Арам табыс қабір азабын тудырады!
Арам табыс қабір азабын тудырады!
4 ай бұрын 3565 islam.kz/ Фото: ЖИ

Адал еңбекпен тапқан нан – тек қарын тойдыратын азық емес, адамның ары мен рухын, отбасының тыныштығы мен қоғамның тұрақтылығын сақтап тұратын ұлы құндылық. Ал арам жолмен келген дүние – сырттай жылтырап көрінгенімен, жүректі қарайтып, өмірге береке әкелмейтін, о дүниеде сұрауы ауыр болар азапты жүк.

Адалдық – мұсылманның сипаты

Ислам діні адал табысты – иманның бір көрінісі. Адал еңбек етуді – ғибадаттың бір түрі деп бағалайді дініміз. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді:

«Ей, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адал және тазасынан жеңдер...»
(Бақара сүресі, 168-аят)

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с):

«Адамның адал табыстан жегенінен артық жақсы ас жоқ...» -
(«Сахих Бұхар»)

- деп, адал еңбектің қадірін ерекше атап өткен.

Алайда бүгінгі қоғамда бұл ұлы қағидадан алшақтаған жандар аз емес. Біреулер мемлекет қаржысын жейді, біреулер халықты алдап, артық өлшеп, таразыны бұзып баюды ойлайды. Енді бірі құмар ойын, лотерея мен букмекер арқылы «табысқа» кенелемін деп, өмірін де, иманын да құрбан етіп жатады.

Қасиетті Құранда Алла Тағала «әл-Мутаффифин» сүресінде:

«Өлшеп-тартып бергенде кемітетіндерге нәлет болсын!» -
(әл-Мутаффифин, 1-аят)

- деп ашық ескерту жасаған. Саудагерлердің өлшегенде, тартқанда, өлшем құралында айла жасауы – жасырын ұрлықтың нақ өзі. Мұндай әрекетпен байыған адамның кәсібінде береке болмайды. Ол біреудің ақысын жеу – о дүниеде азапталуға әкеп соғады.

Құмар ойын – шайтанның ісі

Құмар ойын – тек ақша ғана емес, адамның ақыл-санасын, отбасының берекесін, қоғамның тыныштығын жалмап жатқан кесел. Құранда бұл жайлы былай делінген:

«Ей, иман келтіргендер! Арақ, құмар ойын, тік тұрып тігілген тастар (пұттар) мен бал ашатын оқтар – шайтанның істерінен. Сондықтан олардан аулақ болыңдар, бәлкім құтыларсыңдар». (Мәида сүресі, 90-аят)

Бүгінде кейбір жастар «букмекерлік кеңсе» мен лотерея арқылы оңай олжа тапқысы келеді. Алайда ол олжа – харам, арам табыс. Мұндай табыстан тек уақытша қуаныш, бірақ өмір бойғы өкініш келеді. Құмар ойынның соңы – кедейлік, тәуелділік, ажырасу, тіпті кейде өлім, ал о дүниеде тәубе етпей өліп кеткен мұсылман үшін азап әзір тұр.

Харам нәрсе сату

Харам заттарды сату да дінімізде тыйым салынады. Арақ, есіртке, өсім – бұлар қоғамды жалмайтын арам істер. Ал олардан тапқан табыс о дүниеде от болып алдынан шықпақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

««Алла тағала арақ-шарапқа қатысты он кісіні лағынеттеді. (Олар): арақты өндіруші, өндіруге тапсырыс беруші, ішуші, араққа тапсырыс беруші, тасушы, құюшы, сатушы, одан түскен пайданы көруші, оны сатып алушы және араққа жұмсаушы». (Тирмизи, «Сүнән»). деген.

Тағы бір хадисте:

«Шынында Алла Тағала бір нәрсені жеуді харам еткен болса, одан түскен табысты да харам етті», - делінген.

Яғни ішімдік, есірткі, порнография, өлексе сату, арам өлген малдың етін сату, есектің етін сату, шошқаның етін сату т.б. – табыс емес, апат. Қоғамда кейбіреулер «бұл мен ішіп жатқан жоқпын ғой» деп өзін ақтап алғысы келеді. Алайда харамды тарату – оның күнәсіне ортақ болу деген сөз.

Бір адам харам зат сатып отырып мешітке садақа берсе, оның садақасы қабыл болмайды. Өйткені Алла Тағала – таза, тек таза нәрсені ғана қабыл етеді.

Жемқорлық – халықтың қарғысына қалу

Жемқорлық – елді іштен жегідей жейтін індет. Парамен қызметке орналасқан адам – біреудің орнын, парамен байыған адам – біреудің несібесін ұрлап отыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Пара беруші де, алушы да – тозақтық» - 
(Ахмад, Әбу Дәуд)

- деп кесіп айтқан. Қоғамда әділет орнауы үшін ең алдымен адамдар жүрегінен адалдық орын алуы керек.

Қорытынды:

Бүгінгі қоғамды өзгертем десек, ең алдымен әр адам өзінің табысына қарауы тиіс: адал ма, арам ба? Қарапайым ғана нан болса да, маңдай термен келсе – жүрек тыныш, өмір берекелі. Ал арам жолмен келген табыстың соңы – өкініш, тозақ, тіпті бұл дүниеде-ақ абыройдан айыруы мүмкін.

Адал табыс – адамды тік жүруге үйретеді. Алламен де, адаммен де бетпе-бет келуден қорықпайтын халге жеткізеді. Сондықтан әрбір мұсылман, әрбір азамат адал жолмен еңбек етуге, таза тірлік кешуге ұмтылуы тиіс.

0 пікір