Берген қарызына жеңілдік таныту (хадис түсіндірмесі)
Берген қарызына жеңілдік таныту (хадис түсіндірмесі)
4 жыл бұрын 3204
Хамза Мұхаммед Қасым

Хузайфадан (р.а.) жеткен хадисте, ол (Хузайфа) былай деген:  

«Мен Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай дегенін естідім: «Бір ер адам қайтыс болғанда оған айтылды. Ол: «Мен адамдарға қарызға сататынмын. Содан қалталы адамға (қарызымды алуда) селқостық танытатынмын. Ал, қиналып тұрғанға жеңілдік танытатынмын», - деді. Кейін ол кешірілді». («Сахих Бұхари». №780 хадис).

Түсіндірме:

«Бір ер адам қайтыс болғанда оған айтылды» - яғни, өлгеннен кейін одан бұ дүниеде қандай жақсылық жасадың деп сұралды.

«Ол: «Мен адамдарға қарызға сататынмын. Содан қалталы адамға (қарызымды алуда) селқостық танытатынмын» - яғни, мен саудагер едім, адамдарға қажет заттарын қарызға беретінмін. Кейін қарыздарын өтеу кезінде ешкімді қинамайтынмын. Егер, қарызға алған адам қалталы жан болса, қарызын өтеуіне жеңіл қарайтынмын, уақыты келгенде өте деп қинамайтынмын.

«Ал, тұрмысы төменге жеңілдік танытатынмын» - егер қарыз алушы қарызын өтеуге қауқарсыз болса, мен өтей алған кезге дейін уақытын созатынмын немесе қарызымның жарымын не бәрін кешіретінмін.

«Ол сол себепті кешірілді» - Әлгі кісінің адамдарға көрсеткен мейірімі мен қамқорлығының және адамдарға деген кеңшілігінің сыйы ретінде, оның күнәләрі кешірілді.

Бұл хадистің Имам Нәсәидегі нұсқасында: «Ол кісі ешқандай жақсы іс істемеген еді және адамдарға қарыз беретін» деген жері бар...

Хадистен тағылым:

Аталмыш хадис – адамдардағы ақысы мен қарызын қайтарып аларда қиналып тұрғанға мәулет беріп, өтемін кейінге қалдыру, ал өтей алатын адамды қинамай, қарызын өтеуге селқос қарау арқылы жеңілдік көрсетудің және түсіністікпен қараудың мұстахаб екендігін көрсетеді. Бұндай әрекет – о дүниеде Алла Тағаланың кешіріміне және Оның сыйына қол жеткізуге септігін тигізеді[1]. 

[1] Хамза Мұхаммед Қасым: «Мәнаруль Қари Шарху Мұхтасари Сахихиль Бұхари» - «Бәбу Хуснит Тәқодый».

Аударған: islam.kz

0 пікір