Біреуді сыртынан жамандап, ғайбат айтқан адам ол ісіне өкініп, тәубе ете алады. Әсілі, күнделікті өмірде кешірім сұрауды әдетке айналдырған дұрыс. Ғайбаттаушы ғайбатталған адамға жағдайды айтып, кешірім сұрауы керек. Мысалы, «сені ғайбаттадым, кешір» деп, мүмкін болса, болған жай айтылады. Егер жағдайды баяндау барысында айтылған сөздер өткенді еске салып кісінің жүрегін қайта жаралайтын болса, онда тек «ақыңды кеш» деп кешірім сұраған жөн. Ғайбатталған кісі де мүмкін болса барлық нәрсені егжей-тегжейлі сұрамай-ақ, парасаттылық танытып «кешірдім» дегені абзал.
Кейбір ғалымдар ғайбатты үш түрге бөледі:
1. Ғайбат жасап тұрып «мен ғайбат жасап тұрған жоқпын, оның бойындағы мінді айтып тұрмын» деп айтуы, харам екені белгілі нәрсені халал деу, бұл ‒ күпірлік.
2. Ғайбаттаушының айтқандары ғайбатталған адамның құлағына жететін болса, ол кісіден кешірім сұрамайынша, тәубасы толық болмайды. Керісінше, оның құқығына қол сұғып, құл ақысын жеген болады.
3. Ғайбаттаушының сөздері ғайбатталғанның құлағына жету ықтималы жоқ болса, өзі үшін әрі ғайбаттаған адамы үшін кешірім тілеп, тәубе ету арқылы кешіріледі. Кейбір ғалымдар міндетті түрде ғайбатталған кісінің өзінен кешірім алынуы керек десе, кейбіреулері Аллаһқа тәубе етіп кешірім тілеу жеткілікті деген.
Ғайбат сөзді бар ықыласымен ерікті түрде құлақ түріп, ынта қоя тыңдаған, адам да ғайбаттаушымен тең. Пайғамбарымыз «тыңдаған адам да ғайбаттаушылардың бірі» деген. Сондықтан біреудің сыртынан жаман сөз айтылғанда оған тосқауыл болуы керек. Пайғамбарымыз «Кімде-кімнің қасында мұсылман бауыры жамандалып, кемсітіліп жатқан кезде күші жете тұрып оған көмектеспесе, қиямет күні Аллаһ Тағала да оны төмендетіп масқара қылады» дейді (Табарани Сахлдан, Ихя, 3/1, 326). Егер ғайбаттаушыға күші жетпесе, ділімен оны айыптап, шамасы келсе ол жерден кеткені жөн. Ғайбаттаушы және ғайбатты қарсылық білдірмей өз еркімен тыңдаушы мұсылман абайсызда осындай жиіркенішті қылыққа бой алдыратын болса: «Аллаһумағфир ләнә уә лимәниғтәбнәһу» (Аллаһым, бізді және ғайбаттаған адамымызды кешіре гөр!) деп дұға етіп, артынан жамандап сөз айтқан бауырынан міндетті түрде кешірім сұрауы керек.
Ғайбаттан арылудың жолдары:
1. Кісі – өз нәпсісін кінәлаушы, ал басқалардың қорғаушысы болуы керек. (Ибн Аббас «басқалардың кемшілігін айтқың келсе, алдымен өз кемшіліктеріңді есіңе ал» десе, Хасан «Әй, адам баласы! Өзіңнің бойыңда кемшілігің бола тұра, басқаларды кінәлаумен болсаң, толық мұсылман бола алмайсың. Кәміл мұсылман болу үшін алдымен өзіңді жөндеп, кейін басқалардың кемшіліктерін түзетуге тырысуың керек. Осылай жасаған кезде ғана Алланың шынайы құлдарынан бола аласың» дейді.
2. Адам баласының күнә жасауға бейім жаратылғандығын ескере отырып, бауырына жаманшылық ойламай оған дұға ету. Өйткені, мұсылман бауырының жасап қойған күнәсі үшін ар¬тынан сөз қылып жамандап, дүйім жұртқа жар салмай, қайта оған жаны ашып, күнәсінен арылуы үшін Алладан кешірім тілейді.
3. Ақыреттегі ғайбаттың ауыр жазасын жиі-жиі еске алу.
Пайғамбарымыз: «Кімде-кім ғайбаттаушы бір мұнафықтан (екі жүзді) мұсылманды қорғаса, Алла оған денесін жәһаннам отынан қорғайтын бір періште жібереді. Кімде-кім мұсылманды жамандау мақсатымен бір жала жапса, Алла оны жәһаннам көпірлерінің бірінің үстінде сөйлегендерінің күнәларынан арылғанға дейін ұстайды», – дейді.
Хазіреті Әнәс Алла Елшісінің мына бір сөзін алға тартады: «Миғраж түнінде тырнақтары жез бір қауымды көрдім. Олар беттері мен кеуделерін тырнақтарымен осқылап жатты. «О, Жебірейіл! Бұлар кімдер?» деп сұрадым. «Бұлар адам етін же-гендер мен ар-намыстарын аяққа таптағандар деді» (Әбу Дәуіт, Әдәб, 40).
4. Ғайбаттың бұл дүниеде адам пиғылын бүлдіріп, қоғамды жегідей жеп, ел ішіне іріткі салып, таласты¬рып-тартыстырып, тіпті, бауырларды дұшпан ететін ауыр індет екенін еске алып, одан шын мәнінде жирене білу.
5. Ғайбаттың не екенін дұрыс ұғыну. Өйткені, ол – өсім мен зина сияқты ең ауыр күнәлардың бірі.
6. Ғайбат мәселесі адамның ішкі дүниесінде оны үнемі сақтандыратын күшке айналғанда ғана адам өз бойын бұл кесапаттан аулақ ұстай алады. Ғайбатқа қатысты мына нәрселерді де білгеніміз жөн. Ауыздан шыққан әрбір сөзді жазып алатын періштелер бар. Алла Тағаланың құзырына барғанда бұл сөздер кітап болып оның алдына әкелінетіндіктен айтылған сөздерінен ұялуы тиіс. Сондықтан да бір кісі керексіз нәрселер сөйлеп тұрған адамға «Сен Алла Тағалаға жіберілетін кітапты жазудасың. Жазған сөйлемдеріңе абайла» деген екен.
Ғайбаттан тілді сақтау ‒ иман, ерік-жігерді қажет етеді. Ғайбаттың діни әрі қоғамдық зиянын терең түсінген шынайы мұсылман, тілін ауыр азапқа душар ететін індеттен сақтауы керек. Ол үшін ынта-жігерін салып, «егер де мен ғайбат ететін болсам бір айлық жалақымды садақа етіп үлестіремін» я болмаса «алпыс күн қатарынан ораза ұстаймын» деп өзіне өзі шарт қойып, сөз берсе, тілін жамандықтан сақтауға үйрете алады. Әрине, бұл оңай емес, сондықтан да Юнус ибн Абдуллаһ: «Басраның шөлінде қаншама күн ораза ұстауға шыдаған нәпсім бос нәрселер сөйлемеуге шыдай алмады» деген екен.
Пайғамбарымыз «Сөз тасушы жаннатқа кіре алмайды» деп үмбетін жаман қасиеттерден алшақ тұруға, жаман қасиеттердің кісіні жаһаннамға жетелейтінін айтып ескерткен.
Құран мен хадистің ескертулерін ескермей, қазіргі таңда мұсылмандардың діни, ұлттық және қоғамдық тұрғыдан соншама зияндығына қарамастан, ғайбатқа, оның таудай ауыр салдарына мән бермеуі өкінішті жағдай.
Ғайбат мәселесінде абай болуды қажет ететін тағы бір кілтипан мынау. Кейбіреулер ғайбаттан сақтанған боп көріну үшін: «Одан да бетер нәрселері бар. Бәрін айта берейін десем, ғайбат болады ма деп қорқамын» деп жұмбақтап сөйлеуі – ашық айтылған ғайбаттан да ауыр күнә. Ол – адамға харам ойларды құртша қаптататын, әртүрлі жорамал жасауға итермелейтін, ашық айтылған мың жаладан да бетер зілдей күнә. Өйткені, тыңдаушыны «зина жасады ма екен, арақ ішті ме екен, ұрлық қылды ма екен әлде адам өлтірді ме екен» деген сияқты санасын сан-саққа жүгіртетін неше түрлі жаман ойларға жетелейді.
Ғайбат діни және дүниелік кемшілік-айыптарын қамтиды. Ғалымдар сыртынан айтылған сөздің ғайбат болуы үшін ғайбатталған адам аты аталмаса да, әңгіме барысында танылып, жамандау ниетімен айтылған болуы керек дейді.
Ойланып қарайтын болсақ, негізінде біреудің артынан сөз тасып жамандаушының өз ортасында қадірі кетеді. Ал, ғайбаттаудан бойын аулақ ұстап, намысын сақтай алған кісі сенімді әрі құрметті тұлғаға айналады.
Күллі адамзатқа үлгі етіп жіберілген Пайғамбарымыз: «Ғайбат – адамдардың сауаптарын жоюда лап етіп, бір-ақ жалмайтын өрттің сумаңдаған тілінен де жылдам» дейді. Сондықтан тілді бүкіл жақсы амалдарды жоятын ғайбаттан сақтауға аса мұқият болу керек.
Пайғамбарымыз тағы бір сөзінде: «Аллаға және ақырет күніне сенген адам жақсы нәрселер сөйлесін, болмаса үндемесін» деп ескертеді. Мұсылман кісі сөйлеген сөздері мен істеген істері тұрғысынан әрдайым қоғамда үлгі тұтарлық тұлға болуы керек. Сөйлеу – адамға берілген өте үлкен сый. Бұл сыйды өз орнымен қолдану жәннатқа кіруге бірден-бір себепкер болады. Пайғамбарымыз:
«Маған мына екі нәрседе: екі ерін арасы мен екі шат арасына кепілдік берсеңдер, мен де сендерге жаннатқа баратындарыңа кепілдік етемін» дейді. Бұл екеуі де адам нәпсісінде оңай бас көтеретін аса қиын ағзалардың бірі. Өйткені, ауызбен айта салу адамға ешқандай қиындық тудырмайды. Адам айтқандарына абайламаса, бір ауыз сөзбен күпірлікке кіруі де мүмкін. Ғайбат та ауыздан шыққан бір ауыз сөз. Жасалуы оңай, өтемі тым ауыр күнә.
Тілді пайдасыз нәрселерге қолданбай осы дүниеде абырой, ақыретте жеміс беретін Алланы еске алуда, жақсы нәрселер сөйлеуге қолданса, тіл жаратылу мақсатына сай өз міндетін орындайды. Сөйлеу нығметі адамға зияннан гөрі есепсіз пайда беруге лайық.
Пайдасыз бос сөздер адамның жүрегін қатайтып, Алладан алыстатады. Осыған орай Пайғамбарымыз: «Алланы зікір етпей бос нәрселерді айтып сөзді ұзартпаңдар. Арасында Алланың аты еске алынбастан айтылған көп әңгімелер жүректі қарайтады. Алладан ең ұзақ болғандар – тасжүректілер» дейді.
Біреудің ғайбатқа жол берген әрекетінен ғайбатталушыға келер зияны болмайды. Керісінше оған пайда, өзіне зиян келтіреді. Өйткені, ғайбатталған адамның бүкіл күнәсы ғайбаттаушының мойнына ілініп, сауаптары ғайбатталушыда қалады. Ғайбатталған адам сыртынан айтылғандарды естіп тұрып, тілін ғайбаттан сақтап, сабырлық көрсетсе ғана сауап ала алады. Егер өзі де бірден жауап беріп ғайбаттайтын болса, сауаптарынан айырылып қалады. Табиғиндердің үлкен ғалымдарының бірі Хасан Басри өзін ғайбаттаған кісіге бір табақ құрма жіберткізіп: «сауаптарыңды маған жолдап, күнәларымды мойныңа алғаның үшін рахмет» деп алғыс айтқан екен.
Сахабалар бірінің артынан бірі сөз тасып, ешкімге ешкімді қарсы қоймайтын және мұны ең үлкен ғибадат деп есептейтін. Әбу Һурәйра «Дүниеде діндес бауырын ғайбаттаған адамға қиямет күнінде сол бауырының бейнесінде ет ұсынылып, «дүниеде бұл кісіні қалай ғайбаттаған болсаң, енді осы етті же» делінеді. Еттің ащылығы сонша, түрі мыжырайған күйі айғайлап түрегеледі» деген екен.
Исламның алғашқы саф кезінде мұсылмандар біреуді ренжітетін сөздерді айту былай тұрсын, тіпті, біреудің киімі мен көлігінің кемшілігін айтудың өзін ғайбат санайтын. Күндердің бір күні бойы тапал бір әйел Пайғамбарымызға келіп, кейбір мәселелерді сұрап кеткеннен кейін Айша анамыз «бойы қандай қортық әйел?!» деген кезінде Пайғамбарымыз «Әй, Айша! Ғайбат жасадың» деп ескерткен-ді.
Бір күні Айша анамыз (р.а.) «Уа, Алланың Елшісі! Сафиядағы мынау-мынау жағдайлар саған жетеді» дегенде (кейбір риуаяттарда оның бойының қысқалығын айтқан делінеді) Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Сондай ауыр сөз айттың, егер ол теңізге араластырылса, теңіз суын да ластап жіберетін еді» деген болатын.
Жабир ибн Абдуллаһ Пайғамбарымыздың кезінде қандай да бір ғайбат жасалған кезде оның исі сезілетіндігін айтады. Бұл – сол кездегі қоғам тазалығының айғағы. Ал, қазіргі таңда біз бойымызды әбден бұл індетке алдырып, етімізді үйреткеніміз соншалық исін сезбек түгілі, оның күнә екенін де ажыратудан қалып барамыз. Мысалы, жаман иіс шығатын жерден бір кісі өтіп бара жатса, ол иістен тіксінеді. Ал, сол жерде тұрып жатқан адамдар бұл иіске әбден үйреніп қалғандықтан олар бұл иістен жиіркенбейді де. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен оның айналасындағы сахабалар ислам нұрымен нұрланғаннан кейін жамандық атаулыдан мейлінше бойларын аулақ салған еді.
Сондықтан олардың арасында мұндай жағымсыз нәрсе бола қалса бірден сезілетін. Кейбіреулеріміз тамағымыздан арам ас өтіп кетпесін деп күмәнді тағамдардан барынша сақтануға тырысамыз. Бұл – кісінің рухани өмірі үшін өте маңызды екені белгілі. Алайда, харам екені Құран және хадистерде анық бекітілген үкімдерге мұндай сезімталдық көрсетпеу – таңғаларлық іс. Мысалы, күмәнді тағамдарды аузына алмауда сауысқандай сақ кейбір жандар еш қиналмастан, қысылмастан әншейін шырпы тұтатқандай біреуді ғайбаттап, жалған сөйлеп, көре алмаушылыққа жол береді. Бұның біріншісі күмәнді тағамды жеу болса, екіншісі бауырының етін әрі өлі денесін жеу деген сөз ғой. Бұл шүбәлі, күмәнді нәрселерден сақтанбау деген сөз емес, қайта харам екені ашық белгіленген нәрселерге абай болу деген сөз. Өйткені, ғайбат ‒ зина сияқты ауыр күнәлардың бірі әрі жеке адамның жақсы амалдарын жоятын, әрі қоғамға іріткі салатын індет.