Бірнеше сағат құлшылықтан артық дұға
Бірнеше сағат құлшылықтан артық дұға
7 жыл бұрын 9404 muftyat.kz

Бір күні Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) таң намазын оқуға шығады, ал әйелі болса үйде құлшылық етіп қалады. Бұл күні Ол (с.а.у.) әйелі Жууайрия бинт әл-Харисте (р.а.) қонған болатын. 

Ол духа намазының уақытында үйіне қайтып оралғанда әйелін таңертең құлшылық етіп қалған орнынан табады. «Сен әлі таңертеңгі қалпыңдасың ба?» - деген сұрайды. Жууайрия мақұлдап: «Иә», - деп жауап береді.

Сонда отбасына, достарына, барша үмбетке қамқор болған сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) келесі дұғаны үйретіп, былай дейді:

«Сенен шыққанда, сенің осы уақытқа дейін зікір етіп отырған сөздеріңнің бәрінен артық түсетін төрт сөзді үш рет қайталадым дейді:
 
سُبْحَانَ اللهِ وَبِحَمْدِهِ عَدَدَ خَلْقِهِ، وَرِضَا نَفْسِهِ وَزِنَةَ عَرْشِهِ، وَمِدَادَ كَلِمَاتِهِ
 
СубханАлла уа бихамдиһ: a'дадә халкиһ, уа рида нафсиһ, уа зинәтә а'ршиһ, уа мидәәдә кәлимәәтиһ!
 
“Алланың жаратқандары қанша өмір сүрсе, оған Оның қалауынша анша рет қажет болса, сонша рет мадақ, сонша  рет шүкір болсын! Осы дәріптеулер мен мадақтардың салмағы Оның аршысының салмағына тең болсын және Оның сөздерін жазу үшін қанша сия қажет болса, сонша сия болсын !” (Мүслім).

Міне, Пайғамбарымыз (с.а.у.) жарты минутын да кетірмей 3 рет қайталаған осы дұғасы тақуалардың анасы Жууайрияның (р.а.) бірнеше сағат жасаған құлшылығынан да мол сауапқа кенелтеді.

Бұл дұғаның күшін тереңірек түсіну үшін әрбір сөзін бүге-шігесіне дейін түсіндіріп көрейік. Екі дүние сардары Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) бұл дұғаны:

«СубханАлла», - деген сөзбен бастаған. Әдетте бұл «Аллаға Мадақ», - деп аударылады. Бұл зікірді келесідегідей түсіндіруге болады: «Уа, Алла, қара ниетті әрі надан адамдар саған телитін кез келген кемшіліктен, кез келген өтіріктен және кез-келген байланыстан немесе кез келген жаратылысқа ұқсаудан Сен адасың, пәксің». Осылайша, Аллаға телінетін кез келген жағымсыз қасиеттер жоққа шығарылады.

Содан кейін ол «уа бихамдиһ», - деп айтқан. Оның мағынасы: «Уа, Алла! Сен дәріптеуге барынша лайықсың». Осы дәріптеу арқылы біз Алланың бірлігін, бірегейлігін, күшін, құдіретін, Оның барлық көркем есімдерін және Оған тән мадақтарды айтамыз!

Осылайша, біз Аллаға тән барлық жағымды қасиеттерді айтамыз. Одан әрі дұғада Аллаға тән жағымды қасиеттерді  дәріптеу және  жағымсыз  қасиеттерді жоққа шығару сипаттары мен түсіндірулері айтылады.

Дұғаның екінші бөлігін жақсы түсіну үшін, мысал келтірейік.  Бір бала ата-анасына: «Мен сіздерді жақсы көремін»,- десе, екінші біреуі ата-анасын қалай қатты жақсы көретінін сипаттай отырып, былай айтады: «Мен сіздерді өте қатты жақсы көремін! Аспандағы жарқырап тұрған күндей қатты жақсы көремін! Ал менің сүйіспеншілігім аспаннан да биік!». Екеуі де өз сезімдерін білдіруде, бірақ, әлбетте, екінші бала барынша мықты сезімдермен жеткізген.

«Оның жаратқандары қанша өмір сүрсе, сонша рет мадақ болсын» (а'дада халқиһ). Мұның қандай көп екенін түсінесіздер ме?! Бұл әрбір адам, әрбір жын, әрбір періште, әрбір жануар, әрбір тіршілік иесі, әрбір тірі емес табиғаттағы зат, шөлдегі әрбір құм мен мұхиттағы тамшы су ғой! Әрбір жұлдыз бен әрбір өсімдік! Бір сөзбен айтқанда, әрбір бізге белгілі әрі белгісіз жаратылғандар! Алла Ұлық!
 
«Оның қалауынша  қанша рет болса, сонша рет мадақ болсын» (уа рида нәфсиһ). Мұның мағынасы: «Уа, Алла! Сенің қалауыңша Сені сонша дәріптеймін де мадақтаймын». Бұл қолжетерлік мақсаттардың аса үлкені, мүмкін болар қарқынның аса зоры!
 
«Осы дәріптеулер мен мақтаулардың салмағы Оның Аршысының салмағына тең» (уа зината а'ршиһ). Алла аршысы көлемінің қандай зор екенін елестетіп көріңізші! Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) былай айтқан: «Аршыны көтеріп жүретін Алла періштелерінің бірі туралы менің айтып беруіме рұқсат берілген болатын. Асылында, оның құлақ сырғалығынан иығына дейінгі аралық жеті жүз жылды құрайды!» (Әбу Дәуд). Алла Аршысы қандай үлкен десеңізші, Алла Ұлық!

«Оның сөздерін жазу үшін қанша сия қажет болса!» (уа мидаада кәлимаатиһ). «Оның сөздері» - бұл Оның өсиеті, Оның ұйғарымы, Оның барлық ілімі, соның ішінде, жасынды білу ілімі әрі жер бетінде және теңізде болып жатқан нәрселерді, сондай-ақ, ағаштан түскен әрбір жапырақты білу ілімі.

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан:

«Рас егер жер жүзіндегі ағаш атаулы қалам, теңіз (сия болып), одан кейін оған тағы жеті теңіз көмектесіп, (жазса да) Алланың сөздері таусылмайды. Күдіксіз Алла, өте үстем, хикмет иесі» (31:27)

Аталмыш төрт теңеулер туралы ойланған сайын, бұл дұғаның күшін көбірек сезіне түсеміз әрі сол үшін Алладан барынша хайыр аламыз. Осы дұғаны әр күні таңертең үш рет қайталауды ұмытпаңыз және басқаларға да айтыңыз, олар да дұғаны айтып жүрсін.

 
0 пікір