«Берекелі ғұмыр»
«Берекелі ғұмыр»
9 жыл бұрын 4650
Асқар Болатбекұлы

خَيْرُ النَّاسِ مَنْ طَالَ عُمُرُهُ وَ حَسُنَ عَمَلُهُ

«Адамдардың ең абзалы – ғұмыр жасы ұзақ әрі істері игілікке толы болғаны».

(Нуфәй ибн әл-Харис (р.а.) жеткізген. Тирмизи, Зүһд 2264, 2330)

 

Хадиске түсіндірме 

Бірде бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Адамдардың ең абзалы кім?» – деп сұрағанда, ол: «Адамдардың ең абзалы – ғұмыр жасы ұзақ әрі істері игілікке толы болғаны», – деп жауап береді. Әлгі кісі сұрағын жалғастырып: «Адамдардың ең жаманы кім?!» – дегенде, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Адамдардың ең жаманы – ғұмыр жасы ұзақ әрі істері жамандыққа толы болғаны», – деп жауап қатады. Ендеше, бұл хадистен алынатын ең басты сабақ – адамның адамдығы ғұмыр жасының ұзақтығымен емес, істеген игі істерімен өлшенетіндігі.

Адам баласының бұл жалғанда қанша жыл өмір сүретіні, қашан және қай жерде дүниеге келіп, қашан және қай жерде дүниеден озатыны пешенесіне әу бастан жазылған. Осыған орай, Құранда Алла Тағала: «Расында, Біз барлық нәрсені белгілі бір өлшеммен жараттық»[1], – дейді. Демек, бұл жұмыр басты пенденің ғұмыр жасы мен дәм-тұзының да өлшеулі екенін білдіреді. Құранның тағы бір аятында: «Араларыңнан кейбіреулер жастай өледі, ал енді біреулерің әбден қаусап, алжитын шаққа дейін жетеді»[2], – делінген. Бұл аятта да ажалдың адамдарға жас-кәрі демей әр түрлі жаста, тіпті, күтпеген жерден келетіні меңзелген. Ендеше, мәселе адам ғұмырының қысқалығы немесе ұзақтығында емес, мәселе оның қалай өтетіндігінде. Міне, сондықтан да пенде Алланың алдында да, адамдардың алдында да ғұмырының ұзақ немесе қысқалығына қарап емес, азды-көпті өмірінде не істеп, не қойғандығына қарап бағаланады. Мысалға айтсақ, адамдар қайтыс болған біреуді еске алып, ол жайлы естелік айтқандарында, оның «зәулім үйі бар еді, қымбат көлігі бар еді, бай еді, болыс еді» деп, асып-тасқан байлығын, яки шен-шекпенін емес, бәрінен бұрын оның адамгершілігін, тақуалығын, мәрттігін және еліне, жеріне жасаған жақсылығы мен тигізген пайдасын тілге тиек ететіні белгілі. Әсілі, жақсы адамды Алла ұмытпайды әрі оның адамдар арасында ұмыт болуына да жол бермейді.

Жоғарыдағы хадисте айтылғандай, адам ғұмыры ұзақ болуымен қатар, жақсылықтарға толы берекелі болса, нұр үстіне нұр болмақ. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мүміннің өмір жасы ұзарған сайын, жақсылығы да арта түседі», – дегенде, міне осыны меңзеген. Сол себепті, кейбір жас сахабалардың әсіресе, жаугершілік заманында өмірден қыршын кетуі пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жанына қатты бататын еді. Әрине, олар мейлінше көп сауапты істер істей алмай қыршын кетсе де, тектен текке немесе қор болып кеткен жоқ. Олар «сексен жасап, сегіз сөз қалдырмаған әлдекімнің тағдыры бұйырмасын» дегендей, ұлы мақсат пен асқақ мұратқа жету үшін талпынып, қысқа да болса, берекелі өмір кешіп, Хақ жолында құрбан болды. Сондықтан да, олар мәңгі тірі болып қала бермек. Сондай-ақ сахабалардан ұзақ әрі игілікке толы ғұмыр кешкендер де көп болған. Солардың бірі Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) батасын алған Әнәс ибн Мәлік (р.а.) еді. Ол ес білгелі пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қамқорлығында әрі қызметінде болды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ол үшін бірнеше рет: «Уа, Алла! Бұған көп дүние мен бала-шаға нәсіп ет, ғұмыр жасын берекелі қыл», – деп дұға еткен. Сөйтіп, Әнәс ибн Мәлік ансарлардың ең дәулеттісі әрі әулеттісі болып, бала-шаға, немере-шөбересі жүзден асқан. Жасы жүз үшке келіп дүниеден озған. Ол өзінің ұзақ әрі саналы ғұмырында ислам ілімін жайып, талай адамның көкірегіне сәуле құйған абзал жан болатын.

Ал керісінше, Алланың берген бар ғұмырын ғапылдыққа бой алдырып, жамандық пен күнәға белшеден батумен өткізген пенденің жағдайы қандай өкінішті! Өзін де, бар өмірін де қор қылған ондай пенденің екі дүниеде де опа таппасы анық. Олай болса, мәселе құзғынға ұқсап мың жасауда емес, мейлі аз, мейлі көп болсын, мәнді де, берекелі өмір сүруде. Ал өмірдің берекесі адамның бір Алланың разылығын көздеп, ел үшін, жер үшін, жалпы адамзат үшін еңбек етіп, сауапты істер істеуімен кірмек. Өйткені, басқа бір хадисте пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Адамдардың ең абзалы – жұртқа пайдалысы», – деген.


[1] «Қамар» сүресі, 49-аят
[2] «Хаж» сүресі, 5-аят

0 пікір