Асылбек Әуезханұлы: Шаңырақтар болмашыға шайқалып жатыр
Асылбек Әуезханұлы: Шаңырақтар болмашыға шайқалып жатыр
9 жыл бұрын 6709
Сұхбаттасқан Нұрқанат БАЙЗАҚ

Отбасын кішігірім мемлекет деп жатамыз. Мемлекеттің негізгі іргетасы отбасын екенін жақсы білеміз. Осы отбасы бақытын қалыптастыру үшін не істеуіміз керек?

Жалпы ислам діні адамзат баласын бақытты ету үшін жіберілген. Бұл дүниеде де, Ақыретте де. Ислам шариғаты осыған бүкіл жағдайларды жасап береді. Бақытты болу үшін Ислам діні әркімге белгілі бір міндеттер жүктеген. Ер кісіге белгілі міндеттер жүктеледі, әйел адамның міндеті бөлек, балаға да жүктелетін міндеттер бар. Әркім өзінің міндетін дұрыс атқара білсе, онда олар бақытты болады. Егер де осылардың ішінде біреуі өз міндетін дұрыс атқармаса, мейлі ол әке, ана, бала болсын, онда ол жерде бір кикілжің шыға бастайды. Мысалға, техниканың да бір жері бұзылса, ол жұмыс істемейді. Сондықтан, міндетінен ауытқыған адамдар бақытты бола алмайды.

Ер адам өзінің отбасын асырауға міндетті. Өзі не кисе, отбасына да соны кигізіп, не жесе соны жегізіп, баспанамен қамтамасыз етуі керек. Ал, егер ер адам жалқауланып, жұмыс істемей үйде жатып алса, отбасының қажеттіліктерін өтеп бере алмаса, онда үйде ұрыс басталады. Бір күн, екі күн шыдаған әйелі үшінші күні: «Неге бұлай жата бересің?» деп ұрыс шығаруы мүмкін. Осыған апармас үшін ер адам күнде таңертең таң намазын оқып алғаннан кейін, ырыздық несібесін теруге үйден шығып кету керек. Сол секілді әйел нәзіктіктің қас иесі болғандықтан, күйеуіне бағынуы тиіс. Неге мен бағынуым керек? Менің өзіндік пікірлерім бар. Бір жаққа баратын болсам, неге мен одан сұрануым керек? – дейтін болса, бірте-бірте үйде кикілжің туа бастайды. Ер адам әйел адамға жауапты. Бұл дүниеде жауапты бола алмаса, арғы дүниеде есебі болады. Әйел ерге бағынбаса, сол есепті бұзады. Ендеше, белгілі бір міндеттер жүйесін ер адам да, әйел адам да толық игеруге тиісті. Әйел бақыты, ана бақыты сол өз міндетін толық игеруде жатыр.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйел адамдарды құрметтеуге, олармен жақсы қарым-қатынаста болуға шақырған. Кейбір еркектер ер азамат екенмін деп әйелін ұрып-соғып, ішіп келіп ренжітіп, құмар ойынға салынып, отбасының шырқын бұзып жатады. Ондай жанұядан қандай бақыт күтуге болады? Әйел кісі де ер азаматының қас-қабағына қарамай, қиналғанда демеуші болмай, өзім білемге салынып жүре беретін болса, онда ол отбасында тұрақтылық болмайды.

 

Отбасындағы сол тұрақтылықты қалай сақтаймыз?

Қазіргі кезде көптеген отбасылар шағым айтып жатады. Күйеуім күнде ұрып-соғады, ішіп келеді, құмар ойынына салынған, - деген секілді шағымдарды әйел кісілерден естиміз. Осыдан кейін мен оған қалай бойұсынам дейді соңында. Бұл қоғамдағы үлкен проблема. «Мен мұсылманмын. Күйеуімді сыйлап, Алла разылығын тапқым келеді. Жұмаққа кіргім келеді. Бірақ, анадай адамды қалай сыйлаймын. Әбден шаршап, қажып біттім – деген қаракөз қарындастарымызды естисіз. Бұл мәселенің өзегіне үңіліп қарайықшы. Қазір ата-аналар бойжеткен қызын ұзатады, ержеткен ұлын үйлендіреді. Сол кезде солардың тағдырына бейжай қарайды. Үйіне қызының қолын сұрап келген күйеу баласымен танысқан кезде ата-ана бірінші кезекте: «Қай жерде жұмыс істейсің?», «Қанша ақша табасың?», «Ата-анаң қандай?», «Руың не?» т.б. секілді белгілі сұрақтардан аспайды. Осы сұрақтардың санын көбейту керек. Алдымен: «Алла Тағаламен араң қалай? Құлшылық жасайсың ба? Арақ ішесің бе? Темекі шегесің бе? Ысырап дегенді білесің бе? Әйелдің қадірін білесің бе?» деген сұрақтарды көбейту керек. Бірақ, біз бұған мән бермейміз. Арақ ішсе де, темекі шексе де, жағымсыз мінезі болса да, көз жұма қараймыз. Әйтеуір, ақша тауып, қызымды асырап отырса болды дейді. Өз қызымызды қауіп-қатерге өзіміз тастаймыз. Ертең ол бақытсыз болып, жылап жүреді. Әкенің міндеті күйеу баласын осы тұрғыда сынау керек. Иман тұрғысынан, діни тұрғыдан сынау керек. Сол кезде қызы қор болмайды. Мұсылман адам Алланың құлы. Алланың шариғатымен жүреді. Обал-сауапты біледі. Ақыреттің бар екенін біледі. Отбасы үшін Ақыретте жауап беретінін біледі. Ондай адам ешуақытта біреудің аялап өсірген қызын қор қылмайды. Осындайда ата-ана құда-құдағи таңдағанда аса мән беру керек. «Олар біздің теңіміз емес», - деген сөздер жиі кездеседі. Сен бір ауқатты отбасының қызы бола тұра, сіңірі шыққан кедейге қалай тұрмысқа шығасың? Ертең оның тойында қалай отырамыз? Ел-жұрттың көзіне қалай қараймыз? деген сөздер айтады. Бұл – барып тұрған сорақылық. Тең теңімен, тезек қабымен деген сөз бұл мағынада айтылмаған. Жігітке кедейлік намыс емес. Иман тұрғысынан, мұсылмандық тұрғысынан әлсіз болса, оған сол намыс болуы керек. Осы мәселеге мән беру керек.

 

Сонда отбасы бақыты жар таңдаудан бастала ма?

Иә. Жар таңдау, өзіне өмірлік серік іздеу өте үлкен мәселе. Ер адамға да, қыз балаға да. Ер жігіт ақылы толысып, үйленетін жасқа келіп, үйленуге жағдайы жеткен кезде өзіне жар таңдауға кешікпей кірісуі керек. Ертерек үйлену - Исламның қоятын шарттарының бірі. Бойдақ болып жүріп алу дұрыс емес. Тезірек қамдану керек. Отбасын құрып, Пайғамбарымыздың үмметін көбейтетін ұрпақ тәрбиелеуге кірісуі керек. Сөйтіп, өзіне өмірлік серік іздейді. Пайғамбырымыз әйелге үйленерде тектілігіне, сұлулығына, байлығына, діндарлығына қарап үйленетінін айтады. Діндарын таңдағандар қор болмайды деген. Не үшін діндарын таңдауға кеңес беріп отыр? Алладан қорқатын адамды ал деп тұр. Құдайдан қорықпағаннан қорық дейді қазақ. Ертең «ә» десең «мә» деп тұратын, бір сөзіңе екі сөз қайыратын, көкбет, долы мінезді, жүзінде мейірім жоқ тасжүрек адамдар қайдан шығады? Дінге мән бермейтін адамдардан шығады. Исламға мән бермейтін, намазға мән бермейтін адамдардан шығады.

Бес уақыт намаз оқымайтын өмірінің жүйесі жоқ адам, ертең барған жерінің де жүйесін бұзады. Діндарлық деген жеңіл қарайтын нәрсе емес. Алла Тағаланың алдында, періштелердің куәлігімен қиылатын неке уақытша немесе 100 жылға жасалатын нәрсе емес. Ол мәңгілікке қиылады. Ұзақ мерзімді некеге ұзақ мерзімді келісім-шарт та жасалуы керек. Болса болар, болмаса қояр, болмай бара жатса ертең ажыраса салам деген сорақы пиғыл қылаң бермеу керек. Үйленетін адам өте салмақты, байсалды болғаны абзал. Жүріп алмай таңдау керек. Таңдағанда да Абай атамыз айтқан: Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, Ата-ананың қызынан ғапыл қалмау керек. Өйткені қазір көп ата-ана өзінің қызын немесе ұлын отбасы болуға дайындамайды. Инженер, заңгер, кеден қызметкері болуға дайындайды. Ақша табатын түрлі маман иесі етіп дайындайды, бірақ отбасы болуға дайындамайды. «Ертең азамат болып үйленгенде, бала-шағаңды былай тәрбиелейсің, отбасыңды былай асырайсың» деген мақсатта ер азаматты қазір көп адам тәрбиелеп жатқан жоқ. Қыз баласына «Ертең сен жат жерге келін болып барасың? Ана боласың деп құлағына құйып жатқан жоқ. Егер жаңағыдай дұрыс тәрбиені көрген қыз бала болса, ондай қызға тезірек қол жеткізу керек. Тездетіп некесін сол қызбен қидырғаны дұрыс. Сол секілді қыз баланың да таңдау еркіндігі бар. Келісімін өзі береді. Ол кезде де жігіттің иман деңгейіне мән беру керек. Құдайдан қорқатын адамға бүйрегін бұрғаны абзал. Егер де байлығына қарап, көлігіне қарап, үйіне қарап тұрмыс құратын болса, ол ұзаққа бара қоймас.

 

Ал енді екі жас бас қосты делік. Сол басқосуды баянды қылатын не нәрсе?

Үйленгеннен кейін ары қарай отбасын сақтау да үлкен бір өнер. Тәкаппарлық отбасын күйрететін нәрселердің бірі. Мейлі ол ер адамда болсын, мейлі әйел адамда. Отбасын күйретудің бірінші қадамы осы тәкаппарлықтан басталады. Күйеуінікі дұрыс деп әйел қоймаса, әйелімдікі жөн деп күйеу басылмаса, онда кикілжіңнің басы осындайдан туады деп анық айта аламын. Тек менікі дұрыс деген түсініктен аулақ болу керек. Ал, егер солай кете беретін болса, мәселе ушығып-ушығып, бір отбасы ойран болады.

Орынсыз қызғаныштың ажырасуға дейін апарып жатқаны байқалады. «Неге кеш келдің? Қайда болдың? Қайда барып келдің?» деген секілді орынсыз сұрақтар қойып, орынсыз қызғанатындар бар. Ер азамат өзінің әйелін қызғануы керек. Қызғанбаған еркекті хадисте айтылғандай дайус дейді. Дайус деп жұмақтың иісін де иіскемейтін адамды айтады. Бірақ, ол дегеніміз орынсыз төмпештей беру деген сөз емес. Оған дұрыс қарау керек.

Ерлі-зайыптылар үйленген күннен бастап ұрпақ қамына кіріседі. Сол күннен бастап әкенің беліндегі, ананың жатырындағы сәбидің тәрбиесі басталады. Сол кезден олар сөйлейтін, еститін сөзіне, ішіп-жейтін асына, аяғы басқан жерге, қолының ұстаған жеріне, жалпы әрбір іс-әрекетіне, мұқият мән бермесе болмайды. Себебі, ол кезең баланың алғашқы қалыптасу кезеңі болып табылады. Ертең ұрпағы ізгілерден болсын десе, еліне, жеріне пайдалы азамат болып өссін десе, өзіне өзі дұрыс қарау керек. Бұрынғы бойдақ кездегі жеңіл мінезді қою керек. Жауапкершілікті салмақты түрде сезіну керек. Міне, сол кезде дұрыс отбасы қалыптасады.

 

Алла сақтасын, қазір ажырасудың көбейіп жатқандығы көп жерде айтылып жатыр. Оған не себеп болып жатыр?

Ажырасуға түрткі болып жатқан себептер өте көп. Бұған ерлі-зайыптылардың да, айналасындағы адамдардың да себебі болуы мүмкін. Бұның сыртқы жағы жанашырлық болып көрінгенмен, арты қиянат болады. Мысалға, бір ер азамат үйленгеннен кейін үй салады немесе үй сатып алады. Содан бір күндері қайын жұртынан адамдар келеді. Бір күн болады, екі күн болады. Үшінші күні жігіт жақтан бір кісілер шығады: «Саған сол үйді қайын жұртыңды топырлатып отырғызып қойсын деп алған жоқпыз. Үйіңді қайын жұртыңның жайлауы қылдың ғой. Үйлеріне барсын. Олай жатқыза берме» дейді. Бер жағы жанашырлық, ар жағы қиянат болатын осындай араласулар басталады. Содан кейін жігіт екі ортада қалады. Оттың ортасында қалады десек те болады. Ағайындарын тыңдайын десе әйелі ренжиді, әйелін тыңдайын десе, ағайындары қоймайды. Бір, екі ай, тіпті бір жыл, екі жыл шыдайды. Бір жылдан кейін ажырасуға шешім қабылдайды. Не болды деген сұраққа, үйдегілермен, әрі әйеліммен шығыса алмадым деген жауап естисің. Қарап отырсаң болмайтын нәрсеге ажырасып жатады. Бұл бір жағы. Екінші жағы, жігіттің туысқандары да келетін күндер болады. Сол кезде қыз жақтағылар, сен олардың барлығын күтетін құлы емессің, олардың бәріне тамақ жасап беретін күңі емессің? Күн сайын олардың кірін жуып, көрпесін қашанғы жинап жүресің? Жоқ, бұлай болмайды. Сені күң болсын деп берген жоқпыз» деген әңгімелер айтады. Жоқ қызым, болмаса қоя сал. Ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды, - деп ажыратып алудың әрекетін жасап жатады. Сырты жанашырлық, іші қиянат.

Той болған күннен бастап кейде құдағилар арасында түсініспеушіліктер орын алады. «Китті дұрыс қоймады. Дұрыс күтпеді. Тойда отырғанда жағдайымызды бір сұрамады. Бұл қандай адамдар?» деген әңгімеден бәрі басталады. «Бұлар құда болып жарытпайтын сияқты. Біздің теңіміз емес екен» деп әлден бір-біріне салқынқабақтылық танытады. Бұл екі жасқа әсер етпей қоймайды.

Одан кейін қазіргі келіндер бірден бөлек шығу мәселесін көтереді. Ата-енемен бірге тұрғысы келмейді. Бөлек қазаннан ас ішіп, екеуі ғана қызыққа батып өмір сүргісі келеді. Бірақ олар асығыстық жасайды. Берекенің көзі ата-анада, үйдегі қарияларда екенін білмейді. Соларға қызмет етсе, ертең  өзінің бала-шағасы, келіндері қызмет ететінін түсінбейді. Сөйтіп асығыстық жасайды. Егер де бала ата-ананың қадірін білетін болса, ата-анасына қарауға таласар еді. Одан қашпау керек. Ата-анаң қолыңда қашанғы тұрар дейсің? 10-20 жылдан кейін өмірден озады да кетеді. Ертең бір жерге баратын кезде бала-шағаңа бас-көз болатын адам керек. Үйіңе қарап отыратын адам жоқ. Қиналған кезде ақыл сұрайтын адам жоқ. Бөлек шығу деген қасірет бір жағынан. Сондықтан ата-анасы, ата-енесі бар адамдар бақытты. Осыны жақсы түсіну керек. Көптеген ажырасулардың себебі де осы бөлек шығудан басталып жатыр.

Одан кейінгі бір себеп болмайтын әңгімелер. Ененің болмашы сөздері. Келіннің болмашы сөздері. Енесі: «Келінім неге маған сондай сөздер айтады» десе, келіні: «Енем неге менің көңіліме келетін сөздер айтады. Мен шыдай алмаймын. Мен ондай адаммен тұра алмаймын» дейтін болмайтын сөздерден басталады. Бірнеше ауыз сөз баланы жетім қылуға, әйелді жесір қылуға, күйеуді қаңғытып, көше кезіп кетуге дейін апарады. Бұл әншейін жел сөздер болып саналады. Ондай сөздерге ерік бермеу керек. Азамат ердің баласы қызыл сөзге желдемес, уәдесін серт білер, - деген нақыл бар. Адам серт беріп отбасын құрғаннан кейін қызыл сөзге желдемей ары қарай алып кету керек.

 

Қазіргі қоғамның дертіне айналған түсік жасату дендеп тұр. Бұған кімді кінәлаймыз?

Түсік жасатудың астарында шариғатқа мән бермеу жатыр. Неке деген қасиетті нәрсеге мән бермеу жатыр. Жігіттер қалай болса солай жүреді, нәпсісін тыя алмайды. Қыздар да қалай болса солай жүреді. Киген киіміне мән бермейді. Бос күлкі, бос жүріске салынып, ақырында қалай шайтан салған отты басқанын байқамайды. Мектеп жасында-ақ сондай қадамдарға барады. Содан кейін түсік жасатпағанда не істейді?! Қыздың киім киісіне келер болсақ, үлкен мәдениеттер қақтығысы жатқан секілді. Мына біз оқып жүрген кезде кейбір сабақтардың арасында мұғалімдермен пікірталас болып жататын. Осы қыздар барын, әдемілігін көрсетіп жүру керек пе деген мәселе төңірегінде өрбитін. Сол кезде көбісі Құдайдың берген нәрсесін көрсетіп жүру керек деген пікірді қолдайтын. Міне, сол көздің құрты, қыздың денесінің, тәнінің әдемілігі жігіттердің тәнқұмарлығын оятпай қоймайды. Жігіттің жібін үздірмей қоймайды. Сөйтіп, жүргенде олар үйленбейді, неке деген нәрсеге мән бермейді. Осының барлығы шариғатқа немқұрайлы қарағандықтан. Өзіміз қазір мектеп жасындағы қыздарға шотландық юбкаларды кигізіп қоямыз. Ол қыздың санының жартысына дейін ғана түседі. Қалғаны ашық қалады. Қыздар мен жігіттерді қатар отырғызып қояды. Егер де ауру болмаса олардың бір-біріне деген сезімдері оянады ғой. Сөйтеді де күнәлі іске барады. Оның ақыры жасанды түсікке, кісі өлтіруге алып барады. Түсік жасату деген ол адам өлтіру, бір кісінің қанын мойнына жүктеу деген сөз. Ертең Қияметте: «Неге мені өлтірдіңдер?» деген сұрақты сәби ата-анасына қояды.

Ашық-шашық киініп, күлегештеніп жүрген қыздар осылай от басады. Бұрынғы әжелеріміз: «Күлегештене берме. Күлегеш қызға жігіт үйір келеді» деген. Мысалы, оқудағы қыздар сабағы біте салысымен тіке үйіне қайту керек. Жұмысы болса, жұмысына барып, аяқталған соң бірден үйіне қарай аяңдағаны дұрыс. Әркіммен бір сөйлесіп, әр жаққа қыдырып жүрмеу керек. Ата-ана да бұған мән беріп, үнемі қадағалауда ұстауы қажет.

Әңгімеңізге рахмет! Осы бір сұхбатымыз көпшілікке ой салады деген үміттеміз.

1 пікір