Ей, адам баласы! Аштықтан кейін тоқшылық, шөлден кейін шөлді қандыру, ұйқысыз өткен сәттерден кейін тәтті ұйқы, сырқаттан кейін саулық бар. Жолдағы жетеді. Адасқан тұра жол табады. Қараңғы сейіледі. «Бәлкім Алла Тағала жеңіс алып келер, не болмаса, өз құзырынан бір әмір (шешім) берер...». («Мәида» сүресі, 52 аят).
Қараңғы түнді тау басы мен тау аңғарларындағы соқпақтарда соңынан қуып келе жатқан таңсәрімен сүйіншіле. Уайымдап мазасызданған адамды жарық жылдамдығымен көзді ашып-жұмғанша пайда болатын көңіл қоштығымен сүйіншіле. Жәбірленген адамды жасырын мейірбандықпен және жәрдем қолымен сүйіншіле.
Егер сахара шөлі ұшы-қиырсыз боп көрінсе, біліп қой, оның арғы жағында жап-жасыл бақшалар мен салқын самалды саялар бар.
Жіптің қатая түскенін байқасаң, біліп қой, ол түбінде үзіледі.
Көз жасынан кейін күлімсіреу бар. Қауіптен кейін амандық бар. Үрейден кейін тыныштану бар.
Ыбрайым пайғамбарды (ғ.с.) от жандырмады. Өйткені Тәңірлік қамқор оған шығар есікті ашқан болатын: «Біз отқа: «Ей, от! Ибраһимге салқын әрі зиянсыз бол!» - деп айттық». («Әнбия» сүресі, 69 аят).
Теңіз Мұса Кәлимуллаһты (ғ.с.) батырмады. Өйткені (Мұсаның) берік те, шыншыл дауысы былай деп дыбыстаған еді: «Әсте олай емес. Шынында Раббым менімен бірге, Ол мені тура жолға бастайды». («Шуғара», 62).
Күнәсіз Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) мүшріктердің құғынынан қашып, үңгірге жасырынғанда, Ол (с.а.у.) өзінің қасындағы досына: «Уайымдама. Шынында Алла Тағала бізбен бірге» деп, сүйіншілеген болатын. Соның артынша, амандық, жеңіс әрі тыныштық енді.
Әсілінде, уақыты шектеулі және қатаң жағдайдың құлына айналғандар тек қана қиындықты, тарлықты және сәтсіздікті көреді. Себебі, олар бөлменің қабырғасы мен ғимараттың есігіне ғана қарайды. Оларға айтарым: назарларыңды (темір) перделердің арғы жағына салыңыздар! Ойларыңның шылбырын қоршаудың арғы жағына лақтырыңыздар!
Ендеше, өлшемді тар алма. Бір жағдайдың үздіксіз жалғасуы мүмкін емес. Құлшылықтың ең абзалы - бақытті сәттен үмітті үзбеу. Күндер - өзгермелі. Заман - аумалы-төкпелі. Түндердің аяғы ауыр (артынша таң туады). Ғайып - жасырын. Хәкім (Құдай Тағала) «әр күні істе, ол бос тұрмайды». («Рахман» сүресі, 29). Бәлкім Алла Тағала одан кейін бір шешімін жаратып қояр. Өйткені, әр ауырлықтан кейін жеңілдік бар, әр ауырлықтан кейін жеңілдік бар.
"Лә Тәзхән". (Қайғырма) атты кітаптан. Араб тілінде. 47 бет.
Абдусамат Қасым