Алла Тағала адамға өз рухынан үрлеген, яғни оған иләһи сыйға қол жеткізуіне себепкер болатын қабілет берді. Оны «ахсани тақуим» (ең көркем пішінде) қадірлі етіп жаратты.
Алла құлдарын сүйеді. Құлдарының пейішке кіруін қалайды. Сол себепті Алланың құлдарын қор көру, төмен санау жаман қылық болып табылады.
Ақиқатына жүгінсек, Алла құзырында кімнің қадірлі екендігі бізге беймәлім. Хақ Тағала артықшылықты, қадір-қасиетті тақуалықпен есептейді. Ал тақуалық жүректе болады. Жүректің құпия перделері тек Аллақа аян. Адамның жүрегін ашып көру мүмкіндігі болмағандықтан, Хақ Тағаланың құзырында кімнің қадірлі, кімнің қадірсіз екендігі ғайып дүние.
Алла Елшісі (с.а.у.) бұл жайлы былай дейді:
«Шашы, сақалы ұйпа-тұйпа, киімі ескі, ешбір кісі қадірлемейтін көптеген жандар, Аллақа ант етсе, Алла оның антын орындайды». (Тирмизи, Мәнақиб 54/3854).
«Сендерге кімнің жәннаттық екендігін айтайын ба? Олар һәм на-шар һәм халық тарапынан нашар болып көрінгендіктен, ешбір жан мән бермейтін, алайда «осылай болады» деп ант етсе, қалауын Алла Тағала іске асыратын жандар. (Ал енді) сендерге кімнің тозақтық екендігін айтайын ба? Қатігез, дөрекі, сараң және паңданып жүретін тәкаппар жандар (болып табылады)». (Бұхари, Айман 9, Тәпсір 68/1, Әдеп 61; Мүслим, Жәннат 47).
Демек, мұсылманға жарасар қылық, әрқашан Алланың құлдары жайлы жақсы ой ойлау, оларға құрмет көрсету, жақсы мәміле жасау. Бұл жайлы Алла Тағаланың әмірі мынадай:
«Уа, иман келтіргендер! Бір қауым өзге қауымды тәлкек етпесін! Бәлкім олар, өздерінен жақсы шығар. (Сондай-ақ) әйелдер, әйелдерді келеке етпесін! Бәлки олар, өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңе жаман лақап тақпаңдар! Иман келтіргеннен кейін, пасықтық нендей жаман есім! Кімде-кім (осындай жаман әрекетінен тыйылып), тәубе етпесе, міне солар залымдардың нақ өзі!» (Хұжурат сүресі, 11-аят).
Аяттағы «Өз-өздеріңді мінемеңдер!» деген сөзден дін бауырын айыптауға кіріскен мүминнің, негізінде өзін айыптайтындығын аңғарамыз. Өйткені мүминдер бір-біріне бауыр болғандықтан, бір денеге ұқсайды. Сол себепті кез келген мүминге қолымен яки тілімен зарар тигізу, негізінде өзіне-өзі залал тигізумен бірдей.
Сонымен қатар аятта, кісінің абыройына нұқсан келтіретін ұнамсыз лақап тағуға, кез келген жанды мазақтау, қор көруге тыйым салынған. Демек, кісінің көңілін қалдыратын лақаптарды қолдану, мүминге лайық қылық емес. Өйткені Алла Тағала осы тәрізді жағымсыз қылықтарды «иманнан кейінгі пасықтық» деп сипаттайды. Әрі Алла Тағала пасықтықтың мүминге жараспайтындығын, осындай жағымсыз қылықтарды тәрк етіп тәубе етпегендердің сазайын беретіндігін тілге тиек етеді.
Адамдарды қор көру тек сөзбен ғана емес, іс-әрекет және қас-көз ишараты арқылы жүзеге асуы мүмкін. Алла Тағала мұндай ұнамсыз қылыққа тыйым салады:
«Бүкіл қорлаушы, өсекшіге нендей өкініш!» (Һүмәзә сүресі, 1-аят).
Құран Кәрімге көз жүгіртсек бұл сипаттың кәпірлерге тән сипат екендігін аңғарамыз. Кез келген мүминнің бойында мұндай сипат болмауға тиіс. Мүмин мүминнің бауыры. Оның ақысын жемейді. Төмен санамайды.
Алла Елшісі (с.а.у.):
«Алла Тағала маған: «Бір-біріңе қарапайымдылық көрсетіңдер! (Сонда ғана) ешбір жан өзгеге зұлымдық жасамайды. Әрі ешбір жан басқа біреуге тәкаппарланып, өзін артықпын деп санамасын!» - деп уахи етті» - дейді. (Мүслим, Жәннат 64; Әбу Дәуіт, Әдеп 40; ибн Мәжә, Зүһд 16).
Алла Тағаланың осындай әмірлеріне құлақ аспай, дін бауырын қор көрген кез келген жан үлкен зарарға тап болады. Бұған Алла Елшісінің (с.а.у.):
«Кісіге күнә ретінде, мұсылман бауырын қор көру жеткілікті», - деген хадисі айғақ бола алады. (Мүслим, Бирр 32).
Алланың құлдарын төмен санау, жүректе тақуалықтың болмауынан, тәкаппарлықтан туады. Қажы Байрам Уәлидің сөзіне құлақ ассақ:
«Тәкаппарлық – белге байланған тас секілді. Не ұшыртпайды, не жүздірмейді».
Хазірет Әбубәкір (р.а.): «Құл, дүние нығметтерінің біріне мас болып, тәкаппарланса, Алла Тағала сол нығмет одан кеткенше оны жек көреді», - дейді.
Бір күні Алла Елшісі (с.а.у.) маңайындағы сахабаларға қарап:
«Жүрегінде зәредей тәкаппарлығы бар жан, пейішке кірмейді», - деді. Сахабалардың бірі: «Адам, киімі мен аяқкиімінің әдемі болуын қалайды ғой», - деп бұл мәселені жақсылап түсінгісі келді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла әдемі. Әрі әдемілікті сүйеді.Тәкаппарлық болса, ақиқатты қабыл етпеу және адамдарды қор көру», - деген түсініктеме жасады. (Мүслим, Иман 147; Әбу Дәуіт, Либас 26; Тирмизи, Бирр 61).
Адамдарды қор көрудің, тәкаппарлықтың соңының қандай болатындығын көрсететін төмендегі мына хадистерге назар салайық.
Алла Елшісі (с.а.у.) былай дейді:
«Бір кісі: «Уаллаһи, Алла пәленшені кешірмейді», - деп ант-су ішті. (Мұны естіген) Ұлы Алла: «Пәленшені кешірмейтіндігіме, кімнің (ант ішіп) үкім беруге құқығы бар? Мен оны кешірдім, ал сенің амалдарыңды жоқ еттім», - деді». (Мүслим, Бирр 137).
Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа хадисінде былай дейді:
«Кімде-кім (өзін өзгелерден артық көріп): «Адамдар құрып кетті»,- десе, олардан бұрын өзі құриды». (Мүслим, Бирр 139; Әбу Дәуіт, Әдеп 77).
Құран Кәрімге жүгінсек, әрбір пайғамбардың қауымындағы мүшріктер иман келтірген мүминдерді қор көрген. Пақырлармен мәжілістес болуды ар санаған. Мысалы, Нұх (а.с.) пайғамбардың қауымындағы мүшріктер:
«Соңыңнан қор көрген жандар ерді екен деп, саған иман келтірейік пе?» - деп, пақырларды қуып жіберуін талап етті. Өйткені олар, пақыр және бейшара біреулердің сенген дінін хақ дін екендігіне иланбайтын. Ал Нұх (а.с.) оларға былай деп жауап берген болатын: «(Уа, қаумым!) мен иман келтіргендерді қасымнан қумаймын! (Өйткені) олар, міндетті түрде Раббыларына қауышады. Бірақ мен сендерді надан (қауым) деп ойлаймын! Уа, қаумым! Мен олардықасымнан қуып жіберсем, Алланың құзырында маған кім жәрдеметеді? Соны ойламайсыңдар ма?» (Хұд сүресі, 29-30 аяттар). Қысқасы, Нұх пайғамбардың (а.с.) қауымы және өзге қауымдар бұл қылығынан бас тартпады. Осы қылық олардың түбіне жеткен себептердің бірі болды. Бейшара немесе пақыр болып көрінген жан Алла құзырында бағалы болуы әбден мүмкін. Өйткені Алла Тағала адамның дүние мүлкіне, түр-түсіне назар салмайды. Ол тек өз жолында жан-тәнімен беріле еңбектенгендерді сүйеді. Дерекке сүйенсек, бір күні Хазірет Мұса (а.с.):
«Уа, Раббым! Сені қай жерден іздейін?» - деп Алла Тағалаға жалбарынады.
Алла Тағала: «Мені, көңілі жабырқап жүргендердің қасынан ізде», - деп уахи етеді. (Әбу Нұғайым, Хиля II, 364).
Сол себепті пайғамбарлар әрқашан мүминдерге құшақ жайған. Қанатының астына алып, қарайласып отырған. Әрі пайғамбарлар, даңдайсыған кәпірлерге «Көздеріңе қор болып көрінген жандарға, Алла ешқашан игілік жасамайды», - деп айта алмаймын», - деуден танбаған.
Мекке мүшріктері Алла Елшісінен (с.а.у.) маңайындағы пақыр мұсылмандарды жанынан ұзақтатуын, ең болмаса олар келгенде мұны істеуді талап еткен болатын. Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.а.у.) мынадай ескерту жасады:
«(Уа, Мұхаммед!) Күндіз-түні Раббыларына жалбарынып, оның разылығын тілегендерді қасыңнан қума! Олардың есебінен, сен жауапқа тартылмайсың! Әрі олар сенің есебіңнен жауапқа тартылмайды. Егер оларды қасыңнан қусаң, залымдардың қатарына кіресің! Осылайша біз олардың бәз біреулерін, өзге біреулермен: «Арамыздағы Алланың игілік танытқан кісілері, осылар ма?» - деп айтулары үшін емтихан еттік. Алла Тағала шүкіршілік еткендерді біледі емес пе?».
Мүшріктер қор көрген осы пақырлар, құлдар, түгі жоқ міскіндер, уақыт өте келе ғаламға сөз айтар деңгейге жетті. Ислами ғылымдар саласында сөзі өтерлік үлкен ғұламаларға айналды. Есімдері адамзат тарихында алтын әріптермен жазылды. Ұлы Раббымыз, бейшара мұсылмандарды қор көрген кәпірлердің ақыреттегі халін былай деп суреттейді:
«(Олар): «Бізге не болды? Өздерін жамандардан санаған адамдарымызды көрмей тұрмыз ғой», - деседі. Оларды келеке етумен, қателік жасадық па? Яки біз оларды көрмей тұрмыз ба?»(Сад сүресі, 62-63 аяттар).
Хазірет Мәулананың бұл жайлы білдірген көзқарасына көз жүгіртіп көрейік.
«Ешбір кәпірге қор көзбен назар салма! Өйткені мұсылман болып өлуі әбден мүмкін. Кәпір деген кісіңнің ғұмыры қандай күйде бітеді? Әлде одан хабардарсың ба? Неге одан сырт айналасың?».
Сонымен қатар Мәулана Халид Бағдадидің «Мактубатының» 16-хатындағы ақтық демнің таңғажайып ақиқатын былай деп жеткізеді:
«Халық көптеген нашар жандарға аяныш сезімімен қарап жүргенде, олар ақтық демінде иманын серік етіп, бұл дүниеден аман-есен кетіп жатады. Өкінішке орай көптеген ғалым, әйгілі тұлғалар заманның мүршидтері (жол көрсетуші көсемдері) бола тұра, ғапылдыққа түсіп имансыз көз жұмады. Демек, ақтық демге дейін босаңсуға жол беруге болмайды. Міне ақтық демнің маңыздылығы осындай бола тұра, өзін өзгеден артықпын деп мастану, тәкаппарлану нендей бақытсыздық! Ешбір жанды қор көрмеу жайлы Хазірет Бурсауи мынадай мысал береді:
«Мүмин ешқашан дін бауырын қор көрмеуі тиіс. Одан өзін артықпын деп санамауы қажет. Ібіліс Адамды (а.с.) қор көрді. Одан өзін артықпын деп есептеді. Осылайша мәңгі-бақи Алланың лағнетіне ұшырады. Мінекей, кімде-кім мұсылман бауырын қор көріп, одан өзін артықпын деп ойласа, заманның Ібілісіне айналады. Ал бауыры Адамның (а.с.) дәрежесінде болады». (Бурсауи IX, 79).
Осман Нұри Топпаш.
"Өркениет шыңындағы жауһарлар" атты кітабынан.