Атымтай жомарт екен...
Атымтай жомарт екен...
10 жыл бұрын 40693
Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ
Жомарттық – саған қарағанда маған қажет болған затыңды беру емес, бәлкім, өзіңе керек болып тұрған затыңды маған беруің (Д. Жабран).
Жомарт болу үшін бай болу міндетті емес. Егер кедей адам жомарт болса, онда ол садақаны ханзада секілді берер еді (К. Уэллс).

 

Жомарт адам – жұмаққа жақын

Пайғамбарымыз (с.а.у.) жомарт пен сараң адамның айырмашылығын жіктеп: «Жомарт – халыққа, жұмаққа, Алла Тағалаға жақын, бірақ тозақтан алыс. Сараң — халықтан, жұмақтан, Алла Тағаладан алыс, бірақ тозаққа жақын» дейді.

Қасиетті Құран Кәрімде жомарт жандар туралы: «Олар (иман келтіргендер) қастарына көшіп келгендерді жақсы көріп, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді» («Хашыр» сүресі, 9-аят) делінеді.

Жомарттық – Алла Тағалаға тән ұлық есімдердің бірі. Ол адам баласының игілігіне не нәрсені де сұратпай-ақ үйіп-төгіп берген. Абайша айтқанда: «Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған». Бізге керектінің бәрін Өзі берген. Алла Тағаланың жомарт құлдары да Жер бетінде аз емес. Алланың ең сүйікті құлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) те өте жомарт жан болған. Ол алуды емес, үнемі беруді ұнататын. Хадистерінде береген қол – алаған қолға қарағанда жоғары тұратындығын айтып, үнемі жомарт болуға үндейтін. Жомарт болуға үлгіні ол кісінің өзінен артық ешкім көрсете алмайтын. Ол біреу бір нәрсе сұраса, өзінде болмай қалған кездің өзінде кейін тауып беруге уәде ететін. Онда: «Өзіме жетпей қалады-ау» деген ой атымен болмайтын. Бірақ жомарттықта ешқашан ысырапшылық пен дарақылыққа жол бермеген. Әйгілі әл-Фараби бабамыздан: «Жомарттық деген не?» деп сұралғанда, «Ол – ысырап пен сараңдықтың ортасы», – деп әдемі жауап берген екен. Пайғамбарымызды (с.а.у.) көріп өскен сахабалар да аса бір дархан мінезділікпен өмір сүрді. Шайтан оларды дүниеге қызықтыра алмады. Мәзһабымыздың имамы Әбу Ханифа (р.а.) да тақуа әрі жомарт кісі болғаны белгілі.

Ертеде бір хан өзінен өткен ерекше жомарт кісінің барын естіп, қызғаныштан соның басын әкелуге жендетін жіберіпті. Есесіне мол сый-сияпат бермек бопты. Жендет арып-ашып келе жатса, бір жақсы кісі жолығып үйіне апарып бір апта әбден күтіпті. Қатты разы болған әлгі жігіт қайтпақ боп қамданып, өзінің не шаруамен жүргенін айтқанда, әлгі кісі қуанып: «Сен іздеген адам мен болам. Жолың боп тұр жігітім, міне басым, кесіп ал да апарып беріп сыйлығыңды ала ғой»,– деп басын тосыпты. Қатты ұялған жендет кешірім сұрап, кері қайтыпты. Келген бойда ханға көрген-білгенін айтып: «Оның басын алғызғанша мына менің-ақ басымды алыңыз»,  – депті. Сонда ойланған хан: «Ойпыр-ай, өз басын кесіп беріп жіберуге де бейіл бұл не деген жомарттық! Қой, онымен таласқаным орынсыз болар. Мен өзімді қанша жерден қолым ашық десем де, біреуге өз жанымды қиятындай жомарт емеспін ғой», – деп ақылға келген екен.

 

Атымтай жомарт екен...

Жомарттық – қазақтың төл мінезі. «Қонаққа жалғыз атын сойып беріп, ертесі жүген ұстап отыра беретіні де» сол мінезінен.

Жомарт адам бергенін айтпайды. Қазақта «Қолы ашықтың жолы ашық» демей ме?!

Ертеде Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у.) кезінде атағы алыс-жақын жұртқа жайылған бір ерекше жомарт кісі болыпты. Ол кісінің аты Хатим екен. Өзі «Тай» руынан шыққандықтан ба оны барлығы Хатимтай атап кеткен көрінеді. Әрі өзі ерекше жан болғандықтан Хатим деген өзге жандармен шатастырып алмасын дегені болар көрген жұрттың. Хатимтайдың жомарттығына Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі сүйсінген екен. Содан бері жомарттығымен белгілі болған Хатимтайдың есімі мұсылман жұртына тез-ақ тарап кетті. Қазақта да әлі күнге дейін нағыз жомарт кісіні «атымтай жомарт екен» дейді.

Қазақ әдебиетінде де сол Атымтайдың жомарттығы талай айтылған:

Атымтай жомарт салған жол,

Бақыт пен дәулет қонған жол (Қашаған, Ақберен, 117-б.).

Атымтай жомарт секілді

Атағым жұртқа білінсе,

Кеуде бір жерді жол қылсам,

Шөлең бір жерді көл қылсам,

Тентегін түзеп байқа деп,

Ішінен биді сайлатсам.

Құлым бір ұлдай киінсе,

Көркімен көрген сүйінсе,

Атымтай Жомарт секілді

Атағым жұртқа білінсе! (Ақтамберді Сарыұлы. Алдаспан, 112-б.)

Сондай-ақ, қазақта жомарт жігітті қыранға теңейді. Ал, сараң жігітті жапалаққа ұқсатады. Оның мәнісі неде? Өздеріңіз білетіндей жапалақ өзінің тапқан азығын қанатының астына тығып алады. Көбіне олжасын түнге қарай аулайды. Ұстаған жемтігін ағаштың биік жеріне апарып, қанатының астына тығып, жан жағына алақ-жұлақ етіп жейді. Міне, осы қасиетіне бола жапалаққа сараң жігітті теңейді. Ал, жомарт жігіт әлгінде айтқан қыран құс секілді. Қыран құс олжалы бола қалса қасына құс атаулының барлығы дерлік жиналады. Оларды қумайды. Әйтпесе күші жетеді. Жемтігін ұстағаннан кейін жан жағына шашып жейді. Сол шашылған ет қалдықтарына басқа құстар таласып қалады. Бейшара құстар сол қыранның жанында жүріп әйтеуір бір тояды.

 

Жомарттық іс жүзінде қалай болады?

Жомарттық жасау үшін адамның күш-қуаты, байлығы, ақылы болуы керек. Нағыз жомарттық дегеніміз күшің мен уақытыңды құртпай бір мұқтаж жанға көмектесуің. Одан кейін ол жақсылығыңды әлгі адамның есіне түсірмей, өзің де ол жақсылығыңды мүлде ұмытуың және одан алғыс дәметпеуің. Сондықтан да жомарт адам бергенін ұмытып, алғанын ешқашан ұмытпайтын адам.

Бірде көл, бірде шөл болу да жомарт адамға тән емес. Жомарт кісінің жүрегі өз байлығына байланбауы керек. Жомарттық жасаудың өз шегі болады. Шын мұқтажға, арлы, адал кісіге жомарттық жасаудың сауабы мол.  

Бір тақуа кісі былай деген екен: «Мен мүмкіндігім болса, арлы кісіге (расында бір көмекке мұқтаж, бірақ онысын ешкімге айтқысы келмейтін) көмегімді аямас едім. Сонда мен оның ар-намысын қорғаған боламын. Ал, егер де арсыз кісі (қу, алаяқ, біреудің көлеңкесінде күн көретін) болса, онда мен оған көмектесудің орнына, қайта одан ар-намысымды қорғаған болар едім».

Жомарттық жасау тек қана байлықпен, дүние, ақшамен ғана жүзеге аса ма? Олай ойлау қателік болар. Біреуге жылы сөзіңді аямай айту, шын жанашырлық білдіру, білгеніңді айту, сені ренжіткен біреу болса, оны лезде кешіре білуің, тағысын тағылар... Мына жомарттықтың антонимі сараңдық болса, тағы бір антонимі ретінде көреалмаушылықты қосып қояр едік. Мысалға, біреудің қуанышын бөлісу – ол да жомарттық. Қайғысымен бөлісу – ол да бір ерлік. Ең бастысы жомарттық Алла разылығы үшін жасалғаны абзал! 

0 пікір