Әр әйел хайыз кезінде істеуі тиіс 6 ғибадат
Әр әйел хайыз кезінде істеуі тиіс 6 ғибадат
6 жыл бұрын 23662 islam.plus
Аударған Меруерт БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Балалық шақта көп уақыт мектептегі оқудан кейін ұзақ күткен жазғы демалыс басталады, сол кездегі сезім естеріңізде ме? Бұл демалысты балалық шағымызда көп күттік. Бірақ жазғы күндер өтті, біз әлі де сыныпқа қайта оралуға тиіспіз және ала жаздай мұның барлығын ұмытып кеткенбіз. Жаз бойғы тыныштыққа бой үйретіп, жалқаулыққа бой алдырған біздерге қайтадан оқуға барып, бірден сабақ оқуды жалғастыру айтарлықтай күрделі болатыны сөзсіз.

Кейде мұндай құбылыс, сезім әйелдерде хайыз (етеккір) кезінде болады. Біз әрдайым уақытында намаз оқимыз, ораза ұстап, Құран оқып жатамыз, бірақ бұл күндерден кейін дереу "демалыста" жүргендей еркін сезініп,  енді бір-екі күн ештеңе жасай алмайтындай иллюзияға жол береміз.

Алайда бұл олай емес! Шын мәнісінде, бұл кезең басқа ешбір уақытқа ұқсамайтын, әйел бойындағы ізгі қасиеттерін арттырып, өзін-өзі дамытуға, руханиятты үйренуге көп уақыт бөлуге лайықты мезгіл.

Айша (р.а.) жеткізген хадисте былай делінген: «Дұрыс жолды ұстанып, оған жабысыңдар, жақындастырыңыз (яғни, сендердің күштерің жететін істерді, амалдарды тұрақты ұстаныңдар) және біліңдер, бірде-біреуіңді өз істерің жұмаққа жеткізе алмайды және Алланың алдында жақсы амал-аз болса да ұдайы жасалған амал" (Сахих Бухари). Айтылмыш хадис Раббымыздың сенушілердің үнемі әрі тұрақты істерін бағалайтындығын айқындайды. Осы әділ істерді орындау кезінде ер адам мен әйелдің "демалыс" құқығына ие емес екенін білдіреді. Тіпті қозғала алмасаңыз немесе сөйлей алмасаңыз да, Алланың қасиеттері туралы ойлану жеткілікті, бұл да ғибадат болады.

Әрбір әйелдің ай сайын хайызды болуы оның ай сайын рухани өсуіне кедергі, яки мәселе емес екендігін түсінуі маңызды. Көптеген әйелдер айлық цикл - бұл игілік емес, ауыртпалық деп теріс ойға барып жатады. Алайда мұсылман әйел ретінде бізге жоғарыдан жіберілген барлық нәрсе - игілікке толы екендігін білеміз әрі Алла бізге ауыртпалық бермейді, керісінше, бізге бұл діндегі жүктемемізді жеңілдетуге арналған. Осы тұрғыдан алғанда, етеккір әрбір әйелге ай сайынғы сыйлық болып табылады.

Онсыз ол аналық қуанышты сезінбей, сау әйел болмас еді. Сондықтан, айтылған сыйды тиісті түрде иелену үшін сіз өз көзқарасыңызды қайта қарауыңыз қажет әрі бұл жайындағы өнімді ойларыңыз басқа әйелдерге де оң ықпалын тигізеді.

Енді хайыз-бұл игілікке толы болатын қайырлы сыйлық және ешбір нәрсеге тосқауыл болмағанын түсіндік, енді осы күндердің барлығын қалай өткізуге болатыны төңірегінде ой өрбітеміз. Шын мәнінде, осы кезеңде біз көп нәрсе жасай аламыз, біз осы орайда олардың тек бірнешеуін ғана қарастырамыз.

1) Кешірім сұрау (истиғфар). Ендеше, бұл күндер істеген барлық істеріңіз үшін Алладан кешірім сұрайтын кезең. Кешірім сұраудың  дұғасы осылай болуы мүмкін: "Алла, сен менің Раббымсың, Сенен басқа құдай жоқ. Сен мені жараттың, Мен сенің құлыңмын. Мен өзіммен келісімімді сақтап, уәде етемін. Мен өз ісімнің жамандығынан сені паналаймын және күнәларымды мойындаймын. Мені кешір, өйткені, өзіңнен басқа ешкім күнәларды кешірмейді".

2) Құранның емдік қасиеттеріне жүгіну. Етеккір күндері, әсіресе, бірінші күндері, көптеген әйелдер жатыр бұлшықеттерінің қысылуынан туындаған спазмаларға ұшырайды. Әлбетте, бұл кезең - өте ауыр, алайда, Аллаға шүкір, бізде ең жақсы дәрі бар, ол - Құран. Құранда осы жайында былай баяндалған: "Құраннан, мүміндерге, шипа және рақмет түсіреміз. Ол, залымдардың зиянын тым арттыра түседі".(Құран, 17: 82). Әйелдің айлық кезеңінде Құранға қол тигізбеуі және оны оқуы мүмкін болмаса да, оның әдемі аяттарының жазбаларын тыңдай аламыз. Бұл аяттар ағзаның ауырсынуын жеңілдетеді және сонымен бірге бізге Раббымыздың мейірімін ойландыртып, ауырсыну мен ыңғайсыздықты жеңуге көмектеседі. Бұл мағынада "әл-Фатиха", "аятул Күрсі" мен «әл-Бақара» сүресінің соңғы екі аятына назар аударыңыз.

3) Күйеуімен қарым-қатынасты жақсарту. Әрбір әйел тұрмысқа шыққан соң оған дін арқылы жүктелетін және қоғам көздеген міндеттерді орындаймын деп үміттенеді. Бірақ некедегі өмірде ғана бұл міндеттердің орындалуына жол ашылады. Хайыз кезінде мұсылман әйелге күйеуімен физикалық қарым-қатынасқа жол берілмейді, бірақ бұл жақсы көретін адаммен қарым-қатынастың басқа қырларымен танысудың тамаша уақыты. Әл-Асуад Айша анамыздың сондай күндері Пайғамбарымыздың (с.а.у.) басын жуғанын жеткізеді.

Әйелдің әрдайым есіне түсетін көңіл-күйдің кішкентай көрінісі де маңызды, күйеуімен арасындағы нәзік, үйлесімді қарым-қатынас ерлі-зайыптылардың достығын білдіреді. Ақыр соңында, күйеуі мұсылман әйелдің жәннатқа баруының басты жолы бола алады.

4) Жаңа өмір, жаңа жоспарлар. Алла әйелдің денесін өзінің жаратылыстарына арналған ыдыс ретінде пайдаланады. Әйел денесінде жаңа өмір пайда болады. Бұл керемет ғажапты сезіну үшін әйел бақытты болды. Айтулы кезеңде әйелдер денесінде жаңа өмірге арналған дайындық кезеңі өтеді. Тіпті әйел күйеуге шықпаса да, жүкті болмаса да, осы айдың күндерінде ол бейсаналық түрде жаратылысқа бейімделеді. Ай сайын мұсылман әйелдер аталмыш кезеңде намаз оқымағандықтан, қосымша бос уақыттары болады, мұсылман әйел жаңа бір нәрсені бастау үшін сол уақытты тиімді  пайдалана алады. Кім білсін? Бәлкім, ол жаңа қайырымдылық жобасы шығар. Жеке кәсіп немесе кітап жазу болар. Яки, Исламға шақырудың жаңа жоспары болар. Сіздер үшін ештеңе күрделі емес!

5) Зікір, Алланы еске алуды күшейту. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.у.) былай деген: "Шындығында, "Аллаға шүкір" /Сүбхан Алла/, "Аллаға мадақ" /Әлхамдулилла/, "Алладан басқа Тәңір жоқ" /ла иллаһа илла  иллаһу/ және "Алла-Ұлы" /Аллаһу акбар/ деген сөздерді айтыңыздар" (Муслим, Тирмизи).

 Көптеген әйелдер,  хайыз кезеңінде намазды оқи алмағандықтан, біршама уақыт бойы ғибадат ету мүмкіндігін жіберіп аламыз деп ойлайды.Бұл жағдайда намаз уақыты келген сәтте оның орнына Алланы зікір ету абзал болар еді. Осылайша, айтылмыш кезеңде мұсылман әйелдің Ұлы Жаратушымен байланысы тек әлсіреп қана қоймайды, керісінше, күшейіп, нығая түседі. Әр уақытта Жаратушыны еске алуға орын мен уақыт табылатындығын Алла Құранда былайша баяндаған: "Олар (ақыл иелері) отырса да, тұрса да, жантайып жатса да Алланы еске алады. Көк пен жердің жаратылысына ой жүгіртеді де, (былай дейді): "О, Раббымыз! Бұларды бекер жаратпадың, біз сені барлық нұқсаннан пәк деп білеміз. Бізді тозақ отынан сақтағайсың!"(Құран, 3:191).

6) Білім әртүрлі болады."Білім алуға ұмтылған адамға Алла жұмаққа апаратын жолды жеңілдетеді"(Ибн Маджа).

Бүгінгі күні білім алу мүмкіндіктері біздің қолымызда: кітапты іздеп, тысқары шығуға тура келмейді, жай ғана ғаламторға кіріп, пайдалысын іздеу керек. Қазіргі заманауи электронды технологияны тиімді пайдалану сізге кітаптар мен мақалаларды оқуға, тіпті дәрістерді онлайн түрінде көруге мүмкіндік береді.

Бірақ білім алу - білімнің жартысы ғана. Екінші жартысы - алған білімді басқалармен бөлісу. Сіз әйелдер үйірмесінде қызықты тақырыпты талқылауды ұйымдастыра аласыз. Түйіндей келгенде, жалпы әйелдердің осы күндерінде көптеген пайдасы мол қайырлы істермен айналысуына толықтай мүмкіндіктер туындайды.  

0 пікір