Басқаға пайдалы болудың сауабы қандай?
Басқаға пайдалы болудың сауабы қандай?
7 жыл бұрын 3558
Қанат ҚЫДЫРМИН

Ислам діні ізгілікті насихаттап, мейірімділік құндылықтарды үндейді. Басқаның басындағы қиындыққа ортақтасып, жәбір көргендерге жанашыр болуды насихаттайды. Ең бастысы, өмірдің  барлықсаласын қамтып, адамзатқа туралық көрсететін  сара жолды нұсқайды. Айналасындағыларға аманатпен қараған мұсылман бар жақсылықтың  кілті, һәм бастауы. Өзгенің ісін өзінің қажетінен жоғары қоя отырып, адамдардың алғысынан Алланың разылығын артық қою ықыласты мұсылманның сипатынан екенін көреміз.

Адамның бір-біріне деген ізгілігі болмаса, олардың арасындағы қарым-қатынас қалай өрбір еді. Қастандық жасау сияқты келеңсіз көріністер де  белең алып кеткен болар еді. Бірақ, Алла ақ пен қараны айырушы, оның ара-жігін айырып, мінез-құлықтың да ара салмағын бағамдап берген.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» делінеді қазақ даналығында. Біз жақсы істі көбірек насихаттап, оның ұлағатын өнеге етуіміз керек. Мейірімділік пен ізгілік адамды жақсылыққа жетелеп, ең алдымен өзгенің қам-қарекетін көбірек ойлауға  талпындырады. Басқаға пайдалы болудың астарында да осы құндылықтар жатыр.

Екінің бірі бұл жақсы сипаттарды бойына сіңіре ала ма?!  Неге адамдар арасында бір-біріне деген қасаң қарым-қатынас та бой көрсетеді. Ал, ислам діні керісінше мұсылман мен мұсылман бірі-біріне бауыр екендігін көбірек насихаттайды. Тілімен де, қолымен де зиянын тигізбеген адам нағыз мұсылман делінеді бір хадисте.

Ендеше, басқаның жан дүниесіне үңіліп, оның қажетіне жарау екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтіні тағы бар. Ал, исламдағы ең үлкен сипат осы басқаның  қажетіне жарау, оған пайдалы болуды көрсетеді.

 Исламда құлшылық  болып саналатын зекетті айтпағанда,  намаз бен оразаның өзі қоршаған ортаға пайдасы бар екенін көреміз. Адамдарды тамақтандыру, пітір беріп рамазан айын ізгілік айына айналдыру, қоғамға барынша пайда әкелу сол айдың мәнін аша түсетіндігін аңғарамыз.  Құранда: «Ей, иман келтіргендер, рукуғ, сәжде  жасап Раббыларыңа  құлшылық қылып, хайыр жақсылық қылыңдар, бәлкім құтыларсыңдар»делінген. Демек, құлшылық пен айналаға хайыр жақсылық жасаудың байланысын әсте естен шығармаған абзал.

Шынында, осы қасиетті айларда көбірек ізгіліктер жасалады. Мысалы, ораза ұстаған адам аш адамның басындағы теперішті көріп, сезінеді. Сосын да ондай мұсылмандар міскін адамдарға көбірек қайырымдылық жасауға тырысады. Бұл тек ораза айларында ғана емес, өмір бойы жалғасатын жақсы үрдіске айналады. Маңайымызға қарасақ, жақсы қайырымды адамдар өте көп. Олардың дені берген садақаларын, жасаған қайырымдылықтарын көрсете бермейді. Басқаның пайдасына жараудың бір ұлағат жолы осы да шығар.

Жалпы, жақсылық пен ізгілікке шақыру Алланың әмірі. Құранда: «Сендерден жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын бір топ болсын» деп жақсылықты жерде таратудың маңыздылығын баса назарға алған.

Иә, жақсылықтың жаршысы болу – әр мұсылман адамға тән сипат болуы тиіс. Өзгеге жақсылық жасай алмаған адам өзін де жақсы көрмейді. Оның жасаған құлшылығы да қабыл бола бермейді. Сондықтан асыл дініміздің осы бір өнегесін кеңінен насихаттаудың астарында  шынайы мұсылмандықтың жақсы мінез сипаты көрініс табады.

 Ардақты  Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Ағаштардың ішінде мұсылманға ұқсайтын ағаш бар» деді. Сонда Абдулла ибн Омардың жас бозбала кезі болатын. Ол: «Ол ағаш құрма ағашы»деп айтқым келді. Алайда сол жерде отырғандардың ең кішкентайы болғандықтан (әдеп сақтап) үндемедім. Сол кезде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі: «Ол құрма ағашы, ал құрма ағашының барлық жері хайырлы»деді.   Құрма ағашы жеміс пен қоса айналасына ыстық күні көлеңке болса, нағыз мұсылманның да басқаға көптеген пайдасы болатындығын меңзеген.

Негізі, асыл пайғамбарымыздың (с.а.у.)  мұсылманды осылай құрма ағашына теңеуі тегіннен тегін емес. Қазақта: «Таспен атқанда аспен ат» деген даналық бар. Мысалы, құрма ағашына тас лақтырсаң, ол саған жемісін түсіреді. Ағаштың өзі мұсылманның жақсы сипаты іспеттес көріністі көз алдыңа әкеледі.

Адам екеш адам да ағаш құрлы болуы керек қой. Бұл жаратылыс Алла тағаланың тағылымымен жаратылды. Ендеше адамға ізгі болу, басқаның керегіне жарау сияқты қасиеттер аса қажет. Сен өткенге тас лақтырсаң, болашақ саған да сол жамандықты алдыңа келтіреді. Тумысынан баласын жақсылыққа баулу ислам дініндегі адами қасиеттерді бойына сіңіруге дәнекер болады.  

Пайғамбарымыз: «Сендердің бірің бауырының кажетінде болуларың мына мешітімнен шықпай құлшылық  еткендеріңнен хайырлы» деді.  Осы тектес аяттар мен хадистер мұсылманның қоғамдық ортада пайдалы адам болу керек екенін көрсетеді. Құран аяттарында Иса пайғамбардың Мәриям анамыздың қолында жөргекке оралып кішкентай сәби кезінен жиылған қауымға Алланың құдіреттілігін көрсетіп: «Мен Алланың құлымын» деп бастай келе, «мені қайда болсам да берекелі етті» деп тіл қатады. Осы аяттардан берекелі болудың мағынасы басқаларға пайдалы болу екені түсіндіріледі.

Маңайымызға қарасақ, атыс-шабыс, ұрда-жық келеңсіз көріністер жайлы ақпараттардан аяқ алып жүре алмайсың. Бізге дін адамдарына Алланың адамзатқа үндеген жақсы да, ізгі сипаттарын көбірек насиаттау аса маңызды деп едім. Ақ қағазды алсаң да, біз тұтастай аппақ бетін көре алмай, кішкентай ғана қара ноқатқа көзіміз түседі. Жамандық та бәлкім сол сияқты шығар. Жақсысын да көбірек көріп, соны балаларымызға үлгі-өнеге етсек, олар да өзгенің қамын ойлайтын тұлға болып қалыптасар еді.

 

0 пікір