Ақырет күніне және қайта тіріліп, сұраққа алынатындарына сенбейтіндерге жауап ретінде Алла тағала Құранда бұл дүниенің өзінде-ақ өлтіріп, сосын қайта тірілткен адамдары жайлы алты мысал келтірген:
1. Алла тағала «Алланы ашық көрмегенімізше саған еш иман келтірмейміз» дегендері үшін Өзі өлтіріп, сосын қайта тірілткен Мұсаның (ғ.с.) қауымындағы адамдар жайлы: «Сендер: «Ей, Мұса! Алланы ашық көрмегенімізше саған мүлдем иман келтірмейміз», – деген кезде, сендерді қарап тұрған халдеріңде жасын алған еді. Сонан соң шүкірлік етерсіңдер деп, өлгендеріңнен кейін қайта тірілттік», – деп баяндайды («Бақара» сүресі, 55-56 аяттар).
2. Құран Кәрімде Алла тағала: «Сендер біреуді өлтіріп, сол жөнінде дауластыңдар. Алла жасырғандарыңды ортаға шығарушы. Сонда: «Оны (өлікті) оның (сиырдың) кейбір (бөлігімен) қағыңдар», – дедік. Осылайша, Алла өліктерді тірілтіп, сендерге ақылға келерсіңдер деп Өз аяттарын көрсетеді», – деген («Бақара» сүресі, 72-73 аяттар).
Бұл аят өз араларындағы өлтірілген біреудің төңірегінде дауласқан исраилдіктер жайлы. Алла тағала оларға бір сиырды сойып, оның бір мүшесімен өлікті қағуды бұйырған. Олар өздеріне бұйырылғанды орындағаннан кейін Алла тағала өлікті тірілтеді. Сонда ол өзін өлтіргенді айтып беріп, сосын қайта өлі қалпына түскен.
3. Алла тағала оба ауруына ұшырап қашқан исраилдіктерді өлтіріп, кейін қайта тірілткендігі туралы: «(Мұхаммед!) Өлімнен қорқып, өз жұрттарынан шығып кеткен мыңдаған адамдарды көрмейсің бе?! Алла оларға: «Өліңдер», – деді де, кейін қайта тірілтті. Расында, Алла – адамдарға кеңшілік Иесі. Бірақ адамдардың көбі шүкіршілік қылмайды», – деген («Бақара» сүресі, 243-аят).
4. Алла тағала өлтіріп, сосын жүз жылдан кейін қайта тірілткен Ғұзайыр (ғ.с.) жайлы: «Немесе іргетасына дейін қиратылған ауыл үстінен өткен кісіні көрмедің бе? Ол: «Алла мұны өлгенінен кейін қалай тірілтер екен?» – деді. Сонда Алла оны жүз жыл өлі күйінде қалдырып, кейін қайта тірілтті де: «Қанша уақыт жаттың?» – деді. Ол: «Бір күн немесе күннің бір бөлігіндей жаттым», – деді. (Алла): «Олай емес, сен онда жүз жыл жаттың. Тамағың мен сусыныңа қарашы, мүлдем бұзылмаған. Сондай-ақ есегіңе қара, біз сені адамдарға аят-белгі қылу үшін осылай еттік. Ал енді сүйектерге қара, оны қалай құрастырып, кейін (қайтіп) ет қаптайтынымызға?! Оған жағдай айқындалған кезде: «Сөзсіз, мен Аллатың әр нәрсеге Құдіретті екенін білемін», – деп айтты», – дейді («Бақара» сүресі, 259-аят).
Яғни сонымен қатар Алла тағала оның шіріген сүйекке айналған есегін көз алдында қайта тірілткен.
5. Ибраһим (ғ.с.) Раббысынан өліктерді қалай тірілтетінін көрсетуді сұраған. Алла тағала оған төрт құсты сойып, боршалап, араластырып, оны төртке бөліп, төрт тауға апарып қоюды бұйырды. Сонан соң Раббысының әмірімен Ибраһим оларды шақырғанда құстардың боршаланған дене мүшелері пайғамбардың көз алдында бірігіп, қайта тіріліп келген. Бұл жайында Құранда: «Ибраһим: «Уа, Раббым! Өлілерді қалай тірілтетініңді маған көрсетші», – деп айтқанын есіңе ал. (Алла): «Сенбейсің бе?» – деді. (Ибраһим): «Әрине, (сенемін). Бірақ жүрегім орнығуы үшін», – деді. (Алла): «Олай болса, құстардың төртеуін ұста да, оларды (сойып, боршалап) алдыңа жиып қой. Сосын бөлшектерін әр таудың төбесіне қой да, оларды шақыр, сол бойда алдыңа жетіп келеді. Әрі Алланың өте Үстем, аса Дана екенін білгейсің», – деді», – деп баяндалады ( «Бақара» сүресі, 260-аят).
6. Алла тағала «Кәһф» сүресінде әңгімеленген үңгірдегі жігіттер туралы: «Олар үңгірлерінде үш жүз жыл жатты. Сондай-ақ (оған) тоғыз (жыл) қосыңдар», – деген («Кәһф» сүресі, 25-аят).
Яғни діндерін сақтап қалу мақсатында, тура жолдан адасқан қауымдарынан қашып келіп, бір үңгірді паналаған жігіттерді Алла тағала күн күнтізбесі бойынша үш жүз жыл ұйықтатқан (ай күнтізбесіне шаққанда бұған тоғыз жыл қосылады).