Астанам – барым, байтағым!
Астанам – барым, байтағым!
10 жыл бұрын 3829
Мұхан Исахан

Қазақ елінің астаналар шежіресі

Қазақ мемлекеттілігінің тарихын қаузағанымызда, еліміздің саяси орталығы болған қалалардың тарихына үңіліп, ондағы тарих сабағын сараптан өткізуіміз, бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге берері белгілі. Ең басты басын ашып алатын мәселе – мемлекеттілік пен астана қатар жүретін ұғымдар. Мемлекет бар жерде астананың, астана бар жерде мемлекеттің болатындығы өзгермейтін заңдылық. Мемлекеттілікті айғақтайтын бірден-бір фактор мемлекеттің астанасы болса, Қазақ мемлекеттілігінің бастау тарихы да астаналар тарихымен астасып жататындығы сөзсіз.

 

Шар мен Сығанақ

Тарихшылар Қазақ хандығының алғашқы астанасы ретінде Сығанақ қаласын көрсетеді. Бұрындық хан 1480 жылы Қазақ тағына отырып, Сыр бойындағы қалалар үшін Шайбаниттермен күрес жүргізіп, нәтижеде Мұхаммед Шайбаниден Сығанақ қаласын тартып алып, оны астана етті. Бірақ, Қазақ хандығы 1456-1457 жылдары Керей мен Жәнібек хандардың өздеріне қарасты елді Шу өзенінің бойындағы Қозыбас өңіріне көшіруімен құрылды. Белгілі тарихшы-археолог М.Елеуовтың пікірінше 1456-1457 жылдары Керей мен Жәнібек хан Қозыбас өңіріне көшіп барғаннан кейін, мұнда Шар (шаһар) деген қала салдырған. Бұл қаланың орны бүгінде Жамбыл облысы, Шу қаласының төңірегінде. Яғни, 1480 жылы Бұрындық хан Сығанақ қаласын астана еткенге дейінгі аралықтағы жиырма жылдан астам уақыт Шар қаласы Қазақ хандығының астанасы болды деп айта аламыз. Егер, Қазақ мемлекеттілігін Керей мен Жәнібектен бастасақ, Шар қаласы Қазақтың тұңғыш астанасы саналады. Ал, Қазақ хандығының Шар қаласынан кейінгі астанасы Сығанақ қаласы болды. Әсілі, Сығанақ қаласы алғаш рет ХІ-ХІІ ғасырдағы Қыпшақ бірлестігінің саяси орталығы болған еді. Кейін, 1226 жылы Жошының ұлысынан Орда Ежен Ақ Ордаға хан болғанда, ол Сығанақты өз ұлысының ордасы етті. Кейбір тарихшылар Қазақ мемлекеттілігін Ақ Орданың пайда болуынан бастайды. Егер, осылай пайымдаған болсақ, 1227 жылы таққа отырған Орда Ежен мен 1423-1424 жылдары Ақ Орданы билеген Барақ ханға (Керей мен Жәнібектің әкесі) дейін Сығанақ Қазақ мемлекетінің астанасы болған саналады.

 

Сарайшық

Қазақ деген атпен құрылған мемлекеттің Сығанақтан кейінгі астанасы ерке сылқым Ақжайықтың жағасындағы Сарайшық қаласы болды. 1513 жылы Бұрындық ханды тақтан тайдырып билікке қол жеткізген Қасым хан астанананы Сығанақтан Сарайшыққа көшірді. Сарайшық қаласын ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Жошы ұрпақтары тұрғызды. Көне түрікше «Сарай» хан ордасы, «шық» кіші деген мағынаны береді. Яғни, Сарайшық, кіші Сарай мағынасын береді. Бұдан басқа кейбір тарихшылар Сарайшық атауы қаланың алтынмен апталған күмбездері мен мұнаралары айшықталып тұрғандықтан жұрт «Сары айшықты қала» деп атағандығын айтып жүр. Араб саяхатшысы ибн Батутаның деректерінде (1334 ж.) Сарайшық қаласы өз дәуірінің әсем қалаларының бірі болған. Иә, Сарайшық қаласы әлемдегі ең көрікті қалалардың бірі болды. Тарихи деректерде Мәскеу кньязы Иван Калита Кремльдің үлгісін Сарайшық қаласынан алғандығы айтылады. 1397 жылы Ақсақ Темір Кавказдың Дербент қақпасы арқылы келіп Алтын Ордаға жорық жасағанда Хаджы Тарханды, Сарай Беркені, Сарай Беркені де шауып, бұл қалаларды жермен-жексен қылды. Кейін, Алтын Орданың еңсесін қайта көтерген Едіге би Сарайшықты астана етті. Алтын Орда құлағанда Сарайшық қаласы Ноғай Ордасының орталықтарының бірі еді. 1513 жылы Қазақ тағына отырған Қасым ханның Сарайшықты астана етуінің негізгі сыры Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық, Орал тауларын жайлаған Ноғай елі өз арасынан үлкен Ноғай, кіші Ноғай болып екіге жарылды. Солтүстік Кавказбен Орал тауларын жайлаған Ноғайлар өзара қырқыста Ресейге арқа сүйеді. Ал, Еділ-Жайық арасын жайлаған Ноғайлар түбі туыс деп Қазақ хандығына жақындады. Қасым хан да осы Еділ-Жайық арасындағы Ноғайлы жұртын Қазаққа қосып алу үшін Ақжайықтың жағасындағы Сарайшықты астана етті.

 

Шаңғы-Тара

 Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының астанасы Сібірдегі Ұбай-Сұбайра болды деген тарихи деректің бар екенін де жоққа шығармауға тиістіміз. Бұл деректі Мұхаммед Хайдар Дулати атақты «Тарихи-Рашиди» атты жылнамасында баяндайды. Онда Қасым ханның Шайбаниттермен Сыр бойындағы қалалар үшін соғысып болғаннан кейін өзінің ордасы Ұбай-Сұбайраға кері көшіп кеткенді жеткізілген. Белгілі ғалым Ислам Жеменей бұл жерде Ұбай-Сұбайра деп Аспара бекінісі айтылып отыр деп пайымдағанмен, тарихшы-археолог Нұрлан Кенжеахмет Тарихи-Рашидидегі Ұбай-Сұбайра деп Көк Орданың орталығы Шаңғы-Тара, яғни, бүгінгі Тюмень қаласының айтылған деп тұжырымдайды. Себебі, оның айтуынша Орта Ғасырлардағы тарихи карталардың бәрінде Ұбай-Сұбайра деп Шаңғы-Тара қаласы көрсетіледі екен. Демек, Қасым ханның дәуірінде Қазақ хандығының саяси орталығы Сарайшықтан бұрын Ұбай-Сұбайра қаласы болып, сол шақта Қазақ мемлекеттілігінің теріскей шекарасы Сібір жұртын да қамтыған.

                                              

Сауран, Созақ, Самархан

Қасым хан 1523 жылы өлгеннен кейін ұлдары Мамаш, Бұйдаш, Таһир хандар өзара талас-тартыста қаза тапты. Тарихи деректердің жиынтығына қарап 1538-1580 жылдары Хақназар ханның тұсында Қазақ мемлеке-тінің саяси орталығы Сығанақ, Сауран, Созақ, одан кейін ел билеген Шығай хан (1580-1586) оның ұлы Тәуекел ханның (1586-1598) тұсында Созақ, Ташкент, Самарқан қаласы астана болды деуге болады. Тәуекел ханның билік құрған кезінде тұрақты астананың болмауының себебі, Тәуекел хан Бұхар хандығын жаулап алуға күш жұмсап, Бұхар хандығына қарасты қалаларды басып алып, ол қалаларды біртіндеп астанаға айналдырып отырды.

 

Түркістан

Тәуекел хан 1598 жылы қайтыс болғаннан кейін оның орнына інісі Есім хан болды. Оның кезінде Түркістан қаласы Қазақ хандығының астанасы болды. Есім хан Ясауи тарихатының орталығы болған Түркістанды хандықтың астанасы етті. Түркістан тек рухани орталық емес, сол кездегі Сыр бойындағы қалалардың ішінде ең гүлденген қалалардың бірі-тін. Тарихшылар Түркістан қаласын Есімнен кейін екі жүз жыл Қазақ хандығының астанасы болғандығын айтады. Десекте, Есім ханның тұсында Қазақ хандығы өз ішінен екіге жарылды. Тәуекел ханның інілерінің бірі Тұрсын өзін Ташкентте хан етіп жариялап, осы төңіректегі Қатаған-Жайма тайпасын жеке-дара билей бастады. Осы кезден бастап Ташкент Қазақтың Ұлы жүз тайпаларының астанасы бола бастады. 1628 жылы Есім хан Ташкентке басып кіріп Тұрсын ханды өлтірді. Бұдан кейін Қазақ хандығы қайта біртұтас мемлекетке айналды. 1642 жылы Есім ханнан кейін Салқам Жәңгір Қазаққа хан болды. Оның кезінде де астана Түркістан қаласы болды. Салқам Жәңгір Шығыстағы Жоңғарларды ғана ойсырата жеңіп қойған жоқ, Бұхар хандығы мен Ауғанстан шаһының арасындағы соғыста 100 мың әскермен Бұхарлықтарға көмек қолын созып, Ауғанстанды басып алды.

                

Ангрен, Ташкент, Қазалы, Хиуа

Салқам Жәңгірден кейін 1680 жылы таққа отырған Тәуке хан Қазақ хандығының одан ары күшейе түсуіне бар күш-жігерін салды. В.Я Басиннің пікірінше оның кезінде Қазақ хандығының астанасы Ангрен қаласы болды. 1682 жылғы Қазақ хандығына келген Орыс елшілері Тәуке ханға Ангрендегі ордасында жолыққанын айтады. Ал, 1694 жылы келген Орыс елшілері Феодор Скибин, Матвей Трошихин Тәуке ханға Түркістанда кездескен. Тәуке ханның Ангреннен астананы қайта Түркістанға көшіруінің себебі, сол кезде Иранның Сафефиттер динацтиясы Орта Азия хандықтарына едәуір қауып төндірген болатын. Бұл кезде Бұхар хандығы бұрынғы айбарынан айырылып, Иранға тәуелді болудың аз алдында тұрды. Осыны ескерген Тәуке хан астананы Ангреннен қайта Түркістанға көшірген сыңайлы. Жалпы, Тәуке хан тұсында Қазақ құрылтайлары Ангрендегі Күлтөбе, Сайрамдағы Мөртөбеде өтіп тұрды. Тәуке ханнан кейін оның орнына отырған Қайып (1715-19), Болат (1719-31), Әбілмәмбет (1731-1771) хандардың тұсында Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болып қала берді. Тәуке хан өлгеннен кейін үш жүздің кіші хандары елді жеке-дара билей бастады. Ұлы жүздің орталығы Ташкентте болып, Жолбарыс хан мұнда билік жүргізді. Әбілхайыр хан кіші орданың орталығын алғашқыда Түркістан, кейін Қазалы мен Хиуаға тікті.

 

Қызылжар, Көкшетау, Қарқаралы, Орда, Иқан

Әбілмәмбет хан 1771 жылы қайтыс болғаннан кейін Абылай хан Түркістанда үш жүздің ханы болды. Ресейдың қатын патшасы оны тек Орта жүздің ханы деп таныды. Орыс шенеуніктері Абылай ханға арнап Қызылжарда хан ордасын салды. Бірақ, бұқара халық Абылай ханды күллі Қазақтың ханы деп қабылдады. Абылай хан 1781 жылы өлгеннен кейін Қазақ хандығы бөлшектеніп кетті. Абылай ханның өлімінен кейін оның ұрпақтары әр өңірде жеке-дара билік жүргізді. Уәли хан Көкшетауды, Ғұбайдола мен Бөкей хан Қарқаралыны орталық етті. 1801 жылы Еділ мен Жайық өзенінің арасына Бөкей ордасы құрылды. 1824 жылы Бөкейдің ұлы Жәңгір хан Орда қаласын батыстық типте тұрғызып, оны Бөкей ордасының астанасы етті. Кенесары хан ұдайы Ресей отаршылдығына қарсы күрескендіктен хан ордасының тұрақты орталығы болмады. И.В.Ерофееваның айтуына қарағанда 1850-60 жылдары Сыр бойындағы Қазақтың соңғы хандары Тоғай мен Әликен хан өздерінің ордасын Иқан қаласы еткен.

 

Семей, Жымпиты, Орынбор, Ақмешіт

Алаш орда үкіметі 1917 жылы құрылғанда астана етіп Семей қаласын таңдады. Алаш Орданың батыс өлкесінің орталығы Жымпиты болды. Алаш Орда үкіметі құлап, орнына 1920 жылы Каз Ревком құрылды. Оның астанасы Орынбор қаласы болды. 1924 жылғы Мәскеудің межелеу саясаты Түркістан Республикасына қарасты бес республиканы жеке-жеке отау етіп шығарды. Осы кезде Түркістан Республикасына қарасты Жетісу және Сырдария облыстары Қазақ Республикасына өтіп, астана болып бұрынғы Ақмешіт қаласының аты өзгертіліп Қызыл орда қаласы болып бекіді.

 

Алматы һәм Астана

Түркісіб темір жолының 1929 жылы салынумен Қазақ АССР-і Іле өзенінің жағасына астана салмақ болады. Бірақ, инфрақұрылымның жоқтығына байланысты жаңа астана ретінде қәзіргі Алматы қаласына таңдау түседі. «Бабырнамадан» жеткен дерек бойынша Алматының орнында орта ғасырларда Әлма-әту деген қала болған. Кейін, бұнда Ресей отаршылдары Верный бекінісін салды. Осы Алматы қаласы 1929-1998 жылдар аралығында Қазаққа астана ғана емес, құнары мол құтты мекен бола білді. Кеңес дәуірінде Алматы қаласында қаншама тарихи оқиғалар болды. Қазақ халқы қәзіргі тәуелсіздікке Алматы астана болып тұрғанда қол жеткізді. Елбасының бастамасымен 1998 жылы астана Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Бұндағы негізгі саясат солтүстікті қазақтандыру һәм Қазақ мемлекетінің біртұтастығын сақтап қалу болатын. Бүгінде, Елбасының салихалы саясаты өз үдесінен шығып, Астана Қазақтың мемлекеттілігінің алтын қазығына айналды. Иә, Астананың айбары Қазақ мемлекетінің айбарына айналды. Ендеше, Астанамыз - дәйім өсіп-өркендей бергей! 

0 пікір