Әулиелердің керемет көрсетуі ақиқат па?
Әулиелердің керемет көрсетуі ақиқат па?
6 жыл бұрын 7327
Самет ОҚАНҰЛЫ, исламтанушы

Әулие – араб тіліндегі «уәли» сөзінің көпше түрі. Қазақ тілінде, «дос», «Аллаға жақын адам» және «иелік етуші» деген сынды мағынаны береді. Терминологияда Аллаға іс-әрекетімен жаққан, Алла жолында жүрген Алланың сүйікті құлы.

Алла Тағала ондай адамдарға таңғажайып істерді көрсетуге, көңілдеріне болашақ істер жайлы илһәм (білім салу) берген тақуа жандарға әулиелік кереметі бар делінеді.

Әһлу сүнна уәл жәмәға көзқарасы бойынша, әулиелердің кереметі – ақиқат. Керемет – Аллаға ісімен жаққан кейбір тақуа құлдарына тарту етілген Алланың ерекше сый-құрметі болып, адамның бір түнде Бұхарадан Меккеге баруы, судың бетінен кемесіз, ешқандай қиындықсыз жүріп өтуі және т.б. Осындай жәй адамдардың қолынан келмейтін таңғажайып іс-әрекетті көрсетуі. Ал, Мұғтазила және Қадария ағымдары, әулиелердің кереметін жоққа шығарып, мойындамайды[1].  

Бұл жерде пайғамбарларға тән мұғжиза мен әулиелерге тән керемет екі бөлек нәрсе екендігін біліп алған жөн. Керемет көрсеткен әулие адам ешуақыт өзін пайғамбармын демейді. Керісінше, пайғамбарлық жолды растайтын бір дәлел саналып, пайғамбар шақырған ақиқатқа шақырады. Әрбір ісінде пайғамбарды үлгі тұтады[2]. Ал, мұғжиза – әдеттегі табиғат заңдылықтарына бағынбайтын, оның ұқсасын пайғамбардан өзге адамдар келтіре алмайтын таңғажайып іс.

Имам Матуриди: «Мұғжиза – пайғамбарлардың шыншыл екендігінің белгісі. Алла Тағала елші етіп жіберген құлының елшілігінің хақтығын мұғжиза арқылы растайды. Ол адамдардың қолынан келмейтін таңғажайып іс»[3] деп, мұғжиза пайғамбарлық дәлел ретінде айтылады. Сондай-ақ, әулиелердің болашақ туралы айтқаны дәл шықпай жатуы да мүмкін. Ал, мұндай жағдай пайғамбарларда жүз берсе, Алла Тағала оларды уахи арқылы сол мезет түзетіп отырған.

Ғәлләма Сағд әт-Тәфтазани, әулиелердің кереметі туралы былай дейді: «Әулиелердің кереметі пайғамбарлардың мұғжизаларына ұқсап қалады. Бидғатшылар мен нәпсінің жетегінде жүргендердің әулиелік кереметті жоққа шығаруы ғажаптанарлық іс емес. Өйткені, олар қанша ғибадат істері мен жаман істерден тыйылу жайлы ижтиһад жасағандарымен өздері әулиелік керемет көрсете алмаған және ұстаздарының керемет көрсеткенін де естімеген жандар. Сондықтан, олар Алла Тағаланың әулие құлдарының кереметтеріне тіл тигізіп, еттерін (ғайбат айтумен) жейді. Әулие құлдарды жәһил (надан) сопылар деп атайды...»[4]. Міне, бұл Ислам үмметіне дұрыс сенім мен күпірліктің ара-жігін ажыратып түсіндіруде ұстаздық еткен, танымал Сағд әт-Тәфтазанидің әулиелердің кереметі жайлы көзқарасы. Әрі кереметті мойындамайтындарға берген әділ бағасы.

Ибн Тәймия: «Әулилердің кереметін растау – Әһлу сунна уәл жәмәға негізгі ұстанымдарынан болып табылады. Керемет – Алланың әулие құлдарына иелік еткізген құпиялық пен ғылым сырларын ашуда қуаттылығы бар таңғажайып іс. Өзге адамдардың қолынан келмейтін және бұрынғы үмметтер жайлы Кәһф және басқа сүрелерде баян етілгендей таңғаларлық құбылыс. Мұндай таңғажайып іс сахабалардың, табиғиндердің және әр ғасырда өмір сүрген үмметтердің де бойынан көрініс тапты. Қияметке дейін де жалғасын таба береді»[5] деген.

Ал, енді пайғамбарлар мен әулиелердің дұшпаны болған Ібіліс, Ферғуын және Дәжжал, т.б. қатысты жеткен риуаяттарда, олардың халықты таңғалдырып көрсеткен істерін аят (мұғжиза) деп те, керемет деп те атамаймыз. Яғни, олардың істері мақсаттарына жету үшін жасаған көзбояушылық, алдау және сиқырлық. Олар сол істерімен Аллаға болған қарсылықтары, күпірліктері арта түсті. Қасиетті Құранда: «Алайда шайтандар адамдарға сиқыр үйретіп кәпір болды» («Бақара» сүресі, 102-аят), «...Перғауынның жаман істері өзіне (әзәзіл шайтанның қолымен) безендіріліп көрсетілді. Сөйтіп, ол тура жолдан мүлдем тайдырылды. Нәтижеде, Перғауынның бұл тұзағы да зая кетті» («Мүмін» сүресі, 37-аят) делінеді[6].     

Қазіргі кезде бүкіл әлемде тәптіштеп зерттеліп жатқан телепатия, болашақтан хабар беру, алыс жерлермен хабарласу секілді жайттар, мұсылмандар үшін ежелден белгілі құбылыстар еді. Алайда, белгілі бір кезеңдерде біздер мұны «әулиенің кереметі» деп айтуға бата алмайтындай дәрежеге жеттік. «Бұл – әулие кісілердің адамның жан дүниесін сезе білуі, ойлаған нәрселерін оқи білуі», – деп айтқанымызда, «Ойпырм-ай, бізге күлмес пе екен. Әйтеуір, мазаққа қалмасақ болғаны», – деп үрейленіп келдік. Және «Бұл – бір әулиенің басқа бір әулиенің елес денесімен байланыс орнатып, сөйлесуі», – деген сөзіміз үшін жұрттың мазағына ұшырайтын кездерді басымыздан өткердік. Ал қазір ше? Заман өзгеріп, дінсіз адамдардың өзі осы мәселелер туралы айтатын болды[7].

Керемет екі түрлі болады. Біріншісі: «Кәрәму хисси». Яғни, адамдар арасында білінетін, көзге көрінетін түрі. Екіншісі: «Кәрәму мағнәуи». Бұл адамдар арасында біліне бермейтін, көзге түспейтін түрі. Әулиелердің келешек жайлы болжамдарының дәл келуі тәрізді. Ғалымдар, кереметтің бұл екінші түрін әуелгісінен абзал санайды. Себебі, әуелгісіне түрлі сиқырлық ойындар, көзбояушылық араласып кетуі мүмкін. Ал, екінші түрінде әулие адамдар руханият көзімен болжам жасай отырып, келешекте діннің көркеюі және адамзаттың игілігі үшін ұтымды жолдарды көрсетеді[8].

Имам Әбу әс-Суғуд, Құрандағы: «Зәкәрия ғибадатханаға кіріп, оның қасына келген сайын, жанында сан алуан азық көретін еді. Бірде ол таңданысын жасыра алмай: «Уа, Мәриям! Бұл саған қайдан келді?!» – деп сұрағанда, Мәриям: «Алладан келді. Шүбәсіз, Алла қалағанына қисапсыз ризық-несібе береді», – деді» («Әл-Имран» сүресі, 37-аят) деген аяттың тәпсірін былай түсіндіреді: «...Яғни, Есік жабық тұрса, саған дүниедегі ризықтарға ұқсамайтын бұл ризықтар қайдан келді? Бұл әулиелердің керемет көрсете алатындығына дәлел. Кімде-кім мұны мойындамаса, Исаның (а.с.) елшілігін айыптау, жоққа шығару болып табылады. Әрі Зәкәрияның (а.с.) мұғжизасы деуге де келмейді. Себебі, Ол өзі Мәриямнан таңданыспен бұл ризықтар қайдан келді? – деп сұрап тұр...». Яғни, Құрандағы аталмыш Мәриям анамыздың қиссасы, Сүлейман (а.с.) пайғамбардың қиссасындағы Бәлқистың тақты қас-қағым сәтте әкелуі, Кәһф сүресіндегі «Әһлу кәһф» (үңгір иелері) қиссасы және т.б. көптеген қиссалар бұрынғы үмметтердің заманындағы әулие адамдардың кереметін баяндайды. 

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) сахабалары мен үмметінің арасында әулиелік керемет көрсеткендері көп болған. Содан бірер мысал келтірер болсақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Аллаға ант етейін! Пайғамбарлардан кейін Әбу Бәкірден (р.а.) абзал ешкімге күн шығып, батпады»[9] деп, әулиелердің дәрежесі пайғамбарлардан төмен екендігін айтумен қатар, әулиелердің абзалы Әбу Бәкір (р.а.) екендігіне назар аудартады.

Тағы бір хадисте, Омар ибн Хаттабтың (р.а.) мінберде тұрып: «Йа, Сариятал жәбал! (Уа, қосыным тауға бекін!)», - дейді. Мәдинадағы Омар (р.а.) мен әскери қолдың арасы шамамен 50 шақырым жер болатын. Соған қарамастан, әскери қол Омардың (р.а.) дауысын естіп, тауға бекініп соғысады[10]. Бұл жағдайға жұма намазына жиналған мешіттегі сахабалар да, әскери шепте болған сахабалар да куә болған. Олар әулиелік кереметтерге иланып, қабыл етті. Әулиелік кереметтерді тек материалисттік көзқарастағылар ғана мойындамайды.               

Әнас (р.а.) жеткізген хадисте: «Усайд ибн Хадир және ансарлық (Мәдиналық) бір сахаба екеуі Алла елшісінің (с.а.у.) қасынан қараңғы түнде шығады. Екеуінің қолында да таяқ бар еді. Қараңғыда екеуі біреуінің таяғын жарық етіп жүрді. Ол адам бөлініп кеткенде екіншісінің таяғы жанып, жолға жарық түсіріп отырды»[11] делінеді. Міне, бұлар сахабалардың өмірінде жүз берген кейбір кереметтер.

Ислам тарихындағы әулиелік кереметі болған ғұламалардың әрбірінің кереметін тізіп, келтіру том-том кітап болары ақиқат. Сол себепті, мына бір мысалды беріп өтелік. Мухиддин ибн Араби Осман мемлекетінің құрылуынан бір ғасыр бұрын өмір сүрсе де, османдықтар дәуірінде болатын көптеген оқиғаларды айнытпай айтып кеткен. Бұл туралы Эдирне кітапханасында табылған және Эфрани тарапынан аударылған «Әш-шәжәрәтун-нуғмания» атты еңбегінен оқуға болады. Осы еңбегінде Осман мемлекетінің құрылуы, оның Дамаск пен Мысырды алуы, Явуз Селим Дамаскіге басып кірген кезде өзінің қабірінің табылатындығы сияқты бірталай оқиғалар туралы астарлап айтып кеткен. Аталмыш еңбекте Хафиз Паша тоғыз ай қоршауға алса да, Бағдатты ала алмайтыны, қырық күн ішінде оны ІV Мұраттың алатыны жайлы айтылған. Өзінен бірнеше ғасыр кейін келетін Сұлтан Абдулазиздің қастандықтың құрбаны болатынынан хабар береді. Мухиддин ибн Араби бұл еңбегінде орыс-жапон соғысы туралы хабар беріп, мұсылмандардың дұшпандарымен соғысатынын әрі жеңіске жететінін айтып кеткен [12].

Қорыта айтар болсақ, имам Құшайридің: «Әулиелерге тән кереметтің ең ұлысы – Аллаға үнемі бойұсыну, күнәлі және дінге жат қылықтардан сақ болу» [13] деп айтқанындай, Адамдардың әулиелік дәрежесі Алланың құзырындағы мәртебесіне қарай өлшенеді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.у.) кейінгі ең тақуа жан, әулиелердің абзалы Әбу Бәкір, одан кейінгі кезекте Омар ибн Хаттаб (р.а.), Осман (р.а.), Әли (р.а.) және жәннәтпен сүйіншіленген сахабалар тұрады. Адамның шынайы әулиелігі тақуалығымен, адамзат үшін жасаған сүбелі еңбектерімен өлшене береді. Әулиелік дәрежелеріне қарай кереметтері де әртүрлі болады. Көзі тірісінде руханиятты насихаттап, халықты тура жолға бастаған жандардың барлығын Алланың досы, Аллаға жаққан жандар немесе әулиелер деуге болады. Тарихи рухани мұраларға толы қазақ даласынан да көптеген әулиелер мен ишандардың шыққаны белгілі. Мысалы, Арыстанбап, Ысқақ бап, Шайқы Ибраһим, Яасауи, Жүсіп Баласағұн, Игүніки, Бахауиддин Нақшыбанд, Әулие ата, Бекет ата, Науан хазірет, Қалжан ахун, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп және т.б.

Ескере кететін тағы бір жәйт, әулиелер қайтыс болғаннан кейін де қадір-қасиеті арта түспесе, кемімейді. Өйткені, адамдар олардың артына қалдырған рухани мұраларын оқып, жастарға тәлім-тәрбие берудің негізіне айналдырады. Адамдар оларға деген құрметін әрдайым олардың аттарын жақсы істерімен еске алып, дұға-тілектерінде аттарын қосумен көрсетіп жатады. Яғни, әр ғасырда мыңдаған дуалы ауыздар, оларды игі амалдарымен еске алып, тілеулерін тілеуі – олардың мәртебесін асқақтата түспек. Ылайым солай болғай!

 


[1] Әбу Юсыр Мұхаммад әл-Бәздауй, Ұсулуддин, «Мәктаба әзһария лит-турас» баспасы, Қаһира. – 2003. 271 бет. 236 б.

[2] Шайх Исхақ әл-Хаким әр-Руми, Шарху фықһил әкбар әл-мүсамма Мұхтасарул хикмәтин нәбәуия, «Дәрул кутубил ғилмия» баспасы, Бәйрут. – 2015. 384 бет. 299 б.

[3]Әли Абдулфаттах әл-Мағриби, Имамү әһли сүнна уәл жәмаға Әбу Мансур әл-Матуриди уә әраүһул кәламия, «Мәктаба уаһба» баспасы, Қаһира. – 2009. 455 бет. 330-бет.

[4] Ғәлләма Сағд әт-Тәфтазани, Шархул мақасид, 2-том, 150-бет.  

[5] Әт-Тәғарруфу ли мәзһаби әһлит тасаууф, 87-88 бет.

[6][6] Шайх Исхақ әл-Хаким әр-Руми, Шарху фықһил әкбар әл-мүсамма Мұхтасарул хикмәтин нәбәуия, «Дәрул кутубил ғилмия» баспасы, Бәйрут. – 2015. 384 бет. 299-300 бб.

[7] http://www.akikat.kz/single/186-Аллаһ-тағала-өзінің-сүйікті-құлдарының-көретін-«көзі»-еститін-«құлағы»-ұстайтын-«қолы»-болады

[8] Доктор, Омар Абдулла Кәмил, әл-Инсаф фима усира хаулаһул хилаф, «әл-Уабилус сайб» баспасы, Қаһира. – 2009. 800 б. 678-бет.

[9] Ахмад, Фадайлус сахаба, 135-хадис; Табари, Әусад, 7517-хадис.

[10] Әбу Юсыр Мұхаммад әл-Бәздауй, Ұсулуддин, «Мәктаба әзһария лит-турас» баспасы, Қаһира. – 2003. 271 бет. 237 б.

[11] Бұхари, 3-том, 1384-бет. 3594-хадис.

[12] http://www.akikat.kz/single/185-Пайғамбарлар-мен-әулиелер-Аллаһ-тағаланың-сездіруімен-келешекке-қатысты-ойлар-айтқан 

[13] Әр-Рисәләтул Құрайширия, 160-бет.

1 пікір
  • Мақалада келтірілген мысалдар ешқандай негізсіз деген ойдамын. Себебі ол кезеңдегі дін мамандары түгіл, басқа ғылымдар ғалымдарының білім деңгейлері құран аяттарындағы берілген ғылыми түсініктерді саралай алмаған. Бұл жай осы күнге дейін созылып келеді. Мыс: "Мағарыж" сүресінің 4 аятында періштелер жылдамдықтарының өзі де шектеулі екені көрсетілген. Яғни, қандайда болмасын құбылыстардың уақыттық шектеулері болуының айғағы.
    6 жыл бұрын