Ар-ұяты күшті жастар
Ар-ұяты күшті жастар
9 жыл бұрын 4731
Асқар Болатбекұлы

كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ أَشَدَّ حَيَاءً مِنَ الْعَذْرَاءِ فِي خِدْرِهَا، فَإِذَا رَأَى شَيْئًا يَكْرَهُهُ عَرَفْنَاهُ فِي وَجْهِهِ

«Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бейне бір оң жақта отырған беті ашылмаған жас қыздан да ұятты еді. Біз оның өзіне ұнамайтын қандай да бір жағымсыз нәрсені көргенін (қызарғанын) жүзінен-ақ байқайтын едік»

(Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) жеткізген. Бұхари, Әдәб 72; Мүслим, Фадайл 67)

 

Хадиске түсіндірме 

Бұл хадисте Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұяттылығымен қатар, оның бойындағы осынау ізгі қасиеттің бәрінен бұрын жастарға көбірек жарасатындығы тілге тиек етілген. Бұл хадисті жеткізген хазірет Әбу Сағид әл-Худридің (р.а.) жас сахабалардың бірі болғандығы да хадистің мән-мағынасымен үйлесім тапқандай.

Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құзырында жағымсыз сөз айтқан немесе жат қылық көрсеткен кісінің айыбын бетіне баспайтын салиқалы жан еді. Сахабалар Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдында аңдаусызда қандай да бір ұятты іс істеп қойғандарын оның мүбәрак жүзінен аңғаратын. Расында, бұл оның сахабаларын тәрбиелеу жолындағы әсерлі де, соны әдістерінің бірі еді.

Көргенді ортада өсіп, тиісті діни тәлім-тәрбие алған жас қыздың ес біліп, етек жапқаннан бастап киім киісінде, сөз саптауында және жүріс-тұрысында балалық шақтағыдай еркін емес, әлдеқайда ықтиятты болары және ар-ұят пен ибалылықты бәрінен жоғары қоятыны бесенеден белгілі. Міне, жоғарыдағы хадисте пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай бетмоншағы үзіліп тұрған жас қызға ұқсатылуда. Сондағы мақсат – оның теңдессіз әдебі мен ар-ұятының күштілігін баяндау. Өйткені, жан-дүниесі мейірім, жанашырлық сынды асқақ сезімдермен безендірілген, пәктік, тазалық және тектіліктің рәмізі болған нәзік жандардың бойындағы ең айқын қасиет ар-ұят екені белгілі. Адам баласының қадірін арттыратын осынау ізгі қасиет пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең басты ерекшеліктерінің бірі еді.

Сол себепті, бүгінгі жастар арлылық пен ұяттылық мәселесінде ең алдымен ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бен сахабаларды үлгі тұтуы керек. Өйткені, ар-ұят – адам баласын тек арсыздықтан ғана емес, жамандық атаулы мен жағымсыз қылықтардан сақтап, абыройлы қылатын ізгі қасиет. Тіпті, ар-ұят жүректегі иманның кәмілдігінің бірден-бір кепілі десек те болады. Себебі, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Ар-ұят та иманның бір тармағы»[1], – деген. Сондай-ақ бірде ансарлық бір сахаба бауырына «осы сенің-ақ бетмоншағың үзіліп тұрады екен, бүйте берсең бәрінен құр қаласың ғой» деп жазғырғанында, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Оны жайына қоя бер. Расында, ар-ұят иманнан», – деп айтқан. Яғни бұл иманды адамның күнәлі істен бойын аулақ салатынындай, ар-ұяты бар адам да жамандық атаулыдан аулақ жүреді деген сөз. Міне, сондықтан жастық шақта нәпсіге азып, күнәға батпау үшін жастарымызды титтейінен имандылық пен ибалылыққа баулуымыз керек.

Әр адамның отбасында, еңбек ұжымында, қоғамда және Алла алдында атқаратын белгілі міндеттері мен арқалайтын жауапкершілігі болатыны белгілі. Осыған орай, ар-ұят – адамға өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс атқаруы үшін берілген жауапкершілік сезімін қамшылайтын бірден бір сезім десек болады.

Иә, шүбәсіз, Хаким Алла адам баласын ет пен сүйектен ғана жаратып қоймай, оның жан-дүниесін түрлі қасиеттермен, әр алуан сезімдермен безендірген. Әрине, мұны белгілі бір хикметпен істеген. Яғни, Хақ тағала жұмыр басты пендесіне ар-ұят сынды асқақ сезім берсе, именшек, жасық болсын деп емес, күнәдан, арсыздық атаулыдан іргесін аулақ салсын, ардан аттап, адамгершіліктен безбесін деп берген. Осыған орай, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген екен: «Расында, адамзатқа алғашқы пайғамбарлардан жеткен хақ сөз – ар-ұятың болмаса, білгеніңді істе, деген сөз»[2].

[1] Бұхари, Иман 3; Мүслим, Иман 58
[2] Бұхари, Әдәб 78

0 пікір