Арыстандар жайлы не білеміз?
Арыстандар жайлы не білеміз?
10 жыл бұрын 26311
Арыстан қалай иіс сезеді?
Арыстандардың жүрегі кішкентай болады дейді. Сол рас па?
Арыстандар көп ұйықтай ма?
Арыстандар қанша жыл өмір сүреді?

 

Арыстан мысықтар секілді иісті «Якобсон трубкасы» арқылы сезеді. Яғни, кез келген иісті олар ауаны өзіне тартып, жоғарғы ерні мен мұрнын аспанға көтеру арқылы сезеді.

 

Арыстанның бет пішіні адамның саусақ ізіне ұқсайды. Өздеріңіз білетіндей адамның саусақ іздері бір-біріне ұқсамайды, яғни сәйкес келмейді. Арыстанның жүзі де бір-біріне ұқсамайды. 

Арыстанның тырнағының ұзындығы 7 см-ге дейін жетуі мүмкін. Әдетте үлкен арыстандарда 30 тіс болады. Сояудай тістері болғанымен олар онымен азығын шайнамайды. Олар тістері арқылы азығының бір бөлігін жұлып алып, ары қарай бүтіндей жұтады.

 

Арыстандар түнде адамдардан 6 есе жақсы көреді. Арыстандар ең кішкентай жүректің иесі. Яғни, аңдардың ішіндегі жүрегі ең кішкентай аң ол – арыстан. 

Арыстан ақыратын болса оны 8 шақырым жерден естуге болады. Ал, кішкентай арыстандар екі жасқа толмай мүлдем айбат шеге алмайтын көрінеді. 

Егер де арыстанның тоқ екенін білсе, яғни тамаққа тәбеті болмай тұрғанын аңғарған кез келген жануар арыстанның жанында емін-еркін жүре береді. Ондай кезде өзінің өмірі үшін алаңдамайды. 

Негізінде адам жейтін арыстандар физикалық жағынан күшті болып келеді. Бірақ, осы уақытқа дейін адамға немесе үй жануарларына көбінесе әлсіз, жаралы арыстандар шабуылдайды деп келді. Себебі, ондай арыстандар зебра, елік секілді жабайы жүйрік жануарларды қуып жете алмайды.

Жаңадан туылған арыстандардың салмағы 1-2 кг ғана болады. Ал, кейін өскенде олардың салмағы 220 кг-ға дейін жетеді. Олар туылғаннан кейін 11-ші күні көздерін ашады. 15-ші күні жүре бастайды. Кішкентай арыстандардың терісінде қара дақтар болады. Бірақ, ол дақтар уақыт өте келе жойылады. Бала арыстандарды өздерінің анасы немесе мүмкіндігі бар кез келген арыстан сүтпен қоректендіре алады.

Ұрғашы арыстандар еркек арыстандарға қарағанда ұзағырақ өмір сүреді. Әдетте олар 14-16 жыл жасайды. Ал, еркек арыстандар 11 жылға дейін өмір сүреді десек те, 16 жылға дейін өмір сүретін кәрі арыстандарды сирек кездестіруге болады. Ал, бостандықта өмір сүрмейтін арыстандардың өмірі 13 жылдан ары аспайды.

 

Арыстандардың өмір сүруге бейімділігі өте жоғары. Олар бір ай бойы сусыз өмір сүре алады. Жейтін азығының құрамындағы ылғалдың өзі оларға жетіп жатыр.

Арыстан ала гиенадан (жабайы шибөрі) кейінгі екінші жыртқыш аң. Бірінші орында ала гиена тұрғаны таңқалдырады. Ала гиена туралы алдағы уақытта жазатын боламыз. 

Арыстан ұйқыны өте қатты жақсы көретін аң. Тәулігіне 20 сағат ұйықтайтыны осыны аңғартса керек.

0 пікір