Әзіреті Әлидің "Тарауих" намазы жайында айтқаны
Әзіреті Әлидің "Тарауих" намазы жайында айтқаны
4 жыл бұрын 12147
А. Қасым

Фықһшы ғалым Әбу Ләйс әс-Самарқанди (рахматуллаһи алейһ) өзінің «Тәнбиһул ғофилин» атты еңбегінде мынадай риуаят келтіреді. Ол риуаятты Әбу Ләйс әс-Самарқанды былай деп бастайды:

Менің әкем «иснадымен» бірге (иснад - хадистерді жеткізушілердің тізбегі) Әзіреті Әлиден жеткізген риуаятта, Әзіреті Әли былай деген:

- Шынында Омар ибн әл-Хаттаб осы «Тарауих» намазын менен естіген бір хадистен алған тұғын, - дейді. 

Қасындағы кісілер:

- Уа, мұсылмандардың әміршісі! Ол қандай хадис еді? – деп сұрайды.

Сонда Әзіреті Әли:

- «Мен Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деп айтқанын естідім: 

«Шынында Арштың айналасында Алла Тағаланың бір жері бар, оны «Хазыйротуль Құдус» деп атайды (Киелі қаша/қоршау). Ол – нұрдан жаратылған. Онда Алла Тағалаға үнемі құлшылық жасап тұратын періштелер бар. Олардың құлшылықсыз өтер бір сәттері жоқ (үнемі құлшылық үстінде). Олардың қатары көп болғаны соншалықты, оның санына Алладан басқа ешкім жете алмақ емес. Қашан Рамазан айының түні болса, әлгі періштелер жер бетіне түсуге Раббысынан рұқсат сұрайды. (Олар жерге түсіп) Адам балаларымен бірге намаз оқиды. Өстіп әр түні (Рамазан бойы) жер бетіне түсіп тұрады. Кім (намазда) ол періштелерге жанасып тұрса немесе періштелер кімнің қасында тұрар болса (жанасып), ол адам ешқашан қайғыға дұшар болмай, (таусылмас) бақытқа қол жеткізеді», - деді» деп, хадисті риуаят еткеннен соң Әзіреті Әли әрі қарай сөзін былай жалғастырады:

«(Аталмыш хадисті етсігеннен кейін) Әзіреті Омар маған: «Біз ол нәрсеге көбірек лайықпыз!» - деді де адамдарды Тарауих намазына жинады және оның солай оқылуын бекітті» - деді.

Сондай-ақ, риуаяттарға қарағанда бір күні Әзіреті Әли Рамазан айындағы түндердің бірінде далаға шығады. Далада тұрғанда мешіттерден (тарауихта) оқылып жатқан Құранды естиді. Және де мешіттердің ішіндегі жарқыраған шырағдандардың жарығын көреді. Сонда Ол (Әли):

«Омар қалайша мешіттерімізді Құранмен нұрландырған болса, тура солай Алла Тағала да оның (Омардың) қабірін нұрландырсын» - деп ризашылығын білдірген екен (Радияллаһу анһума).

Айша анамыз айтады:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамдарды Рамазанның түнінде намаз оқуға құлшындыратын, бірақ оны бұйырмай, ерікті (амал) қылды. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін, Әбу Бәкір халифа болып тұрғанда да жағдай осылай еді. Кейін Омардың халифалығында бұйрық шығып, Әзіреті Омар адамдарды Үбей ибн Кәъбқа жинады (яғни, адамдарды тарауих намазын жамағатпен, бір имамға ұйып оқысын деп бәрін Үбей ибн Кәъбтың артына тұрғызды)». (Радияллаһу анһума)[1]. 

islam.kz 


[1] Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин». 243 бет.

0 пікір