Елуге келген кезде елді ойлап езілмесем, азаматтығымнан не пайда?
– Аға, 50 жасыңыз құтты болсын! Мерейтойыңызды «Ұлым, саған айтамын» бенефисімен әкемтеатрда дүркіретіп өткіздіңіз. «Елу – ердің жасы» деп жатамыз. Бұл жас қандай жауапкершілік жүктейді екен?
– Біздің ақын-жазушыларымыздың бірінен «Алпыс қандай екен?» – деп сұраса: «Тура елу тоғыздағыдай», – деп жауап беріпті. Сол секілді 40-тан бері қарай ес кіріп келе жатыр ғой. Қазақта «Қырыққа дейін әйел әрін бермесе – қасиет, қырыққа келген жігіттің есі кірмесе – қасірет» деген мақал бар. Біз де бала болдық, қателігіміз көп болды. Сол қателіктің бәрін есейгенде түземесек, қарттығың күйзеліспен, өкінішпен өтеді деген сөз. Жасым елуге келген кезде елді ойлап ет жүрегім езілмесе, азаматтығымнан не пайда?! Елуге келгенде есі бар еркек елдің сөзін сөйлеп, ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды екен. Қазіргі менің кейпім – сол. Ұлттың жоғын жоқтап, кемістігін түзетуге ұмтылу. Қасіреті асқан халқымыз бен тақсыреті асқан тарихымыздың жоғын жоқтап, кемістігін түзетуге әрбір азамат атсалысуы керек деп ойлаймын. Жаһандану деген дүние жеңгені мақтанбайтын, жеңілгені – даттамайтын, тізесі барды бүктірген, ашты – тоқ, кедейді бай қылған қазақтың бет-бейнесін өзгертті. Халқымызды жаһанды, жасанды дүние соңынан ертіп кетті. Әр ұлттан келген алуан түрлі мәдениет өсіп келе жатқан ұрпағымыздың санасын улап жатыр. Қазақ өз мінезінен, ұлттық болмысынан айырылып бара жатқан сияқты. Ұлттық рух болмай, еш жерде шынайы ештеңе болмайды. Елуге келгенде ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ұлылардың ұлағатымен қазақы рух жұдырықтай жүрегімді тайдай тулатып маза бермей жүрген болуы керек. Шындықты айту үшін алаңға шығудың қажеті жоқ сияқты. Өнер адамы сахнаға шықса, жеткілікті. Мен де өз мерейтойымда “Ұлым, саған айтам...” қойылымы арқылы қазақтың бүгінгі көнбіс кейпін, сіз бен біз күнде кездесіп жүрген ахуалдың бетпердесін сахнада айтып, көрсете алдым ғой деп ойлаймын. Өйткені залда отырған көрерменнің әрқайсысы «қазақсың ба?» деген сұрақты өз жүректерінен іздеді. Артынан: «Мен осы, шынымен, қазақпын ба?» деген ойда қалдым”, – деп айтып та жатты.
Біздің өнер адамдары көп жағдайда өнердің төңірегінде ғана қалып қояды. Сол әрекеттерін: “Ұлтқа қызмет етіп жүрмін”, – деп түсіндіреді. Ұлтқа шынайы қызмет ету олай болмайды. Қарапайым халық өнер адамдарына қарап бой түзейді. Ал бірақ сол әріптестерімнің қазіргі кейпі қандай? Көпшілігі жалған атақ пен танымалдылықтың құрбаны болып жүр. Кейбірі дүниенің соңынан кетті. Ұлт туралы ешқашан үндері шықпайды. Бірталай дүние солардың тілімен айтылса, қазақ түсінбейді емес, түсінеді. Біздің айтарымыз болмаса, кім болғанымыз? Осының бәрін ойлай келе кешімде өткенін ұмытып бара жатқан жастарға, дәстүрін бағаламайтын замандасқа жүрек-арызымды сахнада айттым.
"Ұлым, саған айтам..." қойылымынан көрініс
Қазақ болу – адам болу деген сөз
– Ал “қазақпын ба?” деген сұрақты өзіңізге қаншалықты жиі қоясыз? Ондайда қалай жауап бересіз?
– Мен оны отбасымда да, жүрген ортамда да жиі айтамын. Менің болмысым – қазақ. Көзін көрген, қанағатшыл қалпынан таймаған аталарымның қасиетін санама қалыптастыра білген адаммын. Сол қасиетті өзімнің отбасыма да үйретіп келе жатырмын. Әкенің балаға беретін ең үлкен сыйы – отбасындағы тәрбие. Кейде қоғамды, үкімет өкілдерін кінәлап жатамыз. Ал қоғам үшін, мемлекет үшін біз не істедік? Алдымен отбасымызды түзеуіміз керек қой. Отбасына ие болмаған адам, Отанына ие бола алмайды. Осы қағидамен балаларымызға ата шежіресін, ана тілін, жеті атасын үйреттік пе? Тарихын түсіндіре алдық па? Қыздың әдептілігін, ұлдың айбарлығын, кешегі есіл ерлердің ерлігін балаларға бере алдық па?! Қазір қазақтың болмысын сорпа, қымыз ішіп, ет жеп, Наурызда қазақша киініп, айтыс өткізумен шектеп тастағанбыз. Қазақтың қазақтығы ішінде болуы керек. Баламыз қазақша кино көріп, қазақ театрына келсе, ол – қазақ емес. Қазақылық оның жанына бітуі керек. Үлкенін ардақтаған, салт-санасын салмақтаған ел едік. Бүгінгі замандастарымыздың өзі салт-дәстүрімізді, қазақылығымызды ескіліктің жұрнағы деп қабылдайды. Оларға: “Сендердің балаларыңның бойында қазақы қасиеттің жұрнағы бар ма? Сен балаңды қазақша оқытпасаң, қазақтың тарихын жаттамаса, салт-дәстүрі, жыр-дастандарын білмесе, онда қазақпын деп сөйлемей-ақ қой”, – деймін. Кешімде: “Түрің – қазақ. Ділің дүбәра һәм дүмбілез, батып жатыр күнара, батпан-батпан күнәға. Сауалым көп, жауабын іздеп жүрген қазақпын”, – дедім сахнада тұрып. Неге біз осы қазақы мінезімізден айырылып қалдық? Қазіргі адамдардың кей қылығын көргенде ұяласың. Қазақта мен құптай бермейтін бір мақал бар. “Заманың түлкі болса, тазы боп шал” дейді. Онымен не айтқысы келгенін білмеймін. Мақалдың да озық-тозығы бар шығар... Айналамда бет-бейнесін өзгертіп алған адамдар. Қулық пен сұмдықтың құдығына қарай құлаған қуаяқ, сымауыз болып барамыз. “Басшың өтірікші болса, қосшың суайт болады” дейді қазақ. Қазір алданбаған кім қалды, алдамаған кімің бар? Осының бәрі түйнек болып түйіліп жүрегіңді ауыртады. Қазақ болу – адам болу деген сөз. Кешегі заманын ойлап бәйек айтса, сөзі дәйек болатын бір ауылды уыздай ұйытып отырған ақсақалдардың орнында бүгінде биліктің білегін сүйген ақсақалға ұқсағысы келгендер қалды. Атақтың, дүниенің соңынан кетіп бара жатқандар. Қазіргі адамдар күнбағыс сияқты, күн қай жақтан шықса, солай қарай иіледі. Сатқындықты, жағымпаздықты жақсы көреді. Өтірік сөйлейді, Елбасының алдына барып өтірік есеп береді. Сосын ештеңеден хабарсыз қарапайым халық Елбасыны кінәлап жатады. Қарап отырсаңыз, атағынан ат үркетін ағаларымыз бар. Елге тұтқа болатын бір ауыз сөз айтпайды. Ондайда: “Неге осы кісілердің сөзін мен айтуым керек, неге осы кісілер үндемей қалады, неге айтпайды” деген ойға қаласың. Бұл – саясат немесе Елбасыға қарсы шығу емес қой. Кейде өзіміз: “Сын түзелмей, мін түзелмейді”, - деп қоямыз. Жақсысын айтамыз да, жамандығын жасырамыз. Жақсы мен жаман қатар жүреді, кемшілігімізді де айтып, түзелуіміз керек емес пе?! Бірақ оны айтсаң, саясаткер болып шығасың. Саясат емес, бұл – менің азаматтық борышым. Айналамда болып жатқан кейбір теріс істерді көрмейін десем, көзім бар, айтпайын десем, аузымда сөзім бар. Айтқан кезде ащы айтуым да мүмкін. Ақиқатты айтқан сайын, шындықты ащы шайнап жұтқан сайын менің де ділім – қатты, тілім – ащы. Мен қазаққа жау емеспін. Сол қазақтың мінезінен айырылмайықшы деп жүрген адаммын. “Достыққа – достық қарыз іс”, - дейді Абай атамыз. Мен де қазаққа дос екенімді айтқым келеді. Түріктерді қарасаңыз: “Түріктің түріктен басқа досы жоқ”, - дейді. Ал біз: “Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ!” - деп ұрандатамыз. Неге сондаймыз? Әлімсақтан бері кісілік кейпін сақтауға ұмтылған, дәстүр мен дінді үйлестіріп, үндестірген халық едік қой! Кез келген мемлекеттің ұлттық келбетін танытар үш қазығы бар. Ол – тілі, ділі және діні. Ал әрбір асыл азаматтың міндеті - сол үшеуіне қызмет ету. Сондықтан тағы да айтамын, біздің ел алдында, өнерде жүрген аға буын тілі, ділі, дініне де қызмет етсін! Айтпасақ, айғайламасақ қазақты кім түзейді? Жалғыз адам түзей ала ма?
– Сіз бұл сөзіңізді ел алдында жүрген зиялы қауым, өнер адамдарына, замандастарыңызға қарата айттыңыз. Ал ұлттық рухты, қазақылықты жоғалтпау үшін жекелеген адамдар не істеу керек?
– Жоғарыда айтқанымдай, барлығы отбасынан басталады. Балаларымызға дұрыс тәрбие беруіміз керек. Қазір айтып жүрген сөздеріміздің барлығын алдымен балаларымызға сіңіруіміз қажет. “Бала қаншалықты қымбат болса, оның тәрбиесі одан да қымбат болуы керек” деген Ахмет Байтұрсынұлының керемет сөзі бар. Әркімнің баласы өзіне қымбат қой. Тәрбиесі одан да қымбат болуы керек. Қазіргі жастарымыздың бойында бойкүйездік бар. Намыс жоғалып барады. Шетелде қандай мықты профессор болса да лекцияны ана тілінде оқымаса, студенттер тұрып шығып кете барады екен. Міне, біздің жастарымыздың намысы, жауапкершілігі тура осыған жетпей, біздің тәрбиеміздің де, тіліміздің де, дініміздің де оңбайтыны белгілі. Сондықтан балаларға шынайы рухтағы тәрбиені берелік.
Жұрт болуды ұмытқан қызды айтамын,
Ұлт болуды ұмытқан ұлды айтамын.
Салт-сананың сары алтын сандығысың,
Саған айтпай, ұлым-ау, кімге айтамын? – дедім мен де ұлыма. Ахмет Байтұрсынұлы: “Ұлды ұлша тәрбиелесең, ұл болып өседі, құлша тәрбиелесең, құл болады”, – дейді. Ұлдарымыз намысты, қыздарымыз арлы боп өссе дейміз. Ол үшін бала ананың сүтіне, уызына жарып өсуі керек. Анадан бөлек жатқан бала мейірімсіз болып өседі. Өзіміз кішкентайымыздан үлкен жігіт болғанға дейін ата-апаларымыздың қойнында жаттық қой. Солардың мейіріміне шомылып өстік. Біздің ұрпақтың қатыгез болып бара жатқаны, қырқынан шыға сала ананың қойнынан бөлек кетіп, уызына жарымай қалып жатқанынан ба деймін. Қазір бірін-бірі өлтіріп кеткен жастарды, өз балаларын тастап кетіп жатқан аналарды көріп қиналасың. Қысқасы, отбасындағы тәрбиені дұрыс қалыптастырмай “қазақпын” деп айту бекершілік деп ойлаймын.
"Ұлым, саған айтам..." қойылымынан
“Саған айтпай, ұлым-ау, кімге айтамын?”
– “Ұлым, саған айтам...” мерейтойыңызда бір-ақ рет қойылды. Оны санаулы-ақ адамдар көрді. Ұлтты тәрбиелеу тұрғысында, тым болмаса, “қазақпын ба?” деген сұрақты өзіне бір рет қою үшін қарапайым көрермен де көрсе деген тілек бар. Бұл қойылымның театр репертуарына енуі мүмкін бе?
– Ол рас, басқа да облыстардан қоңырау шалып, шақырғандар, қайталап қойсаңыз деп ұсыныс айтқандар да болды. Оны осындағы басшылармен келісіп шешу керек. Соған әлі уақытымыз онша келіңкіремей жатыр. Кезекті репетицияға кірісіп кеттік. “Ұлым, саған айтам...” тек қана мерейтойлық дүнием болатын. Бір жағынан, мерейтойдың да үлгісін көрсетейік дедік. Қазіргі қаптаған шоу, әзіл-сықақ, бүгінгі көрерменнің талғамын басқа жаққа әкетіп барады. Жеңіл-желпі дүниеден жалыққан шығар деп, осы ойлы қойылымды жасадық. Көрерменнің санасына бір сілкініс жасамақ ниетіміз болды. Кешімде ән болмады емес, болды. Бірақ әр әнге өзгеше келдік. Кеш арқылы, ән арқылы қазақтың, алашордашыларымыздың тарихын экраннан көрсете алдым. Жалғыз менің емес, бұл қойылымның сәтті шығуында автор Бақыт Беделханның да, режиссер Асқар Маемеровтің де үлесі бар. Көрерменнің көңіліне жол таба алдық қой деп ойлаймын. Негізгі идея – өзімдікі. Бұрыннан түртіп жүргендерім бар болатын. Бақыттың да айтып жүргендері бар еді. Соларды қағазға түсіріп, алаңға шықпай-ақ, өнердің тілімен, сахнада айта алған сияқтымыз.
– “Бұрын-соңды мұндай қойылым көрмедік” деп әріптестерімнің әрі жан-жақтан түскен пікірлерге қарағанда, көрерменнің көңілінен шыққан сияқты. Спектакльден кейін мерейтойыңыз туралы мақалалардан “кішкентай Мағжан әкесіне жетеғабыл жігіт боп өсіпті” деген жолдарды оқыдым. Ұлыңыз өнерге түбегейлі ат басын бұратын сияқты ма қалай?
– Алғашында өнерге келуіне өзім қарсы болдым. Бірақ кішкентайынан осы театрда өсті. Ағалары мен апаларына қарап бой түзеді. Есейгеннен кейін сабағымен айналысты да, соған көңіл бөлді. Мектеп бітірген соң “өнерге барам” дегенінде қалжыңдап: “Бір үйде екі диуана болса болмайды, мен бармын ғой. Неғыласың оны? Көтерер жүгі, тартар тауқыметі қиын. Сен ойлағандай емес, актерлік өнердің сыры тереңде жатыр. Өзгенің өмірін жаңартам деп жүріп өз өміріңе тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп”, – дедім. Анасы екеуміз де қарсы болдық. Қазаққа жетпей жатқан техника саласының мамандары ғой. Мектепте жақсы оқығаннан кейін Энергетикалық университетке түсірген болатынбыз.3-курсқа келгенде: “Актерлікті түсімде көремін, жүрегім театр, өнер деп соғады” деп шет-жағасын бізге білдіре бастады. Арасында менен тығылып кастингтерге қатысып, фильмдерге түсіп келді. “Университетті сіз “жақсы бітір” десеңіз, жақсыға бітірейін. Бірақ қайтадан өнерге келуім керек”, – дей беретін. Құптай қоймадым. Бірақ ол сөзінде тұрды, жақсы бітірді. Ресейге магистратураға грантқа жолдама алды. Соның бәрінен бас тартып: “Әке, қинамашы, өнерге барайын”, – дегенінен кейін рұқсатымды бердім. Биыл Өнер академиясының 1-курс студенті, актерлікті оқып жатыр. Ақыры өнерге бет бұрғанынан кейін осыдан 10 жыл бұрын 40 жасымда өткізген бенефисімді басқашалау етіп бірге сахнаға шығардық. Қазір: “Енді алпысыңызда не істейсіз?” – деп сұрап қалатындар бар. Ондайда: “Немерелер өсер, әке – бала – немере бірігіп, бірдеңе істерміз. Әйтеуір, ұлтқа қызмет етсек болғаны”, – деп күліп жауап беріп жатамын. Солай Мағжан да өнерге түбегейлі бет бұрды. Енді барлығы өзінің қолында. Қандай актер шығатынын бір Алла біледі. Не болса да, Аллаға тапсырдық. Бастысы, ұлтын сүйетін, ұлтын қадірлейтін азамат болса екен дейміз.
"Ұлым, саған айтам..." қойылымынан
Алғашқы сахнам тау болатын
– Аға, жаңа Мағжанның әке жолын қуып, өнерге қалай келгенін әңгімеледік. Сәл шегініс жасап, сіздің өнер табалдырығын енді аттаған сәтіңізді еске түсіріп көрейікші. Елуге келіп, бенефис өткізіп жатқан атақты актердің сахнаға алғашқы қадамы қалай басталғаны қызық болып тұр...
– Мен өнерге кішкентай кезімнен ғашық болдым. Елубай, Асанәлі ағаларымның ойынын көріп, сол кісілерге еліктедім. “Әнуар Молдабековтей актер болсам” деп армандадым. Менің әулетімде, тұқымымда өнерге жақындық жоқ. Бұл қасиет нағашыларымнан келсе керек. Бағыма қарай, кішкентай күнімде біздің үйге түскен келін өнерпаз боп шықты. Домбыра тартып, ән салатын. Консерваторияға келсе, алдыңғы қатарлы әнші болар ма еді?! Сол жеңгем домбыраға баулыды, ән айтуды үйретті. Әзіл-сықақ, қырғыздың күлдіргі әндерін жаттатты. Кейін актер болуға ұмтылғанымда, “актер сымбатты, әдемі болуы керек, менің түрім актерге келмейді, менен қандай актер шықпақ?” деген ой санама сыналап кіріп алып, тежей берді. Мектепті бітіріп, жұрттың барлығы оқуға кетіп жатқанда мен ауылда қалып қойдым. Колхозда жұмыс істедім. Ол кездегі идеология да бөлек еді ғой. Азаматтық борышын өтемеген адам адам деп қабылданбайтын. Елдің бәрі оқуға аттанып жатқанда: “Жоқ, мен азаматтық борышымды өтеуім керек”, - деп әскерге кеттім. Қиыр Шығысқа барып, азаматтық міндетімді атқарып қайттым. Одан кейін оқуға келгім келеді, бірақ жаңағыдай стереотип ұстап тұрады. Қайтып келгеннен кейін ауылда жүріп, қойшыларға көмекші болды. Жазда жайлауда шығамыз. Тау менің саханама айналды. Ол жерде өзім – Қыз Жібек, өзім – Төлеген, өзім – Шегемін. Аяғында Бекежан да өзім болып, бүкіл бір киноны ойнап шығамын. Одан өзге “Атамекендегі” Елубай ағаның ролін, Алдаркөседегі диуананы да жиі "сахналаушы" едім. Солай тауда қой жайып жүріп, талай фильмдерден эпизодтар "ойнадым". Әдебиетке де өте жақын болдым. Мұқағалидың, Фаризаның, Төлегеннің жырларын жатқа айтатынмын. Кештерге, тойларға барғанда ән салып, өлең оқып қоямын. Әзіл-сықаққа да жақындау едім. Өнерпаз жеңгемнен үйренгенімнің арқасында жұрттың бәрін қыран-топан күлкіге батырып жүретінмін. Сол жылдары жазда бір уақ қалаға келіп, демалып кетуді әдетке айналдырған едім. Таныстарым мен сыныптастарымның көбі қалада дегендей... Солай қалаға бір келгенімде бұрынғы М.Горький атындағы саябақтағы концертке барып қалдық. Жарыстар да ұйымдастырылып жатты. Жанымдағы достарымның біразы ол кезде құрылыста жұмыс істейтін. Солардың атынан жарысқа мен де шығып кеттім. Өнерімнің арқасында ойда-жоқта бас жүлдені иелендім. Солай арқа-жарқа болып отырғанда сыртымнан менің өнерімді бақылап тұрған бір үлкен кісі достарымнан менің кім екенімді сұрапты. Аналар: “Кластасымыз”, - деп жауап береді. “Онда сендер кластастарыңды Өнер институтына апарыңдар”, - деп жөн сілтеп жіберіпті. Содан балалар мені сүйреп, еш дайындықсыз Өнер институтына алып келді. Онда өнердің корифейлері Асқар Тоқпанов, Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Нүкетай Мышпаева апаларым емтихан қабылдап отыр екен. Жанымдағы қалада оқып жүрген балалар сымбатты, олардың көздері бірден соларға түсті. “Сен бе?”, “Сен бе?” - дейді. Жанымдағы екеуі де: “Жоқ, біз емес”, – деп екеуі мені нұсқайды. Ауылдан келген менің түрім қап-қара, сарыауыз балапанмын. Кішкене еңкіштігім және бар. Шолпан апам онша жақтырыңқырамаған болуы керек. Бұйырыңқырап: “Сахна шық”, – деді. Шықтым. “Ән айтасың ба?” – дейді. Ол кезде менің керемет дауысым бар еді. “Айтам”, – дедім. Сол уақытта мен Шолпан апамның театр тарихында “Ақтоқты” ролімен қалғанын білген де жоқпын. Алғашында ұнатыңқырамай отырған апамның жүзіне күлкі үйіріліп, нұрланып: “Ой, айналып кетейін. Ақанның тағы қандай әнін білесің?” – деді. Сол кезде “Құлагерді” жақсы айтушы едім. Кейіннен осы театрға алғаш жұмысқа орналасқан кезде де ағаларым жиі айтқызатын. ССол жерде “Құлагерді” орындап берген кезде, Шолпан апам маған тіпті "құлады". “Өлең оқисың ба?” – деді. Мұқағалидан, Фаризадан, Төлегеннен оқи жөнелдім. Отырған абитуренттердің барлығы ауыздарын ашып қалды. Бір кезде: “Әзіл айтасың ба?” – деп сұрады. Бір ғана әзілді айтқан едім, Асқар ағам күлкіге қарық болып, артынан бес-алты әзіл айтқызды. Әр айтқызған сайын ішегі қата күліп, өліп қала жаздады. Болғаннан кейін менен: “Құжат тапсырдың ба?” – деп сұрады. Менде құжат та жоқ қой. Ал қабылдау үш-төрт күнде біткелі тұр екен. Комиссия мүшелері сол жерде деканды шақыртып, “допуск” жасап берді. Жанымдағы достарымның бірі ауылға барып мен үшін құжат жинап келді. Біреуі осы жерде менің орныма медициналық тексеруден өтті. Сөйтіп, КСРО Халық артисі Шолпан Жандарбекованың сыныбына оқуға қабылдандым. Асқар Тоқпанов, Тілектес Мейрамов секілді ағаларымнан дәріс алғаныма осы күні қуанамын. Үшінші курста жүргенімізде Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз дипломдық спектаклімізді көруге келіп, үш-төрт баланы ұнатты да, театрға алдырды. Арасында мен де бармын. Содан бері осы М.Әуезов атындағы әкемтеатрда қызмет етіп келе жатырмыз. Театрдың төл баласымыз деп айтсақ болады. Кешегі ұлылар қалдырған өнер атты аманатты арқалап жүрген жайымыз бар.
"Сыған серенадасы" қойылымында Шәмші рөлінде
Жетпіске жуық рөлім бар
– Аға, Алматыға келгенімді пайдаланып, театрдан шықпай жүрмін. Бағыма орай, ең тамаша қойылымдардың үстінен түсіп жатырмын. Кеше “Тендерге түскен келіншекті” көріп, жылап қайттым. Бұл қойылымда бомждың рөлін сондай нанымды етіп ойнайсыз. Әдетте актерлерді рөлдерін жақсы алып шығу үшін кейіпкерінің бейнесіне шын кіріп, жынды болса жындыханаға барып, қайыршы болса, көшеде қайыр сұрап көріп дайындалып жатады деп естиміз. Бұл рөліңізге сіз қалай дайындалдыңыз? Шын бомждармен танысып көрдіңіз бе?
– Рас, кезінде өзім түсіне алмаған рөлдерді зерттеп, зерделейтінмін. Баққожа Мұқаи ағамыздың “Өмірзаясында” жындының рөлін ойнайтын кезімде жындылардың ішкі болмысына қалай ену керектігін білген жоқпын. Рөлімді толық түсіну үшін үш күн жындыханада болған едім. Кейін қарттар үйі туралы қойылымға дайындықта қарттар үйіне барып, бір қариямен әңгімелесіп оның ішкі мұңын, қасіретін ұға түстім де, сахнаға сезінгенімді шығардым. Ал бомждар үйдің жанындағы қоқыс жәшіктерінің маңайында, әсіресе таң алдында толып жүреді. Азанда ертерек тұрып, далада серуендегенді жақсы көремін. Сондай сәттерде оларды әңгімеге тартып көріп ем, менімен сөйлеспеді. Шынымды айтып, рөлге дайындалып жүрмін дедім. “Ондай дүниені жасау үшін бізбен бірге жүруіңіз керек, өмірімізді көзіңізбен көруіңіз керек”, – дейді бірі. Мен оларға: “Менің түрім белгілі, танымал адаммын. Бомж түрімді көрген жұрт жақсы ойламасы анық. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарының сенсация қуған кезі. Кішкентай дүниені басқалай жазып жіберуі мүмкін. Жұрт түсінбей қалады”, – дедім. “Онда әуре болмай-ақ қой, сен біздің не сезінетінімізді білмей, ол рөлді жасай алмайсың”, – деді. Ал тағы біреулері: “Арақ әпер”, - дейді. Солай барынша тырысып көрдім. Шынымен де, олар бейкүнә, жаны таза жандар ғой. Отбасындағы кейбір ауыртпалықтарға бола сынып кеткен тағдырлар. Олардың бәрі жаман, түгелдей ішіп кетті деп айтуға келмейді. Мен солардың арасынан ішпейтін, шынайы адамды іздедім. Спектакльдің барысы да - сол. Бәйбішесінің: “Осындай заманда сенің мұндай адалдығың кімге керек?” - дейтіні бар ғой. Менің кейіпкерім - адал өмір сүрген жан. Сол адалдығынан таяқ жеп, тығырыққа тіреліп, баласының жолында өзінің жанын құрбан етіп отыр. Қолымнан келгенше рөлімді алып шығуға тырыстым, жанымды салдым. Өзіміз ештеңе айта алмаймыз, әділ төреші – көрермен. Қаншалықты шынайы шыққанын көрермен айта жатар.
– Белгілі театртанушы Әшірбек Сығайдың: “Бекжан, мен сені өте жақсы көремін. Менің жаным ауырады, сен кең масштабтағы актерсің. Бірақ режиссердің бәрі сені шалдың рөліне салып шаруаңды бітіреді. Қазір сенің Ричардты ойнайтын кезің. Ақанды, Біржанды, Сырымды ойнайтын кезің” деген сөзі бар екен. Халыққа “Ұят болмасындағы” Ақылбай ақсақал арқылы танылдыңыз. Расымен де, режиссерлер шалдың рөлін ойната беріп, сізді басқа арнаға салып жіберген жоқ па?
– Бұл сөзді Әшірбек ағаның жанашырлықпен айтқанын білемін. Маған ол кезде Ақанды, Біржанды берген адам болған жоқ. Әйтпесе, оларды кімнің ойнағысы келмейді дейсіз? Бірақ ылғи шалдың рөліне салып қойды деу де артықтау. Иә, жасыма жетпей, шалдың рөлін сомдадым. «Жақсы алып шығады», - деп сенгендері шығар. Өзімнің кәсібім болғаннан кейін: «Мына рөлден бас тартамын», - деп айтуға қақым жоқ. Бұл менің – жұмысым. Өзіме берілген әр рөлді жауапкершілікпен алып шығуға тырыстым. Шалды ғана емес, жасты да ойнап келемін. Қазір рөлдерімнің бас-аяғы 70-ке жақындап қалды. Соның ішінде жасы да, кәрісі де, ауруы да, сауы да бар. «Бейбарыс сұлтанда» қисық-қыңыр мінезді есі ауысқандау кейіпкерім бар. Өткенде ғана «Ұлым, саған айтам»-да өзімді – Бекжанды ойнадым. Тек шалдың рөлін ойнап, қартайып қалдым демеймін. Шындығында, қарттық мені ерте есейтті. Ұлттың сөзін сөйлесем, рольдерін ойнаған қарттарымның әсері бар шығар. Әшірбек аға өзіме де: «Бекжан, сен менің өте жақсы көретін актерімсің. Шалдардан кейде қашқақтағаның да дұрыс. Оларға не керек? Рөлін шығару керек», – дейтін. Ондайда мен: «Аға, ол менің жұмысым ғой. Ертең сол рөлдің киесі ұрып кетпей ме?» – деп жауап берген болатынмын. Өйткені кезінде рөлден қашқандардың қазір рөлсіз жүргенін көзіміз көріп жүр. Бір жағынан, содан да қорықтым.
– Дегенмен ойнасам деп армандап жүрген рөліңіз бар ма?
– «Мынаны емес, ананы ойнасам» деп ешқашан айтып көрген емеспін. "Ойнасамнан" бұрын ішімде «қай рөлге дайынмын?» деген сұрақ жатады. Әшірбек ағам айтқан Ақан, Біржандарды қазір осы жасымда халыққа жеткізіп көрсем ше... Бірақ соған дайынмын ба? Иә, менің дипломдық жұмысым «Ақан сері» болатын. Жастау, албырт кезіміз. Әйтеуір, алып шықтық. Бірақ кейін «бұл рөлге қалай қорықпай барғам» деп ойладым. Қазір қорқамын. Өйткені Ақандар - мәдениетімізді қалыптастырған әлемдік деңгейдегі тұлғалар. Оларды ойнауға үлкен дайындық керек. Рас, зерттеймін, зерделеймін. Беріліп жатса, үлкен дайындықпен келуге ұмтылам, ол солай болуы керек. Бірақ рөлге таласатындардың қатарынан емеспін. Маған кішкентай ғана рөл берілсе де, оған барымды салып дайындалам, сәтті шығаруға тырсамын. Кезінде көпшілік сахнасына көптеген рөлді алып шыққан болатынмын. Сол кезде Қалихан ағамыз: «Сенің жанкештілігіңе ризамын, Бекжан. Осындағы актерлердің барлығы сен сияқты қызмет етсе ғой», - деп таңғалатын. Мұның бәрі - біздің алдымыздағы аға-апаларымыздың дәрісінің жемісі.
"Тендерге түскен келіншек" қойылымынан
Нүкетай апаларыммен жиі қалжыңдасып, Уайс ағаларыма еркелейтінмін
– Бұрын басылым беттерінен сіздің әзілдеріңізді жиі оқушы едім. Өзіңіздің ұстазыңыз Шолпан апаймен арадағы әзілдеріңіз оқыған оқырманның жанын жадырататын. Қазір әзілден алыстап кеткендей көрінесіз. Әлде біз естімей жүрміз бе? Соңғы әзіл-қалжыңдарыңыздан айтып беріңізші.
– Есіме жақсы түсірдіңіз, әзіл қалып бара жатыр екен ғой... Мен әзілдегенде де орнымен әзілдейтінмін. Қазақ әдеппен әзілдеген, әзілін қадірлеген халық қой. Әзілде әдептен шыққан жоқпын. Нүкетай апаларыммен жиі қалжыңдасатынмын, Уайс ағаларыма еркелейтінмін. Ол - бір жағынан, әзіл, екінші жағынан, еркелік болар. Мейірман, Әнуар, Әшірәлі ағаларыма қатты еркеледім, соларға көп әзілдедім. Уайс ағама ауылдан келген кемпір боп хабарласып, бір күн бойы теміржол вокзалында салпақтатып қойғаным бар. Салиха апама қоңырау шалып: «Бір топ адам Семейге құдалыққа бара жатыр едік. Қонатын жеріміз жоқ», – деп, бір қазан ет астырып қойғаным бар. Есіме түсті, мен сізге Төлеубек Аралбай ағаммен қалай әзілдескенімді айтып берейін. Бажам құдайы тамақ беретін болып, Розыбакиев көшесімен төмен кетіп бара жатқанбыз. Қатты кептеліс болып тұр екен. Жанымда келіншегім бар болатын. Көлікте отырдық. Қарасам, Төлеубек ағам Розыбакиевтегі «Оптовка» базарынан шығып келе жатыр. Қолында пакеті бар. Келіншегіме: “Көптен бері әзілдемей кетіп ем, қызық болсын, ағамды қатырайын”, – дедім де, Төлеубек ағаға звондадым. Кезінде Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» спектаклінде екеуміз жақсы партнер болғанбыз. Ол кісі – Бұқар жырау, мен Диуана болғанмын. Звондап:
- Ассалаумағалайкүм, аға!
– Уағалайкүмассалам!
– Аға, менің звондап жатқан себебім анау «Абылай хандағы» Бұқардың бір сөздері есіме түспей тұр. Сол керек болып тұр еді. Айтып жібересіз бе? – дедім.
– Ой, Бекжан-ау, қанша уақыт өтті. Оны ұмытып қалдым ғой.
– Үйде бір жерлерде жазулы тұрған жоқ па? Қалмап па еді?
– Жоқ, үйде де жоқ, – деді.
– Аға, базарда не істеп жүрсіз? – дедім сол кезде. – Әй, қайда тұрсың?
– Үйде отырмын, аға, – дедім.
– Қалжыңдама деймін. Қайдасың? – деп ол кісі де қоймайды.
– Аға, үйде отырмын.
– Қалжыңдама, деймін. Қайдасың? – деп ол кісі де қоймайды.
– Тү-у, аға! Неге сенбейсіз? Үйде отырмын. Қазір, теледидардың дауысын шығарайыншы, – дедім де, радионың дауысын айғайлатып қойдым. – Аға, әлі де сенбейсіз бе? Үйде отырмын. Мағжанды шақырайын ба, жоқ келініңізді шақырайын ба? – дедім.
– А... кел... – деп қалды.
– Келін бе? Қазір. Гүлбану! Гүлбану! Келші, алшы, мына телефонды! Ағама «үйде отырмын» десем, сенбейді. Алшы», – дедім. Келіншегім телефонды алды да: «Әлө, сәлеметсіз бе!» - деп еді... Арғы жақта үнсіздік. Қайтадан тұтқаны алдым да:
– Аға, енді сендіңіз бе? Айттым ғой, үйде отырмын.
– Онда сен менің базарда жүргенімді қайдан біліп тұрсың? – деді.
– Аға, ешкімге айтып қоймайсыз ба?
– Нені? – дейді.
– Менің көріпкелдік қасиетім бар, – дедім.
– Кетші-ей!
– Енді мен сіздің базарда екеніңізді қайдан біліп тұрмын?
– Ондай көріпкелдігің болса айтшы, үстімде не бар?
Менен бірнеше қадам ғана жерде тұр ғой. Айта жөнелдім:
– Үстіңізде - қара пальтоңыз, басыңызда -қара кепкаңыз...
– Аста-а-а-афиралла! Қолымда не бар?
– Қолыңызда - көк пакет. – Аста-а-а-афиралла! Бекжан, мынауың сұмдық! Сен «тошна» айттың, – деді де: – Мен қай жерде тұрмын?, – деп сұрады. – Розыбакиевтің бойында Төле би мен Райымбектің қақ ортасында тұрсыз, – десем: – Аста-а-а-афиралла! Ей, сен мұны неге жасырып жүргенсің? – деді таңдасын жасыра алмай. – Жарайды, аға! – деп қоштаса берейін деп ем: – Ей, тоқта! Менің машинам қайда? – деді.
– Машинаңызды Төле бидің бойына «Аруана» деген мейрамхананың алдына қойып кетіпсіз, – дедім.
Аһ! – деп ішегін тартып: – Аста-а-а-афиралла, Бекжан! Өй, сен сұмдық адам екенсің ғой. Ойбай-ау! – дейді. Мен:
– Аға, жақсы онда! – деп телефонды қоя салдым. Келіншегім екеуміз әбден күліп алдық. Ертеңіне Бауыржан деген ағамызға: «Мә-ә-ә, Бекжан үйінде отырып менің базарда жүргенімді, қолымда не бар екенін, бәрін айтып берді ғой», – деп сендіріп тұрып айтыпты. Жұмысқа келсем, балалар: «Сізді Бауыржан аға іздеп жүр. Бекжан деген тәуіпті көрдіңдер ме?» - дейді”, – деп күліп тұр. Ертеңіне «Қожанасыр тірі екен» қойылымы болды. Бір жолдасым «билет қойғыза салшы» деген соң, астындағы кассаға жүгіріп барсам, марқұм Тұрахан апамыз телефонмен сөйлесіп отыр екен. Кассадағы қызға сөйлей беріп ем ол кісі:
– Әй! Тұра тұр! Қағаз алып, жазшы, әке! – деді.
– Нені жазайын?
– Қай жер? Каменка? Қаншасы? Он бесі? Северная 102? Ойбу, ол күні бара алмайды екенмін. Менде спектакль. А, түске ме? Түске барам, барам. Кім? Қобызды дейсің бе? Әкелем. Азаматты? (баласы) Ертіп келем, ертіп келем. Жақсы, жақсы, – деді де, тұтқаны қойып, сөйлегеніме бір ұрсып алды да:
– Жаздың ба? – деді.
– Жаздым, – деп қолымдағы қағазды бердім. Ойымда ештеңе жоқ.
Бір апта өткеннен кейін жайнамазым машинада қалып, соны алайын деп сыртқа шыққанмын. Қолында қобызы бар Тұрахан апай келе жатыр екен. Есіме жаңағы оқиға түсе кетті.
– Апа?
– А?
– Бері таман келіңізші. Қолыңызды беріңізші, – дедім.
– Ей, немене?
– Түууу, апа. Қолыңызды беріңізші енді.
– Не болды?
– Ештеңе де емес, беріңізші қолыңызды, – деймін.
– Не істеп тұр-и мынау? – деп қолын созды. Тамырын ұстап тұрып:
– Каменкадан келе жатыр екенсіз ғой.
– Оны қайдан білесің? – деді жұлып алғандай.
– Тоқтаңызшы, апа. Мен сізден қол сұрап тұрмын ғой, тұра тұрыңыз.
– Ал, – деп қолын қайта ұстата салды.
– Северная... Северная деген көше, иә? Сверная 201? Әлде 102?
– Ей, дұрыс айтасың! 102.
– Түсте барыпсыз ғой, – дедім.
– Иә, түсте бардым, – дейді таң-тамаша болып.
– Қобызыңызды алып барыпсыз.
– Иә, ой, астапыралла!
– Балаңыз Азаматты алып барыпсыз ғой?
– Иә... Ойбай, жарығым. Жүр, ана жаққа барайық.
– Апа, қазір спектакль. Мен намаз оқып алайын деп...
– Әй, сен намаз оқып алған соң маған келіп кетші, – деді.
– Жарайды, апай, – дей салдым.
Намазымды оқыдым да, костюмер апайға: «Шай ішейікші», - деп едім: «Біз қыздар жаққа көшіп кеткенбіз, сол жаққа кел», - деді. Киімімді киіп алып, барсам, Тұрахан апа есікті ашып қойып, күтіп отырыпты. Мені көре сала:
– Әй, келдің бе? – деп маған қарай қолын созды. «Жындының айтқаны емес, сандырағы келеді» деп:
– Сізге жаңа Ермек Тұрсынов звондапты ғой? – деп едім, көзі деген шарасынан шығып кете жаздады. Киноларыңыз - «Келін» Оскарға ілінген бе? – деп едім:
– Астапыралла! – деп екінші қолымен кеудесін баса берді. Мен оны сандырақтап айта салғанмын ғой. Сөйтсем, тура сол аралықта апайға Ермек хабарласып, киноның Оскарға ілінгенін айтқан. – Ойбай-ай! Жарығым, айналайын! Менің анау Азаматымның жолы болмай жүр. Жаңа оны үйге қайтып бара жатқан жерінен звондап кері қайтардым. Сен соның тамырын ұстап, айтып берші, – деп апам жіберер емес.
– Апа, менде қазір спектакль. Бұл маған өте қиын. Мен образға кіре алмай қаламын ғой. Ертең неғылайықшы. Бүгінше қайтсын, айтыңызшы. Арнайы бір күн болады, мен өзім айтам.
– Сен деген сұмдық... – деп қойып Тұрахан апам басын әлі шайқайды. – Мен мынандай дөп басып айтатын адамды көрген емеспін. Ойпырым-ай, Каменкадағы үйдің нөміріне дейін дөп басып айттың ғой сен. Не деген көріпкелдік? – дейді. өзімнен жас аққанша күліп келе жатсам, костюмер апайлар: «Не болды? Не болды?» - деп сұрайды. Оларға оқиғаның қалай болғанын айтып болып бұрылып қалсам, Тұрахан апам анандай жерде тыңда-а-а-ап тұрыпты.
– Ой, шешек! Мен саған сеніп Азаматты шақыртып жүрсем. Әйел адамның аузында сөз тұра ма, сені айтып бес-алты адамға звондап тастадым ғой! – деп тұр.
Өзара осындай-осындай әзілдеріміз болып тұрады. Кейде Нүкетай апаларыма хабарласамын. ҮҮйде жата бермей кішкене жүрсінші деген оймен: “Кино түсірейін деп жатыр едім”, – деп "кастингке" шақыратын кезім болады. Солай әзілдесіп тұрамыз. Күлкі деген жақсы ғой. Адамның жанына шуақ себеді.
"Қожанасыр тірі екен" комедиясында Қожанасыр рөлінде
Ұлтты ұйытқы ететін – парасат, адамды абзал ететін – дін
– Аға, өзіңіздің көптен намаз оқып, ораза ұстайтыныңыздан хабардармыз. Алла разы болсын! Ендігі сұрағымды ислам, иман тақырыбында қойсам. Намаз сізді қаншалықты өзгертті? Өміріңізге әсері болды ма?
– Бұрындары шыдамсыздау едім. Бірнәрсеге қылт ете қалатынмын. Қазір сондай жағдай бола қалса: «Мен намазхан адам емеспін бе?» - деп өз-өзімді қадағалай қоямын. Бұрын ұстаса кетуге дайын тұрсақ, қазір кез-келген дүниеге сабырмен қараймыз. Адам көп нәрсеге іштей тыйым жасайды. Жіберіп қойған қателігі үшін кешірім сұрайды. Баяғыда біреу имамға келіп: «Менің жасаған күнәларым басымнан асады. Маған Алланың кешірімін алып берші», - депті. Сонда имам: «Иә, сенің күнәларың бес арықтан лай су ағып құйылып жатқан тоғанға ұқсайды. Бірінші – көзің. Қыз-келіншектерге, мұсылман әйелдерге көзіңді сүзбе. Екінші – сенің аузың. Жақсы сөз айтып, дұға оқып жүр. Шариғат қаламағанды ішіп-жеме. Үшінші – сенің миың. Зұлымдықтың, әділдіктің, менмендіктің не екенін ажырата біл. Төртінші – сенің аяғың. Көргенсіз жерге баспа. Бесінші – ол сенің құлағың. Кесел сөзді терме. Осы бесеуі орындалған кезде бәрі жақсы болады. Мен сені күнәңнан арылта алмаймын. Сен өзіңді-өзің арылтасың», - деген екен. Сол сияқты біз намазға келгелі бері менмендіктен тыйылып, қателіктеріміз үшін кешірім сұраудамыз. Бұрындары, бір нәрсені жасап қойсақ, артынан өкіну деген жоқ болатын. Бүгінде байқамай бірдеңені айтып, өтірік сөз аузымыздан шығып кеткенде артынан «қалай ғана аузымнан шығып кетті, бұрыннан үйреніп қалған ауруым екен-ау» деген өкініш тұрады. Адам жақсы жаққа бет бұруы керек. Кейде: «Жақсылықты да, жамандықты да Алла Тағала пешенемізге жазып қойды», - деп жатамыз. Бұл туралы Абай атамыз 28-ші "Қара сөзінде": «Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді – бұлар неліктен десе біреу, сіздер айтасыздар: Құдай Тағаланың жаратуынан, яки бұйрығынан болған іс деп. Құдай Тағала «әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз» деген екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, Құдай Тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? «Мені танымаған ақылмен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң діннің өзі неден болады? Әуелі иманды түзетпей жатып қылған ғибадат не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, бірақ қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ», - деп әдемі айтып кеткен. Алла Тағаланы «Аса мейірімді» деп сөйлейтініміз сондықтан. Асқар Сүлейменов ағамыздың да: «Бақ пен Сор! Екеуі де үш әріптен тұрады. Бірақ адам соны өзінің ниетімен жасайды», - деп осы тұрғыда жазып кеткені бар. Өміріміздегі жақсылығымыз да, жамандығымыз да ниетімізге байланысты. Бұрын: «Сіз болмасаңыз қайтер едім, бәрі де сіздің арқаңызда ғой», - деп адамнан сұрайтынбыз. Қазір бір Алладан сұраймыз. Кейде рас, шыдамсыздық танытатын кездер болады. Бірақ Алла Тағала дұғаға міндетті түрде жауап береді. Өз басымнан өткен, Алланың аса мейірімділігіне көзім жете түскен бір оқиғаны айтып берейін. Таразға жол жүретін болдым. Жалғыз өзім көлік жүргізуге шаршаймын ғой деп, жаныма інімді алып алдым. Қордайға жақындаған кезде, екеуміз де құжаттарымыз бен ақшамызды ұмытып кеткенімізді білдік. Қордайға жетпей, халал кафе бар болатын. Көмек сұрайық деген оймен сонда бардық. Алдымыздан бір қазақтың қызы шығып: «Мені алдап, заттарымды алып кетті», – деп шағымдана бастады. Даяшы қыздан сұрап едік, ол қыздың машинамен келгенін растады. Оның алдында ғана інім аферист қыздар туралы әңгіме айтып келе жатқан. Қызға қарасаң, сондай екен деп ойлап қаласың. Мен көмектеспек ниетпен қыздан машинаның нөмірін сұрасам, не оны білмейді. Бүкіл заттарын алып кеткен екен. Көлікке ағасы салып жіберіпті. Сөйлесейін деп ағасының телефонын сұрадым. Хабарлассақ, ағасы да бірден бас салып бізге айғайлайды. Мен оған: «Сабыр сақтаңыз. Қарындасыңыз осылай да, осылай жолда жылап тұр. Мен сізден машинаның нөмірін сұрайын деп хабарласып тұрмын», - деп едім, ағасы да білмейді. Ол кісіге: «Қарындасыңызды жеткізіп тастаймыз», – дедім. Бірақ өзіміздің де жағдайымыз - мынау. Ішімнен: «Жеткіземіз дейміз, өзімізде ештеңе жоқ. Кафедегі танысымыздан ақша сұрайық десек, ол кісі де жоқ екен. Енді не істейміз?» – деп ойлап қоямын. Бензин таусылуға жақын, тәуекел етіп жолға шықтық. Бір уақытта таныс жігіт: «Қайдасың?» – деп хабарласты. «Қордайға қарай кетіп барамын», – деп едім, ол: «біз Қордайдан шығып келеміз ғой», – деді. Жолда кездестік. Ол сонда ештеңе деместен қалтасынан он мың теңгені алды да: «Мынаған безин құйып алшы», – деп қолыма берді. «Ұят болады», - деп, қолын қайтарғаныма қарамастан, алғызды. Былай шыға бере ініме: «Көрдің бе, Алла Тағала қандай шебер! Біз мына қызға қайырым жасаған едік, Алла Тағала бізге қайырым жасап, танысымды кездестіріп тұр. Хабарласпағанына көп уақыт болған адамның сол жерде хабарласуы, тоқтатып ақша беруі Алла Тағаланың шеберлігі, аса мейірімділігі емей немене?! Ол бізді жолда қалдырған жоқ», - дедім. Құранның басында «Аса мейірімді Алла Тағала» делінетіні де сондықтан ғой. Ол адамдардың небір қатыгездігін көтеріп, кешіріп келеді. Топан су, жер сілкіністері - Алла тарапынан жіберіліп жатқан ескерту. Ал біз содан нәтиже шығарып жатырмыз ба? Сәл де болса ойландық па? Төбедегілер, билік басындағылар: «Мен мынандай кітап жаздым, мен мынандай дәрежеге жеттім», - дегенше бір сәт Алласын таныса ғой. Бала күнімізде аталарымыз: «Біреудің ала жібін аттама, осы күніңе шүкіршілік айт», - деп үйретуші еді. Аяғында бәтеңкесі жоқ жалаң аяқ зығырданы қайнап көшеде келе жатқан адам аяғы жоқ адамды көріп тәубесіне келіпті. Бізде тәубесіне келе алмай жатқандар, дүниенің бәрін ақшамен өлшеп қойғандар қаншама! Шіркін, солар иманға келсе, бізде жетімдер үйі көбеймес еді-ау! Қазақта қарттар үйі бар деген сұмдық қой. «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» дейді қазақ. Адамдардың барлығының қатыгездікке бой алдырғаны соншалық, сап-сау ата-анасының көздерін жәудіретіп қарттар үйіне өткізіп, балаларын шырылдатып жетімдер үйіне тастап жатыр.
– Аға, кезінде қазақ пен ислам бір ұғым еді. Енді басымызыға тәуелсіздік атты тәж киілгенде дінді - бөлек, ұлтты бөлек қарастырып жүргендейміз бе, қалай?
– Қазақ шынында да, иманын жоғалтпаған халық еді ғой. Ұлтты ұйытқы ететін – парасат, адамды абзал ететін – дін. Біздің қазақ – дін мен дәстүрді үйлестірген халық. Әлеуметтік, тұрмыстық салтымыз, болмысымыз, Исламмен біте қайнасқан еді. Мың жылдардан бері қалыптасқан дәстүріміз бен дініміз бірін-бірі байыта түсетін. Ал қазір дәстүр мен дінді бөліп, діннің өзінің ішінде бөлініп, қазақты Исламмен шошытатын адамдар көбейді. ААдамдар рухани нәр алатын мешіт жайлы: «Жоқ, мешітте дұрыс түсіндірмейді екен. Сәләфилер, уахаббистер жүреді екен», - дейді. «Таза ақылдың бағытымен табылмаған дін шынайы емес» деп мен де үнемі айтып жүремін. Сондықтан ең бірінші оны түсінетін ақыл керек. Біз Исламды таза ұстанған халық едік. Кешегі Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеттерінің бәрі біздің дәстүріміздей болып кеткен болатын. Сақтардан келе жатқан салтым, ғұндардан келе жатқан ғұрпым, түркілерден қалған жұртым бар. Соның бәрін қазақы қазыққа байлаған елміз. Қазақтың діні мен ділі, діңгегі, ілімі ілкі жұрттан да ілгері болатын. Апаларымыз Ай көрген кезде: «Е, Құдай, Ай көрдім, аман көрдім! Айдың амандығын, жылдың есендігін бер!» - дейтін. Соңынан ұрпақтың амандығын сұрайтын. Ал қазір: «Бұл – ширк, Айға табынып жатыр”, - дейтінді шығарды. Айтпай кете алмайтын, соқпай өте алмайтын баянсыз тарихымыздың кешегі дәуірі – социалистік қоғам. Тілімізге тұсау салынған сол кезде де қазақ өзінің иманын жоғалтпаған еді. Керісінше, қайта мықты болды ма деймін. Наурыз да атап өтілді, Айт мерекелері керемет тойланды. Аналарымыздың басынан жаулығы түспеді, кимешегі кірлемеді. Ол кездің адамдарының ойлайтыны ағайынның татулығы, ынтымағы болды. Берекеге қарай ұмтылып тұартын. Ал қазір бәрі басқаша, Исламды жалаң сенім ретінде қабылдайды. Ата-әжелеріміз үнемі: «Жатсам да - бір Алла, тұрсам да - бір Алла, лә иләһә иллә Алла», - деп жүретін. Сондықтан қазақты діннен бөліп қарауға болмайды. Екеуі - егіз. Ұлтымызды ілгері сүйрейтін ілкімді істердің барлығы имандылыққа, Алланы танумен ұштаспаса, онда мына істеп жатқан ісіміздің бәрі - баянсыз.
– «97 жасқа келіп өмірден өткен атам батагөй еді», - дейсіз бір сұхбатыңызда. Қазір бата бере алмай, тост айтып отыратын ақсақалдар көп. Атаңыздан бата үйрене алдыңыз ба? Сізден порталымызға бата сұрасақ...
– Бата берілгенде уыздай ұйып тыңдап отыратын қазақ үшін бұл да Аллаға жақындаудың жолы болатын. «Батасыздың бәрі - баянсыз». “Баталы елдің аруағы азбас, тектінің түбірі тозбас» дегенді де айтатын - қазақ. Қазақтың батасының жөні бөлек. Кейде ақсақалдардың жоқтығына, кей қарияларымыздың бата бере алмайтынына қынжылып, өзім ақсақал болып, шалдың дауысына салып, түсіп жатқан келінге, сүндеттелген балаға, ұзатылып бара жатқан қызға батамды беріп жіберетін кездер жиі болады. Бір тойда қарттарымыздың бата білмейтінін қаттылау айтыппын. Құдайға шүкір, сөз ұғатын халықпыз ғой. Бір ақсақал қатты қысылды. Кейін телефонымды тауып, өзіме екі-үш рет қоңырау шалып: «Апыр-ай, Бекжан. Менің намысымды жанып жібердің. Бүкіл елдің алдында кірерге тесік таппай, әлі де кеш емес қой деп, міне, батаның мынандай түрін жаттадым. Қағазға қарап тұрған жоқпын. Сен, тыңда!» – деп қайта-қайта хабарласқан кезі болды. Дін мына дүниеде де, ақыретте де нағыз бақытқа жеткізетін иләһи жол деп аталарымыз айтып отыратын. Бата да - сол, Аллаға жақындаудың бір жолы. Батаның түрлері көп. Негізді бата, лебізді бата, жеке баталар болады. Сіздердің сайттарыңыз islam.kz болғаннан кейін имани бата берейін:
Я, Құдайым, оңдасын!
Оң жолына бастасын!
Әр қазақтың үйінде Құраны болсын!
Имандылық ұраны болсын!
Әрдайым дәреті болсын,
Пайғамбарға салауат айту әдеті болсын!
Әр іске пайымымыз болсын,
Зекет-қайырымыз болсын!
Ақыретте дариядан жүзіп өтетін қайығымыз болсын!
Жастарымыз иманды болсын,
Ақылы терең, білімді болсын!
Келер заман керім болсын,
Бірлігі бұзылмас елім болсын!
Тұнығы шайқалмас көлім болсын,
Қойы мен құланы қосылып жайылар,
Шөбі шүйгін жерім болсын!
Жастарымыздың еңсесі биік,
Ізгілік пен парасат билеген қоғам болсын!
Аллаһу әкбар!