Арақ – бүкіл бәленің көзі
Арақ – бүкіл бәленің көзі
8 жыл бұрын 19766
Қасымхан Абдуллаұлы

Жалпы, ішімдік – сөзі «ішуге болатын барлық сұйық заттарды» білдіргенімен, діни әдебиеттерде һәм еліміздің әдет-ғұрпында діни тұрғыдан ішуге болмайтын мас қылатын сұйық заттардың арнайы атауы. Фиқһ саласында бұл тақырып жалпы түрде «әл-әшриба» тармағында талқыланады. Қазақ тілінде «ішімдік» сөзімен де сол мағына, яғни, діни тұрғыдан ішуге болмайтын, мас қылатын алкогольді сұйық заттарды айтамыз.

Адамзат тарихындай көне тарихы бар және барлық кезеңдер мен қауымдарда болған ішімдік және оған үйреншікті болу – Құран түскен кезеңде Хижаз-араб аймағында да етек жайған әдет еді. Ислам адамзатты зұлымдықтан, адасудан және барлық жамандық атаулыдан сақтап, заттық һәм рухани бақытқа кенелтіп, адамның жан дүниесі мен қоғамға тыныштық сыйлауды мақсат тұтқан мейірім діні болғандықтан, адамның есін ауыстыратын, ақылын тұмшалайтын ішімдіктерге үзілді-кесілді тыйым салды. Әрі бұл жаман әдетке қарсы адамның ақылы мен еркі арқылы жасайтын күресінде оны жалғыз тастамай, қолдау мен тіреу болды. Ақиқат жаршысы Құран адамзатты жер бетіндегі ең қымбат, ең абыройлы жаратылыс ретінде сипаттап, таныстырады. Құранның «Тин» сүресінде:  «Расында адамзатты ең көркем бейнеде жараттық», – деп баяндауы осыны айғақтайды. Себебі адам баласына басқа жаратылыстарға берілмеген көптеген қасиеттер дарытылған. Сондықтан да асыл дінімізде адам баласының тәнімен бірге рухының да қорғалуы мақсат тұтылады. Оны төмендегіше түсіндіруімізге болады: Ислам діні жанды, ақылды, нәсілді және мал-мүлікті қорғауды бес негізгі қағида еткен. Бұларды қорғау тұрғысында Құран мен сүннетте көптеген әмірлер мен тыйымдар келтірілген. Міне, осы ретте Исламның мас ететін, ақыл мен рух тепе-теңдігін бұзатын, адамның жүйкесін тоздыратын заттардың қолданылуына тыйым салуы және бұларды қолданғандарды жазаға кесіп, адамдарды мұндай заттардан алыс ұстауға әмір етуі аса мәнді. Құран Кәрімде бұл туралы былай бұйырылған: «Ей, иман келтіргендер! Арақ, құмар, бұтқа табыну, бал ашу – лас, нәжіс шайтанның істерінен», сондай-ақ, аяттың жалғасында: «Расында шайтан, арақ және құмармен араларыңа дұшпандық, бір-бірлеріңді көреалмаушылықты салып, Алланы еске алумен намаз оқып, сауап алудан тосқысы келеді. Әлі де тоқтамайсыңдар ма?» – дейді.

Ал, Рахым пайғамбары (с.а.у.) бұл туралы былай деген: «Мас қылатын әр нәрсе хамр. (арақ, шарап) Ал әрбір хамр – харам». «Мас ететін нәрсенің азы да харам». Әнас ибн Мәлік (р.а.) жеткізген тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) араққа қатысты он нәрсеге: жасаушыға, жасатушыға, ішкенге, ішкізгенге, көтергенге, көтерткенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып ақшасын пайдаланғанға» лағынет айтып, тым ауыр түрде ескерткен еді. Осы хадистің үкіміне қарағанда, мұсылманның адамдарға арақ сыйлауына әсте болмайды. Тіпті, сыйлық ретінде яһудиге, христианға және басқа адамға беруі де харам саналады.

Бірде Пайғамбарымызға (с.а.у.) бір кісі арақ құятын ыдысты сыйға бермек болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол кісіге: «Бұл харам», – деп түсіндіреді. Ол кісі: «Бұл ыдысты сатайын ба?» деп сұрады. Пайғамбар: (с.а.у.) «Ішуге тыйым еткен Алла оны сатуды да харам еткен», – деді. Әлгі адам: «Мұны яһудиге сыйға берсем ше?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла харамды яһудиге сыйлық етуге де тыйым салған», – деді. Тіпті, арақ-шарап ішілген дастарханға отыруға тыйым салған еді.

Ал бүгінде осы уды наннан бұрын дастарханға қойып, жақыны мен туысын у беріп, сыйлауды алға қойған адамдардың ақиреттегі жайы қандай болмақ?! Қандай да бір қуаныш, тойларда Алланың харам еткенін қолға ұстап тұрып, тілек айту да бұлжымас қағидадай қалыптасып қалған. Шығыстың ен даласын жалпағынан басып, сауық-сайран салған бабаларымыз күндердің күнінде өз ұрпағының батыстан судай ағылған араққа санасы уланатынын білді ме екен?

Бүгінде бұл маскүнемдік қоғамды жайлаған індетке айналды. Иә, тәуелсіз қазақ елінде де осынау әлеуметтік індеттің тамыры тереңдеп бара жатқаны өзекті өртейді. Ішкіліктің салдарынан талай жастың өмірі қыршынынан қиылып, қаншама отбасының шаңырағы шайқалды. Арақтың адам денсаулығына ғана емес, қоғамға тигізер зияны да шаш етектен. Түрлі аурулар мен қылмыстардың да түп атасы – арақ. Оның салдарынан қаншама халық (ұлт) пен өркениет азғындыққа ұшырап, жер бетінен жойылып кеткені тарихтан мәлім.

Арақтың хазіреті пайғамбарымыз (с.а.у.) тарапынан: «Арақ барлық жаманшылықтың кілті», – аталғаны баршамызға белгілі. Өзіңіз ойлап көріңізші, отбасының берекесіздігі мен ажырасуды туғызып отырған ең үлкен бәлекеттің бірі де арақ әкелген тынышсыздық. Арақ тектес ішімдіктер жаралану, зорлық көрсету, адам өлтіру тағы басқа әртүрлі қылмыстың туындауының да ең басты себептерінен.

Жалпы арақты араб тілінде «хамр» деп атайды. Бұған ақыл-естен айыратын барлық мас қылатын ішімдіктер жатады. Мас қылатын ішімдік адамның ақыл-есін жоғалтып, жасырып тұратын болғандықтан, «жасырып тұру» түбірінен шығатын «хамр» атауы берілген. Араб тілінде әйелдердің жүзін жасырып тұратын орамал да осы сөзбен түбірлес «химар» деген атаумен аталады. Демек, арақтың кесірі адам ақылын алжастырып, оны өзіне есеп бере алмайтын күйге келтіруінде.

Шынында да ғылым мен техника дамыған сайын, бұл ақиқаттың туралығы дәлелденуде. Арақ тек денсаулыққа зиянды болып қалмастан, қылмыстың, жол апаттарының және жұмыссыздыққа ұрынудың да ең басты себептері болып отыр. Спиртті ішкілікті жүйелі түрде пайдалану бауырдың, жүректің, жүйке жүйесінің зақымдануына алып келеді. Жыныстық қатынас арқылы жұғатын ауруларды қоздыра түседі. Бұл кеселдің 70 пайызы мас болу кезінде жұқтырылатыны анықталған. Ащы суды пайдаланудың кесірі бедеулікке ұрындырып, ұрпақтың дене бітімі мен ойлау қабілетінің дұрыс жетілмеуіне де әсер етеді.

Құрамында алкоголь бар ішімдіктер дақылдар мен жемістердің шырынынан жасалады. Бұл ішімдіктердегі адамды мас қылатын, яғни, нақтылы залал келтіретін зат көбінесе этил спирті деп аталған химиялық зат. Әртүрлі арақта белгілі бір мөлшерде этил спирті болады. Сыра арақтың бір түрі, тек оның спирт дәрежесі біраз төмен болады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Арақ болмаса да мас қылатын нәрсенің ешбірін ішуші болмаңдар!» – деп ескерткен. Бұл жердегі «...мас қылатын нәрсенің ешбірін» дегенде яғни, сыра, коньяк, шампан, шарап, т.с.с. айтқан.

Арақ, адам денесінде бауырда буға (окситке) айналады, яғни, жанады. Осында су және көмір қышқыл газына дейін бөлінеді. Аз бір бөлімі бүйрек жолдарынан және тыныс арқылы ауыздан шығады. Сондықтан арақ ішкен адамның демі алкоголь сасиды. Арақ ішкіш адам қоғамға рухани және заттық ауыртпалық, қиындық туғызатын масыл күйге ұшырайды. Олар бара-бара «маскүнем боламыз» деп, әсте, ойламайды. Алайда, жүре келе маскүнемге айналып, өмірін де, ақиретін де құрдымға кетіреді. Расында, қоғамда мас адамды ешкім де жақсы көрмейді. Ішімдік ішкеннен кейін: науқасынан сауығып кеткен, кедейшіліктен құтылған, ел арасында абыройға ие болған пенде бар ма, бұл дүниеде? Ондай адам жоқ.

Арақ-шараптың науқастарды емдеуде қолдануға болатын болмайтындығын сұрағандарға Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ол – дәрі емес, дерт», – деп жауап берген. Өйткені, iшімдік – сау адамды ауру, байды кедей, абыройлыны жексұрын етедi. Дана халқымыз «Арақ – ардан айырады» деп бекер айтпаған. Әлемнің түкпір-түкпірінде ішімдік проблемасына қатысты түрлі-түрлі бас қосулар өтіп жатыр. Отырыстағы ғалымдардың барлығы біра-уыздан оның бір тамшысының өзінен адамның ағзасында және рухани болмысында кейбір кінарат (деформация) пайда болатынын талмай айтуда. Ал, екі жаһан саруары пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл туралы он төрт ғасыр бұрын үмбетін арақтан шектеп, кеткен.

Шынында да, бұл дүниеде арақ ішкен адамдар жексұрын көрініп, тіпті бала-шаға алдында да абыройы айрандай төгіліп жатқаны ақиқат. Мұның ар жағы үмітсіздікке ұрындырып, пен дені харамның батпағына батыра түседі.

Ғаламның Рақым нұры пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Ішкілік ішетін адам Қиямет күні Алла тағалаға мас күйде жолығады. Алла тағала:

– Ей, сорың құрғыр! Не ішкенсің? – деп сұрағанда, ол:

– Арақ, – деп жауап береді.

– Мен оны саған харам етпедім бе?

– Иә, харам еткенсің, – деп жауап береді. Осыдан кейін Алла

тағала оны отқа тастауға бұйырады», – деген.

1929 жылы Америкада мемлекеттің шешімімен араққа тыйым салынған. Сонымен қатар бұл жөнінде көптеген үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, ішкен адамдар қатты жазаланған. Бірақ бұған мемлекеттен көп қаражат жұмсалып, қанша күш-жігер салғанымен иман мәселесі болмаған соң олар табысқа жете алмаған еді. Ал, Ислам діні арақ ішуді қалай тоқтатты?

Жаһилият (Ислам діні келгенге дейінгі уақыт) заманында арабтар араққа қатты берілген. Тіпті, сол кездің өзінде арақтың 100 түрлі аты болғаны айтылады. Ислам діні келуімен араб жазирасында арақ ішу бірте-бірте жойылды. Алдымен адамдарды мас ететін ішімдіктердің жаман қасиеттері туралы ойланып, белгілі бір ой деңгейіне жеткізу көзделген еді. Арақтың зияны көп екені туралы: «Мұхаммед! Олар сенен iшімдік пен құмар ойнаудың үкiмiн сұрайды. Сен: «Оларда үлкен күнә мен адамдарға пайда да бар, алайда оның күнәсi пайдасынан тым зор, деп айт» деген насихаттық мағынадағы аят келді. Бұл аят түскеннен кейiн мұсылмандардың бiразы iшкiлiктi тастайды. Алайда, аяттағы «адамдарға пайда бар...» деген сөзге иланып әлi де ішімдіктен тыйыла қоймағандар да баршылық едi. Соның бiрi әйгілі сахаба Абдурахман ибн Ауф намаз оқып тұрып «Кәфирун» сүресiндегi: «Сендер (яғни, кәпiрлер) құлшылық еткен нәрселерiңе мен құлшылық етпеймiн» деп оқудың орнына, iшiмдiктiң әсерiнен: «Сендер (яғни, кәпiрлер) құлшылық еткен нәрселерiңе мен де құлшылық етемiн», деп аяттағы «лә» шылауын тастап кетеді. Осыған байланысты Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Ей, мүминдер! Не айтып жатқандарыңды бiлмейiнше мас күйде намазға жақындамаңдар!» деген, арақты тыюдың екінші сатысындағы аят түсiрiлді. Тағы бiр отырыста iшiмдiктің әсерiмен қызу күйге түскен муһажирлер мен ансарлар әрқайсысы өздерiн мақтай бастайды. Мақтанудың соңы қызғаныш, ренiш, төбелеске ұласты. Осы оқиғадан кейiн жоғарыдағы «Маида» сүресiнiң 90-91 аяттары уахи етiлiп, iшімдікке толық тыйым са-лынды. Яғни, Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер! Арақ, құмар, бұтқа табы-ну, бал ашу – лас, нәжіс шайтанның тірлігінен. Шайтан, арақ және құмармен араларыңа дұшпандық, бір-бірлеріңді көреалмаушылықты салып, Алланы еске алумен намаз оқып, сауап алудан тосқысы келеді. Әлі де тоқтамайсыңдар ма?» деген үкімі арқылы түбегейлі тыйым салынды. Дәл осы аяттар түскен күні Мәдина мұсылмандары үйлерiндегі ішімдікті сыртқа төкті. Сахаба Әнас ибн Малик бұл оқиға туралы: «Iшкiлiкке тыйым салынғаннан кейiн бiз үйлерiмiздегi арақ-шарапты көшеге шығарып төктiк. Төгiлген iшiмдiктiң көптiгi сонша бiрнеше күн бойы Мәдина көшесінен iшімдіктің иiсi мүңкiп тұрды», – деген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мәдина тұрғындарынан үйлерiндегi арақ-шарапты шығаруын бұйырып, ыдыстардағы iшкiлiктi өз қолымен төктi. Осы оқиғадан кейiн сахабалардың ешбiрi iшiмдiк iшпеген және оның саудасымен де айналыспаған.

Аятта «шайтанның лас жиіркенішті істері» деп аталған арақ адамға рухани һәм тәндік тұрғыдан тигізетін зардабы мен зиянын қатардағы қарапайым адамның өзі байқай алатындай, ғылыми зерттеу жұмыстарында да бұл мәселенің нәзік тұстары туралы маңызды қорытындылар шығарылуда. Бүгінгі статистика бойынша жер бетіндегі халықтың үштен бір бөлігі ішімдік тұтынатындар. Ол дегеніміз 6 миллиардтан астам халықтың 2 миллиарды спирттік ішімдік тұтынады деген сөз. Өкінішке орай, Қазақстан тұрғындары да ішімдікті көп тұтынатын елдердің қатарында екен. Жалпы еліміздегі халықтың 35,5 пайызы ішімдік тұтынса, ал 300 мыңнан астам адам ішімдікке салынғандар, дейді мамандар. Еліміздегі халық тұтынатын ішімдіктің бір жылдық мөлшерін жан басына шаққанда 12 литр арақ, 31 литр сырадан келеді екен. Бұл статистикалық мәліметтен ұғатынымыз, дүкен сөрелерінде шөлмектердің орын алуы экономикалық заңдылық бойынша сұраныстан туындап отыр. Сұраныстың қажеттілігін өтеу өндірушілер мен саудагерлер үшін таптырмайтын табыс көзі.

Америкалық академик Жулиус Херш көп жыл арақтан арылу мәселесін зерттей отырып, маскүнемдiкке қатысты жазылған еңбегiнде: «Мұхаммед (с.а.у.) Құран арқылы арақты шектеп және ғасырлар бойы адамзаттың бір тобын арақтың зардабынан қорғай бiлді. ХХ ғасырда өркендеген Америка әртүрлi ұрандар көтеріп және ғылыми конференциялар ұйымдастырып ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады», – деп ашық мойындайды.

Ішімдікке қатысты хазiретi Осман (р.а): «Ей, жамағат! Алламен ант етем! Бiр жүректе маскүнемдiк пен имандылық бiрге тоғыспас. Оның бiрi екiншiсiн құртады» десе, хазiретi Біләл (р.а): «Шараптың бiр тамшысы құдыққа тамып, кейiн сол құдықтың үстiне мұнара көтерiлсе, мен сол мұнарадан азан айтпас едiм. Егер шараптың бiр тамшысы теңiзге тамып, кейiн ол теңiз кеуiп, орнына шөп өнiп шықса, мен одан пайдаланбас едiм»,– дегені арақтың қаншалықты лас, харам екендігін білдірсе керек.

Адамды бiр ғана микроб өлтiруi мүмкiн. Сол сияқты ішiмдiктiң бір тамшысы жүректегi иманды жояды. Жаратушысының әмiрiне бой ұсынудан алыстатады. ХІХ ғасырда өмір сүрген Тайжан биден ақырзаман қашан болады? – деп сұрағанда: ақырзаман белгілерін айта келіп:

Ашытқан судан асы болады,

Адал-арамды білмейді.

Азған адам осы болады,

Адамда шолақ өмір болады.

Құлшылық деген кәсіп болады,

Ұрлық деген нәсіп болады.

Етпен майды ас демейді,

Шарапсыз ас жемейді.

Ақырзаман осы болады! – деп жауап беріпті.

Ел боламыз десек ең алдымен халқымыздың тамырына балта шабатын арақтан аулақ болғанымыз абзал. Осы арақтың кесірінен небір қауымдар құрып кетті. Арақ атамыздан қалған ас емес.

 

2 пікір
  • Ассалаумагалейкум!
    Мен бир билимди кисиден естигенмин, Алла тагала адамга аракты харам кылмаган. Адамдар намаз уактында кисайып турган. Сосын Алла тагаладан аят келген намаз оку кезинде окымандар деген, оныда дурыс колдана билмеген сон тугел ишуге тиым салынды деген ушинши аят тусти деген. Сол соз каншалыкты рас? Осы келип тускен 3 аят туралы толыгырак айтып беринизши отиниш.
    7 жыл бұрын
    • Бұл, сауалға арнайы тоқталып, негізі ұзақ бір мақала жазу керек. Дегенмен, ой қалыптасатын бірер пікір қалдырсам деймін.
      Бұл Арақты харам қылудың басты себептері жоғарыда бірнеше аят, хадистер келтірілген. Сол, мәтіндерге дейін қойып, мән берсеңіз Арақ - адамды мас қылатындығы үшін харам қылынған. Себебі мас болу "бүкіл жамандық атаулының бастауы", оны өмірде түрлі сұмдықтардың куәсі ретінде баршамыз жақсы білеміз.
      Алайда, сіз айтып отырған үш кезең, басында арақ ішуге рұқсат еді деген сөз емес. Діннің кең етек ала бастауымен "қараңғылық діуірі"нен қалған бұрыс нәрселерге уақыт-сағатымен тиымдар салына бастады. Жоғарыдағы үш кезеңді шариғатымызда жалпы "Тадарруж" яғни бірденен тиып тастамастан, әр кезеңде түрлі оқғаларды себеп қылып, арақтың салдары қандай жағдайға апаратынын сезіндірумен жәймендеп тиым салған болатын. (Бұл, кезеңдердің өзіндік оқиғалары бар). Құрандағы әр аяттың өзіндік түсу себебі бар. Сол себеп болған оқиғаға байланысты емес, жалпы мас қылатын жаман қасиетінен харам қылынған. Сондай жаман қасиеттердің бірі болған, Пайғамбарымыз (с.а.с) Алла елшісі болмай тұрған "қараңғылық заманда" бей күнә жаңа туылған қыздарын (намыс санап) тірідей көметін кезең болғанын тарихан білеміз. Діннің келуімен, Құранда "Қандай күнәсі үшін өлтірілді" - деген мағынадағы аяттармен ол жаман надандыққа тосқауыл қойылған болатын. Айталық, сондай надандық іс болмағанда оған тиым салынбас еді деп айта алмаймызғой. Бұл, жерде сол оқиғаларға байланысты емес, туған қыздарын намыс көріп, бей күнәларды тірідей көміп, қинап өлтіретін қорқынышты надандықтары үшін тиым салынған болатын. Арақта дәл солай, қорқнышты көлік апаттары, қаншама отбасылардың ойран болулары, арақтың нәтижесінде кемтік сәбилердің дүниеге келулері сынды көптеген жамандықтары үшін Харам қылынғантын. Олай болса, жоғарыдағы кезеңдерді сылтауратып, арақты адалдап алуға еш негіз жоқ.
      Сіз айтып отырған, бір білімді кісінің емес. бұл арақты харам екендігін толық баяндап берген осы Құранды түсіндіру үшін Елші етіп таңдалған әз пайғамбарымыз (с.а.с) қаншама хадистерінде, одан бері бірде бір сахабалар, олардың көзін көрген табиғиндар, одан бері қарай қаншама әйгілі ғалымдардың бірде біреуі ұш кезеңге байланысты ғана харам болды деп айтпаған. Олай болса, білімді деген бір кісіңіздің сөзіне ермегеніңіз абзал. Яғни, сондай қате пікір қалыптасып қалмасын санаңызда!
      4 жыл бұрын