Мүмин адам өзін нақақтан-нақақ айыптауға, себепсіз сөгуге соқтыратын нәрселерден іргесін аулақ салады. Ислам құқығы методологиясындағы «сәдди зәраи» (харамға апаратын факторлардан сақтану) ұстанымын басшылыққа алу - мүминнің міндеті. Мұндағы «сәдд» сөзі арабшада кедергі, бөгет болу, ал «зәраи» сөзі болса кісіні жамандыққа ұрындыратын қауіп мағынасына келеді.
Құран кәрім:
«Зинаға жуымаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол» («Исра» сүресі, 32-аят) дегенді ойға тоқысақ, зина жайлы ойланудың өзі харам.
Мұсылман адам күнәнің ауылынан күншілік жер айналып өтіп, күнә жасауға итермелейтін барлық күдікті амалдардан қашық тұруы тиіс. «Сендерден күмәндануға себепші болатын мекендер мен себептерден сақтаныңдар» деген хадис осы ойымыздың дәлелі. (Мүнауи. "Фәйзул Қадир" 3/386). Хазірет Омар (р.а.) да бір сөзінде:
«Айыптауға, күдікке себепші болатын жерге баруды әдетке айналдырған адам өзі туралы қате ойлағандарды сөкпесін», – деген екен.
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітте оңашаланғанын (иғтикәф) естіген Сафия бинти Хуяй (р.а.) анамыз онымен кездесуге келеді. Пайғамбарымызбен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) азын-аулақ әңгімелескеннен кейін кетуге бет алады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны есік аузында шығарып салып тұрғанда, екеуін ансарлық екі кісі жолай байқап қалады. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға дауыстап:
«Бұл Сафия бинти Хуяй ғой», – дейді.
«Уа, Аллаһтың елшісі, сіз жайлы қайырдан басқа ештеңе ойламаймыз», – деп ана кісілер елпілдеп қалады. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген екен:
«Шайтан адам баласының қан тамырында жүреді. Ол сендердің жүректеріңе секем сала ма деп қорықтым». (Бұхари. Иғтикәф 11, Бәдғул-халқ 11, Ахкәм 21; Мүслим. Сәлем).
Теология ғылымдарыныңдокторы, профессор Фарук Бешердің осы тақырыптағы пікірі де көңілге қонымды. Профессор Құраннан түйген ойын былай деп жазады:
«Бір қызығы, Аллаһ тағала Құран кәрімде базбір харамдарды айта келе, «міне, бұлар Аллаһтың қойған шектеуі, мұның шегінен шықпаңдар» десе, кісінің шәһуатын оятатын мәселелерге келгенде, «міне, бұлар Аллаһтың қойған шектеуі, бұған жоламаңдар» деп бұйырады. Біз осыдан-ақ, құмарлық сезімінің табанымызға тас батыратын сүрлеу екенін білеміз. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Айыптауға негіз болатын жерлерден мың қадам әрі жүріңдер. Күмәнді нәрселерден сақтанған адам дінін, абыройын да қорғайды. Әйел мен еркек ешкім жоқ жерде оңаша қалмасын. Қалса, үшіншісі шайтан болады», – деген.
Сайып келгенде, мұсылман адам әрқашан кісілік келбетін сақтап қалуы, Аллаһ тағаламен ара қатынасын босаңсытатын, иманын жүдететін нәрселерден аулақ болуы, көпшіліктің өзі туралы жаңсақ ойлауына, ғайбаттауына жол бермеуі тиіс. Әйтпесе, адамдардың Аллаһқа асылық жасап, күнә арқалауына өзі себепші болады. Кісі көзіне күмән ұялататын істен аулақ жүрген мұсылман өзі жайлы жаман пікірдің алдын алумен қатар өзгенің де өсек айтып күнә жасауына жол бермейді.
Құдайберді Бағашар: "Ала жіпті аттама" (кісі ақысы жайында).