«Алланың атымен оқы»
«Алланың атымен оқы»
10 жыл бұрын 3859
Гайек Акжи

Милади 6 ғасырдың басында мәңгілік әуен иләһи құдіретпен ғаламды, әсіресе адамды өз нотасына сыйғызып, құдірет ауанына тартып, пайғамбар реңіне малып, уахимен баурау барысында «оқы» деген алғашқы, әрі әуелгі бұйрық арқылы адамға (иман еткендерге) үн қатқан. Әрине, бұл үн бірінші кезекте сол әуеннің жыршысы хазірет Мұхаммедке (с.а.у.) арналған. «Оқы» деген бұйрық түскен кезеңде әрі одан кейінгі уақыттарда да хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) оқу, жазу білмегені анық. Бұдан бөлек, Құранды толық зерделеуге мүмкіндік беретіндей ол кезде бір бөлігі түгел түспеген де болатын. Бұндай жағдайда Құранды жеткізуші кісі не оқымақ? Әрине, өзіне түсірілетін «кітапты» оқитыны анық. Кітапты оқыған сайын кітап арқылы бүкіл ғаламды зерделеп, болмыс пен жағдаяттардың тілін үйреніп, Бар етушіге бар болу тілімен жалбарынбақ еді. Пайғамбары оқып, таныған сайын Раббы да оны «оқып», осы оқу арқылы арада байланыс орнамақ.

  Барлық нәрсе Құранның «Аллаһтың атымен оқы» деуімен басталды. Пайғамбар оқыған сайын ғалам тілге келіп, оқылу арқылы өзінің лайықты бағасын иеленді. Ғалам әуелі Пайғамбар тілінде оқылды, қолымен ұйытылып, оқу – тәфәккур − иман мәдениеті ретінде жүйеленді. Адамзат өзін мәңгілікке бастайтын дін кейпін осы ұстанымдар арқылы таныды. 

Құран мен хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) біртұтастығы ең әуелі осы «оқудан» бастау алған. Құран бірінші кезекте хазірет Мұхаммедті (с.а.у.) «оқу», хазірет Мұхаммедке (с.а.у.) оқу әрі хазірет Мұхаммед (с.а.у.) тарапынан оқылу үшін жіберілген. Ал кейінгі кезекте иман еткен әр кісі Расулаллаһтың оқуын өз түсінігінше үлгі тұтуы тиіс-ті. Бұған қоса, әр адам генетикалық иман кодтарын үлгі тұтқан оқулар Аллаһтың пайғамбарына әрі Аллаһтың кітабына сәйкестендіруі тиіс. Пайғамбармен үлгі етілген оқулар генетикалық кодтарға айналғанда, негізі жаңа имани тұрмыс салты да қалыптаспақ еді.

Хазірет Мұхаммед (с.а.у.) − алдымен Құранды оқу, өмірді Құранға, Құранды өмірге бейімдеп оқу үшін жіберілген тура жолға бастаушы пайғамбар. Осы себепті үмми қауымға жіберілген. Құранға дейін ештеңе оқымауы үшін де оқу, жазу білмеген. Нақ осы себеппен оған иләһи әуеннің алғашқы үні әрі алғашқы нотасы «оқы» ретінде дыбысталған әрі жарқын естілген.

Иә, оқу − бар болуды білдіреді. Ол өмірге ішкі тереңдігімізбен әрі мәңгілікке ашылған қасиеттерімізбен араласу. «Жаратушы Раббыңның атымен оқы» сөйлеміндегі жаратқан деген сөз адамға иман аясында оқуға көңіл бөлу керектігін білдіруде деуге болады.

Оқу − Ұлы Құдірет тарапынан бір-бірімен астасып, кіріккен мағыналарды аршып, астарына үңілу деген сөз. Оның мәнісі Болмыс (бар болу) әлемінде көптеген мағыналар бір-бірінің ішкі қалтарыстарында жасырылған. Тіпті адам осы бір-біріне ішкерілеп еніп кеткен мағыналарды бір аңғарса, маңайындағы басқа істерге көңіл аудармас еді. Әрі өмірін ішкі тереңдігінде бір-бірімен қойындасып, қатпарласып жатқан мәнді оқуға, түсінуге арнар еді. Жаратушының алғашқы аяттарының бірі «Біз адам баласын ұрықтанған жұмыртқадан (зигота, алақа) жараттық»  деген сөз айтпақ ойымызды аша түскендей. Материалды тұрғыдан бар болып өмірге келуде осы «алақа» мен махаббаттың орны ерекше. Ендеше, оқудың өміріңізге оң ықпал ететін факторлардың арасында осы бір «алақа» мен махаббаттың ерекше орын алатынына көңіл аудартуда. Иә, адамның мәнін оның жаратылысына себеп болған осы бір алақадан іздеп көріңізші. Қатты таңғаласыз. Тіпті таңғалысыңыз ғасырлар бойы жалғасады. Қай ғасырда болмасын ана жатырына түсетін осы бір елеусіз дүниеге көңіл аударғандар, оның ақиқатынан аса алмай қалады. Нақ солай.

Иә, иләһи құдірет бір-біріне астастырып қойған ақиқаттарды сіз оқыған сайын өміріңіз нұрлана түседі әрі сізді шуағына бөлейді. Ендеше, келіңіз, одан да тереңірек оқи түсейік. Бар бола түсейік. Сәл-пәл қалам болайық, кітап болайық, өзіміздің де бір кітап екенімізді есімізге түсірейік...

0 пікір