Базарға барсаң сауап бар
Базарға барсаң сауап бар
10 жыл бұрын 7767
Нұрқанат Нұрдәулетұлы

Базар (парсы тілінен шыққан) – ашық алаңдағы, көптеген саудагерлер мен сатып алушылар жиналатын сауда орны.

«Базар» сөзі бұрынғы Кеңес одағының оңтүстік аймағында көп қолданылған сөздердің бірі. Әдетте базарлар аптаның белгілі күндері, яғни демалыс күндері ғана ашылатын болған. Бірақ, қазір апта ішінде демалыссыз, не болмаса аптасына бір күн демалатын базарлар жұмыс істеуде. Базарда негізінен тауар өндірушілердің өзі сауда жасайды. Салалар бойынша жұмыс жасайтын базарлар бар. Мысалға, мал базары, көлік базары, ет базары, құрылыс заттары базары т.б. болып бөліне береді.

Қазақы танымымызда да базардың алар орны ерекше. Үлкендер бата бергенде: «Базарың тарқамасын, қазаның ортаймасын», - деп тілек айтқан. Базардан келген аталарымыз, апаларымыз балаларына, немелеріне «базарлық» дейтін арнайы сыйлық әкеліп, қуантатын болған.   

Мұсылмандарға арналған базардың негізін Пайғамбарымыз (с.а.у.) салып кеткен. Мүшріктер Пайғамбарымыздың қарапайымдылығы мен адамгершілігін сынап, мін таққысы келген кездер көп болған. Құранда бұл жағдай былай баяндалады: «Олар: "Бұл қалай Пайғамбар болады? Тамақ жейді, базарларда жүреді. Неге оған, онымен бірге жүріп, қорқытатын періште түсірмейді?" - десті» («Фұрқан» сүресі, 7-аят). Иә, Алла елшісі (с.а.у.) пайғамбар болса да, базарға баратын, қарапайым киінетін, жұрт қатарлы өмір сүретін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жөйттердің базарын, басқа да базарларды көріп, көңілі толмай онда мұсылман саудагерлердің көбірек болғанын қалады. Себебі, әлгі базарларда тәртіпсіздік, біреудің ақысын жеп қою секілді жағдайлар көбірек орын алатын. Сондықтан, Пайғамбарымыз мұсылмандарды саудамен айналысуға шақырды. Пайғамбарымыздың бұл үндеуін қолдап, көптеген мұсылмандар атсалыса бастады. Осылайша мұсылман базарының негізі қаланды.

Базарға барғанда жасау керек болған сүннет амалдар бар. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтады:

قال  صلى الله عليه وسلم  من دخل السوق فقال ( لا إله إلا الله وحده لا شريك له له الملك و له الحمد يحيي و يميت و هو حي لا يموت بيده الخير و هو على كل شيء قدير( كتب الله له ألف ألف حسنة و محا عنه ألف ألف سيئة و رفع له ألف ألف درجة و بنى له بيتا في الجنة) ( حم ت هـ ك ) عن ابن عمر .(حسن) صحيح الجامع 

Базарға кірген адам: «Алладан басқа Тәңір жоқ, Оның серігі де жоқ. Барлық билік Оның қолында, барлық мақтау Оған тән. Ол тірілтеді және өлтіреді. Оның барлық нәрсеге құдіреті жетеді» десе, Алла оған мың қайырлы істің сауабын жазады, дәрежесін мың есе жоғарылатады және де жәннаттан бір үй салдырады» (ибн Омар, Сахих әл-Жамиғ, 1118/1). Өздеріңіз білетіндей, базар қайнаған сауда-саттықтың, адамдардың көптеп жиналатын, солардың шуылынан құлақ тұнатын жер болғандықтан, ондай жерде Алла Тағаланы еске алу әбестік болмас. Қайта ондай көпшілік жерде Жаратушымызды еске алуды екінің бірі ойлай бермейді. Сауабының да мол болатынын жоғарыдағы хадистен білдік.

Сондай елеусіз жерлерде Алланы еске алушы болудың сауабы мол. Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйретіп кеткен мына бір дұға базарға кірер сәтте оқылады: «Уа, Раббым! Бұл базардан маған қайырлысын бер, зұлымдығынан сақта! Мені жалған уәде беруден, зиянды келісулерден ұзақ қыл!»

Ат-Туфайл бин Убай бин Кағб былай әңгімелейді: «Таңертең Абдулла ибн Омардың үйіне келдім де, екеуміз базарға бардық. Кейін біз базарға кіргенде ол саудагерлермен, сатып алушылармен, кедейлермен, қысқасы қасынан өткен жанның бәрімен сәлемдесіп келеді. Кейіннен тағы да Абдулла ибн Омарға келгенде ол мені серік боп базарға барып келуге шақырды. Сонда мен: «Базарға барғанда не істейсің? Онда барғанда не сауда жасамайсың, не тауарларды сұрамайсың, не өзіңнің тауарыңды саудаламайсың, еш болмаса жиналған топқа да қосылмайсың. Одан да осында отырып, әңгіме дүкен құрайық, - дедім мен. Сонда ол маған: «Е, бауырым, біз базарға таңертең тек сәлем жаюға ғана барамыз және ондағы әрбір кездескен адамға амандасамыз» деді (Имам Мәлік «Әл-Муатта», №0850). Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ізбасарлары осылай жасап жатса, онда бұл Алла елшісінің көрсетіп кеткен ізгі амалы. Демек, базарға барып сәлем жаю, сауапты іс болғаны.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) базарға барғанда сатушылармен өте сыпайы түрде сөйлесіп, оларға уағыз айтатын. Кімде-кім сатушының бір қатесін байқаса, оны көркем түрде жеткізсін деген өсиет айтатын. Бір күні жақсы тауарын астына, нашарлауын үстіне қойған бір сатушыға Пайғамбарымыз: «Бізді алдаған бізден емес», - деп көркем ескерту жасаған-ды.

Егер еңбек етуші адал, әрі шыншыл болса, онда оларды: «Адал саудагер Қиямет күні шәһидтермен бірге болады», - деп сүйіншілейді Пайғамбарымыз (с.а.у.).

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен Әбу Хурайра (р.а.) базарға бірге барды. Бір жерден Пайғамбарымыз (с.а.у.) киім сатып алды. Сатушы киімді Пайғамбарымызға беріп жатқанда Әбу Хурайра (р.а.) да қолын созды. Бірақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) киімін Әбу Хурайраға (р.а.) бермеді, содан кейін: «Әркім өз затын өзі көтеруі тиіс» деді. Базардан алған затын әркім өзі көтерсе, бұл сүннет амал болатындығын байқадық. Алайда, ауыр заттың жөні басқа. Жүгі ауыр кісілерге көмектесу сауап амал екенін ұмытпайық.  

Мұсылман кісі базарға барғанда жанұясына қажетті нәрселерге ақша жұмсаса, бұл Алла Тағаланың алдында ұнамды іс болып саналатынын есте сақтауы тиіс. Жанұясы үшін жұмсалған ақша, Алла жолында, кедей-кепшікке жұмсалған ақшадан да қайырлы.

Базардағы саудагердің басты мақсаты тауарын өткізу болса, тұтынушының қалауы сапалы таңдау жасау. Осы кезде сатушылар тарапынан жалған ант ішу, тауарын өтірік мақтау секілді жайттар орын алуы мүмкін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Алушы мен сатушы базардан шыққанға дейін ерікті. Егер екеуі де шынын, яғни тауардың кемшілігі мен құнын жасырмай айтса, саудалары өздеріне берекелі болмақ. Керісінше, тауардың кемшілігін, құнын жасырып, өтірік айтса, бәлкім пайда табар. Бірақ сауданың берекесін жояды» (Бұхари, Бую-19; Муслим, Бую-11).

Базарда ер мен әйел қатар жүретіні белгілі жайт. Сол себептен бөтен ерлер мен бөтен әйелдерге қараудан сақтану керек. Бір Құдси хадисте: «Харамға қарау – Ібілістің улы оғы, кім одан менен қорқып бас тартатын болса, мен оған терең иман беремін, оның дәмін жүрегінде сезеді» делінген.

Демек, кімде-кім базарға барғанда жоғарыда айтылғандарды орындаса, онда ол кісі үшін базар сауаптардың әлеміне айналмақ. Олай болса іске сәт! Базарға бара қалсаңыз сауап жинай келіңіз!

0 пікір