Бес тілді жетік білетін имам және оның көңілді шаңырағы
Бес тілді жетік білетін имам және оның көңілді шаңырағы
7 жыл бұрын 7198 baribar.kz/
Ақжарқын ҚЫДЫРХАНОВА

Георафия пәні мұғалімі мен кітапханашының ұлы жастайынан әдебиетке, кітапқа құмартып өседі. Өзінің айтуынша, білімге деген ынтасы оны ақиқат жолына жетелеген. Ауыр жолдың бірін, білімді, таңдаған Ернар Мәжен - қазіргі таңда Алматы қаласындағы Орбита мешітінің наиб имамы әрі періштедей үш қыздың ардақты әкесі. Ұрпақтар сабақтастығына куә болған Baribar.kz сайты имамның отбасындағы бала тәрбиесінің ерекшелігімен бөліседі. 

 
“Кісі келсе, алдымен анам қуанып, қазан көтеруге дайын тұрады”, – деді Ернар имам үйге келген қонақтарды төрге шығарып. Үй ішінде тамсанбасыңа болмайтын, бір қабырғаны тұтас алған кітап сөресі тұр.

Ернар Мәженнің анасы Бану Ағыбаева ©Айгүл Хожантаева

– Әкем мектепте 41 жыл ұстаздық етті. Жатар алдында кітап, газет оқымай ұйықтаған емес. Өзі қалжыңдап: “Газет-журнал – менің ұйықтататын дәрім” дейтіні бар. Үйге қазақ тілінде шыққан діни кітаптарды апарсам, бәрін оқып тастайды. Анам ауыл мектебінде 35 жыл кітапханашы болып еңбек етті. Кітаптарды сөреге қою, оларды тасу, шаңын сүрту ісімен біз, балалары, айналысатынбыз. Содан болар кітап бізден алыс болмады, – деді имам қонақтарына.

Ернар Мәжен©Айгүл Хожантаева

Ернар ұстаздың айтуынша, оның ақиқат жолына түсуіне дәл осы білімге деген құштарлығы әсер еткен екен.

– Бұрынғы әдебиеттердің барлығында қазақтың нар тұлғаларының өмірбаяны “алғаш ауыл молдасынан хат танып, медреседе білім алған” деп басталады. Сол азаматтар ел үшін жанын қия білді, қара басын ойлаған жоқ. Көкейдегі осы оймен маңдайға жазылған тағдыр да қабыса кетті. 8-сынып оқып жүргенімізде, сыныпқа мешіт ұстаздары келді. Олардан араб әліпбиін, Құран оқуды, намазды үйрендік, – дейді ол.

Мектеп бітіргеннен кейін, болашақ имам филолог маманы болуды көздеп, универститетке оқуға тапсырады. Алайда 2000 жыл білімдінің өзіне грант иелену оңай іс болмаған жыл ретінде есте қалды. Ата-анасының ақылы бөлімінде оқыту ұсынысына келіспеген жас Ернар білімін медреседе жалғастыруды мақсат етеді.

Ернар МәженИмамның отбасы ©Айгүл Хожантаева

– Исмайл Оғыз деген өте білімді, ғалым ұстазымыз болды. Шымкенттегі медресеге бармайтынымды білген кезінде: “Не істейсің енді?”  – деп сұрады. Жауабымды тыңдаған соң: “Ауылда қанша филолог бар?”,- деді. “Бес-алты шығар”. “Ал дін білетін  білетін қанша адам бар? Болса, біреу шығар, болмаса ол да жоқ. Ел-жұрт нанға зар. Бидай себудің орнына, сен картоп сеуіп жатсың. Елдің бәрі картоп сепсе, сен неге бидай сеппейсің? Жақсылап ойлан!” – деді. Үш ай ойланып, ақыры Шымкенттегі төрт жылдық медреседе оқуға бел будым.

Медреседегі білімінен кейін, имам Түркияда магистратураны оқиды. Одан келген соң, Жамбыл ауданына бас имам болып тағайындалады. Кейіннен екі жыл Үшқоңыр медресе-колледжінде директор, Қарасай ауданында екі жыл бас имам қызметін атқарады. Биылдан бастап әл-Фараби атындағы КазҰУ-дың философия және политология факультетінде дінтану мамандығы бойынша PhD докторант ретінде білім алып жатыр.

“Әкең қандай адам?” деп сұрағанымызда, бес жасар Мәриям: “Ол – ғалым болғысы келетін адам. Кітап көп оқиды”, – деп жауап берді.

Ернар МәженЕрнар Мәжен қызы Мәрияммен ©Айгүл Хожантаева

– Кітап сөремізде бала тәрбиесіне арналған білікті ғалымдар мен профессорлардың кітаптарына бөлек орын бар. Ата-анамыздан үйренген тәліммен қоса, білімімізді жетілдіріп, салиқалы ұрпақ даярлауға тырысып бағамыз. Балаға әуелі Алланы, Пайғамбарды (с.ғ.с.) ақырындап танытып келеміз. Оларға барлығын жеңіл түсіндіруден бастау қажет. Алдымен дұрыс-бұрысты, обал-сауапты ұғындырған жөн. “Тамақты оң қолыңмен, бисмилла айтумен же”, – деп барынша салт-дәстүрмен қабыстыра жеткізуге тырысамыз.

Асылы қазақ баласын “жағыңды таянба”, “тізеңді құшақтама” деп өсірді. Бір жігіт арақ ішуі, темекі тартуы т.б. күнәні жасауы мүмкін. Бірақ ол жағын таянбайды. Неге? Өйткені оған кішкентай кезінен ата-анасы осыны бойына сіңіріп өсірді. Егер оны бармақтай кезінен күнәлі істерден тыйып отырса, оның бұрыс бағытқа түсуі мүмкін емес еді. “Болмайды” дей салу да баланы қанағаттандырмайды. Оның себебін түсіндіріп, өзіміз үлгі болуымыз керек.

Ернар Мәжен©Айгүл Хожантаева

– Отағасы “Сендер маған берілген аманатсыңдар, сендерге жақсы қарауым керек” деп көп айтады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі бар ғой: “Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңмен өте жақсы қарым-қатынаста болғандарың”. Ол осы хадиске көп сүйенеді, – дейді имамның жары Айнұр Мырзабек.

Айнұр Мырзабек ©Айгүл Хожантаева

Имамның айтуынша, қазақ баласының “қарны тоқ болса екен”, “керегімен қамтамасыз етсек екен” дегенге қатты мән береді. Бұл 50% болса, соның қалғаны 50-і баланың тәрбиесіне арналуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: “Әрбір шопан баққанымен жақсы” дейді. Әлем өркениетіне асыл болатын тағы бір хадисте: “Әке балаға жақсы тәрбиеден артық ешқандай жақсы сый-сыяпат бере алмайды” делінген. Үбірлі-шүбірлі отбасының сыртынан қараған жан имам шаңырағынан дәл осы сипатты анық байқар еді.

Ернар Мәженнің анасы Бану Ағыбаева ©Айгүл Хожантаева

– Төрт ұл, бір қыздың арасында Ернардың орны – бір төбе. Балалардың ішінде кітапты ең көп оқығаны да – осы ұлымыз. Қазір барлығымыз, әкесі, ағалары, барлық туыстарымыз кез келген мәселеде Ернарға жүгінеміз. Үлкен ұлым теміржол колледжінде дәріс береді, екінші ұлым дене шынықтыру саласының маманы, екінші жоғары мамандығын – заң оқуын бітірді. Төрт ұлдың ортасында жалғыз қызымыз Баян отбасымен Жамбылда тұрады. Мамандығы – дәрігер. Ернардан кейін кенже ұлымыз өнер академиясын, оның магистратурасын бітірді. Әртіс, асаба. Киноға түседі, академияда, Ұзынағаштағы өнер мектебінде сабақ береді. Балаларымыздың барлығы өз күштерімен, жоғары оқу орындарын грантта оқыды. Ұлдарымыз ұяда, қызымыз қияда. Келіндеріміз – үлгілі отбасының қыздары. 11 немереміз бар. Атасы екеуіміз зейнетте осылардың қызығына тоймай, қуаныштарына куә болып келеміз. Алла тіл-көзден сақтасын. Барлық балаларымыз намазда, әулетімізбен оразаны қалдырмауға тырысамыз, – дейді имамның анасы Бану Ағыбаева.

Ернар МәженИмамның әкесі Қалмахан Есікбаев пен анасы Бану Ағыбаева ©Айгүл Хожантаева

– Кішкентай кезімде “Өсиетнаме” деген өлеңдер жинағын әкем екеуіміз бірге оқитынбыз. Түсінбеген сөздерімнің мағыналарын ашып беретін. Не істесек те, ретін тауып әрнені үйретіп қалуға тырысатын. Шөп шауып жатсақ та, отын жарсақ та, ақсақалдардан естігендерін бізге айтып отыратын. Тентектік жасайтын болсам, әкем өте қатал болды. Үйге кіре алмай жүретінбіз. Ер жетіп, бозбала шаққа келгенде, бізбен өзінің досы ретінде сөйлесе бастады. 11 жасыма дейін әкемнің қасында жататынмын. Көлігінен де түспейтінмін. Қалжыңдаймыз, ойнаймыз. Ол жанашырлығымен бізге көп нәрсені үйретті. Көп университетті, ұстаздарды көрдік, соның жаныңда әкем – бір төбе.

Ернар МәженСолдан оңға қарай Ернар Мәженнің әкесі, інісі, анасы, қызы және ағасы. ©Айгүл Хожантаева

Ауылда аузы дуалы, сөзге шешен, арғы-бергінің тарихын жақсы білетін Шалданбай деген үлкен қария болды. 11-сынып оқып жүргенімде, сол кісіге әңгімесін тыңдайын деп бардым. “Ақсақал, біздің ауылда үлгі болатындай бір азаматты көрсетіңізші. Соның жолымен жүрейін, үлгісін алайын”, – деп сұрадым. “Ернар, мен осы ауылдағы адамдардың барлығына сын көзбен қараймын, жүріс-тұрысын, тірлігін бағдарлаймын. Мен саған бір кісіні айтамын. Сен сол кісінің жолымен жүрсең, жаман болмайсың. Ол – сенің әкең”, – деді. “Менің әкем болған соң осылай айтасыз ғой”, – деген едім. “Жоқ, сенің әкеңдей азаматты кездестірмедім” – деп жауап берді. Өмірде қандай да бір жетістікке жетсем, әкемнің берген тәрбиесінен деп білемін. Ақсақалдардың қасында өскен ол бар көрген-білгенін жанашырлығымен бізге үйретті, – деді Ернар имам.

Ернар Мәжен©Айгүл Хожантаева

– Отағасы қыздарға өте жұмсақ. Шариғатта: “Шектен шыққанда жазалаңдар, бірақ мүмкіндігінше еркіндік беріңдер” дейді. Ернар баланың еркін өсуіне жағдай жасайды. Менің өзіме де бала тәрбиесіне қатысты көп кітаптар береді. Бірге оқимыз. Басқа тілдегі кітаптарға аударма жасаймыз, тексертеміз, қажет ақпараттарын жазып аламыз.

Ернар МәженЕрнар Мәжен қызы Хадишамен ©Айгүл Хожантаева

Айына бір күнді міндетті түрде тек қана балаларға арнайды. Балаларды мейрамханаға апарады, мультик көрсетеді, саябақта серуендейді. Күнделікті жатарда балаларға міндетті түрде ертегі оқып береді. Қыздар: “бір күні әкем, бір күні сіз оқыңыз”, – дейді. Мен ертегіні кітаптан оқимын, ал әкесі ойдан шығарады. Балалар еркелеп: “Жылан туралы, тауық, қасқыр туралы айтшы”, – дейді.  Ол кісі бәрін ойдан құрастырып, әдеби тілмен көркемдеп айтып береді. Ертегі, мақал-мәтел тыңдап өскен бала ертең ойы жетік, ұшқыр болады екен. Мектепке баратын қызымыз Айзере содан болар, үздік оқушылар қатарында.

“Жақсы сөз сөйле немесе мүлде үндеме”
Ернар МәженЕрнар Мәжен жары Айнұр Мырзабекпен ©Айгүл Хожантаева

Сырттың әңгімесін үйге әкелмейміз. Балаларымыздың бойына осы сіңіп бара жатыр екен. WhatsApp-та ата-аналар: “балам мектепте мынадай жағдай болғанын айтып келді” деп жазып жатады. Айзеремізден мектепте болған жағдай жайлы бір әңгімесін естімеппіз. Отағасы үйде екі қағидаға қатты мән береді. Бірі – “Жақсы сөз сөйле немесе мүлде үндеме”, екіншісі – “Ең жақсы мұсылман – өзгенің ісіне араласпаған мұсылман”. Бұл екеуі де Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінен алынған. Асылы, қазақтың дәстүрлі діні исламның шариғатымен жүрген отбасы бұрыс бағытта болмайды.

Ернар МәженИмамның жары Айнұр Мырзабек ©Айгүл Хожантаева

Әкесі кіші қажылыққа барған кезде, балаларға кішкентай жайнамаздар алып келген. Біз намаз оқып жатсақ, қыздар сол жайнамаздарын қатар-қатар төсейді. Не істейміз – соны қайталайды. Қазірдің өзінде екі жасар Хадишаның өзі істегенімізді қайталайды. Арқамызға мініп алады. Сәждеге жатып алады. Кейде жыбырлап дұға қылады (күледі). “Бала көргенін жасайды” деген осы екен, – дейді Айнұр Мырзабек.

Қыз баланың Исламдағы орны
Ернар Мәжен©Айгүл Хожантаева

– Ислам діні қыз баласына ерекше мән береді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Қыз баласы дүниеге келгенде, әкесіне жәннат есігінің ашылуына себепкер болады. Ол ертең бой жетіп, тұрмыс құрғанда, ер-азаматының дінінің жартысын толықтырады. Ол ертең құрсақ көтеріп, ана атанғанда, баласының жәннатының кілті болады”, – дейді. Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Үш қызды жақсы тәрбиелеп өсіріп, дінін үйретіп, жақсы білім беріп, қиясына қондырса, ол кісі жәннатқа кіреді”, – дейді. Сол кезде бір әйел: “Екі қызы бар ше?” деп сұрағанда, “Екі қызы бар да”, – деп жауап береді. Тағы бір әйел: “Бір қызы бар ше?” деп сұрағанда, “бір қызы бар да” деп айтты.

Ернар МәженАйзере ©Айгүл Хожантаева

Қыз өте нәзік. Оның тәрбиесіне ұлға қарағанда аса мән берген жөн. Болмашы нәрсеге ренжіп қалуы да, қылығы да ерекше. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Әкенің бала алдындағы міндеттері бар. Оның біріншісі – жақсы ана таңдау. Екіншісі – оған жақсы ат қою. Одан кейін жақсы тәрбие беру”, – дейді. Айзеренің есімін анамыз қойды. Содан болар ата-әжесіне ерекше жақын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Жәннатта әйел затының төрт төрайымы бар. Соның бірі – Мәриям, Исаның (ғ.с.) анасы”, – дейді. Құранда “Мәриям” деген сүрә бар. Осы ардақты есімді екінші қызымызға бердік. Үшінші қызымыз – Хадиша. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жары, оған демеу болған, парасатты, ақылды әйелдің есімін кенжемізге бердік. Балаға әр ат өзінше әсер етеді екен. Хадиша кішкентай болғанымен, байсалды.

Хадиша әжесімен ©Айгүл Хожантаева
Білім мен парасат – мұсылманның жоғалтқан бұйымы

Хадисте: “Білім мен парасат – мұсылманның жоғалтқан бұйымы. Қай жерден көреді, сол жерден оны алсын” делінген. Ол Қытайда, Америкада, басқа жерде бола ма, қай жерден білім тапсақ, соны алуға тырысуымыз керек. “Екі күні бір-біріне ұқсаған адам – алданған адам” дейді. Бүгінгі білгеніңізге ертең тағы қоспасаңыз, өміріңіз босқа өтіп жатыр деп ойлаңыз.

Ернар МәженЕрнар имам қызы Айзеремен кітап оқып отыр ©Айгүл Хожантаева

Кітап – ерекше дос. Ол ешқашан “уақытым жоқ”, “шаршап тұрмын”, “көңіл-күйім жоқ” деп айтпайды. Сен дайын болсаң, ол әрдайым дайын. Бенжамин Франклин: “Қалтаңдағы ақшаңды ақылға жұмса, ол қалтаңды қайтадан ақшаға толтырады”, – дейді. Студент болып жүргенімізде, көп кітап алдық.

Бұрын шәкірттеріме айтатынмын: “Өзін сыйлайтын қыз айына кем дегенде 5-6 мың теңгесін бояуына, иіссуына жұмсайды. Ғабит Мүсіреповтің “Әйелдің көркі – жүзінде, ердің көркі – ақылында” деген сөзі бар. Сондықтан сендер олардан қалмауларың үшін, кем дегенде 3-4 мың теңге кітап алыңдар” деймін.

Тамақты тоқ жемесек те, жаңа киім кимексек те, кітап жинай бердік. Құдайға шүкір, сол кезде алған киімдерім ескіріп қалды, ал кітаптарым сол қалпы. Ертең ұрпағымыздан жақсы азаматтар шығып жатса, оқиды, қолданады. “Жоқ” дегеннің өзінде, медресе, университетке сыйлап берсем, жыртылып кеткенге дейін, Алла қаласа, ақыретте де артымнан сауап болып барып тұратын дүние. Сөредегі кітаптар шамамен 18-20 мың доллар құнына бағаланады. Шамамыз жеткенше, оқып жатырмыз, – дейді имам Ержан Мәжен.

Ернар Мәжен©Айгүл Хожантаева

– Білім алу тал бесіктен көрге дейін жалғасуы керек” дейді. Әйел адам да әрдайым білімін жетілдіріп отыруы керек. Отағасы ұсынған Ахмет Мирашұлының бір кітабын оқыған едік. Онда былай дейді: “Бала тәрбиелейтін болсаң, сол заманға сай өзің де біліміңді жетілдіріп отыруың керек. Мысалы, бала көшедегі машинаны көрсетіп, “Әке, анау не?” деп сұраса, оған “тутут” деп түсініксіз тілде сөйлемей, бәрін анық айту қажет. “Бұл – Lexus” деп, маркасына дейін айтып, кішкентайынан үйрету керек. Түсінгеніміз, баланың заманына ата-анасы да сай болуы керек екен. Интернет, компьютер, жаңадан шығып жатқан дүниенің барлығынан хабардар болу қажет. Сонда тәрбиені жүйелеу де оңайға соқпақ деген ойдамыз, – дейді шаңырақтың отанасы Айнұр Мырзабек.

0 пікір