Алла Елшісі (с.а.у.) қауіптенген 4 кемшілік
Алла Елшісі (с.а.у.) қауіптенген 4 кемшілік
7 жыл бұрын 6626 Islam-today.ru
Аударған Меруерт Бақдәулетқызы

 Алла Елшісі (с.а.у.) өз үмметі үшін 4 кемшіліктен қауіптенген. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Мен өз үмметім үшін 4 нәрседен қауіптенемін: үлкен қарын, ұзақ ұйқы, жалқаулық және иманның әлсіздігі", - деген. Ендеше, аталмыш төрт кемшілікті жақынырақ қарастырып, өзіміздің қаншалықты деңгейде екендігімізді анықтайық! 

 

Үлкен қарын

    Хадисте айтылған «кибаруль-батын» өмірдің негізгі мәніне айналдырған тамақ пен сусынға деген  шектен тыс құмарлықты, шамадан тыс ішіп-жеуді білдіреді.  Мұның нәтижесі семіздікке әкеліп ұластырады. Қазірде бұл өзекті әрі қауіпті мәселеге айналып үлгерген. Бұл дүниелік өмір тұрғысынан және мәңгілік өмір тұрғысынан да Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алаңдаушылығын туғызды. Сондықтан семіздікке ұрындыратын шамадан тыс, мезгілсіз ішіп-жемнен тиісінше сақтануымыз керек, өйткені, Алла Елшісінің (с.а.у.) өзі бұл мәселеге ерекше назар аударған. Салауатты өмір салтын сақтап, денсаулыққа пайдасын тигізер қозғалыс пен күнделікті жаттығуларға барынша көңіл бөліп, рухани әрі физикалық тұрғыдан сергек болуымыздың қажеттілігі туындайды.

 

Ұзақ ұйқы

 Ұзақ ұйқы бұл жерде салыстырмалы ұғым болып табылады. Кейбір адамдарға 8 сағаттық ұйқы жеткілікті, базбіреулерге 3 сағат та артық көрінуі мүмкін. Ал кейбір ғалымдардың пікірінше, ұйқыны 5 сағатқа дейін қысқарту жөнінде  де айтылған. Алайда мөлшерден тыс тамақ жеп, мезгілсіз ішіп-жеген және алдына қойғанның бәрін қарынға қондыратын  адам аз ұйықтай ала ма немесе санасы сергек бола ала ма?! Яғни, артық ішіп-жеу күмәнсіз ұзақ, бейқам ұйқыға әкеледі. Осы төңірегінде әрбіріміз өзіміздің жай-күйімізге, болмысымызға қарап, ой жүгірткеніміз абзал. 

 

Жалқаулық

  Жалқаулық - Алла Елшісі (с.а.у.) өз дұғасында Алладан пана сұраған адам бойындағы әлсіздіктердің бірі. Ислам жалқаулыққа түбегейлі қарсы.

 

Иманның әлсіздігі

 Бұл әлсіздік иман негіздерін білмегендіктен, оны тіпті білуге ұмтылып, ақиқатты қабылдауға тырыспағандықтан туындайды. Яғни, мұсылман өз дінінің ақиқат дәлелдерін үйренуі маңызды және өзінің иманын қорғау жолында дәрменсіз болмауы тиіс. Сенуші адам өз иманына қылау түсіріп, иманның нұрын әлсірететін тұстарға ерекше мән беріп, ондай жағымсыз жақтардан сақтанып әрқашан рухани жолдармен иманның күшін қуаттандырып отырады. Егер адам мөлшерден артық астан бас тартпаса, семіздікке әкеліп соқтырады, ол өз кезегінде ұзақ ұйқыға себеп болып, жалқаулыққа жеткізеді. Ізінше көп ұзамай оның иманының да әлсіреуіне себепкер болады. Сол себептен адам көп тамақ жеген сайын ол сөзсіз толады, артық салмақ қосып, денесі ауырлайды. Мұндай адам ұйқышылдық пен марғаулықтан, еңсені еңсерген жалқаулықтан ешқашан арыла алмайды. Сондықтан мұсылманға көп ішіп-жемеу қажеттілігі ұсыналады әрі өзінің қымбат та қысқа өмірінің көбін ұйқының құшағында өткізбеуі өте маңызды дүние. Сайып келгенде тәннің жалқаулығы ақылдың тереңнен ой толғауына кедергі келтіріп, ақыл-ойдың жалқаулығына әкеліп соқтырады, ал ақылдың жалқаулығы, сананың селқостығы, кенже қалуы білімсіздік пен надандыққа себеп болады. 

0 пікір