АҚШ-тың «Washington Post» газеті ИСИМ-нің қайда құрылып, қайда жасақталғаны жайында ақпарат жариялады. «Бакка лагері – ИСИМ-ді «дүниеге әкелген» АҚШ түрмесі» деген тақырыппен жарияланған ақпаратта біраз жайттың басы көрінді.
Бакка лагері – Ирақтың Кувейтпен шекаралас Умму Қаср қаласынан 1,5 шақырымда орналасқан АҚШ-тың түрмесі. АҚШ әскері Ирақпен болған соғыста қолға түскен «ең қауіпті жиһадшыларды» осы түрмеге тоғытқан. Бұл түрмені соңғы уақыттары «террористерді идеологиялық тұрғыдан оқытып, әскери тұрғыдан дайындайтын институт» деп те атап жүр. Яғни, бұдан жетіліп шыққан террористік ұйымды АҚШ өзінің сыртқы саясаты үшін қолданатын қару етпек. «Washington Post» газеті бұл ақпаратты қуаттай түскен секілді.
Осы жылдың көктем айында АҚШ Конгресінің бұрынғы қызметкері Родни Мартин Сирия көтерілісшілерін Сирия үкіметінің әскеріне қарсы күресуге үйреткені үшін Ақ үйді «терроризмнің демеушісі» деп айыптаған болатын. Ол: «Мұндай саясат Халықаралық құқық және адам құқығы нормаларын өрескел бұзу болып табылады», – деген еді. Сондай-ақ, оның ойынша, ИСИМ де АҚШ-тың 1994 жылы Ауғанстанда құрған «Талибан» ислам қозғалысы секілді Американың «қолтуындысы». Сондықтан да, Бакка лагерінің террористерді дайындайтын институт болуы әбден мүмкін.
Жалпы, Бакка лагерінің «террористік ұйымның ұясы» екенін 2009 жылдардан бері Ресей бұқаралық ақпарат құралдарында жорамалданып келген еді. Себебі, түрмедегілер үшін жасалған жағдайлар, яғни бос уақыттарында футбол ойнатып, діни оқу-насихаттарына, ғибадат-құлшылықтарына еркіндік беру секілді мүмкіндіктер олардың идеологиялық тұрғыдан қуаттануына жол ашатыны жазылған еді. Бұны міне «Washington Post» газетіне шыққан ақпарат та айғақтай түскен секілді.
Газеттегі ақпаратқа сүйенсек, бұл түрмеде бүгінде 100 мыңға жуық тұтқын жатыр. Бұлардың барлығын бүгінде еркіндікке жіберу мәселесі қарастырылып отыр. Әрине, туған туыстары көзайым болғанымен алда нелер күтіп тұрғанын елестетудің өзі қорқынышты. Түрменің полиция басшысы Сағд Аббас Махмұд та бұған қатты алаңдайтынын айтыпты «Washington Post» газетінің тілшісі Энтони Шадидқа. Сағд Аббас Махмұд бұл түрмеден босатылғандардың 90 пайызы майдандағы «жихадшыларға» қайта қосылатынына сенімді. «Проблема өте үлкен әрі қауіпті. Өкінішке қарай, Ирақ үкіметі мен өкілетті уәкілдер бұл проблеманың қаншалықты қауіпті екенін ойлап та отырған жоқ», – дейді ол. Демек, ИСИМ-нің құрамы тағы да 90 мың сарбазға толығады деген сөз. Яғни, өлгердердің орнын толтыру үшін де бұлар еркіндікке жіберіліп отыр десек те болады.
Родни Мартин: «Американың арнайы қызметі Бағдадиді 2005 жылы тұтқындап, кейін жібере салды. Осының өзінен Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) Бағдадимен келісімге отырғандарын болжау қиын емес».
Онсыз да «Washington Post» газеті түрмеден шыққан тоғыз тұтқынның ИСИМ террористік ұйымының алдыңғы шептегі қолбасшылары болғанын мәлімдеп отыр. ИСИМ көшбасшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадидің де осы түрмеде 2005-2010 жылдары бес жыл жатып шыққанын білеміз. Шыға сала ИСИМ-нің басына өтті. Родни Мартин: «Американың арнайы қызметі Бағдадиді 2005 жылы тұтқындап, кейін жібере салды. Осының өзінен Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) Бағдадимен келісімге отырғандарын болжау қиын емес», – дейді.
Сондай-ақ, ИСИМ-нің екінші адамы болған Әбу Мүслим Түркмен, ұйымның әскери бөлімшесінің қолбасшысы болып, кейін қайтыс болған Хажи Бәкір, шетелдерден құралған «жихадшыларды» басқаратын қолбасшы Әбу Қасым да осы Бакка лагерінің қазанында қайнап шыққан содырлардан.
Джеймс Скайлар Герронд: "Бакка лагері «экстремистерді пісіріп жетілдіретін қазан»".
Яғни, ИСИМ-нің күш ала түсуіне Бакка лагерінің қаншалықты үлкен рөл ойнап отырғанын осыдан да түсіну қиын емес. Бұған қоса АҚШ-тың әскери әуе күштері қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері болған, 2006-2007 жылдары Бакка әскери тұтқындар лагерінің командирі болып қызмет атқарған Джеймс Скайлар Герронд та өзінің «туиттерінде» Бакка лагерін «экстремистерді пісіріп жетілдіретін қазан» деп атаған болатын. Бұл сөздерден кейін «Бакка лагері ИСИМ-нің ордасы» дегенге ешқандай күмән қалмаған секілді.