Балаларды қорғау күні қайдан шықты?
Балаларды қорғау күні қайдан шықты?
9 жыл бұрын 7733
Қанат Тілеубек

Халықаралық балаларды қорғау күні жыл сайын 1-маусым күні аталып өтіледі. Бұл күн 1949 жылы қараша айында Париж қаласында өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының шешімімен бекітілген. 1950 жылы алғаш рет аталып өтілді. Осы кезден бастап бұл күнге әлемнің барлық елінде тиісті назар аударылып келеді.

Сонымен қатар, балаларға арналған "Дүниежүзілік сәбилер күні" (20 қараша), "Африкалық балаларды қорғау күні" (16-маусым) және сәуір айының алғашқы жексенбісі «Ақ раушан гүлдерінің күні (сынауықтан шыққан баланың мерекесі)» секілді атаулы күндер бар.

Расымен де, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлем бойынша жетім балалардың саны артты. Тастанды балалар көбейді. Қорғансыз балалардың бейшара күйі қоғамды алаңдатты. Әлемнің назарын аударды. Сондықтан да, балаларды қорғау күні әлемдік деңгейге көтеріліп, халықаралық дәрежеде қолға алынды. Әр елдің балаларға деген қамқорлығы сол елдің экономикалық жағына да байланысты екенін ұмытпау керек. Қазіргі таңда әлемді түсік жасату мәселесі қатты алаңдатып отыр. 

Бұл күнді аборт жасатуға қарсы күн ретінде белгілеп, әлі дүние есігін ашпаған сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін түрлі акциялар ұйымдастырады. Көптеген елдерде, әсіресе Чехия, Литва, Белорусияда 1-маусым күні немесе соған жақын күндердің бірінде абортқа қарсы жандар жиналып, осы бір түйткілді мәселеге дүйім жұрттың назарын аудартуға тырысады.

Ресейде абортқа қарсы пикет, автошеру секілді акциялар ұйымдастырылып тұрады. 2014 жылы 2-маусымда Воронеж қаласында мединциналық көмек көрсететін мекемелер «Түсік жасатпайтын күн» деген акция өткізді. Бұл акция осы 1-маусым балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған болатын. Бірақ осы жылы 1-маусым жексенбі (демалыс) күніне тура келіп қалғандықтан, 2-маусымға ауыстырған.

Бұл күні тек түсік жасату мәселесі ғана көтеріліп қоймайды, сондай-ақ аты жаман аурумен ауыратын балалардың, көпбалалы аналардың да жағдайы назарға алынады. Мысалға, 2014 жылы осы балаларды қорғау күініне орай «Ақ гүл» деген қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты сырқаты ауыр балаларға қаржылай көмек жинау және де онкологиялық мәселелерге қоғамның назарын аударту болып табылады.

Қорғансыз балалар қатарына ата-аналары жоқ кәмелетке толмаған балаларды жатқызамыз. Ал, енді ата-анасы бола тұра, мейірімнен гөрі қорлық көріп жүрген қанша бала бар. Иә, осындай қатыгез ата-аналар кездеседі. Мұндай жағдайда осындай істермен айналысатын ұйымдар ондайларды әке, ана атану құқығынан айырып, баланы қайырымдылық мекемелеріне өткізеді.

Балалар күнінің өзінің логотипі, яғни туы бар. Бұл жасыл түсті фонда Жер шары көк, қызыл, ақ, қара, сары түсті балалар мүсінімен қоршалған. Бұл өсу, даму, өркендеу, тыныштықты білдіреді. Логотипте ортадағы тұрған Жердің белгісі ортақ үй деген мағынаны береді.

1-маусымнан бастап барлық мектептерде жазғы демалыс уақыты басталады. Кеңес одағы кезінде балалар күні балаларға арналған жаңа көркемфильмдер, телебағдарламалар көрсетіліп, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, оған балалардың ата-аналары да міндетті түрде қатысып, жазғы демалыс балалар үшін ерекше көңіл-күймен басталатын. Қазір де солай. Жазғы лагерлер, саябақтардың есіктері айқара ашық баршаға. Тек ақылы түрде. Міне, осы 1-маусым күні жағдайы төмен балаларға қаржылай көмек көрсетіліп, жазғы лагерлерге тегін жолдама беріледі. Балалардың бақытты сәтін, күлкісін көруден асқан бақыт жоқ шығар. Балаларға бақыт сыйлап, көңілін көтеретін мұндай күндер аз емес әрине. Дегенмен де, осы 1-маусым күні балаларға арналған түрлі іс-шараларға басымдық беріледі.

0 пікір