Алла тағалаға қандай адамдар жақын болады?
Алла тағалаға қандай адамдар жақын болады?
6 жыл бұрын 9659
Мұстафа әл-Бұға, Мухиддин Мисту

Әбу Һурайра (р.а.): «Пайғамбар (с.а.у.): «Шын мәнінде, Алла тағала: «Маған жақын болғандармен жауласқанға Мен соғыс жариялаймын! Менің құлым, пендем Маған жақын болу үшін не істесе де, олардың Маған ең сүйкімдісі Мен оған парыз қылған амалдар және оны жақсы көріп қалғанымша Маған нәпіл ғибадаттармен жақындап келе береді, ал қашан Мен оны жақсы көрсем, оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын. Ол Менен өтінсе, оған міндетті түрде сұрағанын беремін, ал егер ол Менен пана сұраса, оны міндетті түрде қорғаймын», – деп айтты», – деді», – деген.

Бұл хадистің басқа бір риуаятында әл-Бұхари Алла тағаланың: «...және істейтін (істерімнің) ешқайсысы Мені өлімді қаламайтын мұсылманның жанын (алу қажеттігі) толқытқандай толғандырмайды, өйткені Мен оған зарар жеткізгім келмейді»– деген сөздерін келтіреді.

Хадистің маңыздылығы

Алла тағала Өзіне жақын адамдарды әлдебіреу оларға зарар жеткізген жағдайда Өз қайратын көрсетіп, сүйіспеншілігіне бөлеп, қамқорлығымен қорғайды. Бұл хадис шәрифте Аллаға кімдердің жақын болып табылатыны, Ол кімдерді дүниеде және Ақыретте жақсы көретіні туралы түсінік беріледі. Мінеки, осы себепті Аллаға жақындар туралы айтылатын барлық хадистердің ішінде бұл хадис өте құнды деп саналады.

Әш-Шәукәни: ««Маған жақын болғандармен жауласушыға Мен соғыс жариялаймын» деп айтылған хадис оны дұрыс түсінетін және ол туралы өз дәрежесінде ой түйіндейтін адамдар үшін көптеген пайда мен бағалы құндылықтарды қамтыған», – десе, әт-Таухи: «Бұл хадис – Алла тағалаға деген әрекеттің, Алла тағаланы танып-білудің және Оның сүйіспеншілігіне жету мүмкіндігінің негізі. Ол адамның іштей ұстануы тиіс ниетін (иманды), сыртқы парыздарды (Исламды) және осының екеуін де қамтитын, яғни Жәбірейілдің (ғ.с.) сұрақтары туралы хадисте айтылған тақуалықты жүзеге асыру тәсілі болып табылады. Ал тақуалық жолаушының жолындағы дүниеден баз кешуін (зуһд), шын пейілділік (ихлас), өзін-өзі бақылау (мурақаба) секілді және де басқа бекеттерді қамтиды», – деген.

Алла тағалаға жақын адамдар

Мұндай адамдардың қатарына Аллаға бойсұнудан ешбір ауытқымайтын және Оған қатысты шын ықыласты болатын осы сөздің хақиқи мағынасына ие пенделер жатады. Алла тағала Өз Кітабында оларды екі қасиет иман мен тақуалық тән болған адамдар ретінде сипаттаған. Алла тағала: «Біліңдер! Расында, Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды. Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар»– деген. Сонымен, Алла тағаланың қамқорлығынан үміттенуге Оған деген иман мен тақуалық мүмкіндік береді. Бұл айтылған иман мен тақуалық Алла тағала Өз қамқорлығына алғандардың қатарына қосылып, Мұхаммед (с.а.у.) үмбетінде алдыңғы өткен тақуалар деңгейіндегі бойсұну мен ықыластың түрлі дәрежелеріне жетуге жол ашады және бұл қамқорлық пенденің қауіпсіздік пен тыныштық саясында паналауына жағдай тудырады.

Алла тағала бұл үмбеттің мүшелерін үш топқа бөлді: «Сосын ол Кітапты құлдарымыздың ішінен таңдағандарымызға мұра қылдық. Олардан әлдекім өзіне кесір тигізеді де, кейбірі ортада болады. Ал тағы біреулері Аллаһтың бұйрығынша жақсылықтарға ілгерілеуші болады».

Өзіне кесір тигізушілер – өздерінің күнәлі істерінде қасарысушылар. Ортада болатындар – өзінің діни міндеттерін (парыздарын) орындап, тыйым салынған істерден бойын аулақ ұстайтындар. Міне, осылар Алла тағалаға ең жақындардан болмаса да, Оған жақындардың қатарына кіреді. Ал ілгерілеушілер дегеніміз – харамнан және мәкруһтен аулақ болып, өзінің діни міндеттерін орындаумен шектеліп қалмай, қосымша тағы да Алла жолында қандай да бір құлшылық түрлерін орындайтын адам. Мұндай адам Алла тағалаға жақындар иелік ететін екі дәреженің биігірегіне жетеді.

Алла тағалаға жақын болғандардың ең қадірлілері – кез келген күнәлар мен қателік атаулыдан қорғалған және оларға Алла тағала мұғжизалар беріп, кереметтер жасау қабілетін дарытқан әрі оларды сүйеп-қолдаған пайғамбарлар мен елшілер. Аллаһ тағалаға жақын болғандардың пайғамбарлар мен елшілерден кейінгі ең жақсылары – іс жүзінде Алла тағаланың Кітабы мен Алла елшісінің (с.а.у.) сүннетіне ілескен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабалары, сондай-ақ Алла тағала әулиелерінің өткен ғасырлардан бастап бүгінгі күнге дейін өмір сүргендері.

Алла тағалаға жақын деген сөздің хақиқи мағынасына сай болу үшін адам иман беріктігімен және тақуалығымен ерекшеленуі, Алла елшісіне (с.а.у.) ілесіп, оның өсиеттерін басшылыққа алып, оның сөздері мен істеріне еліктеуі қажет.

Соңғы уақытта мұсылмандар Алла тағалаға жақын адамдар өте аз және мың жылда біреуі ғана дүниеге келеді деген үлкен қатеге ұрынып келді. Сондай-ақ көптеген мұсылмандар басындағы қасірет Исламдағы ең жоғарғы орынның ешкімге белгісіз адамдарға немесе Алла тағала мен Исламның дұшпандары қатарына және шайтанның достары санатына жатқызылуы тиіс дүмшелікпен, алдау-арбаумен шұғылданушы жалған атағы шыққан өтірікшілерге лайықты саналып келгендігі болды.

 
0 пікір