Әзіреті Әли (р.а.): «Мән лә әдәбә ләһу – лә динә ләһу» («Әдебі жоқтың – діні жоқ») – деп, әдептің діндегі орны мен мәнін айрықша айқындап берген тұлға. Бұл сөз – әдептіліктің діннің ажырамас бөлшегі екенін көрсететін ұлы ұстаным.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) да «мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім» деген Ол (с.а.у) басқа бір сөзінде:
«Мүміндердің иман тұрғысынан ең кемелдері – мінез-құлқы ең жақсы болғандары» – дей келе, дін мен иманның көркем мінез-құлықсыз толық болмайтынын ескерткен. (Тирмизи, "Сүнән"). Өкінішке орай, қазіргі таңда қоғамда кенже қалып жатқан құндылықтардың бірегейі - әдеп десек артық айтқандық болмас! Бүгінде әдептілік шетке ысырылып, оның орнын «бәрібірлік» (пофигизм), "көргенсіздік" басып жатқаны байқалады.
Әдеп пен білімнің байланысы
Бүгінде көп білім ордасында білім бар, бірақ әдеп жоқ екенін де айтпай кетуге болмайды. Ал әдепсіз білім адамзатқа пайдадан гөрі зиян тигізетінін көпшілік түсінеді. Сол себепті де бір ұлы тұлғаның: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп айтуы өте орынды ескерту.
Түркі дүниесінің рухани шамшырағы Юнус Әміре де әдепсіз білімнің түкке тұрғызыс құр жансыз ақпараттан тұратындығын, ал әдеппен бірге білімде бейнебір тірілік байқалатынын ымдап, былай жырлаған:
Халеп пен Шамды араладым,
Білім іздеп шарладым.
Сөйтсем, білім – бос екен,
Әдеп керек, тек әдеп.
Бұл өлең жолдары білімнің шынайы құндылыққа айналуы үшін әдептің қажет екенін айқын көрсетеді.
Әдептілікті шатастырмау керек
Әдептілікті кейде қате түсініп, оны ынжықтықпен немесе қорқақтықпен шатастырып жататындар кездеседі. Шындығында, пысық, іскер, бірақ әдепті адамдар болады. Сондай-ақ, батыл бола тұра әдептен айнымайтын жандар да бар. Демек, әдептілік – әлсіздік емес, керісінше адамды кемелдікке жеткізетін асыл қасиет.
Қазақы ұстаным
Әдеп – жұқсыздыққа және көргенсіздікке қарама-қарсы ұғым. Жұқсыз адам – әдепсіз адам. Әдептен - құрмет, ізет және сыйластық туады. Дін – ең алдымен әдептен тұрады. Әдебі жоқ адам діндар бола алмайды. Бұрын «мүмін» дегенде ең бірінші ойға «әдепті адам» келетін. Қазақ тіліндегі «момын» сөзі де «мүмін» сөзінен шыққан. Әдеп пен момындық – бір-бірінен бөлек болғанымен, түбі туыс құндылықтар.
Қазақ даналығы да әдептің мәнін үнемі дәріптеп келген:
Әдепті бала ата-анасын мақтатар,
Әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.
Әдептің не екенін,
Әдепсіз адамды көргенде ұғарсың.
Әдепсіз бала – ауыздықсыз атпен тең,
Ақылды кәрия – жазып қойған хатпен тең.
Бұл сөздер де әдепсіз білімнің, әдепсіз тәрбиенің қоғамға қауіп әкелетінін меңзейді.
Қорытынды
Әдеп – иманның айнасы, білімнің рухы. Әдептілік болмай дін толық болмайтыны секілді, әдепсіз білім – адамға пайдадан гөрі зиян әкелмек. Сондықтан да, Юнус Әмренің сөзімен айтқанда: «Әдеп керек, тек әдеп».
Ендеше, бүгінгі ұрпаққа берілер ең үлкен мұра – білімнен бұрын әдеп, ілімнен бұрын ізет, ғылымнан бұрын өнеге болмақ екен.
Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!