Әке туралы әңгіме: Әкелері оралмағандар қаншама...
Әке туралы әңгіме: Әкелері оралмағандар қаншама...
10 жыл бұрын 5987 aikyn.kz
Әскербек Рахымбекұлы
Нақты қай жылы екені есте жоқ, әйтеуір мамыражай мамыр айы­ның бас кезі болатын. Ертеңгілік үйге Итен досым телефон шалды. 

 Шұрқырасып аман-саулық сұрасып жатырмыз. Иекеңнің бір қасиеті алыс-жақын, таныс-білістің бар­ша­сын қалдырмай, қазбалай сұрайды. Бұл жолы да солай етті. Соның со­ңын ала Алматыдан кеше келгенін айтты.

– Бүгін қолың бос па? – деді. Мен әзілге шаптырдым:

– Қолым бүгін түгел ертең де бос.

– Әй, бәрекелді, – деп көңіл­дене түсті. – Елге біраздан бері жо­лымның түскені осы. Басты шаруам – Жеңіс күні қарсаңында әкемнің басына барып зиярат ету, қалғанын көре жатармыз.

– Мынауың қуана құптарлық екен, ал енді ондай игі істен қалуға болмас...

– Мен машинамен келе жатыр­мын, онда киініп есік алдына шы­ғып тұр.

Машинаға жайғасқан соң Иекең шопырына:

– Жаңа базарға қарай жүр, – деді. – Молданы ала кетейік.

Жаңа базарға жақын жердегі тар көшемен келіп, үлкен үйдің алдына келіп тоқтадық. Иекең машинадан түсіп, ішке кіріп кетті. Бірақ оның барғанынан қайтқаны жылдам болды. Түсі бұзылып, күреңітіп оралды.

– Иеке, жайшылық па?

– Діннің адамы да осындай бе­ре­кесіз болады екен. Күні кеше бү­гін сағат ондарда келіп алып ке­туге уәделескенмін. Үйіндегілер жаңа ғана жаназаға кетті дейді. Апыр-ай, бұл қалай болды? Қорым­ға құран оқып шыққан соң, мол­дам­мен үйіңе барамын деп Қып­шақ­байға ескертіп қойғанмын. Енді қайттік?!

Задында, Итен анау-мынауға мінез көрсетіп, көтеріле қоймайтын маңғаз жан. Ашуланғанын бірінші көруім, аяп кеттім.

– Иеке, менің киелі Құранның бес-алты сүресінің басын қайта­ра­тын шамам бар. Қомсынбасаң, осы міндетті маған тапсыр, – дедім. Ол маған күдіктене қарады. Ойыны ма, шыны ма дегендей аңыс аңғартты.

– Иеке, бұл әзіл-қалжыңға ай­нал­дыратын мәселе емес, – дедім.

– Онда кеттік, – деді ол.

Амангелді батыр атындағы ауыл облыс орталығынан онша қашық емес, Қорқыт ата атындағы әуежайдың аржағында тиіп тұр. Бұл Итеннің тұрған ауылы, қазақы қорым елді мекеннің бергі жағында. Ал енді мұның Қыпшақбай деп отырғаны туған жездесі, ол да осы елдің адамы.

Қаладан шыға бере: 

– Иеке, әкең туралы айтшы, – дедім оның көңілін аулағандай болып.

– Айтайын, жол қысқарсын, – деді ол ашыла түскендей болып. 

– Біздің шалдың аты Әбсаттар, мен Қарымсақұлы болып үлкен ата­мыз­дың атына жазылып жүрмін. Әкем 1910 жылғы, жастайынан жетім қа­лып, өткен ғасырдың 30-40 жыл­дарындағы аласапыранды, қуғын-сүргінді көріп өскен кісі. Соғысқа дейін диқаншылықпен айналысқан, кейінірек өндіріс бригадирі, шағын шаруашылықтың басшысы болған. Ұлы Отан соғысы басталғанда өз қалауымен туған елін қорғауға аттанады.

Зеректігін ескерген болу керек, Ленинградқа келгеннен кейін Киров атындағы 1-жаяу әскер училищесіне қабылданып, оны қысқа мерзімде ойдағыдай бітірген соң 1-Украина майданына жібе­ріледі. Онда барған соң атқыштар взводына командир болып тағайындалады. Содан Украина, Польша жеріндегі ұрыстарға қатысады. Әсіресе, Сталинград, Курск үшін болған қан майдан­дардағы жан алып, жан беріскен, қан кешкендердің ортасында болады...

Иекең осы тұсқа келгенде азын-аулақ тыныс алып, дем созды. Содан соң:

– Жас күнімде әкемнен естіген бір жағдай есіме түсіп отыр, соны айтайын, – деді.

– Великие Луки қаласы үшін болған қанды қырғында талай жа­уынгер жанын пида етті. Немістер зеңбіректен оқты қарша боратып жатыр. Сондай бір оқ әкеміздің оң аяғына келіп тиеді. Ауыр жаралан­ған ол есінен танып, қалың қардың үстіне құлайды. Әлден уақытта қатты тоңып, тісі-тісіне тимей қал­шылдап ес жиғандай болады. Ма­нағыдай емес тыныштық орна­ған тәрізді. Әлдекімдер күбірлеп сөй­лескендей болады. Қараса санитарлық топ екен, жараланған жа­уынгерлерді сүйреп апарып, шанаға салып жатыр. Әкем қолын көтеріп, дауыстап, тірі екендігін білдіреді. Санитарлық топтың біреуі қасына келіп: «Тірі екен ғой» дегендей қы­лады. Артынша көтеріп шанаға салады. Осы кезде аяқ астынан зыңылдап оқ атылады. Не керек, санитарлар жаралы жауынгерлерді жауып тұрған оқ астынан аман-есен алып шығып, әскери госпитальға тапсырады. Бірнеше күннен бері аш-жалаңаш жаумен айқасқан, оның үстіне ауыр жарақат алған әке­міздің аяғына операция жаса­лады. Әкем әскери госпитальда се­гіз айдай жатады. Аяғы жазылып, жүруге жарап жатса қайтадан май­данға жіберу мақсаты болса керек. Алайда қанша емдегенмен оқ сын­дырып кеткен аяқтың шыбық сүйектері келеге келмейді. Амал­сыздан әкемді елге қайтарған ғой.

Әкеміз соғысты солайша аяқ­таған. «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жа­уынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен наградталған.

Иекең әңгімесін осы жерден үзді. Бұл кезде біз мінген жеңіл көлік ауылдың бергі бетіндегі қалың қорымға келіп қалған еді. «Ауыл аралас, қой қоралас» демекші, бұл ауыл маған бұрыннан таныс. Іл­геріде бұл шағын қорым болатын, қазір айдынданып атшаптырымға айналыпты. Мұнда шешемнің сіңлісі Дәмежан мен жездем Дүй­сенбай жатыр. Сонау елуінші жыл­дары біздің «Қоғалыкөл» ауылын басқарған Нұрыш пен зайыбы Күлжамал да осында. Солардың басына барып құран бағыштайын деп едім. Оның реті келмейді, мынау қалың қорымның ішінен оларды табу мүмкін емес. Содан соң сол марқұмдардың атын атап, одан қалды осында мәңгілік мекен тап­қандарға бағыштап құран оқыдым.

Әкесі Әбсаттар мен анасы Әни­паның қорымына келгенде Итен досым қатты тебіренді. Ақ кірпіш­тен қаланған төртқұлаққа бекітілген мәрмар тақтаны сыйпап ойға батқандай болды. Мен «Фатиха» және «Ықылас» сүрелерін оқуға кірістім.

Құранның қалай шыққанына қарап жатқан мен жоқ. Өйткені Итен досым риза сияқты.

– Әсеке, ақындықты қойып, молдалыққа кіріскеніңде де біраз жерге барады екенсің, – деп қал­жыңдап жатыр.

Мұндағы шаруа шақталғаннан кейін Қыпшақбайдікіне бет алдық. Қыпшекең аңқылдап есік алдынан қарсы алды.

– Иеке, әкеңіз соғыстан кейін не істеді? – деп қалдым. Ол ойлан­ған жоқ.

– Біздің шал біраз шаруаның басын шалды, – деді көңілде­ніңкіреп. 

– Соғыстан кейінгі қиын жыл­дарда «Шиелі», «Қырық­байтақ», «Қосапан» каналдарын қазуға қатысты. Ол кезде техника жоқ, бәрі қолмен атқарылады ғой. Бидай екті, бақша өсірді. Есте қалатыны – өткен ғасырдың елуінші, алпы­сыншы жылдары жоңышқа өсіріп, рекордтық өнімге қол жеткізді. Соның нәтижесінде, Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, көрменің Алтын медаліне ие болды.

Әкеміз абыройлы болды, соны мақтан етеміз. Осы ауылда оның атымен аталатын «Әбсаттар аңы­зы», «Әбсаттар жоңышқалығы» деген жерлер бар. Беріде Қызылорда қаласында тұрдық қой. Еңбек демалысында болса да, ол қоғамдық шараларға белсене қатысатын. Соны Отан қорғаудағы ерлігі мен адал еңбегін ескерген болуы керек қайсы бір жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында қаланың «Ақмаржан» шағын ауданынан бір көшеге сол кісінің есімі берілді. Әкеміздің аруа­ғын сыйлаған қала басшыла­рына да ризалығымыз шексіз.

Ал енді ата-анамыз бала тәрбие­сіне де мән берді. Балалары келін түсірген кезде оларды үш-төрт жыл қолында ұстап, үй шаруасына бау­литын, тұңғыш сәбилерін бауырына салып, өздері өсіретін. Әкем соғыстан келгеннен кейін туған інілерім – Сейтен, Дүйсен және Сұлтанның келіншектері осындай отбасының тәрбиесінен өтті. Одан жаман болған жоқ. Келіндер де, немере, шөберелер де инабатты, елгезек, қайырымды болып өсті.

Өлшеулі өмір ғой, анамыз Әни­па 1994 жылы, әкеміз Әбсаттар 2001 жылы дүниеден өтті. Көзі тірісінде төрт ұл сүйіп, олардан тараған 14 немере мен 25 шөберенің қызығы мен қуанышын көріп кетті, жарықтықтар...

– Бақытты кісілер екен, – дедім мен сүйсініп. Итен досым да иіп отыр екен, мына сөз түрткі болды-ау деймін. Табан астынан көтеріліп: 

– Ал енді мен өлең оқимын, – деді.

Итеннің жыр жазатынынан бұрыннан хабарымыз бар. Бір ау­данның көршілес жатқан ауылда­рының түлектеріміз. Өткен ғасыр­дың сонау елуінші жылда­рында мектепте оқып жүргенде аудандық газетке өлеңдеріміз қатар жария­ланып жататын. Кейін ол өлеңді қойып, бірыңғай журналистік жолға түсіп кетті. Дегенде бойда бар қабілет қой­майды ғой. Аракідік болса да өлең өңіріне ат шалдырып тұратын болғаны да.

Ол шабыттанып өлең оқып отырды. Ата-анаға арналған жыр.

Не айта беретіні бар, жақсы бір басқосу болды. Жасы сексеннің сең­гіріне іліккен Қыпшекең де жа­са­рып, жайнап отырды. Итен досым болса әуелеп аспанда жүргендей, әзір жерге түсер түрі жоқ. Ілуде бір болатын сондағы бақытты сәтті күні бүгінгідей көз алдымда...

Қыпшекеңмен қимай қоштасып жолға шықтық. Жолай манағы мол қорымның тұсына тақалғанда, неге екені белгісіз, Иекең маған тосын­нан сауал салды.

– Әсеке, сенің шалың соғысқа қатысқан ба? – деді.

– Барған, – дедім мен, – жай сұрадың ба?

– Ойбай-ау, таңертеңнен бері жырлағанымыз біздің шал. Соғысқа қатысқан елдегі жалғыз еркек солдай-ақ, – деп Иекең ыңғайсыз­данғандай болды. – Айып етпе, өз шалың туралы айтшы енді...

– Менің әкем аузы ауыр кісі еді, көпшілік жерде де, оңаша отырыста да көсіліп сөйлей бермейтін, – дедім мен. – Ал енді тиіп-қашып құла­ғым шалған жайлар мардым­сыз, қаласаң айтайын...

Әкем туралы сондағы айтқанда­рым шамамен төмендегіше болып шыққан сыңайлы.

– Әкем Рахымбек Садырбаев екі ағайынды болған. Жалғыз інісі Батырбек соғысқа алғашқылардың қатарында қосылған. Алғашқы кезде жаздай хат келіп тұрған, сол жылдың күзіне қарай хабарсыз кет­кен. Қай жерде қалғаны әлі күнге дейін белгісіз. Ағасы Рахымбек арабша, латынша және орысша хат таныған. Соның әсері болу керек, ауылдың атқа мінерлерінің орта­сын­да жүрген. Соғыс басталған тұс­та ауылдық кеңестің төрағасы екен, броньмен бір жылдай әскерге алынбаған. Содан келесі жылы – 1942-нің мамыр айында әскерге шақырылған. Осындайда бірін айтып екіншісіне кететініміз де бар. Сол жылдың наурыз айының 22 жаңасында мен жеті айлығымда дүниеге келіппін. Атымды Әскербек деп әкемнің өзі қойса керек. Атаңдай азаматтар қан майданда жер құшып жатқанда шала туған шарана кімге дәрі. Нағашы әжем Шолпан:

– Шырағым-ай, сені адам бола­ды деп ойлағанымыз жоқ. Қолға ұстауға келмейсің, тұмаққа салып керегенің басына іліп қоямыз. Анаң болса күні-түні колхоздың жұмы­сында. Жылап мазаны да алмайсың, обалсынып аракідік аузыңа сүт тамызып қоямыз. Нашар болдың, бірақ өліп қалмадың. Құданың құдіреті екі жасқа жеткенше құй­рығыңнан отыра алмадың ғой, – дейтін...

Әкем болса алғашында Куйбы­шев қаласы маңында әскерге дайындықтан өтіп, одан әрі Ржев қаласы үшін соғысқа араласады. Өзінің айтуынша, зеңбірекшілер қатарында соғысқан.

– Майданда болған айналдыр­ған сегіз айдың ішінде бірде-бір немісті көрген жоқпын, – деп қатарларымен отырғанда қалжыңға айналдыратын. – Біз алыстан атамыз. Сөйтіп, аулақта жүріп те оққа ұшып жатамыз. Бірде ауыр айқас болды. Немістердің зеңбірек­тері бізді, ал біз оларды атқылауда едік. Кенет оң қолым сылқ ете қалғандай болды, қарасам білегім мен қолымның ұштасқан буынынан қан заулап тұр. Командиріміз дереу санбатқа жөнелтті.

Содан бір жарым айдай госпи­тальда емдеді. Ең соңында соғысқа жарамайды деп елге қайтарды...

Иекең ұйып тыңдап отыр еді. Мен сәл тыныс алғандай болғасын әңгімеге араласты.

– Ал шалың соғыстан соң не істеді, енді сол жағына келші, – деді.

Мен бұл орайда қысқа қа­йыр­дым. Әкемнің майданнан оралған­нан кейін алдымен колхоз­дың бухгалтериясында есепші, кейіннен көп жыл қоймашы болып жұмыс істеп, зейнетке шыққанын айттым. Одан әрі анамыз Дәмелі екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіргенін тілге тиек еттім.

– Дұрыс екен, – деді Итен досым. – Жалпы, біз екеуміздің жолымыз болған ғой. Ау, әкелері соғыстан оралмай, қаршадайынан шырқырап жетім қалғандар қаншама. Шүкір ғой, шүкір...

Әңгіменің осы тұсында менің ойыма ақын досым Махмұтбай Әміреұлы оралды. Екеуміз түйедей құрдаспыз, арамыздағы айырма бір-ақ ай, ол ақпанда, мен наурызда дүниеге келсем керек.

– Сендер бақыттысыңдар ғой, – деп бізге қызығатын. – Әкелерің жараланса да, аман-есен елге оралды. Мен болсам Әміре әкемнің түрі-түсінің қандай екенін де білмеймін. Соғыс басталатын жылы там салса керек. Сол үйдің төбесіне салған белағашына Махмұтбай деп өз қолымен жазыпты, жарықтық, әкем жайлы бар білетінім сол ғана, – деп мұңаятын.

Бір ғажабы, сол Махаң жетімдік көрсе де, әке тәрбиесін алмаса да жақсы, жарамды азамат болып жетілді. Анасы Балагүл екі ұл, бір қызын қатарынан кем қылмай, қанаттандырып ұшырды. Үлкен ұлы Рахыш үлкен ғалым, химия ғылымдарының докторы, бұл күнде Павлодардың университетінде дәріс береді. Ал Махмұтбай айтулы ақын, педагогикалық институт бітірсе де, журналистік жолға түсті. Соңғы бірнеше жылдан бері «Сыр ардагері» және «Сыр мектебі» атты қос газетті шығарып келеді. Ол бүкіл облысқа белгілі, абыройлы азамат.

Орайы келіп тұрған соң ойым­дағы осыны айтып ем, Итен досым қатты риза болды.

– Азамат екен, – деді. – Жалпы, соғыс жылы туғандар ерте есейіп, елінің елеулі азаматтары болды емес пе?..

Осындай алым-берім әңгімемен Қызылордаға да келіп қалыппыз. Сол күні Итен досым біздің үйде болып, ертеңіне Алматысына ұшып кеткен еді.

Содан бері де бірер жылдың жүзі ауды. Ал биыл ұланғайыр үлкен мерекелі жыл. Ұлы Отан соғы­сындағы Ұлы Жеңіске жетпіс жыл. Сол сұрапыл соғыстың ауырт­палығын арқалаған біздің ел үшін бұл мереке айрықша маңызды ғой. Ойды ой қозғап, сол дүбірлі думан­ның қарсаңында осы материалды жазған едім. Оған «Әке туралы әңгіме» деп ат қойғанды жөн көрдік.

Бұл Ұлы мерекеге азын-аулақ тарту, таралғымыз болсын.

0 пікір