Алла елшісінің (с.а.у.) насихаты
Алла елшісінің (с.а.у.) насихаты
9 жыл бұрын 3511
Асқар Болатбекұлы

 أَتَيْنَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ وَ نَحْنُ شَبَبَةٌ مُتَقَارِبُونَ، فَأَقَمْنَا عِنْْدَهُ عِشْرِينَ لَيْلَةً، وَ كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ رَحِيمًا رَفِيقًا، فَظَنَّ أَنَّا قَدْ اِشْتَقْنَا أَهْلَنَا، فَسَأَلَنَا عَمَّنْ تَرَكْنَا مِنْ أَهْلِنَا فَأَخْبَرْنَاهُ، فَقَالَ: اِرْجِعُوا إِلَى أَهْلِيكُمْ فَأَقِيمُوا فِيهِمْ وَ عَلِّمُوهُمْ وَ مُرُوهُمْ وَ صَلُّوا صَلَاةَ كَذَا فِي حِينِ كَذَا وَ صَلُّوا كَذَا فِي حِينِ كَذَا، فَإِذَا حَضَرَتِ الصَّلَاةُ فَلْيُؤَذِّنْ لَكُمْ أَحَدُكُمْ وَ لِيَؤُمَّكُمْ أَكْبَرُكُمْ

«Бірде біз бір топ жас жігіттер болып Алла елшісіне (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) барып, жиырма күндей қасында болдық. Ол сондай мейірімді, мейірбан жан еді. Бірде біздің үй ішімізді сағынғанымызды аңдап, елде қалған жақындарымыз жайлы сұрады. Оған үй-ішіміз жайлы айтып бергенімізде, бізге былай деп ақыл-кеңес берді: «Ендеше, үйлеріңе қайтыңдар, бұдан былай қастарында болып, оларға көрген-білгендеріңді үйретіңдер әрі жақсылықты бұйырыңдар. Мына намазды мына уақытта оқыңдар, ал, мына уақытта мына намазды оқыңдар. Намаздың уақыты кіргенде араларыңнан біреуің азан шақырсын және араларыңдағы жасы үлкен кісі имам болсын».

(Әбу Сулейман Мәлик ибн Хуәйрис (р.а.) жеткізген, Бұхари, азан 17-18-49-140, Жихад 42, Әдәп 27, Ахад 1. Мүслим, Мәсәжид 292)

 

Хадиске түсіндірме 

Бұл хадисте ақиқат пен ілім жолында жақындарынан уақытша қол үзіп, Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) құзырына бас сұққан бір топ жас сахабалар және олардың көрген өнегесі мен алған ақыл-кеңестері жайлы баяндалады.

Хадисте баяндалғандай, кезінде исламды жаңа қабылдаған немесе дінін үйренгісі келген жас сахабалар Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жанына барып, сол жерде біршама уақыт болып, уағыз-насихат тыңдап, иләһи ілімнен сусындап, тәлім-тәрбие алып қайтатын. Олардың арасында араб түбегінің шалғай аймақтарынан әдейі ат терлетіп келетіндер де көп болатын. Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) дүниеден озғанға дейін жалғасын тапқан осынау игі дәстүрдің арқасында ақиқат пен ілімге сусаған талай жандар исламның негізгі қайнар көзі қасиетті Құран мен пайғамбар сүннетінің кәусар бұлағынан сусындады. Олар осынау бұлақтан өздері ғана сусындап қойған жоқ, алған тәлімі мен көрген-білгендерін жақындарына, өзге ел-жұртқа да жеткізіп, өздеріндей ақиқатқа сусаған жандардың көкірегіне сәуле құйды. Алланың қалауымен осынау ақиқат жаршыларының арқасында хақ дін Ислам аз ғана уақыт ішінде араб түбегіне тегіс жайылып, тіпті, іргелес елдерге дейін жетті. Расында, бұл істе жас сахабалардың еңбегі зор еді. Өйткені, адамзат тарихына елеулі өзгеріс әкелген осынау ғаламат құбылыстың бас кейіпкерлері болған ардақты сахабалардың дені жастар еді. Олар жалындаған жас болса да нәпсі мен қу дүниеге бой алдырмай, иләһи ілімнен сусындап, өздері татқан бал-шәрбатты өзгелерге де татқызуға бар күш-жігерін салды. Осынау ұлы мақсатқа жету үшін олар ел-жұртынан, тіпті, бала-шағаларынан уақытша қол үзіп, сағыныштан сарғаюға да көнді. Міне, осылайша олар хақ жолға, ілім жолына түскендіктен Алла тағала алдыларынан жұмаққа барар жол ашты. Ақырында, олар пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өздеріне артқан үкілі үмітін ақтап, Алланың разылығы мен шексіз шарапатына бөленді. Құранда олар жайлы: «Алла оларға разы болды, олар да Аллаға дән риза»[1], – делінген.

Хадисте пайғамбардан тәлім алу үшін алыстан әдейі ат терлетіп келген бір топ жас сахаба бәрінен бұрын Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) көркем мінезі мен теңдессіз ахлағынан зор әсер алғанын айтады. Ардақты пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) ұлы ұстаз болуының сыры да осында жатса керек. Ол сахабаларға қасиетті Құранды сөзбен ғана емес, ісімен де жеткізе білген өнегелі жан еді. Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) мінез-құлқы жайлы сұрағандарға Айша анамыздың: «Сендер Құран оқымайсыңдар ма? Оның мінез-құлқы Құран еді»[2], – деп жауап қатуы да осы сөзіміздің айғағы. Сондықтан да, талай жандар Алла елшісін (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) көріп, таныған бойда еш ойланбастан иманға келген. Өйткені, олар оның тұла бойынан Құранның тірі мысалына куә болған еді. Міне, сондықтан да, ғалымдар «Мұхаммедтің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбар екенін айғақтайтын ең үлкен мұғжиза Құран болса, одан кейінгі үлкен мұғжиза оның өз тұлғасы», – деген. Алла тағала Құранда Өзінің аса рақымды, ерекше мейірімді екенін білдірген. Ендеше, Оның елшісінің ең айқын ерекшелігі, ең басты қасиеті де мейірімділік болуы керек. Құранда осынау ақиқат былай баяндалған: «Сендерге өз араларыңнан хақ пайғамбар келді. (Сендерге жанашырлығы соншалық – азапқа немесе қиын жағдайға душар болғандарың былай тұрсын), тіпті, болмашы бір қиындыққа ұшырағандарыңның өзі оған ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге ынтық әрі ынтызар (болғандықтан сендер үшін ұдайы уайым жеп, қатты қобалжиды). Ол мүміндерге сондай жанашыр, өте мейірімді»[3]. Міне, сондықтан, үмбеті дегенде ет бауыры елжіреген ардақты пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) қасында біраз уақыт аялдап, тәлім алған жастардың алыстағы жақындарын сағынғанын аңғарып, оларға «ал енді, үй іштеріңе қайтыңдар, бұдан былай жақындарыңның қасында болып, оларға көрген-білгендеріңді үйретіңдер әрі жақсылықты бұйырыңдар» деп ақыл-кеңесін айтып, ақ батасын береді. Сондай-ақ оларға құлшылықтың жөн-жобасын үйретіп, әсіресе, намазды уақытылы әрі жамағатпен оқудың маңызды екенін айтады, әрі: «Жамағатпен намаз оқығанда имамдыққа араларыңдағы жасы үлкен кісі шықсын», – деп, үлкенді ізет тұту керек екенін аңғартады.

Иә, білген адамға Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) алдында тәлім алу екінің біріне бұйырмайтын зор бақыт. Саңлақ сахабалардың күллі үмбеттің ардақтысы болуының басты сыры осы болса керек. Дегенмен, бүгінгі үмбетке пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) көзін көріп, алдында тәлім алу бақыты бұйырмаса да, үмбетіне қалдырған баға жетпес асыл мұрасының қадір-қасиетін білу, ақиқатқа сусаған жандарға оның кәусар бұлағына барар тура жолды көрсетіп, сол арқылы оның шапағатына бөлену мүмкіндігі туып тұр. Иә, Хақ тағаланың сүйікті елшісі арқылы жіберген қасиетті жолдауына құлақ асып, үкімдерімен амал ету һәм ондағы ақиқаттарды төрткүл дүниеге жар салу, әсіресе, іс жүзінде дәріптеу бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Міне, алғашқы буын сахабалардай болмасақ та, соларға ұқсап бағудың бірден-бір жолы осы екені даусыз!

Бұл хадистен алынатын тағы бір сабақ – сахабалардай Хақ тағаланың разылығына бөленеміз деп, дін үшін, ел үшін қызмет етіп жүргенде мойнымызда жақындарымыздың да ақысы бар екенін естен шығармау. Яғни, қолдан келгенше, ата-анаға қарайласу, бала-шағаның мұң-мұқтажы мен тәлім-тәрбиесіне көңіл бөлу, ағайын-туыс, жора-жолдаспен жақсы қарым-қатынаста болу, аталмыш жандарға тура жолды көрсету – әр мұсылманның міндеті. Өйткені, Құранда пайғамбарымызға (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алдымен ет жақын туыстарыңды ескерт»[4], – деп бұйырылса, хадисте: «Жұмсаған пұлыңың сауап тұрғысынан ең үлкені – отбасыңның нәпақасына жұмсағаның»[5], – делінсе, енді бір хадисте: «Барлығың бейне бір бақташысыңдар, сондықтан, бәрің қарамағыңдағы жандар үшін жауаптысыңдар»[6], – делінген.

Ендеше, дінге, елге қызмет етумен қатар жақындарымыздың да ақысын ұмытпай екеуінің арасында тепе-теңдік сақтай білсек нұр үстіне нұр болмақ!

[1] «Мәида» сүресі, 119 аят
[2] Мүслим, 746
[3] «Тәубә» сүресі, 128 аят
[4] «Шұғара» сүресі, 214 аят
[5] Мүслим, Зекет 39
[6] Бұхари, Уәсая 9/ахкәм 1; Мүслим, Имара 20

0 пікір