«Менікі деп жүргеніңнің бәрі Онікі». Абай.
Дүниеге сынақ үшін жіберілген адамға мына фәни өмірде берілген байлықтардың ең бастысы – жан мен мал. Мүміндер осы байлықты нақты мақсаттар мен жоғары жетістіктер үшін қолдануға міндетті. Өйткені аятта:
«Алла Тағала мүміндерден, малдары мен жандарын, оларға жәннәтты беріп сатып алған...» деп бұйырады[1].
Алла Тағаланың адам баласына берген жаны мен малы сияқты әртүрлі мүмкіншіліктерінің бәрі – аманат. Осы нығметтердің бәрін беруші – Алла. Және барлық нәрсе бір Оған тиесілі. Сол себепті көкірек көзі ашылғандардың Хақ Тағала алдындағы ұстанымдары әрдайым:
«Алған сенсің. Берген сенсің. Қылған сенсің!»
«Не берсең, сол бар. Басқа неміз бар!...»
-деген түсінікте болған. Осының нәтижесінде Құдай достары құл ретінде Хақ Тағала алдында түкке тұрмайтындықтарын түсініп, қол жеткізген нығметтерін шынайы Иесі – Алла Тағаладан аяу ғапылдығынан барынша аулақ болған.
Құдайдың өзіне жақындауға дәнекер еткен нығметтерін Алла Тағаланың әміріне қайшы, теріс жерлерге қолданғандар үшін Алланың қатаң ескертулері бар. Оған қатысты Құран аятында былай делінеді:
«Айт: Егер әкелерің, ұлдарың, бауырларың, жұбайларың, туған-туыстарың, тапқан табыстарың, зиян шегуінен қорыққан саудаларың, ұнатқан баспаналарың сендерге Алладан және Оның Расулінен, сондай-ақ, Алла жолында күресуден артық сүйкімді болса, Онда Алла әмірін жібергенше күте тұрыңдар. Алла пасықтар қауымын һидаятқа салмайды»[2].
Аяттың шарты бойынша дүниелік өмірде біздерге сынақтың себебі ретінде берілген жан мен мал нығметтерін Алланың ризалығы жолында қолдану – Алла Тағала мен Әзіреті Пайғамбарға (с.а.у.) деген махаббатымыздың ең нақты белгісі. Өйткені, сүйген адам сүйіктісі үшін және сүйгенінің талабына орай жомарттық жасауды ең үлкен ләззәт деп түсінеді. Бұл жақсы көрудің мөлшеріне қарай, махаббат жолында тіпті жанқиярлыққа дейін барып жатады. (Алла жолында дүниесін сарп ету де Оған деген махаббаттың көрінісі).
Ең ауыр өтеу – иманның өтемі. Өйткені, соның арқасында жүректің көкжиегі ашылып, жан да, мал да осы төлемді өтеу үшін Хақ Тағала разы болатын ең орынды жерлерге жомарттықпен қуана-қуана жұмсалады. Иманның ләззаты, тебіренісі және шаттығымен жан мен мал сияқты әртүрлі нығметтерге жанқиярлық жасау – көңілде рахат көзіне, ал жүректе ұстаным халіне айналады.
Алла Тағала өзінің қасиетті бір аятындай былай бұйырады:
«Өзін Алла жолына атаған (тіршілік ету үшін) ешқайда бара алмаған кедейлерге беріңдер. Ахуалын білмейтіндер олардың тіленшілік етпейтіндігіне қарап, оларды бай деп ойлайды. Сен оларды (жағдайын) келбеттерінен танисың. Олар біреуден қалалып сұрамайды. Қандай қайыр жасасаңдар да Алла бәрін білуші»[3].
Алла жолында жанқиярлық жасағандардың жүректерінде аятта айтылған: «Сен оларды келбеттерінен танисың» деген сөздің көрінісі байқалып, бұл мәселеде парасаттылық, яғни терең түсінік пайда болады. Қайыр түсігі біліктілікке айналады. Әрбір мамандық иесі өз мамандығына бейім. Жоғарыдағы аяттың мағынасына ие болу үшін өзін Хақ жолына арнағандардың, әсіресе Құран Кәрімге қызмет еткендердің жағдайына көңіл көзімен қарап, соларға жақын болу керек. Өйткені, аяттың кері мағынасына назар аударсақ: Алла жолында еңбектеніп жүрген, бірақ назарға ілінбейтін көңіл адамдарына қаттылық жасап, олардан алыс қалудың ең ауыр бишаралық екендігін түсінуге болады.
Сондықтан иманды байлар байлықтарын білімнің жайылуна, тәлім-тәрбиенің жайылуына, соның ішінде әсіресе Құранға қызмет етуге өздерін арнағандарға жұмсап, ғаріптік ғұмыр кешіп жүрген және қиналған мүміндердің қасынан табыла білулері керек.
Малы мен жанын қате жолда жұмсағандар Алланың берген нығметтерінен керісінше зиян шегеді. Алла Тағала осындай ғапылдыққа тап болғандардың қайғылы ақырын аятта былай баяндайды:
«... Алтын мен күмісті жинап, оларды Алла жолында жұмсамайтындар бар ғой, міне, оларға ауыр азапты сүйіншіле! (Ол байлықтары) тозақ отында қыздырылып, онымен маңдайлары, жақтары және арқалары қақталатын күн (оларға былай делінеді): «Міне, бұл өздерің үшін жинаған байлықтарың. Енді жинаған нәрселеріңнің (азабын) тартыңдар!»[4].
Ендеше, табыстарымыз бен өмір сүру нығметін мәңгілік өмірге ыңғайлап, реттеуге міндеттіміз. Шейх Саъдидің дүние байлығына шектен тыс салынып, сараңдық жасағандарға айтқан мына бір ескертуі қандай ғибратты. Ол былай деген:
«Ақша жинап көтерілемін деп ойлама. Ағынсыз су (тұрған су) сасиды да құрғайды. Оны беруге, ағызуға тырыс. Ағынды суға аспан көмектеседі. Ол жаңбыр жаудырып, сел жіберіп, оны дарияға айналдырады», - дейді ойшыл.
Ендеше, шынайы мағрифат дегеніміз, ол – жомарттық жасау арқылы, қамқорлық көрсету арқылы көңілін дарияға айналдырып, Хақ Тағаланың берген нығметтерін және дүниенің саудасын ақіреттік байлыққа айналдыра білу деген сөз. Сондықтан да, мал-дүниенің ең қайырлысы – иесінен бұрын, өзі ақіретке жіберілген болса, сол қайырлы. Жанның қайырлысы – Алланың ризашылығы үшін қолданылған жан.
Әбу Зәррға тиесілі мына бір мәнді сөздер мүміннің дүние нығметтеріне қалай қарау керектігін аз-маз түсіндіріп өтеді:
«Бір малдың үш ортағы бар. Біріншісі – малдың иесі, яғни, Сен. Екіншісі – тағдыр. Тағдыр жақсылық әкеле ме, жамандық әкеле ме, әлде өлім сияқты жамандық әкеле ме, оны сенен сұрамайды. Үшіншісі – мұрагер. Ол да ертерек сенің басыңның жерге тигенін (яғни, өлгеніңді) күтеді. Өлген соң малыңды алып қалады, бірақ, есебін Құдай алдында сен бересің. Шамаң келгеніңше осы үш ортақтың, ең әлсізі болма (ең күштісі бол!). Алла Тағала: «Жақсы көрген нәрселеріңнен қайырымдылыққа жұмсамайынша, жақсылыққа (ізгілік шыңына) жете алмақ емессіңдер...», деген[5]. Міне менің ең сүйікті малым – мына түйем. Ақыретте алдымнан шығсын деп, оны өзімнен бұрын жіберіп отырмын (яғни, садақа етіп беремін)», - деген екен сахаба Әбу Зәрр Ғифари (р.а.)[6].
Демек, Алланың берген нығметері пендені Раббысына жақындататын мәңгілік әлемнің шырағы болуы керек. Өйткені жан мен мал нығметтері Алла жолында жұмсалған жағдайда, Құран тілімен айтқанда «дүние көркі» болады, ал, олай болмаса мал «фитнаға» айналады.
Алла Расулі үмметінің болашағы турасында былай деп кеткен:
«Әрбір үмбеттің фитнасы (бүлігі немесе сынағы) бар. Менің үмбетімнің фитнасы – мал»[7].
Біз үшін сынақ себебі болып табылатын мал мен жан нығметтерін дұрыс қолдануға қатысты көптеген ескертулер келген. Сондай-ақ, бұл жайында айтылған аяттарда былай делінеді:
«...Пайғамбарлар және онымен бірге иман еткендер малдарымен, жандарымен күресті. Міне, барлық қайырлар солардікі. Олар құтылғандардың нағыз өздері»[8].
Тағы бір аятта былай делінеді:
«Ей, иман келтіргендер! Сендерді ауыр азаптан құтқаратын сауданы көрсетейін бе? Алла және Оның расуліне сеніп, малдарыңмен, жандарыңмен Алла жолында күресіңдер. Егер білсеңдер, осы сендер үшін әлдеқайда артық»[9].
Басқа бір аятта Алла Тағала өзінің жолында жанымен, малымен еңбектенген құлдарын жақсы көретіндігін айтып, сол құлдары да оның өзін жақсы көретіндіктеріне куәлік етеді. Аятта былай делінеді:
«...Алла (олардың орнына) өзі жақсы көретін, олар да Оны жақсы көретін, мүміндерге аса ибалы, кәпірлерге қатал, Алла жолында күрес жүргізетін, жазғырушылардың айыптауынан тайсалмайтын бір қауымды әкеледі. Міне, бұл – Алланың мол рахымы. Алла мұны қалаған адамына нәсіп етеді. Алла аса кең, барлық нәрсені білуші»[10].
Бірақ аяттар мен хадис шәрифтерде айтылған "малы мен жанын жұмсап күресуді" тек қылышпен соғысу деп түсініп қалмау керек. Қылыш – зұлымдықты жою, әділдікті орнату сияқты қажет кезде қолданылатын темір бөлшегі. Нағыз жеңіс – көңілдерді табу...
Құран Кәрімде адамдарды һидаятқа қауыштыру мақсатында «Алла жолында күресуге» шақырған көптеген сөздер бар. Бірақ солардың ішінде белгілі бір жерлерінде ғана «соғысу» деген мағынаны білдіретін «Қитәл» сөзі қолданылады...
Пайғамбарымыз сахабаларына дін жолына көмек қолдарын созуды сұраса, әйелдер, тіпті кішкене қыз балаларға дейін сырғаларын, білезіктерін, моншақтарын т.б. әшекейлерін қуана-қуана шешіп беріп, шын көңілден Алла жолына беретін. Ал, араларындағы садақаға дүние беруге шамасы жетпейтіндер болса, қайыр-садақаның сауабына ие болу үшін таудан отын шауып әкеліп, құдықтан су тартып, оны садақаға жұмсаушы еді. Осылайша қайырымдылыққа деген құштарлығы себепті қолынан келгенін аянбай жасайтын.
Мәселен, Әбу Ақил әл-Ансари (р.а.) есімді бір сахаба болған. Ол екі уыс құрма үшін түні бойы су арқалап, табысының жартысын отбасының қажеттілігі үшін, екінші жартысын Алла ризалығына қол жеткізу мақсатында Пайғамбарға алып келген еді (Алла жолына жұмса деп)[11]. Сахабаның бұл әрекеті Алла жолында мал сарп ету құштарлығының қаншалықты дәрежеде болғандығын көрсетер бір ғана мысал.
Әзіреті Омардың қолына Хайбар жорығынан түскен олжадан оған құнды бір жер телімі тиеді. Ол Пайғамбарымызға келіп:
"Уа, Расулуллаһ! Хайбарда бір жерге қолым жетті, бүгінге дейін ондай құнды жерге ие болып көрмеген етінмін. Онымен не істегенім дұрыс?" – деп сұрайды. Алла елшісі оған:
«Қаласаң, оны Алла үшін пайдалан да, табысын қорға бер», дейді. Сонда Әзіреті Омар жерін мынадай шарттармен мұсылмандардың қорына (уақф) тапсырады: жердің өзі сатылмайды, сыйға берілмейді және оған ешкім мұрагер болмайды. Ол пақырларға, құл азат етуге, Алла жолында жұмсауға және жолда қалған адамдарға арналсын», деп, құнды жер телімін Алла ризалығы үшін қоғам игілігіне тапсырған екен[12].
Ендеше оқырман, бүгінгі күні сахабалардың иманын, олардың сүйіспеншілігін, құштарлығын, өзіміздің ішкі дүниемізбен салыстырып, ар-ожданымызды есепке алуымыз керек. Сахабалар ақыреттегі мәңгі өмірдегі бақытқа қол жеткізу үшін, бұ дүниеде кедейліктен қорықпай қайыр істер жасу жарысына түскен еді. Біз де ақыретімізді ойлап, сахабалардың осындай ұлық қасиетінен нәсібімізді алуға тырысуымыз керек екен.
Мәуләнә Жәләлуддин Руми былай дейді:
«Жомарттық – пейіш рахатының бұтағы. Осы бұтақтан айырылып қалғандарға нендей өкініш. Егін еккен алдымен қамбаны босатады, сонда барып, кейін өнімі мол болады. Ал дәнін қамбада сақтаған адам, онысын тышқандарға жем қылады», деген.
Мүлік Аллаға тиесілі екенін ұмытпау керек.
«Көңіл бағынан бақыт тамшылары» атты кітаптан.
(Ықшамдап алынды).
[1] Құран Кәрім: «Тәубе» сүресі, 111 аят.
[2] Құран Кәрім: «Тәубе» сүресі, 24 аят.
[3] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 273 аят.
[4] Тәубе сүресі, 34-35 аяттар.
[5] Әли Имран сүресі, 92 аят.
[6] Әбу Нуъайм: «Хилия». І, 163.
[7] Имам Тирмизи: «Сүнән» - Зүһд. 26. 2336.
[8] Құран Кәрім: «Тәубе», сүресі 88 аят.
[9] Құран Кәрім: «Саф» сүресі, 10-11 аяттар.
[10] Құран Кәрім: «Маида» сүресі, 54 аят.
[11] Имам Табарани. Х. 251.
[12] Сахи Бұхари: - Шурут. 19.