«Алланы мейірімді, кешірімді дейді ғой, намаз оқымасам кешірер...»
«Алланы мейірімді, кешірімді дейді ғой, намаз оқымасам кешірер...»
2 жыл бұрын 3334

«Намаз оқымағанымызды Аллаһ өзі кешірер» деп ойлайтын адамдар, намаз оқымайтындардың алғашқы легін құрайды. Бұл жұмырбасты пенденің санасына шайтанның салып берген ойы, әрі алдаусыратуы екені шындық. Анығында Аллаһ тағала серік қосудан басқа барлық күнәні кешіреді деп кесіп айтуымыз орынсыз болар. Ақиқатты танып-білу үшін Аллаһ тағала бізге сана берді. Өз айтқанымызға байыппен қарап, сәл ойланып көрдік пе? Бұған Аллаһ тағаланың өзі мына аятымен жауап беріп отыр.

«Әй, адам баласы, Раббыларыңнан қорқыңдар. Ешбір баланың әкеге бодау төлей алмайтын және ешбір әкенің өз баласына ештеңе де бере алмайтын күннен қорқыңдар. Күдіксіз Аллаһтың уәдесі хақ. Сондықтан сендерді дүние тіршілігі әсте алдамасын. Сондай-ақ өте әккі (шайтан) Аллаһтың кешіріміне сендіріп, сендерді алдамасын»[1].

Бұл аятта «қалай болса да Аллаһ кешіреді» деп намазға немқұрайлы қарау, жақсылыққа бастар жол еместігі меңзелген. Мейірімділердің мейірімдісі, рақымды Аллаһ тағала намазды ешқандай сылтаумен тастамау керектігін алдын-ала ескертуде. Ал, біз болсақ Аллаһ тағаланы өзінен артық білетіндей «ол кешіреді, ол мейірімді» деген жалған үмітті үкілеумен азанның үніне, жүректің нұры намазға сынық көңіл танытамыз. Қасиетті Құранда 70 мәрте намаз оқуға шақырады. Сонда бұған мән бермей «кешірер» деп жүре беруіміз кімді алдағандығымыз?

Алдымен мынаның басын ашып алайық,Раббымыздың рақымы мен кешірімінен құр қалмауды ойласақ, күні-түні ғибадат етіп, күнәға жетелейтін жағымсыз іс-әрекеттерден бойды аулақ салғанымыз абзал. Әйтпесе ғапылдықпен күнәнің апанына түсіп кетіп, кейін бармақ тістеп қалуымыз кәдік. Мына бір аятқа назар салып көрейікші:

«Шын мәнінде, Аллаһ жамандықты білмей істеп, содан соң дереу істеген ісіне өкініп тәубе еткендердің тәубесін қабыл алады. Аллаһ әр нәрсені білуші, хикмет иесі»[2].

Демек, тәубеге келудің де өзіндік шарттары болса керек. Егер адам күнәні білмей істесе, артынша дереу тәубе еткені жөн. Жалпы алғанда адам баласы парыз етілген құлшылығын орындамай жүріп, күнәлі іске бой алдырып, өзіне шаң жуытпай, дереу кінәдан өз басын ала қашуға бейім тұрады. Ал егер пенде біле тұра күнә жасап, артынша Жаратқанға жалбарынып, кешірім тілеп, шын ниетімен тәубесіне келсе, сонымен қатар ендігәрі күнә атаулының шалшығына аяғын аттап баспаса, онда құдай қаласа тәубесі қабыл болып, кешірімге ие болар.

Иә, Раббымыздың ерекше 99 есімдерінің ішінде Мейірімді, Кешірімді деген есімдері бар екені жалпақ жұртқа аян. (Мейірімі мен шапағаты мол Аллаһ тағала тек Өзіне серік қосқанды кешірмейді.) Бір құдси хадисте Аллаһ тағала «Менің мейірімім ашуымнан басым түседі» дегені бар[3]. Тіпті өмір бойы күнәдан көз ашпай келіп соңында терең тәубе еткен құлға, Аллаһтың мейірімі түссе, оған жұмақ нәсіп етуі ғажап емес.

Және де өмір бойы ақ жолдан айнымай ар сақтап келген адамдардың бір-ақ күнде «менен басқа жұмаққа кім лайық» деген сайтани ойға тап болып, ақырында дүниеден тәубесіз көз жұмып, ақыретін тозақта жалғастырмасына кім кепіл?

Ендеше, ешкім де Аллаһтан кешірілетіні жайлы уәде алған жоқ. Рақымды Аллаһ мейірімін төгіп, кешірім қылар деген алабөтен ойдан аулақ болып, оның кешіріміне ие болу жолында жан-тәнімізбен шынайы түрде құлшылық етуіміз керек. Дүниеде алшаң басып масайраған жанның ақыретте жаны қысылып қатты қорқатыны, ал дүниеде қорыққанның ақыретте қатты қорқынышқа берілмейтінін ойға алайық. Бір құдси хадисте Аллаһ тағала «Мен бір құлыма екі қорқынышты бірдей бермейтінім секілді, екі жан тыныштығын да қатар бермеймін» – деген. Жұмыр басты пенде бұл дүниеде қорықпаса, көзі шарадай болып ақыретте қорқатыны хақ. Жаббар иеміз өзінің құлдарына қорқынышты екі дүниеде бірдей бермейтіні секілді қуаныш пен жан тыныштығын да екі дүниеде қатар бермейді екен.

Сондықтан да осы бір жалған дүниеде әрбір пенде ақыретті ойлап, Аллаһтың жамалын аңсап, оның мейірімінен құр қалмайын деп сауапты істер жасап, құлшылық қылып, бес уақыт намазын қаза қылмай оқып жүрсе, ақыретте жан тыныштығына кенеледі. Құран кәрімде «Ақыретте Аллаһтың сүйікті құлдарына қорқыныш та, қайғы да  болмайды» - деген[4]. Ал егер Аллаһ тағала мені кешіреді, әр амалыма ақыретте өзім жауап беремін деп дүниеден алаңсыз өткен адамда, ақырет күнінде мұндай еркіндік пен өзіне деген сенімділік бола қоймасы анық.

Қазақта «үмітсіз шайтан» деген сөз бар. Адам баласының бойында үрей мен үміт қатар жүреді. Он екі мүшесі түгел, күш-қуаты тасыған жастық кезеңде мұсылман адамның бойында ақырет қорқынышы басым болғаны дұрыс, өйткені нәпсі деген көкжал бөрідей іштен ұлып, адам баласын тура жолдан тайғызып, қадамын қия бастыруға дайын тұрады. Жастық шақ, бойда жалын ойнаған албырттық кезеңде адам баласы дүниенің думанды, өтпелі өмірдің өткінші қызықтарына қалай алданып қалғанын білмей қалады. Ал, күш-қуаты семіп, қартайған шағында үміті басым болғаны жөн.

Құран Кәрімде «Егер шынайы мүмин болсаңдар, олардан қорықпаңдар, тек Менен ғана қорқыңдар»  десе[5], тағы бір аятта: «Аллаһтың құзырына күнәмен барудан қорқып, нәпсісін тыйғандардың барар жері жаннат болады» делінген[6]. Яғни күнәм көп, ізгі амалдарым аз деп Аллаһтың құзырына барудан қорқып, бұл дүниеде құлшылығын мейлінше толық істеуге тырысқандардың барар жері жаннат болмақ. Және Аллаһ тағала Құран кәрімде кейбір сүйген құлдарына бір емес, екі жаннатты қатар беретінін айтқан. Сол екі жаннат Құдайдан қорыққан құлдарға ғана бұйырады екен. Ол «Аллаһтың құзырынан қорыққандар үшін екі жаннат беріледі» - деген[7].

Олай болса Аллаһтан қорқып күнәдан тыйылу, ақыреттен қорқып құлшылық қылу, бос үміттен абзал екені айғақ. Әбу Хұрайра (р.а.) жеткізген хадисте Аллаһтың елшісі (с.а.с.):

«Сауылған сүттің желінге қайта кірмейтіні секілді Аллаһтан қорқып, көз жасын көл қылған адамның да тозаққа кіруі мүмкін емес....» - деген екен[8].

 Нұрлан Сайлауұлы, Еркебұлан Ыбырайымұлы, «НАМАЗ – ДІННІҢ ДІҢГЕГІ».


[1] Лұқпан, 32
[2] Ниса, 16
[3] Насай, Сунану Кубра 7758
[4] Бақара, 112.
[5] Әли Имран, 175
[6] Назият, 40.
[7] Рахман, 46.
[8] Тирмизи Фадайлу жиһад 8

0 пікір