Алла тағала Исра түні Пайғамбарды неге Меккеден емес, әл-Ақсадан көтерді?
Алла тағала Исра түні Пайғамбарды неге Меккеден емес, әл-Ақсадан көтерді?
7 жыл бұрын 10486
Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы

Алла Тағала құдірет иесі бола тұра «Исра» түні Мұхамед (с.а.у.) пайғамбарды Меккеден емес «әл-Ақса» мешітінен аспанға көтерді? Неге Ресей өзінде бар мүмкіндік бола тұра ракеталарын Байқоңырдан, ал Еуропа елдері ракеталарын мыңдаған шақырымды құрайтын Атлант мұхитын кешіп, қаншама машақатты жолды өткізіп барып Оңтүстік Америкада орналасқан «Франция Гвиана» космодромында ұшырады?

Ислам тарихынан белгілі Алла Тағала «Исра» түні Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды жеті қат көкке көтеріп өз құзырына шақырған. Бұл оқиға «Исра уал миғраж» деген атпен белгілі және Мұхаммедке (с.а.у.)  пайғамбарлық міндет жүктелгеннен кейін шамамен 2-3 жылдан кейін болған. «Исра» сөзі «түндетіп жүру» деген, ал «миғраж» сөзі «көтерілу» деген мағыналарға саяды. Бірақ бүгінгі біздің тақырыпқа арқау болған мәселе ол «Исра» түнінде болған оқиғаны баяндау емес, бәлки, Алла Тағала шексіз құдірет иесі бола тұра не үшін Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды Мекке қаласынан емес Палестина жерінен көкке көтерді деген сұрақтың аясын кеңінен ашу. Ол үшін біз ислам әлеміне танымал, физика ғылымының докторы Али Мансур Каяли деген заманауи ғалымның көзқарасы аясында тарқатамыз.

Баршамызға мәлім, Құран Кәрімде аспан әлеміне жындар мен адамдар кірулеріне белгілі тосқауыл-бөгеттер бар екені айтылған. Әсілінде, жоғарыдағы сұрақтардың жауабы адамзатқа 1400 жыл бұрын беріліп қойған-ды. Яғни, аспан әлемі біз көріп тұрғандай ашық кеңістік емес, оның арнайы өзінің кіретін есіктері болатындығы Құран Кәрімде былай баяндалған: «Егер, оларға (періштелерге) көктен бір есік ашатын болсақ, олар дереу жоғары шыққанын көрер едің. Сонда олар (Құрайш тайпасы): «Расында, көздеріміз байланды. Бәлкім, біз сиқырланғанбыз», деседі» [Хижр:14], «Сүр үрілген күні (қиямет күні), топ-топ болып келесіңдер. Сонда көктер сетінеп есіктер пайда болады» [Нәбә:19]. Демек, біз көріп жүрген аспан соншалықты ашық емес. Ондағы есіктердің барлығы Алланың қалауымен ашылып жабылады екен.

Сонымен қатар, аспан көктеріндегі арнайы есіктердің өзінің періштелерден құралған күзетшілері болады. Бұл жайында алғаш болып білген – жындар әлемі. Бұған қатысты Құранда: «(Жындар былай дейді:) Әрине, көкке қарманғанымызда (көтерілгенімізде), онда қатал күзетшілер мен атылған жалындаған жұлдыздарды көрдік» [Жын сүресі:8], делінген. Осы аяттағы «жалындаған жұлдыздар» (бізде оны «жұлдыз ағу» - деп түсініп кеткенбіз) дегеніміз жерден жоғары шамамен 80 шақырымда орналасады екен. Демек, «жалынды жұлдыздар» жерден 80 шақырым биіктікте болса, онда күзетші періштелер де сол аралықта болатындығын аңғаруға болады. Осы тұста «егер аспан есіктерін періштелер арнайы жалынды от тектес жұлдыздармен күзетіп, жындарды кіргізбей қорғайтын болса, онда қалайша адам ол кеңістікті ешбір кедергісіз өтеді?» деген заңды сұрақ туындайды. 

Әрине, ең алдымен мұндай кеңістікті еш кедергісіз кесіп өту Алланың рұқсатымен ғана болатын жағдай. Бұл жайлы «Фуссилат» сүресінің 53 айтында баяндалған: «Құранның шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімізді дереу көрсетеміз. Расында, Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе?». Демек, аспан кеңістігі белгілі есіктермен жабылып, олар періштелермен күзетілетінін білдік. Яғни, осындай есіктер аспанның белгілі бір жерлерінде ғана болады.

Енді Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың жеті қабат көкке шығу мәселесіне келер болсақ, онда Мекке қаласынан көкке шығу үшін қала үстінде аспанға кірер есік жоқ екен. Сондықтан болар, Алла Тағала Пайғамбарды (с.а.у.) «Исра» түні көкке көтерерде Меккеден Иерусалимде орналасқан «әл-Ақса» мешітіне алып келді. Себебі, Иерусалимде аспан кеңістігіне көкке тікелей шығатын есік орналасқан. Бұған дәлел ретінде, Алла Тағала өз қалауымен екі пайғамбарды «әл-Ақса» мешітінен көкке көтергені белгілі. Оның бірі Иса (а.с.) пайғамбар болса екіншісі, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар. Ал, Иса (а.с.) пайғамбардың көкке көтерілуі жайлы Құранда «Алла Тағала оны (Исаны а.с.) өз тарапына көтерді» делінген. Осы орайда Иса (а.с.) пайғамбар көкке көтерілер уақытында Иерусалимде болғаны тарихтан белгілі.

Бұған қоса, «Исра уал миғраж» уақиғасында баяндалғандай Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар «Исра» түнінен көктен қайта «әл-Ақса» мешітіне түсіп Меккеге қайта оралғаны белгілі. Бұл өз кезінде аспан кеңістігіне кіріп шығу тек арнайы жерде арнайы есіктермен ғана жүзеге асатынын көрсетеді. Сонымен қатар, қиямет-қайымның үлкен бір белгісі ол Иса (а.с.) пайғамбардың қайта жерге түсуі болып табылады. Ислам әлеміндегі ғалымдар Исаның (а.с.) қайта жерге түсуі – Иерусалим  аумағында болатыны туралы мәліметтерді алға тартады. Бұл өз кезегінде аспан әлеміне шығып, қайта жерге түсу үшін Иерусалим маңында көкке шығатын арнайы есік бар екендігін тағы да айғақтайды.  

Сондықтан, Ресей мен Еуропа елдерінің жағдайы да дәл осылай. Олар өздерінде бар мүмкіндік бола тұра, жерлері қаншалықты кең болғанымен онда аспан әлеміне көтерілетін есік жоқ. Сондықтан, Ресей өз ракеталарын Қазақстандағы Байқоңырдан ұшыруға мәжбүр. Себебі, Байқоңырдан аспан әлеміне шығатын мүмкіндік бар. Осы секілді Еуропа елдері де бүгінде «Франция Гвиана» космодромына жүгінуге мәжбір болып отыр.  

1 пікір
  • Мақалада берілген түсінік бір-біріне қарама-қайшылық тудырады және Алла Тағаланың мүмкіншілігін шектеп пендешілік көзқараспен өз ойын Жаратушы үкіміне балайды.
    7 жыл бұрын