Адамның өз-өзіне қол салуы
Адамның өз-өзіне қол салуы
3 ай бұрын 2486

Исламның адам өлтіру қылмысына қатысты айтқандары кісінің өз-өзін өлтіруін де қамтиды. Кісі өзіне қандай тәсілмен болсын қол салса, онысы бір жанды нақақ өлтіргенмен тең. Алла Тағала бір жанды нақақ өлтіруді харам еткен.

Адамның өмірі оның жеке меншігі емес, оны ол жаратпады. Адам өзінің ешбір ағзасын, ешбір клеткасын жаратпаған. Адамның жаны - Алланың оған тапсырған аманаты. Аманатқа қастандық істеуі былай тұрсын, оған немқұрайлылық танытуға болмайды. Олай болса, өзіне қол салу қалай дұрыс болмақ?! Алла Тағала Құранда: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Шынында Алла Тағала сендерге мейірімді!»- деп бұйырады. («Ниса», сүресі, 29).

Ислам діні мұсылманнан қиындықтарға қарсы қарарлы, мойымайтын берік болуын қалайды. Басына бір қиындық түскенде немесе ойындағысы болмай сәтсіздікке ұшырағанда бірден киімін шешіп, өмірден қашуын құп көрмейді. Шынында мүмин шарасыз отыру үшін емес, күресу үшін жаралған. Қашу үшін емес, арпалысу үшін жаралған. Мүминнің иманы мен мінез-құлығы «өмір майданынан» қашуына жол бермейді. Оның дөкір болмайтын қаруы, таусылмайтын қоры бар. Қаруы - берік иман. Қоры - мызғымас мінез-құлығы.

Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) суицид делінген мұндай сұм қылмысқа барғысы келетіндерді - Алланың рахымынан әрі пейіштен мақұрым қалатындығымен ескертеді. Есесіне Алланың ашуына лайық болып, тозаққа түсетіндігін айтады. Ол (с.а.у.) былай дейді:

«Сендерден бұрын өмір кешкен ер адамның бірі жарақаттанып, (жарақатына) шыдай алмай, пышақпен өз қолын өзі кесіп тастайды. Соның салдарынан қан тоқтамай қайтыс болады. Алла Тағала оған қатысты: «Пендем жанына қатысты мені озып кетті (яғни, ажалынан бұрын өзін қолдап өлтірді). Сондықтан, оған пейішті харам еттім» деді» деп әңгімелейдіАлла елшісі (с.а.у.). (Бұхари, Мүслім).

Аталмыш хадистегі адам жарақатының ауырғанына шыдай алмай өзін өлімге итермелеген болса, азды-көпті шығынға ұшырағаны үшін немесе оқуға түсе алмағаны үшін яки сүйген қызы тастап кеткені үшін өзіне қол салғандардың жағдайы не болмақ!

Ендеше, хадис шәрифте айтылғна мына бір ескертуді рухы әлсіздер тыңдасын, найзағайдай жарқырап, күркіреп тұрған бұл Хадисте былай делінеді:

«Кім (әдейі) өзін таудан тастап өлсе, ол тозақ отында, қайта-қайта солай құлап мәңгі азапталады. Кім у ішіп өзін өлтірсе, тозақ отында қайта-қайта қолындағы уын ішіп мәңгі азапталады. Кім өзін темір затпен өлтірсе, тозақ отында қолындағы темірмен қайта-қайта ұрылып мәңгі азапталады». (Бұхари, Мүслім).

Алла сақтасын!1


1  Доктор Юсуф әл-Қардауи, «Хәләл уәл Харам филь Исләм». 284 бет. (Араб тілінде).

Қазақшалаған А. Қасым

 

0 пікір