Алла Тағала кімдермен сөйлеспейді?
Алла Тағала кімдермен сөйлеспейді?
9 жыл бұрын 9626
Алдаберген Үсен

Бұл дүниелік дәм-тұзы таусылғанда, пенде о дүниеге аттанады. О дүниеде кей пенделер Жаратушы иенің дидарын тамашалауды, енді бірі Жаратушы иемен сөйлесуді қалап күтіп тұрады. Бірақ Алла Тағала Қиямет күні кей пенделерімен сөйлеспейді, беттеріне қарамайды әрі оларды ақтамайды.

«Сол күні бірқатар адамның жүзі жарқырап тұрады. Раббыларына қарайды».

«Қиямет» сүресінде өтетін осы аят жұмақ тұрғындарына берілген нығметтердің ең ірісі – Алланың нұр дидарын тамашалаудың маңыздылығын ұқтырады. Анығында ақыретте Алланың құлының жүзіне қарауының өзі үлкен жақсылық. 

Имам Мүслим риуаят еткен бір хадисте Адамзат мақтанышы пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) былай деген: «Үш топ адам бар, қиямет күні Алла олармен тілдеспейді, беттеріне қарамайды, оларды ақтамайды да... Әрбіріне шыбын жанын шырқырататын азап бар».

Адамға сөйлеп, дауысын естіртіп, дертін айтуға мұқтаж болған сол күні сөзін тыңдата алмаудан өткен азап бар ма? Көмек сұрап, жанұшыратын кезде көмек беретін бір ғана Жаратушы оны еш тыңдамаса, бетіне де қарамаса, бұл қалай?! Құран кәрімде осы көрініс «Мүминун» сүресінің 108-аятында «Үндеріңді өшіріңдер, маған сөйлемеңдер» деуімен түсіндірілген. Аяттың тәпсірінде болса: «Сендердің сөйлейтін орындарың дүниеде еді. Ол жерде сөйлеп әрі Аллаға барынша жақындай түсулерің керек еді. Дүниеде болған кезде Жаратушы иеге жақындамадыңдар. Бүгін Алла сендерге сол үшін жақындамайды», - деп түсіндірілген.

Хадисте екінші ретте айтылған «Алла оларға қарамайды» деген сөз адамдардың ең көп мейірімге мұқтаж болатын сол күні Жаратушы иенің кей пенделеріне рақым назарымен қарамайтынын көрсетуде. Сол күні кей пенделердің жүзі жарқырайды, кейбірінің жанары тұнжырайды. Оның себебі, Жаратушының рақым назарымен қарамауы екенін айтуға болады. Сол күні Алла назар салмаған пенделердің жағдайы қандай аянышты!

Үшінші жағдай болса «Алла оларды ағартпайды немесе тазартпайды».  Адамдар бұ дүниеде тазаланып, ол жаққа тап-таза болып баруы керек. Тазалану ісі осы дүниеде жасалады. Тазалығы ақыретке қалған адамды тек тозақ тазалайды. Сол үшін Жаратушы ие оларды тазартпайды. Десе де сол күні түрлі күпір, қарсы шығу, күнәмен, жүрегін, рухын, сезімдерін кірлетіп, ластаған, бейшара адам күйінішті күйіне қарап «Алла мені күнәларымнан тазаласа екен» деп үмітпен күтеді. 

Алла сөйлеспей қоятын басқа кімдер бар?

Имам Мүслим риуаят еткен хадис шәріптегі үш топтан өзге Алла Тағала ақыретте сөйлеспей қоятын басқа да адамдар болатыны хадистерде білдірілген. 

Айталық, халыққа қарамайтын, елмен жұмысы жоқ, жұрттың керегін қамтамасыз етпейтін басшы.

Әбу Мәриям әл-Әзди (р.а.) Mұғауияға (р.а.) былай дейді: «Мен Расулалланың (с.а.у.) былай дегенін естідім: Алла Тағала әлдекімді мұсылмандарға басшы етеді. Бірақ ол халықтың қажетіне болысып, керегін бүтіндеуге тырыспаса, қиямет күні Алла Тағала да оның істерін бітіруге, қажеттіліктері мен қиындықтарын өтеуіне жол бермейді»

Шын мәнісінде басшы халықтан алыс өмір сүрмей, олармен етене болып, қарайласып, көмек беруге асығуы керек. Есігін тарс бекітіп, халыққа қарамаған басшылардың қияметте Алладан ешқандай көмек алмайтындығы білдірілген.

 

Қолында бар судан жолаушыға бермеген адам

 

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше Расулалла (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) былай деген: Алла Тағала қиямет күні үш кісімен сөйлеспейді, түрлеріне қарамайды, оларды ақтамайды, олар үшін жан төзгісіз азап бар:

Біреуі сапар кезінде қажеттіліктен көп суы болып, оны басқа жолаушыларға бермеген адам.

Екіншісі кешқұрым уақытта затын осыншалықты бағаға алдым деп ант ішіп, алушыны өзіне өтірікпен сендірген адам.

Үшіншісі мемлекет басшысына дүние көздеп серт беріп, өзіне ақша берсе ғана сөзінде тұрып, бермесе сөзінен тайқып кеткен адам.

Алланың жамалын тамашалаудан, мейірімінен, кешірімінен, көлеңкесінде болудан мақұрым болатын тағы да басқа кісілер бар екені айтылады. Олар кімдер? Алла бұлармен де сөйлеспейді, беттеріне қарамайды әрі оларды ешқашан тазартпайды. Әрбіріне жан түршіктірерлік азап дайындаған. Ал енді осыларға тоқталайық.

Киімінің етегін жерге сүйретіп жүретіндер

Алла елшісі (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) хадис шәріптің жалғасында осы үш топты кезегімен баяндаған. Алғашқы топ киімінің етегін жерге сүйретіп жүрушілер. Бұл сөз тәкаппарлық, өркөкіректік пен паңдықты білдіруде. Тәкаппарлық пен көкіректің қандай нашар кесел екені көптеген аят пен хадистерде түсіндірілген. Айталық, бір хадистерде Пайғамбарымыз «Жүрегінде зәредей тәкаппарлық бар адам жәннатқа кірмейді» деген. Өйткені жүрегінде зәредей тәкаппарлығы барға Алла тура жолды көрсетпейді. Жаратушы ие қасиетті кәламында былай деп бұйырған: «Жер бетінде тәкаппарланғандарды аяттарымнан алыстатамын. (Оларды түсінбейтін болады). Олар бүкіл мұғжизаларды көрсе де бәрібір иман етпейді. Тура жолды көрсе, оны жол етпейді. Бірақ азғындық жолын көрсе, дереу соны жол етеді. Бұл жағдай олардың аяттарымызды өтіріксінгендерінен әрі олардан ғапыл екендіктерінен туындауда» (Aғраф, 146) Бір құдси хадисте Жаратушы ие былай деуде: «Тәкаппарлық менің шапаным, ұлылық менің көйлегім. Кім менімен осы мәселеде таласса, оны (оңдырмай) тозаққа тастаймын»

Жақсылығын міндетсіген жан

Хадис шәріпте суреттелген бақытсыз екінші топ – жақсылықтарын міндетсіген жан. Алла оған дәулет берген. Бұл жақсылықтың қызығын өзі де көрсін, басқаларға да қарассын деген. Осы себепті Жаратушы ие оның кәсібін берекелендірген. Алайда ол қайырымдылық жасамақ түгілі, кейде берген күннің өзінде оны міндетсіп, көзге шұқумен артынан сауабын жойып отырған. Ал анығында дәулеті де, өзі де Алланың мүлкіне жатады. Оның барлық міндеті Жаратушы иенің бергенін тарату болуы тиіс еді, ал ол болса, мүліктің негізгі иесін ұмытып, бергенін міндетсіген. Бұл не деген ғапылдық десеңізші?! Міндетсу көбіне сараңдарға тән. Пайғамбарымыз бір хадисінде сараң кісінің Алладан алыс, жәннаттан алыс, халықтан алыс, бірақ тозаққа жақын екенін білдірген.

Өтірік ант-су ішіп дүниесін сатуға тырысқан жан

Жай уақыттың өзінде орынсыз ант ішу дұрыс емес, ал өтірік ант айтып, дүние табуды көздеу, сөйтіп тауарын сатып жіберуге тырысу адамның ақыретін қарайтатын үшінші жайт. «Алла оларды тазартпайды» деген ескерту осыны меңзеуде.

0 пікір