Адам баласының жартысы өмірінің ең қымбат жылдарын бақыт пен арманды қуумен өткізеді. Солайша, өмірдің мәнін түсінбей, ештеңеге үлгермей бұл дүниеден өтеді. Ал бақыт болса – дәл қастарында тұрған, тек олар оны байқамаған, немесе бәрі өзінен-өзі болуға тиіс нәрседей қабылдаған. Олардың көзіндегі бақыт – аспандағы бұлт секілді қол жетпес қиял, бір күні өз-өзінен орын алатын ертегідей ғажайып еді. Бірақ олай емес. Ғажайып тек тырысқан адамға ғана беріледі. Ал бақытты болудың өзі – бөлек өнер.
Бұл өнерді ақыл-есі түзу кез келген адам меңгере алады. Ол үшін сәл сабыр, сәл ымыраға келу жеткілікті. Біз бақытты осы жерде, осы сәтте сезінуді үйренуіміз керек. Өмірдің әр лебін бағалай білу маңызды! Есіңізде болсын: бақытты болуға ең ыңғайлы уақыт – дәл қазіргі сәт. Ертең не боларын ешкім білмейді, тіпті келесі сәттің не әкелетінінен де бейхабармыз. Сондықтан бақытты болуды кейінге ысырып қоймаңыз, себебі «кейін» деген мүлде болмауы мүмкін. Ұсақ-түйек қуаныштарға сүйіне біліңіз. Өмір деген – сол ұсақ сәттердің жиынтығы. Айналаңызға бір көз жүгіртіп көріңізші: шын мәнінде, бақытқа себеп аз ба?
Сіздің маңайыңызда қиындық туса, қолдау көрсетуге дайын жандар бар екеніне сенімдімін. Олар – ата-анаңыз болуы мүмкін. Егер олар аман-есен, жаныңызда жүрсе – бұл өз алдына үлкен бақыт! Бауырларыңыз, бала-шағаңыз, жанашыр достарыңыз бар шығар. Оларды қадірлеңіз, барлығы үшін Аллаға шүкір деңіз. Осы аталғандардың біреуі болса да, сіз – бақытты жансыз. Аллаға тағы да алғыс айтыңыз.
Ал егер өзіңізді жалғыз сезінсеңіз – бұл шынайы жалғыздық емес. Сізбен әрдайым, тіпті ең жақын адамнан да жақын, күре тамырыңыздан да жақын Алла Тағала бар. Сіз Оған сенсеңіз, Одан алыстамасаңыз, Ол ешқашан сізді тастамайды. Тіпті алыстап кетсеңіз де, Тәңір сізді назарынан шығармайды, қайта оралуыңызды күтеді. Ол сізге ризық, тыныштық, қиындықтан шығатын жол жіберіп отырады. Біз көбіне мұны байқамаймыз. Арманға шырмалып, бақытты алыстан іздейміз.
Өмір осылай өтіп жатса – обал-ақ. Өзіңізді қинамаңыз, мақсаттарыңызды қайта қарап, ниетіңізді түзеңіз. Бір сәт аялдап, өзіңізге сырт көзбен қараңыз. Көп дүниені басқаша түсіне бастайсыз. Әр сәтті бағалаңыз – ол қайта келмейді. Анаңыздың мейірлі күлкісі, сәбиіңіздің сыңғырлаған күлкісі… Бәрі — өлшеусіз қазына. Мүмкіндігіңіз болса, жақсылық жасаңыз: біреуге қолұшын созыңыз, жебеп жіберіңіз. Материалдық көмегіңіз болмаса да – жылы сөзіңізді аямаңыз. Бұл – адамға тірі екенін сезіндіретін ең үлкен қуат. Тағы бір маңыздысы – шынайы болыңыз: өзіңізге де, өзгелерге де. Бұл жанды жеңілдетеді.
Денсаулығыңыз барда, өз күніңізді өзіңіз көре алатын шақта, жүріп-тұрып жүрген кезде – осы уақыттың қадірін біліңіз. Келесі сәттің қандай болатынын ешкім білмейді. Мен сізге жүрек жарды тілейтін тілегім – мықты денсаулық және ұзақ, берекелі ғұмырыңыз болсын! Бірақ ақиқат мынау: болашақ бізден жасырылған, келесі секундта не күтіп тұрғанын да білмейміз.
Мен қатты жақсы көрген тәтем (әпкем) дүниеден өтті. Ол жас, өмірге құштар, ақылды әйел болатын. Бірақ оған «сүт безінің қатерлі ісігі» деген ауыр диагноз қойылды. Төрт ота жасалды, азабы өте ауыр болды. Жарасы мазасын алып, жата да алмайтын, соңғы кездері мүлде ұйықтамайтын болды. Үнемі екпемен жан сақтады. Бір күні мен оның қасында отырғанымда, ол маған бұрылып:
— «Хадижа, білесің бе, мен өмір бойы бірдеңені күтумен, бір нәрседен үміттенумен, бақыт іздеумен өттім. Сөйтсем, шаршағанда жатып, таңға дейін тыныш ұйықтай алу — ең үлкен бақыт екен ғой», — деді.
Бұл сөздері менің жүрегімде мәңгі қалды. Қиындық туған кездерде сол сөздерді еске алсам, жаным орнына түседі.
Өмірдің әр сәті — баға жетпес қазына. Қайсысы соңғы болатынын біз білмейміз. Сондықтан әрбір сәттің қадірін біліңіз. Адам өлім қақпасына жеткенше өзгере алады, тәубесіне келе алады. Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ былай деген:
«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біл:
кәрілік келмей тұрып – жастықтың,
ауру келмей тұрып – денсаулықтың,
кедейлік келмей тұрып – байлықтың,
шұғыл іс келмей тұрып – бос уақыттың,
өлім келмей тұрып – өмірдің».
Қанша жаста болсақ та, өлім әрдайым тосыннан келері хақ. Ал уақыт – аз. Бірақ оны ақылмен жұмсай білсек, бәріне жетеді…
islam ru