырып, оны жеңілге сайдыңдар. Ол, Алланың қасында зор іс еді" /Нұр, 24:15/.
Күнделікті өмірде бізге біреудің сыртынан білмей, анығын түсінбей жатып, ғайбаттай салу оп-оңай нәрсе сияқты. Көп жағдайда біз істің мән-жайын білместен, елмен бірге қосылып алып, санасыз түрде ғайбаттай береміз. Алайда,бұл-Алланың құзырында өте жиіркенішті, ұнамсыз қателік пен ауыр күнә.
2. Назар аудармаңыз!
Құранда: (Егер оны естіген сәтте: “Бұны, біздің айтуымызға болмайды. Алла сақтасын. Бұл бір ірі жала” деген болсаңдар еді",-деп баяндалған /Нұр, 24: 16/. Бір адам жайында өсек естігенде бұл шындық па? әлде өтірік пе? деп сауал тастаймыз. Өсектің тамырына балта шапқаннан гөрі оны ары қарай ауыздан-ауызға жалғастырамыз. Мәселен, бізге бір адам турасында айтар болса, өзімізге мынадай сауалдар қоюымыз қажет:
-
Осылай айту жақсы ма?
-
Мұндай әңгімелер қажет пе? Мен үшін пайдалы ма?
-
Шынтуайтында, бұл шындыққа жанаса ма?
Егер аз дегенде екі сұраққа "жоқ" деп жауап қатсаңыз, онда осы әңгімені доғарып, басқа тақырыпқа көшкеніңіз абзал. Егер әңгімеңізде үшінші біреу туралы жайсыз әңгіме айтылса, еске алынса, онда назар аудармаңыз, керісінше, позитивті ойлар ойлаңыз.
3. Үнсіздік сақтаңыз!
Алла Тағала: "Құлдарыма айт! “Ең сыпайы түрде сөйлесін. Өйткені, шайтан араларына бұзақылық салар. Расында шайтан адамдар үшін ашық дұшпан”,-деп ескерткен /Исра, 17:53/. Алла Елшісі (с.а.у.) бұл жөнінде: "Аллаға және ақырет күніне сенген адам-жақсы сөз айтсын немесе үндемесін",-деген (Бұхари).
Адамдар жайында жақсы сөз айту-абыройлы іс. Алайда көпшілігіміз шайтанның азғыруымен осындай жағымсыз әрекеттерге жиі барамыз. Сондықтан егер бәзбіреу туралы жайсыз пікір мен ұнамсыз сөз естісеңіз, ол жайында сізге белгілі болған жақсы бір нәрсе айтыңыз. Алайда жақсы сөз айта алмасаңыз, жай ғана үндемеңіз әрі бұл жайсыз әңгімені ары қарай қоздырып, қолдамаңыз. Егер ыңғайы келсе, қалайда бұл әңгімені тоқтатсаңыз, ең жақсысы сол болмақ. Осылайша сіз жан дүниеңізді рухани кірлететін артық өсек-аяңдармен әуре болып, уақытыңызды зиянкес, бос нәрсеге жібермейсіз, әрі еңсеңізді ауырлатып, босқа шаршамайсыз.
4. Қарым-қатынас аймағы.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) өміршең хадисінде: "Адам өз досының дінінде болады. Сондықтан сіздердің әрқайсыларыңыз кіммен дос болып жүргендігіне қарасын" (Тирмизи).
Жел сөзге жаны әуес жандармен қарым-қатынасты үзгендігіңіз жөн. Егер осындай басқосулар отбасылық мерекелерде немесе жұмыс жағдайында болса, төмендегі үш кеңесті еске сақтағандығыңыз дұрыс. Егер айналаңыз тегіс өсек-аяңға, пайдасыз әңгімеге кірісіп кетсе, онда кешірім сұрап, ертерек қайтқандығыңыз абзал.
Егер осындай жайсыз әңгімелер отбасында орын алса, туысқандарға, жанұяға өзге мұсылманның абыройы мен арын кірлетуге болмайтынын ескертіп, оларға ізгі жолды көрсетуіңіз міндет. Қайта сіздің өзіңіз отбасыңызға көркем сөз бен игі ниеттің үлгісі ретінде адамдар мен ұжымға тағылым көрсетуге тиіссіз. Бос сөзділіктен құтылудың бір тиімді жолы-оның туындауының алдын алу болып табылады. Жанұялық жиын пайдалы да өнімді, өнегеге толы болса, жанұяның берекесі де арта түседі. Мысалы, адамға пайдалы сұхбаттар, рухани дүниелер, соңғы қызықты жаңалықтар (ғылым, техника, қаржы), балалар мен ересектерге арналған сайыстар мен байқаулар ұйымдастыру. Балаларды балалық шақтан бастап, жүрегінің тұнығын лайлайтын жағымсыз әңгімелерден қашық ұстау көзделеді. Жағымсыздық туғызатын қарым-қатынас баланың психикасына кері әсерін тудырып, адамдар жайында ерте кезден сенімсіздік, бұрыс көзқарас қалыптастырады. Мұның орнына оларға үлгі танытып, кез-келген таныс немесе бейтаныс адамды, сынап, мінеуге емес, олар жайында дұрыс ойлауға үйрету шарт.
5. Күніңізді саналы жоспарлаңыз.
Әрбір күніңізді оянғаннан бастап, қара кешке дейін жоспарлаңыз. Намазға көңіл бөліңіз, жұмысқа, ас даярлауға, оқуға, ілім алуға, балаларға исламды үйретуге, сабақ қарату, ойнату сияқты т.б. Мұндай жағдайда отбасыңызда мағынасыз сөздерге орын қалмайды, үйіңізде ізгілікті, өнімділікті дамытып, балаларға үйретіңіз. Біз осы орайда ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-ның үздік өнегесін басшылыққа алуымыз қажет, себебі Алла Елшісі (с.а.у.) адамзат тарихындағы өлшеусіз өнеге мен өнімділіктің ең үздік мысалы болды. Оның сүннеті тек тек ғибадатқа ғана емес, адами қарым-қатынастарға, күнделікті өмірге де қатысты әрі күллі адамзат тіршілігінің күнделікті өмірі мен сәттерін тегіс қамтиды. Оның тағылымы иманға ғана қатысты емес, ізгілікке пен парасат биігіне бағытталған көркем мінезді қалыптастыруға арналғандығын еш ұмытпауымыз қажет.