Әйелді жәннаттың кез келген есігінен кіргізетін 4 амал
Әйелді жәннаттың кез келген есігінен кіргізетін 4 амал
7 жыл бұрын 24834
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

«Әйел бес уақыт намазын оқып, (Рамазанда) оразасын ұстаса, ар-намысын сақтаса және күйеуіне бағынса, оған «жәннаттың қалаған есігінен кірсін» делінеді» [1].

Хадиске түсіндірме:

Әзірет Әбу Умамадан жеткен риуаятта былай делінеді: «Пайғамбарымызға бір әйел кісі келді. Қасынада екі кішкентай баласы бар. Біреуін арқасына мінгізіп, екіншісін қолынан жетектеп тәй-тәй басқызып жүр. Осы оқиғаға куә болған Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Олар тоғыз ай, он күн толғатып дүниеге сәби әкеледі. Жөргегіндегі сәбиіне ақ сүт беріп, өмірде жан баласы көрсетпеген мейірім танытады. Егер күйеуіне бойсұнып, намазын оқыса, жәннатқа кірер еді» – деген [2]. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бала күтімі мен үй шаруасының әйел кісіге тигізер ауыртпалығын айта келіп, әйел кісі егер өзіне жүктелген Алла алдындағы міндетіне де ықтияттылық танытқан жағдайда, жәннатқа кіретінін айтып сүйіншілейді. Жоғарыда айтылған хадисте де әйел кісі мына төрт амалды орындаған болса, Алла қаласа, жәннатқа кіретіндігі айтылады.

1. Бес уақыт намаз оқу
Намаз – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен әрбір мұсылманның орындауы міндет болған құлшылық. Ислам ғұламалары намаз бен иманды егіз ұғым ретінде қарастырады. Ақиретте құлдың ең алғаш сұралатыны да – намаз. Намаз – діннің тірегі. Адамның Жаратушы Раббысы мен байланысқа түсуіне себепші болатын ғибадат түрі. Адамның Раббысына ең жақын болатын кезі де намаздағы сәждесі. Күніне бес мәрте Алланың құзырында намаз оқитын адамның бойында, намаздан тыс уақытта да «Алла мені көріп тұр ғой» деген Раббысынан ұялу сезімі қалыптасады. Ал жүрегінде Алладан ұялу сезімі оянған жан рухани кемелдене түседі. Әр ісінде басқаға үлгі болатын жүзінен нұр тамған жақсы адамға айналады. Олай болса, бес уақыт намаз оқу арқылы отбасы-шаңырағын нұрға бөлей білген әйел кісінің, Алла нәсіп етсе, қабірі мен ақиреттік өмірі де нұрға бөленбек. Алла қаласа, көз көріп, құлақ естімеген шексіз нығметтерге толы жәннатқа кіру бақытына ие болады.
2. Ораза ұстау  

Ораза – Алланың құлдарына парыз еткен ерекше ғибадат түрі. Ораза ұстау арқылы адамның денсаулығы жақсарып, рухани болмысы тазара түседі. Ораза да намаз секілді бес парыздың бірі. Оразаның бір ерекшелігі оның сыйын тек қана Алла біледі. Ораза сынды ерекше құлшылық түрін шамасы келгенше орындауға тырысқан әйел кісі өзінің нәзік табиғатын одан сайын нәзіктендіріп, рухани тазару арқылы айналасына шуақ шашады. Оразаға аса көңіл бөлетін әйел кісі түрлі жаманшылықтан бойын аулақ ұстау арқылы салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, күйеуінің де көзайымына айналады.

3. Ар-намысын қорғау

Ар-ұятын қорғау – әйел кісінің ең маңызды уәзипасының бірі. Бұл мәселеде әйел кісі өте мұқият болғаны жөн. Ар-ұят – әйел кісінің бойындағы көркі. Бұл көрікті әйел кісі тек қана некелі күйеуімен бөлісуі тиіс. Әйел кісінің басқа еркекпен қылымсып сөйлеуі, ашық-шашық киінуі, көзі мен құлағын харамнан тыймауы түбі ұят іске әкеп соқтыруы мүмкін. Ал күнәнің батпағына малынып өмір сүру – мүмін әйелге жараспайтын іс. Мүмін әйел барынша күнәдан бойын аулақ ұстап, кіршіксіз таза өмір сүруге ұмтылғаны жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кімде-кім маған екі жағы мен екі аяғының арасына қатысты кепілдік берсе, мен де оның жұмаққа кіруіне кепіл боламын» деген хадисі арқылы ар-ұят шеңберінен шықпай ғұмыр кешкен мүмін ер мен әйелді шексіз нығметтерге толы жаннатпен сүйіншілейді [3].

4. Күйеуіне бойсұну

Ислам діні отбасылық өмірдің баянды болуына қатты маңыз береді. Сол үшін арнайы қағидалар тағайындап, ерлі-зайыпты жандарға белгілі міндеттер жүктейді. Отбасылық өмірде шаңырақ шайқалмасы үшін ерлі-зайыптылардың әрбірі өздеріне тиесілі міндеттерді орындауы тиіс. Ер адамның міндеті – отбасын асырау болса, әйелдің міндеті күйеуіне бойсұну. Осы нәрсе, яғни күйеуіне бойсұну – әйел кісіні дүниеде де, ақиретте де бақытты ететін фактордың бірі. Мына нәрсені де ескерген жөн: әйел кісі ерінің Алланың әміріне қарсы келетін талаптарын орындауға міндетті емес. Ері әйеліне дінде тыйым салынған амалды (арақ ішкізу, ұрлық жасау, адам өлтіру т.б.) зорлықпен жасата алмайды. Мәжбүрлеген жағдайда әйел қарсылық білдіре алады. Ал шариғат тыйым салмаған істерде күйеуіне бойсұну – әйел кісінің міндеті әрі өз орнымен орындалған жағдайда әйелдің екі дүниелік бақытына себеп.

Бойынан жоғарыдағы сипаттар көрініс тапқан әйел кісі, Алла нәсіп етсе, Пайғамбарымыз сүйіншілегендей жәннаттың қалаған есігінен кіру бақытына ие болады. Алла тағала сізді сондай бақытты жандардан етсін!

 

1. Ахмад ибн Хәнбал, «Муснад»,1661; Тарбарани, «Муғжамул Әусат», 4598; Хайсами, «Мажмағуз Зауайд», 4/561-562; Ибн Хиббан, «Сахих», 4237.
2. Ибн Мәжа, никах, 62; Ахмад ибн Хәнбал, «Муснад», 5/252, 257; Хаким, «Мустадрак», 4/192; Тарбарани, «Муғжамул Кәбир», 8/252-253; Абдураззақ, «Мусаннаф», 11/303.
3. Бұхари, риқақ 23; Тирмизи, зүһд 61

 

 

0 пікір