Африкада Якуба Савадого дейтін фермер бар. Оның жазық даламен жүріп, оны гүлдендіріп, жердің беткі қабатын өңдеу арқылы құнарландырып жүргеніне 20 жылдың жүзі болды. Осылайша ол жер өңдеудің бұрынғы әдісін қайта жаңғыртты. Якуба қолындағы кетпені (шот) арқылы барлығын өзгерте алатынына "көз қорқақ, қол батыр" деген қағидаға сүйене отырып нық сенімді еді. Әрине бұл тынымсыз еңбектің арқасында болып жатқан дүние.
1980 жылдары бұл жерлердегі халыққа үлкен жұт келген. Бұл жұт Сахел атты құрғақшылық болатын. Барлық көк шалғын тақырға айналып, жауын-шашын мөлшері 80%-ға азайды. Қою қалың саванналары бар кеңістік шөл далаға айналып шыға келді. Адамдар азық іздеп жан-жаққа тентіреп кетті. Ал, ол болса осында қалды.
Осылай жүріп ол оқып сауат ашу мен жазу-сызудан шет қалды. Күн өткен сайын дамып жатқан мына заманда бірқалыпты тіршілігін жалғастыра берді. Қарап отырмады. Жер қазып, тұқым себуін жалғастырды. Тұқым егуді Зай әдісін қолдана отырып, тіпті оны дамыта жүзеге асырды. Дамытуы қалай болды? Ол жерді үлкендеу қылып қазып, оған тығыздалған қи салады. Бұл ылғалды көп уақыт ұстап тұру үшін қажет болды.
Якубаның тәжірибесі өз жемісін берді. Егіс алқабы жайқала түсті. Просо мен сорго секілді біржылдық өсімдік ұрықтарымен қатар, ағаштар да өсе бастады. Бұл да қиға араласқан ұрықтың нәтижесі деп айтса да болады. Сондай-ақ, өсімдікті ойыс жерге егу де Якуба Савадогоның енгізген тәсілі. Бұл тәсіл арқылы жердің беткі қабаты молынан ылғанданады. 80-жылдары бірден төсендеп кеткен жердің беткі қабатына жақын орналасқан су белдеулері көтеріле бастады.
Якуба Савадоганың өмір-тарихы халықаралық дәрежеде 2010 жылдан бері насихатталып келеді. 2010 жылы ол туралы «Құрғақшылықты тоқтатқан адам» атты деректі фильм түсірілді. Осы фильмнің көрсетілімінен түскен қаржыны өзінің аймағындағы тоғайды қалпына келтіруге және фермерлерді оқытуға жұмсайды. Қазір «Зай» тәсілі арқылы жер өңдеу әдісін барлық өңірлерде оқытып жатыр. Фермерлер қандай жағдай болмасын, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жергілікті жердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үйренді.