Аса құнды 7 кеңес
Аса құнды 7 кеңес
9 жыл бұрын 5862
Нұрмұхаммед Изудинов

Осы мақаламызда біз жастарға Құран мен сүннеттен алынған насихаттардың жетеуін тізіп, түсіндіре кетуді жөн көрдік.

 

1. Ата-анаға құрмет көрсетіп, бар жақсылықты олардан аямаңдар

Құдіретті Алла Тағала Құранда:

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚ إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا

«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып), тіпті: «Түу», – деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!» («Исра» сүресі, 23-аят).

Абдулла ибн Мәсғұдтан жеткен хадисте:

((سألت النبي -صلى الله عليه وسلم- أي العمل أحب إلى الله تعالى؟ قال: الصلاة على وقتها، وقال: قلت: ثم أي؟ قال: بر الوالدين، قلت: ثم أي؟ قال: الجهاد في سبيل الله))

«Мен Алла елшісінен: «Жәннатқа жақындататын амал қайсы?» деп сұрадым. Ол айтты: «Уақытында оқылған намаз». Мен: «Одан кейін ше?» деп сұрағанымда: «Ата-ананы құрметтеу, оларға жақсылық жасау», - деп жауап берді. «Ал, одан кейін?» - деп тағы да сұрап едім: «Алла жолында жиһад (күрес) жасау» деді» (Муслим).

 

2. Ешқашан намазыңды тастаушы болма!

Құдіретті Алла Тағала қасиетті Құранда:

حَافِظُواْ عَلَى الصَّلَوَاتِ والصَّلَوةِ الْوُسْطَى وَقُومُواْ لِلَّهِ قَـانِتِينَ

«Бес уақыт намазға, әсіресе ортаңғы намазға (екінті намазына) өте мұкият болыңдар (яғни кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар). Алланың алдында барынша кішірейіп құлдық ұрыңдар» («Бақара» сүресі, 238-аят).

Алла Тағала барлық намазды толық әрі уақытында оқуды, оларға қатысты барлық қағиданы сақтауды бұйырған. Солардың ішінде, ғалымдардың көпшілігінің айтуындағы «ортаңғы намаз» яғни, екінті намазына абай болу керектігін ескертуде.   

بَيْنَ الرَّجُلِ وَبَيْنَ الشِّرْكِ وَالكُفْرِ تَرْكَ الصَّلاَةِ :قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ :عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ»

Жәбірден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.у.) былай дейді: «Пенде мен серік қосудың арасында намазды тастау бар» (Мүслім).

Намазды тастау – үлкен күнәлардың бірі. Намаз оқымайтын жақындарымызға намаздың парыз екендігін ескертіп, түсіндіруіміз керек. Намаздың парыз екендігін мойындамайтын адам діннен шығады. Ал, парыз екенін білсе де оқымайтын адам күпірлік еткен болады.

Ибн Хазм әл-Мәхәлли атты кітабында: «Серік қосудан кейін уақыты өткенше намазды тастаудан және мұсылманды нақақ өлтіруден асқан күнә жоқ», – деген.

Имам әз-Зәһәби әл-Кәбәир атты еңбегінде: «Намазды уақытынан кешіктіруші үлкен күнәның иесі, ал оны мүлде тастап қою зина жасап, ұрлық қылғанмен тең. Барлық намаздарды тастау не уақытын өткізіп алу үлкен күнә. Сондай істі бірнеше мәрте жасаған адам қашан тәубе жасағанша үлкен күнә жасаушылардың қатарында болады. Ал намазды тастауды әдетке айналдырған ең сорлы қылмыскер, күнәһарлардың қатарында», – деген.

 

3. Көзді тыю

Жаратушы Иеміз өз құлдарына назарын бөтен әйелдерге (еркек) салудан тыйған, соңы зинаға жол ашатындығын ескерткен. Бұл турасында Құранда да:

قُلْ لِلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ۚ ذَٰلِكَ أَزْكَىٰ لَهُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ (30) وَقُلْ لِلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ إِلَّا مَا ظَهَرَ مِنْهَا ۖ وَلْيَضْرِبْنَ بِخُمُرِهِنَّ عَلَىٰ جُيُوبِهِنَّ

«(Уа, Мұхаммед!): Мүмін ер кісілерге айт: Харамға көз салмасын (яғни, бөтен әйелдерге және өзге ер кісілердің әуреті сынды қарауға болмайтын нәрселерге қарамасын)! Сондай-ақ абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сол оларға әлдеқайда лайықты. Шүбәсіз, Алла олардың не істеп, не қойып жүргендерінен толық хабардар. Мүмін әйелдерге де айт: Харамға көз салмасын! Абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен тыс, әшекейлері мен сымбат-көріктерін көрсетпесін һәм орамалдарын омырауларына дейін түсіріп тартсын» («Нұр» сүресі, 30-31 аяттар).

Жәрирден (р.а.) жеткен хадисте:

سألتُ رسول الله صلى الله عليه وسلم عن نظرالفجأة فأمرني أن أصرفَ بصري

«Бір күні Алла елшісінен кездейсоқ қарау жайында сұрағанымда, ол кісі маған көзімді басқа жаққа бұруымды бұйырды» (Муслим).

 

4. Үйленіңдер

Құдіретті Алла Құранда:

وَمِنْ آَيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآَيَاتٍ لِقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Сондай-ақ, Оның (құдіретінің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – оларға бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік һәм мейірім сезімін ұялатқандығы. Міне, осының өзінде ақылға салып ойланатын қауым үшін анық дәлелдер мен талай ғибрат бар» («Рум» сүресі, 21-аят).

Сондай-ақ хадисте:

يا معشر الشباب من استطاع منكم الباءة فليتزوج فإنه أغض للبصر وأحصن للفرج ومن لم يستطع فعليه بالصوم فإنه له وجاء

Уа, жастар қауымы! Араларыңдағы үйленуге шамасы жететіндер уақыт оздырмай үйленсін. Өйткені, үйлену көзді һәм абиырды харамнан сақтаудың бірден бір жолы. Ал үйленуге шамасы жетпейтіндер ораза ұстасын. Өйткені, ораза нәпсіқұмарлықты пышақ кескендей тыяды (Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) жеткізген. Бұхари, Никах 10. Мүслим, Никах 1. Әбу Дәуіт, Никах 1. Тирмизи, Никах 1. Нәсәи, Сыям 43).

 

5. Адал жолмен мал тап

Қасиетті Құранда:

فإذا قضيت الصلاة فانتشروا في الأرض وابتغوا من فضل الله

«Намаз өтелген соң жер бетіне тараңдар және (адал кәсіп қылып) Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер. Бұған қоса, (күнделікті бес уақыт намаз һәм басқа да құлшылықтар арқылы) Алланы көп еске алыңдар, сонда (екі дүниеде де азаптан әрі қор болудан) құтылып, мақсат-мұраттарыңа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) делінген.

Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

لَأَنْ يَحْتَطِبَ أَحَدُكُمْ حُزْمَةً عَلَى ظَهْرِهِ خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَسْأَلَ أَحَدًا فَيُعْطِيَهُ أَوْ يَمْنَعَهُ

«Пенде үшін ағаш жарып, солай ақша табуы, біреуден сұрап, бере ме, бермей ме деп қолына телміруден қайырлы болмақ» (Бухари, Муслим).

 

6. Уақытты зая кетірме

Алла Тағала Құранда:

اقترب للناس حسابهم وهم في غفلة معرضون ما يأتيهم من ذكر من ربهم محدث إلا استمعوه وهم يلعبون

"Адамдардың есеп беретін күні таяды. Алайда олар сонда да ақиқаттан сырт айналған күйі ғапылдықта жүр. Оларға қай кезде болмасын, Раббыларынан жаңа тағылым, нұсқау, яки ескерту келсе, оны мазаққа айналдырып, күле тыңдайды" («Әнбия» сүресі, 1-2 аяттар) деген.

Бұл Есеп күнінің жақындағанын білдіретін ескерту. Бірақ, адамдар бұған салғырт қарап, еш дайындықсыз күндерін өткізуде.

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты:

«Екі нығмет бар, адамдардың көбі оның қадірін білмейді. Ол – денсаулық пен бос уақыт» (Бухари, Риқақ 1; Тирмизи, Зуһд 1).

 

7. Естеріңде болсын, бұл өмір – өткінші ойын мен көңіл көтеру болса, Ақырет мәңгілік

Құдіретті Алла Тағала Құранда

وَمَا الْحَيَاة الدُّنْيَا إِلَّا لَعِب وَلَهْوٌ وَلَلدَّار الْآخِرَة خَيْر لِلَّذِينَ يَتَّقُونَ أَفَلَا تَعْقِلُونَ

"Дүние тіршілігі – құр ойын-күлкі мен уақытша сауық-сайран ғана. Ал, Аллаға лайықты түрде тағзым етіп, Оған қарсы келуден барынша сақтанатын тақуа жандар үшін ақирет тұрағы (мекені) әлдеқайда қайырлы болмақ. Ендеше, сәл де болса, ақылға салып ойланбайсыңдар ма?!" («Әнғам» сүресі, 32-аят).

Алла Тағала Өзімен кездесер күнді жоққа шығарғандардың құрдымға кеткенін баян етеді. Ондайлар Есеп күнінде өздерінің жасаған қате тірліктері үшін қатты өкінетін болады.

Ибн Омардан (р.а.) жеткізген хадисте, бір күні Алла елшісі (с.а.у.) оның иығына қолын қойып тұрып:

كُنْ فِي الدُّنْيَا كَأَنَّكَ غَرِيْبٌ أَوْ عَابِرُ سَبِيْلٍ

«Бұл дүниеде қонақ немесе жолаушы секілді бол» (Бұхари).

Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетінен алынған кеңестерге құлақ түріп, орындаған жан екі дүние бақытына қол жеткізеді деп үміттенеміз. Бұл кеңестер дүниедегі барлық нәрседен қайырлы.

2 пікір